• Спорт жұлдыздары
  • 13 Маусым, 2023

Қос дүрмек: бір өкініш, бір үміт

Кеше ғана күллі дүние көз тіккен байрақты бәсекелер мәресіне жетті. Доһа мен Ташкентте өткен дүрмекте әлемнің ең үздік спортшылары сайысқа түсіп, өзара мықтыны анықтады. Екі бәсекені бірдей тамашаладық. Жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста балуандарымыздың бәрі ұтылса, боксшыларымыз толағай табысқа қол жеткізді.  Жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөлеген қос дүрмектің қорытындысы туралы жазуды жөн көрдік.

Дзюдошыларымыз соңғы рет 2014 жылы Ресейдің Челябі қаласында өткен әлем чемпионатында оңбай сүрініп, шетінен ұтылған еді. Араға 9 жыл салып, Қатарда да қарсыластарының қарқынына төтеп бере алмады. Расында, Араб түбегінде өткен әлем чемпионатында еліміздің ең үздік 18 балуаны бозкілемде белдесті. Өкінішке қарай, бірде-біреуі жеңіс тұғырынан көріне алмады. Әрине, балуандарымызды сынап-мінеуден аулақпыз. Дегенмен үкілеп үміт артқан спортшылардың сүрінгені көңілімізге қаяу салды. Қыр астында тұрған төртжылдықтың басты бәсекесінде де балуандарымыз бұлай белдесетін болса, биік белестен көруіміз екіталай. 

Дегенмен Доһа додасында Нұрқанат Серікбаев пен Нұрлыхан Шарханның күресі жаман болған жоқ. Нұрқанат бастапқы бәсекелердің бірінде  олимпиялық ойындардың – күміс, әлем чемпионаты мен Азия ойындарының қола жүлдегері, әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған тайпейлік Ян Юнвэйден айласын асырғанда, кеудемізде үміт оты жылт ете қалғанын жасырмаймыз. Даңқты балуанның мысын басқан отандасымызды үздіктер қатарынан көреміз деп топшыладық. Бірақ келесі ширек финалда Серікбаев атағынан ат үркетін Наохиса Такатоның осал тұсын таба алмаса,  жұбаныш белдесуде грузиялық Георгий Сардалашвилиден жеңілді. Жалпы Нұрқанат пен Нұрлыханның тобында кіл мықтылар болды. 

100 келіде сынға түскен Нұрлыхан алғашқы айналымда кішігірім сенсация жасап, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, 6 дүркін әлем чемпионатының жүлдегері, грузияның беткеұстар балуаны Варлам Липартелианиді жарыс жолынан шығарып тастады. Дегенмен одан кейін Нұрлыхан даңқы жер жарған Лукаш Крпалекке есе жіберді. Шыны керек, Доһадағы дүрмекте көптеген дүбірлі додаларда дараланған Сметов пен Әбужақынова сынды саңлақтарға айрықша үміт артқан едік. Дегенмен белдесу барысында екеуінің де жазылмаған жарақаты бар екенін білдік. Бас бапкер Нұрбол Сүлейменов балуандар жақсы бабында болғанмен, сәтсіз өнер көрсетуінің нақты себебін айта алмады.

БАПКЕРЛЕР УАҚЫТЫ

Дзюдошыларымыздың Доһадағы сәтсіздігі туралы 2013-2017 жылдар аралығында Ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Ермек Иманбековтен сұрап көрдік. Бірақ бұрынғы бапкер пікір білдіруден бас тартты. Жоғарыда атап өткені-міздей, дәл осы Иманбеков Ұлттық құраманың бас бапкері атанған алғашқы жылдары да әлем чемпионатынан (2014 жылы) бірде-бір жүлде ала алмағанбыз. Дегенмен Иманбеков баптаған тұста қазақ дзюдошылары толағай табысқа қол жеткізді. Әуелі 2015 жылы елорда төрінде айды аспанға бір-ақ шығарып, қос қазақтың баласы алтын жүлде үшін айқаста белдессе, сол финалдың жеңімпазы болған Сметов араға бір жыл салып Рио олимпиадасының финалында күресті. Осылайша, дзюдодан қазақтан тұңғыш әлем чемпионы дәл осы бапкердің кезінде шықты. 2017 жылы Будапешттегі әлем біріншілігіндегі сәтсіздіктен кейін Ермек Иманбеков бас бапкерлік қызметтен кетіп, орнына Айдын Смағұлов келді. 

Дегенмен Смағұлов Ұлттық құраманың тізгінін көп ұстаған жоқ. Ұлттық құраманы екі әлем чемпионатына бастап апарып, екеуінде де абыроймен оралды. 2018 жылы Бакуде өткен байрақты бәсекеде Ерлан Серікжанов 66 келіде күміс жүлдеге қол жеткізсе, 2019 жылы Сметов қола медаль иеленген болатын. Одан бөлек, дәл осы Смағұлов тұсында 2019 жылғы Азия біріншілігінің финалында қос қазақтың баласы Серікжанов пен Жұмаханов алтын жүлде үшін белдескен болатын. Айдын Смағұлов әлем чемпионатының күміс жүлдегері мен Азия чемпионы атанған Серікжанов сынды саңлақтың жолын ашқан болатын. Бірақ 2020 жылы өз еркімен бапкерлік қызметтен кетті.

Айдын Смағұловтан кейін Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев ұлттық құраманың бас бапкері атанып, Токио татамиіне балуандарды бастап барды. Токио олимпиадасына жолдама алған бес балуанның ішінен Жылгелдиевтің төл шәкірті Сметов қана қола жүлдегер атанып, екінші рет олимпиада үздіктерінің қатарынан көрінді. Дегенмен Жылгелдиев те ұлттық құраманы ұзақ уақыт жаттықтырған жоқ. Жанкүйерлерге жұмбақ жағдайда қызметінен кетіп, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндігі болған жоқ. Өзі де: «Еш түсіндірместен қызметімнен кетіруге әрекет етіп жатыр. Азия ойындары мен әлем чемпионатынан нәтиже көрсетпей жатсам, өзім-ақ кетемін ғой», – деген болатын. 

Мінеки, Жылгелдиевтің орнына келген Нұрбол Сүлейменовтің құрамадағы сапындағы қызметіне бір жылдай уақыт болды. Өкінішке қарай, бас бапкер баптаған шәкірттер биылғы әлем чемпионатында нашар нәтиже көрсетті. Әрине, бір жылдың ішінде үлкен жетістіктерге жету қиын. Дегенмен Париж олимпиадасы қарсаңындағы бұл дүрмектің көрсеткіші көпшіліктің көңіліне күдік ұялатып, ойландырып тастады. Дегенмен алдына ала тон пішуден аулақпыз. Сүлейменовтің саңлақтары Гран-при, Грэнд Слам додаларында жақсы өнер көрсетіп жүр. Жас таланттардың бағын ашқан бапкер болашақ олимпиада чемпиондарын тәрбиелейді деген сенімдеміз.

БОКСШЫЛАР БИІГІНЕН ТҮСПЕДІ

2021 жылғы Сербиядағы әлем чемпионатынан кейін, Ташкенттегі дүрмекке, тіпті олимпиадаға алаңдамай қарайтын құрам бар екеніне көзіміз жеткен болатын. Расында, боксшыларымыз Белградтағы биігінен түспей, Ташкент төрінде төрт боксшымыз топ жарды. Әлемнің 107 мемлекетінен 530-дан аса боксшы бақ сынаған сында отандастарымыз 10 жыл бұрынғы жетістікті қайталап, төрт бірдей боксшы әлем чемпионы атанды. Шыны керек, әлем чемпионы атанған әр боксшының өнеріне, жұдырықтасу мәнеріне тәнті болмаған жанкүйерлер жоқ. Әсіресе, Белградтағы байрақты бәсекеде алтынға сынық сүйем қалғанда сүрінген Махмұд Сабырхан сол олқылықтың орнын толтырып, Ташкентте тамаша жеңіске жетті. Әр кездесу сайын ашылып, қарсыластарына соқыр мүмкіндік бермей ұтты. Тіпті финалдағы қарсыласы өзбек Ойбек Жораевты ойнап жүріп ұрып, екі рет нокдаунға жіберді. Махмұдтың солақай да, оңқай да еркін жұдырықтасатыны біраз қарсыласты әбігерге салып, сан соқтырды. Оның рингтегі қимыл-қозғалысына, ептілігі мен шапшаңдығына және техникалық арсеналының молдығына, жұдырықтасу өнеріне «Хумо Аренадағы» күллі жанкүйер сүйсінді. 

Ташкент төрінде тамаша өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбай да 19 жасында 48 келі салмақта әлем чемпионы атанып, қазақ спорт тарихына атын алтын әріппен жазды. Алғашқы жекпе-жегінен-ақ қарқыны қатты болған боксшы ақтық айқаста да алған бетінен қайтпай, топ жарды. Команда капитаны, ұзақ жылдар бойы тасада  қалып жүрген Асланбек Шымбергенов-тің шыңға шыққанына шынайы қуандық. Расында, бұл жолы Шымбергеновтің шаршы алаңдағы шабысы өзгеше болды. «Хума Аренада» еліміздің әнұранын шырқатқан спортшының жеңіске деген жігері, талпынысы анық көрінді. Әр жекпе-жек сайын қарқынын күшейткен Шымбергенов небір сайыпқырандарды сан соқтырды. 

Жастар арасында әлем чемпионы болған Нұрбек Оралбай ересектер сапында да керемет көрсеткішке қол жеткізді. 80 келіде сынған түскен саңлағымыз әр жекпе-жегін өте жоғары деңгейде өткізді. Әсіресе, жартылай финалда Токио олимпиадасының қола жүлдегері Имам Хатаевқа қарсы кездесуі көпшіліктің көңілінен шықты. Финалда да қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанқа қарсы тамаша жұдырықтасып, жеңісті жұлып алды. 

67 келіде жұдырықтасқан Дулат Бекбауов та ақтық сынға дейін сүрінбей жеткен еді. Өкінішке қарай, финалда өзбек боксшысы Асадқожа Мүйдінқожаевқа сәл ғана басымдықпен есе жіберіп қойды. Дегенмен Бекбауов болашағы зор боксшы екенін көрсетті. Жалпы, Ташкент төрінде сынға түскен саңлақтары-мыздың ешқайсысын сөге алмаймыз. Бәрі намысқа тырысып, шаршы алаңда қайсарлығын, жеңіске деген жігерін көрсетті. Кейбір спортшыларымызға тәжірибе жетіспесе, кейбіреулерін төрешілер жығып бергендей болды. Мысалы, 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосыновты үнді боксшы Дипак Бхорианы жеңгендей көрінген еді. Бірақ төрешілер жеңісті Дипакқа берді. Одан бөлек, отандасымыз 2022 жылдың аяғынан ауыр жарақат алып, ота жасатқан еді. Соның да кері әсері тигендей көрінді. Әйтпесе, Сәкеннің Дипакты Белградтағы бәсекеде айқын басымдықпен ұтқаны жанкүйерлердің жадында. Ал Сербиядағы сынның финалында сүрінген Серік Теміржановтан (57 келі) алтын күттік. Өкінішке қарай, ол кубалық Сайдел Ортаның осал тұсын таба алмай, жарыс жолынан шығып қалды.

ЕСТЕ ҚАЛҒАН ЕРЕКШЕ ЖАЙТТАР

Ташкент төрінде өткен әлем чемпионаты бірнеше тарихи оқиғамен есте қалары анық. Ресейлік боксшылардың әлем чемпионатында өнер көрсетуіне байланысты Ташкенттегі дүрмекке 19 ел бойкот жариялап, жарысқа қатысудан бас тартты. АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия сияқты елдердің саңлақтары әлем чемпионатынан тыс қалды. 

7 қазақтың финалға шығуы Ташкенттегі әлем чемпионатының есте қалатын жайттарының бірі болары анық. 1,5 млрд халқы бар қытайдың арасынын суырылып шыққан Тоқтарбек Таңатқанның финалға жолдама алуы жанкүйерлердің жанын жадыратты. Қытай елінің боксшылары соңғы рет 2011 жылы алтын жүлде үшін жұдырықтасқан болатын. Қазақ жігіті Руслан Абдуллаев алғаш рет өзбек бокс тарихында 63,5 келі салмақта құрама қоржынына алтын жүлде салды. Осы уақытқа дейін өзбек боксшылары бұл салмақта алтыннан алқа тақпаған болатын. 2015 жылы Доһадағы дүрмекте Фазлиддин Ғайыбназаров пен 2017 жылғы Гамбургтегі әлем чемпионатында Икболжан Холдаров финалға шығып, жеңіліс тапқан болатын. Бір қызығы, жартылай финалда Русланға есе жіберген, басты фаворит саналған Оганес Бачков төртінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ең бастысы, топ жарып, әлем чемпионы атанған боксшылар 200 мың доллар көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болса, күміс жүлдегер – 100 мың, қола жүлдегерлер 50 мың доллар көлемінде сыйақы алды. Бұрын-соңды боксшылар әлем чемпионы атағы үшін мұндай қаржылай сыйлық иеленбеген еді.

ТАРТЫСҚА ТОЛЫ ТЕКЕТІРЕС

Ташкент төріндегі байрақты бәсекеде нағыз қазақ-өзбек текетіресі болатынын бұрыннан болжаған едік. Расында, кез келген жарыста жанкүйерлер үшін де, спортшылардың өздері үшін де өзбек боксшыларымен жекпе-жек аса маңызды. Ташкент төрінде көршілер текетіресінің куәсі болдық. Финалмен пара-пар мұндай кездесуде қос тараптың спортшылары да аянып қалмайды. 48 келідегі Санжар Тәшкенбай алғашқы айқасында-ақ жергілікті Шадиаржан Меликузиевпен жұдырықтасып, айқын жеңді. Тәшкенбай қарсыласын нокдаунға түсіріп, жарыс жолынан шығарып тастады. 54 келі салмақтың ақтық айқасында да қазақ-өзбек текетіресін тамашаладық. Махмұд Сабырған да өзбекстандық Ойбек Жораевтың тас-талқанын шығарып, жарқын жеңіске жетті. Аммандағы Азия чемпионатының жартылай финалында Асадқожа Мүйдінқожаевты айқын басымдықпен ұтқан Дулат Бекбауовтан сол жеңісті жалғастыратынына сендік. Дегенмен Дулат алтын жүлде үшін айқаста аздаған қателіктерге бой алдырып, байырғы қарсыласына есе жіберіп қойды. Есесіне Асланбек Шымбергенов 2022 жылғы Азия чемпионатының финалында командаласы Нұрқанат Райысты ұтқан Саиджәмшид Жафаровтан басым түсіп, үшінші рет өзбек боксшыларын тұқыртты. Ол осы уақытқа дейін екі рет Ғиясовтың мысын басқан болатын. 

Қалың жанкүйердің көптен бері күткен жекпе-жегі Қамшыбек Қоңқабаев пен Баһадүр Жалолов арасында өтті. Соқыр жеребе қос мықтыны ширек финалда жолықтырды. Шыны керек, Баһадүрдің басым болатынын білдік. Десек те Қамшыбек қайсар мінез көрсетіп, барын салып жұдырықтасып шықты. Отандасымызға алынбас қамалдай көрінген Жалоловтың осал тұсын тек соңғы раундта тапқандай болды. Өкінішке қарай, жанкүйерлер тағы да Қоңқабаевтың жеңілісіне куә болды. Бәлкім, Париж олимпиадасында отандасымыздың мерейі үстем болып, жарқын жеңіске жетер. Оның да ауылы алыс емес. 

P.S. Айтпақшы, командалық есепте Өзбекстаннан қалып қойғанымызбен, көрші елдің құрамында алтын алған боксшының біреуі қазақ екенін ұмытпайық...

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2023

205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы