• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 24 Ақпан, 2024

Тазалық & тәртіп

Бала байқампаз келеді ғой. Өтірікті де, айланы да оңай аңдайды. Бірақ үлкендерді ұялтқысы келмегеннен болар, сенген болады. Мен де сол байқампаз балалардың бірі болғанмын. Мұғалімнің әтірінің иісін, шаш түсінің өзгергенін немесе қолындағы жүзігінің ауысқанына дейін байқайтынмын. Сол байқаған нәрселерімнен бір жүйе құрауды ұнататын едім. Мысалы, ерні жіңішке әйелдерді ұрысқақ, толық әйелдерді мейірімді деп баға бергенмін. Сұлу қыздар көбіне жақсы оқиды. Ұқыпты балалар төбелесе алмайды... Осы сияқты өз ойымда жасап алған жүйелі болжамдарым болатын. Олардың көбі кейін өзгерді. Кейбірі тіпті іске алғысыз екен. Бірақ бала күнгі болжамдарымнан әлі күнге сақталып қалған бір нәрсе бар. Ол – жағдайы жоқ үйдің лас болатыны. Тұрмысы нашар балалардың үйіне барғанда, кесе түбіне қатқан қақты байқайтынмын. Ол үйдің кеселерінің түбі дастарқанның өзі тұрған тұсын көтеріңкіреп барып ажырайтын. Тіпті ол үйлердің сыртқы қабырғасы тегін әкпен де ақталмайтын еді ғой. Бала шағымда оларды кедейлігінен лас тұрады деп ойлайтынмын. Бірақ керісінше де ойлап көруге болады ғой. Бәлкім, олардың ластығынан тұрмысы нашар болған шығар? Қызық дилемма, иә? «Кедейлік ластықты шақыра ма, әлде ластық кедейлікті ме?»

Түнек аймағы

2001 жылы ирландиялық жазушы Алан Глиннің «Түнек аймағы» атты романы жарық көрді. 2011 жылы режиссер Нил Бергер роман негізінде кино түсірді. Басты рөлді атақты Брэдли Купер ойнайды. Қысқаша мазмұнына тоқтала кетелік. Баспадан роман жазуға тапсырыс алған Эдди жазушыдан гөрі қаңғыбасқа көбірек ұқсайды. Күнде ноутбукті ашып, аппақ экранға қарап отырғаннан басқа жұмысы жоқ. Тұрып жатқан пәтері де өзіне жарасымды. Шашылған қоқыс, жуылмаған ыдыс-аяқ... Баспадан алдын ала алған ақшасын да тауысып біткен. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылық дағдарыста жүрген жан.

Күндердің күні ескі танысымен кездесіп қалады. Бұрын есірткі, синтетикалық психотропты заңсыз тауар сатумен айналысқан жігітті аса жақтырмаса да, сөйлесуге тура келеді. Қысқасы, ол Эддиге таблетка береді. Депрессиядан, дағдарыстан шығуға көмектеседі-мыс. Әбден тығырыққа тірелген жазушыда бір ғана ой бар. «Кері шегінер жер жоқ. Мұны да көре салайын». Ары қарай жанрдың классикалық үлгісі бойынша дамиды оқиға. 

Таблетка Эддидің шашылған зейінін түзеп, бұрын ойлаған ойларының жүйесін тауып береді. Шығармашылыққа деген құлшынысы артып, екі ай жазылмаған романның бір бөлімін 2-3 сағат ішінде жазып бітіреді. Ол «не істеу керегін және қалай істеу» керегін анық біледі. Бір қарағанда, таблетканың әсерін сезе сала бірден компьютер алдына отыратындай көрінеді жазушы. Бірақ ол бірінші кезекте үйін жинайды. Адам миын барынша жұмыс істететін таблетканы қабылдап алып үй жинап жүргенін ақымақтық деп бағалауға болады. Бірақ «айналадағы тазалық пен тәртіп – санаға ауысатынын» немесе керісінше тәртіпсіздіктің де санаға ауысатынын ескермейміз. 

Үйін жинап, романның бір бөлімін жазып біте сала кино кейіпкері киіміне назар аударады. Спортпен шұғылдана жүріп, құлаққаппен онлайн кітап немесе тіл курстарын тыңдап жүреді. Аз уақыт ішінде бірнеше тілде сөйлеп, үш-ақ күнде пианино тартып үйренеді... Әрине, бұл мүмкін емес көрсеткіш. Бірақ кинода жетістікке жететін адамның дағдылары өте жақсы берілген. Барлығының бастауында тазалық пен тәртіп тұр.

«СЫНҒАН ӘЙНЕК» эксперименті

Ешкім тұрмайтын үйді елестетіңізші. Сырты бүтін, ешбір терезесі сынбаған, қалыпты үй. Тек ішінде адам жоқ. Мұндай үйге ешкім тиіспейді. Бұзақылардың өзінің тиісе қоюы неғайбыл. Бірақ сол үйдің бір әйнегі сындырылса, тоқтату мүмкін емес. Аз уақыт ішінде үйдің барлық әйнегі шағылып, сыртына суреттер салынып, тіпті дәрет сындыратын жерге айналып кетуі ықтимал. Мұның мәні не? 
АҚШ әлеуметтанушылары жүргізген бұл эксперимент қорытындысында: «Егер адам айналасынан аздаған тәртіпсіздік аңдайтын болса, өзі де тәртіпсіздікке бой алдырады», – делінген. Қазақ мұны «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп түйіндейді. Мұндай эксперименттерді күнделікті өмірде өзіңіз де жасап, байқап көрсеңіз болады. 

Қарапайым қоқыс жәшігінің бір күндік өмірін бақылап көріңізші. Таңда оның іші, айналасы тап-таза болады. Біршама уақыттан кейін асығыстау бір кісі қолындағысын алыстан лақтырады. Ол түспей қалуы ықтимал. Осы сәттен бастап қоқыс жәшігінің айналасында қоқыс көбейе береді. Тіпті іші бос болуы да ықтимал. Мәселе онда емес. Айналасы шашылып жатқан жәшіктің тазалығына ешкім мән бермейді. «Ақыры шашылып жатыр», «басқалар да тастапты ғой» деген сияқты ой болады өзге адамдарда. Яғни бір адамның қателігі қоғамдық тәртіпсіздікке бастайды. Қарапайым, сабақтан келгеннен кейін киіміңізді үстел үстіне тастай салыңызшы. Оның үстіне міндетті түрде бауырыңыз өз киімін қояды. Есіктен кіре салғанда аяқ киіміңізді бейберекет қойып кетсеңіз, сізден кейінгі адам да солай істейді.

Бір қызығы, «Сынық әйнек» экспериментінің қорытындысы ғылыми мақалалар беттерінде қалып қойған жоқ. Ол АҚШ тәртіп сақшыларының арасында кеңінен қолданыс тапты. Метродағы қылмысты азайту мақсатында сақшылар билетсіз жолаушылармен күрес бастаған екен. Сонымен қатар вагондар мен аялдамалар тазалығына көп көңіл бөледі. Айналасы екі жыл ішінде метродағы тәртіп бұзушылық 75 пайыз төмендейді. Адамдар билетсіз жүру, ұсақ-түйек қоқыс тастау сияқты болмашы тәртіпсіздік үшін жауапқа тартыла жүріп, үлкен тәртіп бұзушылықтан аяқ тартады. Түптеп келгенде, бір адамның тәртіпсіздігі тұтас қоғамның тәртіпсіздігіне ұласуы ықтимал.

McDonald's ҚҰПИЯСЫ және ЖАПОН ДАҒДЫСЫ

Ағайынды Макдональдстар алғаш жылдам тамақтану орнын ашқанда қандай қағидаларға сүйенді? Жылдамдық және тиімділік. Олар кішкентай асхана ішіндегі аспаздардың әрбір қадамын санады. Олар артық қадам жасамауға тиіс. Яғни бір-біріне кедергі келтірмейді. Сонымен қатар әрбір заттың өз орны бар. Оны өзге жерге қоюға немесе бір нәрсені артық қосуға болмайды. Осылай ағайындылар АҚШ-тағы ең үздік жылдам тамақтану орнын ашқан еді. Жапонның кайдзен деп аталатын өмір сүру тәжірибесі бар. Ол бүкіл істі жоспармен және тәртіппен істеуге үйретеді. Мысалы, кайдзендік 5S қадамдар жүйесі жұмыс орнындағы тазалық пен тәртіпке тәрбиелейді.

1. Сұрыптау
Жұмыс орныңызды керексіз заттардан тазартып отырыңыз. Артық тұрған зат адамның қосымша назарын алады. Мысалы, жұмыс үстеліндегі 30 күннен артық қолданылмаған зат сізге қажет емес. 
2. Тәртіп
Әрбір заттың өз орны болуы шарт. Ол керек болған жағдайда оңай табылуы керек. Бұл да өз кезегінде адам зейінінің тұрақтылығына әсер етеді. 
3. Тазалық
Жұмыс орнын уақытылы тазалап отыру – жұмыс өнімділігінің кепілі. Бұл әрекетсіз жоғарыдағы екі қадамның мәні жоқ. 
4. Стандарттау
Алдыңғы үш қадамды стандарттау, яғни жүйеге келтіру. Оған арнайы уақыт бөлу. 
5. Жетілдіру 
Бұл қадам жоғарыдағы қадамдардың бәрін дағдыға айналдыруға көмектеседі. Өйткені дағдыға айналған іс адам миына күш түсірмейді. Сәйкесінше, сіз тек жұмысыңыз жайлы ғана ойланасыз. Бұл әрекеттерді жұмыс орнына, үйге қатысты да қолдануға болады. Қатып қалған ештеңе жоқ.

МИДАҒЫ БРАУЗЕР

Браузерде бірнеше парақша ашып қойып жұмыс істейсіз. Біраз уақыттан кейін бұрын ашқан парақшаға қайта басасыз. Байқасаңыз, ол бет сақталып тұрмайды. Жүктеліп, қайта ашылады. Неге деп ойлайсыз? Бұл компьютердің жұмысын жеңілдету үшін жасалған. Өйткені әрбір ашылған сайтты ашық қалпында ұстап отыру компьютер процессорына ауыр тиеді. Тіпті әрбір жаңа бет ашылған сайын браузер жылдамдығы төмендейтіні байқалады. Сондықтан пайдаланылмай тұрған парақшалардан шығып кетіп, керек кезінде сізге қайта ашып береді. Адам миы да процессорға ұқсайды. Неғұрлым артық ақпарат пен аяқталмаған жұмысқа толып кеткен сайын мидың жұмыс істеу жылдамдығы төмендей бермек. Сондықтан жұмыс өнімділігін арттыруға көмектесуші мамандар қарапайым нәрселерге бас қатырмауға шақырады. Мысалы, таңертеңгі киім таңдау немесе төсек жинау.

Егер төсегіңізді жинайтын әдетіңіз болмаса, ол сізге жұмыс болып көрінеді. Миға артық күш пайда болды. Жұмысқа киетін киім таңдау. Бұл да жұмыс. Таңғы ас әзірлеу... осылай кете береді. Яғни сіз миыңыздағы браузерді қажетсіз парақшалармен таңертеңнен толтырып тастадыңыз. Мұндай артық күш болмау үшін, барлығын жұмыстан кейін істеген абзал.

Мысалы, таңертең киетін киіміңізді, таңғы асқа керекті заттарды түнде дайындап қойыңыз. Көлігіңізді жұмыстан келгеннен кейін тазалап, жанармайын толтырыңыз. Ертеңгі сабаққа керек-жарақтарды да түнде дайындап қойған жөн. Ал төсегіңізді жинамау туралы ойланбаңыз да. Ол қарапайым дағды болуы шарт. Тіс жуу немесе дәретке шығу сияқты. Осылай күнделікті пайдалы дағдылар қалыптасқанда, сіздің миыңыз толыққанды жұмысқа дайын болады. Өйткені дағды – мидың көмегінсіз, тәни деңгейде орындалатын істер. Оған бас ауыртып, ойланып жатудың қажеті жоқ. Осылай миға артық күш түсіретін нәрселерден арылып, оқуға немесе жұмысқа толыққанды берілуге болады. Бастысы, маңызды істеріңізді таңғы уақытқа жоспарлаңыз. Бұл шақта адам миы бар мүмкіндігімен жұмыс істейді. Ал жеке бастың тазалығына келер болсақ, тырнағы алынбаған және шашы жуылмаған қызметкерлердің жұмыс өнімділігі біршама төмен болады. Оқу процесіне де бұл фактордың әсер ететініне күмән жоқ.

ЕРТЕГІ және ДАҒДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Үш түрлі өркениет бар екені белгілі. Батыс, шығыс және көшпенді. Үш халықтың ертегілері сюжеттік тұрғыда ұқсас келгенімен, мотивтік тұрғыда айырмашылықтар бар. Мысалы, батыс ертегілерінде сиқырлы перизаттар, су перілері негізгі қаһарманға көмектесіп жүреді. Ғажайыптар жасап, өмірін жеңілдетеді. Шығыс ертегілерінде құмыра ішінен жын шығып, үш тілегін орындайды. Екі отырықшы халықтың да ертегілерінде ғажайыпқа сену бар. Ал көшпенділердің ертегілерін оқып қараңызшы. Біздің ертегілерде, батырлық жырларда бас қаһарман астындағы атына, жарына және асып кетсе досына сенеді. Оның өмірінде екі-ақ ғажайып бар. Бірінші, жылдам өсуі, екінші – сөйлесетін тұлпары. Ал қолынан сиқыр келетін нәрсенің көбі қаһарманға жау келеді. Яғни көшпенділік өркениет, оның ертегілері адамның өзіне сенімін күшейтеді. Күрескерлікке тәрбиелейді. Бас қаһарманның орнына белгілі бір істі жасап беретін ғажайып күш жоқ. Осы мәселе бала тәрбиесінде өте маңызды рөл атқармақ. 

Осы тұрғыда ата-ана ескеруі керек маңызды мәселе бар. Бала өз халқының ертегісімен өсіп-жетілуі керек. Сырттан келетін ғажайып күш, ұйықтап қалса үйін жинап беретін сиқырлы перизаттар жоқ. Өзінен басқа ешкім жоқ тіпті. Осы тәрбие бала санасын тұрақтылық пен тәртіпке үйретеді деп сенеміз. Есіңізде болсын, бір адамның тәртіпсіздігі жаппай тәртіпсіздік тудыратын болса, бір адамның тәртібі де жаппай тәртіптілік тудыруы бек мүмкін! Бәрін өзіңіздегі тәртіп пен тазалықтан бастаңыз!

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2024

1670 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы