• Спорт жұлдыздары
  • 26 Шілде, 2023

Санжардың серті немесе талайды тамсандырған Тәшкенбай

Ташкент төрінде өткен дүрмекте топ жарып, шаршы алаңдағы өнерімен күллі әлемді тамсандырған Санжар Тәшкенбай ел тарихындағы ең жас әлем чемпионы атанды. 19 жасында әлемнің ең үздік боксшысы атанған Санжар ең жеңіл салмақта (48 келі) жұдырықтасса да, жойқын соққысымен көзге түсті. Тіпті турнирдің басты фавориті саналған боксшылардың өзін нокдаунға жіберді.

Санжар Тәшкенбай 2003 жылы Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінде дүниеге келген. Бірақ отбасымен Астана қаласына қоныс аударып, спорттық жолын сол жақтан бастаған. Әжесі Разия Шалдыбаева немересін спорт үйірмесіне өзі жетектеп апарды. Санжар әу баста ММА спортымен шұғылданды. Екі жылдың ішінде ММА спортындағы үлкен жарыстардың жеңімпазы атанып, Қазақстан чемпионатын үш рет жеңіп алды. Шаршы алаңда жеңілістің дәмін татпаған ол кезекті бір жарыста қолын сындырып, біршама уақыт спорттан қол үзіп қалды. Сөйтіп, 14 жасында бокс спортына бет бұрып, Нұржан Насановтан бокс әліппесін үйренеді.

Санжар алғаш рет Бекзат Саттархановты еске алуға халықаралық турнирде көзге түсіп, мамандардың назарын өзіне аударды. Талантты боксшы финалға дейін оңай жетіп, алтын жүлде үшін айқаста досы Кенже Мұратұлынан басым түсті. Дәл осы додадағы жеңіс Санжарға жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді. 

Санжар 2021 жылы Польшадағы дүрмекте бапкерлердің таңдауы бекер болмағанын көрсетіп, қарсыластарын бет қаратпай жеңді. Германиялық  Джулиано Гоманмен болған алғашқы кездесуінде-ақ тек алтын үшін келгенін байқатты. Неміс боксшысына соқыр мүмкіндік бермей, ойнап жүріп ұтты. Одан бөлек, өзбек, үнді және финалда ресейлік Роберт Бадалянды айқын басымдықпен ұтып, спорттық мансабындағы алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. 

Тәшкенбай Польшадағы жеңістің кездейсоқ еместігін Дубайда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында да дәлелдеді. Ол тәжік, өзбек және үнді боксшыларынан басым түсіп, бір жылда екі бірдей үлкен додада топ жарды. Сондай-ақ дәл сол жылы ересектер дуына еркін қосылып, 48 келі салмақта ел чемпионы атанды. Финалда 48 келідегі үздіктердің бірі, 2021 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері болған Даниял Сәбиттің мысын басты. Расында, Санжардың шаршы алаңдағы шапшаңдығы, қарсыласының әр қадамын біліп, әр соққысын болжай алатынын байқадық. Осылайша, Санжар 18 жасында өз салмағының бірінші нөмірлі боксшысы атанып, әлемдік дүрмекте ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Алғаш рет ересектер арасында Азия чемпионатында сынға түсіп, алтыннан алқа тақты. Иордания астанасы Амманда өткен біріншілікте Тәшкенбай тағы да таңғалдырды. 

Санжар 2023 жылдың басында 22 жасқа дейінгілер арасында Бангкокта өткен Азия чемпионатында сынға түсті. Үшінші рет сары құрлықтың ең үздік боксшысы атанған боксшыны бапкерлер Ташкенттегі байрақты бәсекеге апаруға бел буып, тәуекелге барды. Шыны керек, Тәшкенбайдың топ жаратынына сенгендер көп болған жоқ. Өйткені әлемнің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар бақ сынаған сында 19 жасында чемпион атанғандар жоқтың қасы еді. Дегенмен Санжар Тәшкенбай ел спорты тарихында ғана емес, әлем бойынша чемпион атанған ең жас спортшылардың қатарына кірді.

ӨЗБЕКТЕРДЕН ЖЕҢІЛМЕУГЕ СЕРТ БЕРДІ

Санжар халықаралық деңгейдегі алғашқы жарысында өзбек боксшысынан жеңіліп қалған. Белорусьте өткен бәсекенің финалында боксшымыз өзбекстандық Мұхаммадқадыр Мамыржановқа есе жіберді. Осыдан кейін Санжар өз-өзіне ешқашан өзбек боксшыларынан жеңілмеуге серт берген. Расында, сол жеңілістен кейін Тәшкенбай біраз өзбек боксшысын тұқыртып, жеңісті жолын жалғастырып келеді. Польшада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының ширек финалында өзбекстандық Ибраһим Ишжановпен жұдырықтасып, жарқын жеңіске жетті. Сол жекпе-жекте Санжардың аяғымен көп қимылдап, сауатты жұдырықтасқаны әлі есімізде. Одан кейін Дубайда өткен Азия чемпионатының жартылай финалында байырғы қарсыласы М.Мамыржоновпен кездесіп, айқын жеңді. Осылайша, өзбек боксшысына кеткен есесін қайтарып қана қоймай, жарыстың ең үздік боксшысы атанды.

Аммандағы Азия чемпионатында Санжар төртінші рет өзбек боксшыларына қарсы жұдырықтасты. Ол ширек финалда Өзбекстанның үкілеп қосқан үміті Асылбек Жәлиловтен айласын оңай асырды. Үш раунд бойы қарсыласын қуалап жүріп ұрған отандасымыз жарқын жеңіске жетті. Тәшкенбайға қарсы әжептәуір тегеурін көрсеткен боксшының бірі – Шадияржан Меликузиев. Бангкокта өткен Азия чемпионатының финалында отандасымыз үш раунд бойы өзіне оңтайлы арақашықтықта жұдырықтасып, Меликузиевке тым жақын жұдырықтасуға мүлде мүмкіндік берген жоқ.  Алға ұмтылған өзбек боксшысы соққыларын дарыта алмай әбден әбігерге түсті. Шадияржан Санжардың мықтылығын мойындаудан басқа амалы қалмады. Расында, Тәшкенбай Ташкент төрінде де Меликузиевтің мысын басып, сол жеңістің кездейсоқтық емес екенін дәлелдеді. Қалың жанкүйер алдында жергілікті спортшыны нокдаунға жіберген отандасымыздың жарқын жеңісі жанкүйерлердің жадында біразға дейін қалары анық. Осылайша, отандасымыз қоңсы елдің спортшылары үшін алынбас қамалдай болып бара жатыр. Шыны керек, өзбек боксшыларынан ешқашан ұтылмаймын деген Санжардың серті бұзылмайды деген сенімдеміз.

ЖЕҢІЛ САЛМАҚТАҒЫ АУЫР СОҚҚЫ

Ең жеңіл салмақта жұдырықтасса да, Санжардың соққылары жойқын екеніне көптеген жанкүйерлер куә болды. Расында, Тәшкенбай оң қолымен де, сол қолымен де қарсыласын құлатуға әлеуеті жетеді. Ол алғашқы нокдаунын Бангкоктағы Азия біріншілігінде жасады. Жергілікті боксшы Наттхапхоң Тхуамчароенді 2 раундта нокдаунға жіберіп, жарқын жеңіске жеткен болатын. Ташкенттегі байрақты бәсекенің алғашқы кездесуінде де жергілікті Ш.Меликузиевті екінші раундта екі рет нокдаунға жіберді. Бірақ төрешілер бірінші нокдаунды есепке алмаса, екінші рет алдыңғы қолымен сұлатып салды. Сондай-ақ

Аммандағы Азия чемпионатының ақтық сынында жеңген Казума Аратакені Ташкенттегі дүрмектің ширек финалында нокдаунға түсірді. Алдыңғы қолымен жасаған  ауыр соққысын жапон боксшысы алғашқы раундта өткізіп алды. Жалпы Санжар аяқ-қолы ұзын, алыс арақашықтықта жақсы жұдырықтасатын боксшы екенін байқатты. Алдыңғы қолы жақсы қойылған, артқы қолымен де жақсы ұрады. Оның аяғымен жақсы жұмыс істеуі, арақашықтықты сезінуі, қорғана жүріп қарсы шабуыл жасауы өте жоғары деңгейде. Сондай-ақ шаршы алаңда шапшаң қимылдап, әрі жылдам соққы жасай алатын боксшы. Сондықтан бұл боксшының нокдаун, нокауттарын болашақта талай рет көретініміз анық.

АҒАНЫҢ ЖОЛЫ

2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов Ташкенттегі байрақты бәсекенің алдында Тәшкенбайға жолын берген еді. Санжар  мүмкіндік берген бапкерлердің де, сенім артқан Теміртас ағасының да үмітін ақтады. Әлем чемпионы атанғаннан кейін екі дүркін олимпиада чемпионы болуды армандайтынын да айтты. Сол арманға жету үшін  салмақ ауыстырып, 51 келідегі ағаларымен де бәсекелестікке түсуге дайын екенін аңғартты. Дегенмен қыр астында тұрған Париж олимпиадасында Санжардың өнер көрсетуі екіталай. 51 келіде әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов өз салмағының үздігі екенін және сол үздікке таласқысы келетін кез келген боксшымен жұдырықтасуға дайын екенін айтты. Негізі Санжар мен Сәкен 2022 жылы «Thailand Open» турнирінде жұдырықтасқан болатын. Санжар тәжірибелі Бибосыновтың қарқынына төтеп бере алмай, есе жіберген. Шыны керек, сол жекпе-жекте Сәкеннің Санжарға қарағанда бір бас жоғары екенін, техникалық, тактикалық, физикалық тұрғыдан да мықты екенін көрдік. Сондықтан Тәшкенбай алдағы төртжылдықтың басты додасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болатын жарыстарда ағаларына жол беруі әбден мүмкін.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2023

955 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы