• Спорт жұлдыздары
  • 13 Қараша, 2023

Азия ойындары да – алынбас қамал

Төртжылдықтың басты додаларының бірі саналатын Азия ойындары да мәресіне жетті. Өкінішке қарай, Токио олимпиадасындағы сәтсіздік Ханчжоудағы Азия ойындарында да қайталанды. Қазақстан құрамасы алғаш рет өз тарихында үздік ондыққа ене алмай, төмен нәтиже көрсетті. 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлде иеленген құрамамыз алдына Бахрейн, Тайланд, Иран сынды елдерді жіберіп, жалпы кестеде 11-орынға тұрақтады. Азиада тарихында бастан кешіріп көрмеген бұл сәтсіздік заңдылық па? Әлде кездейсоқтық па? Осы сұрақтың төңірегінде Азия ойындарын бір шолып өтуді жөн көрдік.

Расында, тәуелсіз Қазақстан тарихында Азия ойындарында мұндай төмен нәтиже көрсетпеген едік. Дегенмен 2018 жылы Жакартадағы дүрмекте 9-орынға тұрақтағанда да «тарихымыздағы ең сәтсіз Азия ойындары» деп жарыса жаздық. Биыл Өзбекстан үздік бестікке кіріп, біздің орнымызды басты. Шыны керек, 10 алтынға да әупірімдеп әрең қол жеткіздік. 10 алтынның үшеуін – каратэден, біреуін джиу-джитсудан иеленіп, олимпиялық спорт түрінен 6-ақ алтынға қол жеткіздік. Екі жарыс қатарынан төмен нәтиже көрсеткен Қазақстан спортына реформа, спортшыларына мықты резерв керектігін түсіндік. 

Мысалы, бұрын көзіріміз болған байдарка мен каноэде есу спортынан нәтижеміз жылдан-жылға төмендеп барады. 2014 жылы Инчхонда бұл спорт түрінен 5 алтын алсақ, Жакартада – 2 алтын, Ханчжоуда 1 ғана алтынмен шектелдік. Сол сияқты жеңіл атлетикадан да алдыңғы буынның ізін басатын мықтылардың шықпағаны көңілге қаяу түсіреді. Үш жеңіл атлетіміз Инчхонда алтыннан алқа тақса, Жакартада жалғыз Рыпакованың жеңісіне куә болдық. Мінеки, Қытайдағы жарыста кениялық легионер Каролин  Кипкируидің  – екі, Надежда Дубовицкаяның жалғыз қоласын қанағат тұттық. Жалпы, санға емес, сапаға мән беретін кез келді. Биылғы Азия ойындарына Қазақстан құрамасы ең көп споршы апарған елдер ішінде 6-орында тұр. Елімізден 530 спортшы қатысты, оның ішінде, әрине, командалық спорт өкілдері де бар.

Өзбекстан спортының күш ала бастағанын осы Азиада нақты көрсетті. Бокстан бөлек, велоспорт, көркем гимнастика, көпсайыс және жеңіл атлетика сияқты спорттан да өзбек спортшылары алдымызды орап кетіп жатыр. Тағы бір өкініштісі, дәл осы Азия ойындарында бірнеше спорт түрінен Париж олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып, Қазақстан құрамасы тек 4 қана жолдамаға иелік етті. Боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова ақтық айқасқа шығып, жолдама алса, бессайысшылар Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин жүлдеге іліне алмаса да, олимпиаданың жолдамасына қол жеткізді. Бірақ синхронды жүзу, су добы, желкенді cпорт, садақ ату, теннис, көгалдағы хоккей сынды спорт түрлерінен Париждегі дүрмекке жолдама ала алмадық.

БОКСШЫЛАР МЕН БАЛУАНДАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР

Қазақтың оң жамбасына келетін күрес пен бокс спортынан қатарынан екінші Азия ойындарында алтынсыз қалдық. Шыны керек, Ташкенттегі әлем чемпионатынан кейін боксшыларымызды Ханчжоуда да сол нәтижені қайталап, кемі үш чемпион шығады деп топшыладық. Өкінішке қарай, боксшыларымыз қарсыластарынан бөлек, төрешілермен де айқасуға тура келді. Әрине, алғашқы айналымдарда жарыстан шығып қалған былғары қолғап шеберлерін қарсыластарынан бір бас жоғары болды дей алмаймыз. Десек те төрешілердің «бармақ басты, көз қысты» әрекетінің құрбаны болғандар да аз болмады. Шыны керек, Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырханды ұтылды деп айтуға ауыз бармайды. Ал бірнеше рет төрешілер құйтырқы әрекетке барып, Асланбек Шымбергеновті қарсыласына жығып беруге жақын болды. Тіпті жартылай финалда әділқазылар әділдікті белден басып, жеңісті жапондық Окадзаваға алып берді. Шымбергеновтің шынымен жеңімпаз екенін жапондық боксшының бапкерлері де ишарамен мойындағандай болып, шәкіртінің жеңісіне таңғалғанына барша көзіқарақты көрермен куә болды. 

Егер бокстағы былықтар дәл осылай жалғасатын болса, ХОК бұл спортты олимпиада бағдарламасынан алып тастайтыны айқын. Айтпақшы, Қамшыбек Қоңқабаевтың жолын тағы да Баһадүр Жалолов бөгеп, алтыннан айырды. Дегенмен отандасымыздың шаршы алаңда барын салып жұдырықтасқанына, жеңіске лайықты жігер көрсеткеніне жанкүйерлер дән риза болды. Осылайша, боксшыларымыз екінші рет қатарынан Азия ойындарынан алтынсыз қайтып отыр. Тіпті командалық есепте Қытай, Жапония, Өзбекстан сияқты мықтыларды айтпағанның өзінде, алдына Тайланд, Тәжікстан, Моңғолия сияқты бокс державасы саналмайтын елдерді жіберіп, 9-орынға тұрақтады. 

Балуандарымыздың Азия ойындарының биік тұғырына шықпағанына біраз болды. Тіпті еркін күрестен 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында  тұңғыш әрі жалғыз алтынды алған Мәулен Мамыровтың жетістігін әлі ешкім қайталай алған жоқ. Биылғы Азия ойындарында еркін күрес балуандарының бірде-біреуі жүлдеге іліне алмай, күтпеген нәтиже көрсетті. Әрине, оның себебі жоқ емес. Бапкерлер негізгі құрамды лицензиялық әлем чемпионатына апарып, Азия ойындарына екінші нөмірлі балуандарды қосқан-ды. Жоғарыда атап өткеніміздей, ізбасарлардың жоқтығын тағы да байқадық.

«Классиктердің» де Азия ойындарында топ жара алмай жүргеніне біраз болды. Соңғы рет Инчхонда Н.Тыналиев тұғырдан көрініп, Азия ойындарындағы екінші алтынын иеленген болатын. Өкінішке қарай, сол Тыналиевтің орнын басатын мықты балуан әлі шыққан жоқ. Дегенмен Ханчжоуда жанкештілігімен есте қалып, жанкүйерлер ықыласына бөленген балуандар да болды. Соның бірі – ауыр жарақатынан айығып, екі жылдық үзілістен кейін кілемге қайта оралған Мейіржан Шермаханбет. Бір көзі 15 пайыз ғана көретін Мейіржан 67 келіде небір мықтылардың мысын басып, ақтық айқасқа дейін жетті. Дегенмен финалда жапон балуаны Катсуаки Ендодан айласын асыра алмай, күмісті місе тұтты. 

Айтпақшы, жаңа салмаққа ауысқан Жәмила Бақбергенова да (76 келі) жақсы нәтиже көрсетті. Финалға дейін еркін жеткен бұрымды балуан алтын жүлде үшін белдесуде қырғыз Айпері Медетқызына жол берді. Шыны керек, қазір қырғыздардың күресіне қызыға қараймыз. Әсіресе, Жоламан Шәршенбеков пен Ақжол Махмұдовтың күресі тәнті етпей қоймайды. Қос саңлақ айналдырған бір айдың ішінде әлем чемпионатында да топ жарып, Азия ойындарында да қарсылас шақ келтірмеді. Жалпыкомандалық есепте күрес түрлері бойынша қырғыздар алдына Жапония мен Иранды  ғана жіберіп, ІІІ орынға тұрақтаса, Қазақстан құрамасы Бахрейн, Өзбекстан, Моңғолия сияқты елдердің соңында қалып қойды. Шыны керек, мына түрімізбен Париждегі олимпиадада алтын түгілі, жүлдеге үміттенудің қажеті жоқ сияқты. Не де болса, әліптің артын бағып, балуандарымыздың бабында болатынына сенейік.

ҮМІТТЕН КҮДІК БАСЫМ

Ханчжоудағы сәтсіздіктің кездейсоқтық емес, заңды нәтиже екенін түсінгеннен кейін алдағы олимпиада ойындарына күдікпен қарай бастадық. Мемлекет басшысы да Қытайдағы жарыстың нәтижесіне көңілі толмайтынын, мемлекеттен бөлініп жатқан қомақты қаржының тиісті, тиімді жұмсалып жатпағанын айтты. Спорт саласына түбегейлі реформа қажеттігін де ерекше атап өтті. 

Расында, әр спортқа өзгеріс, темірдей тәртіп қажет. Одан бөлек, өз ісінің энтузиасы болатын, елдің намысын көтеретін мықты бапкерлерді табу керек. Өз қазанымызда өзіміз қайнай бермей, іргедегі Өзбекстан сияқты жаңашылдықтан қорықпай, әлемдегі мықты бапкерлерді елге алдыртуды да ойлаған жөн. Өйткені бізге жаңа ойлы, креативті мамандар ауадай қажет. Мысалы, каратэшілерімізді шыққан тегі араб француз бапкер жаттықтырады. Нәтижесі көзге көрініп тұр. Азия ойындарына қатысқан 8 спортшының үшеуі алтын, үшеуі күміс, екеуі қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте Жапония, Қытай сияқты мықтылардың алдын орап, көш бастады. Каратэ олимпиада ойындарының бағдарламасынан алынып тасталса да, құраманың көрсеткіштері керемет. 

Әрине, «бәрі бітті, құрыдық» деп қара аспан төндіруден аулақпыз. Ханчжоудағы жарыста велоспорт пен нысана көздеуден спортшыларымыз үздік нәтиже көрсетіп, Азия ойындарының рекордын да орнатты.  Велоспорттан Алексей Луценко мен Евгений Федоров екі алтын, бір күміс иеленіп, Жапония, Қытай, Өзбекстан, Гонконг сияқты елдердің атлеттерін жолда қалдырды. Ал нысана көздеуден жұптық сайыста Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенкоға тең келер қарсылас табылмаса, командалық жарыста да Әсем Орынбай бастаған қаракөздеріміз 350 ұпаймен үздік шығып, Азия ойындарының рекордын жасады. 

Дегенмен Азия ойындары мен олимпиаданың деңгейін салыстыруға келмейді. Олимпиадада әлемнің ең үздік, ең мықты сайыпқырандары сайысқа түсетінін ескерсек, Қытайдағы жарыста жіберген қателікпен қазірден бастап жұмыс істеуге кірісу керек. Бөлінген қаржының қандай спортқа бөлінгені көз алдымызда тұруы, көрсетілуі керек. Ханчжоудағы сәтсіздіктің кездейсоқтық екенін Париждегі дүрмекте дәлелдеп, кеткен есені сол төртжылдықтың басты додасында қайтару қажет.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2023

2004 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы