• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 26 Ақпан, 2024

«Атымды айта бастасам...»

Егер сіз кез келген бір адамнан қандай сөзді жиі еститінін сұрасаңыз, онда, әлбетте, «ол менің атым» деген жауап алар едіңіз. Нәрестенің туған кезде ең бірінші еститін сөзі де – өзінің есімі. Ол есімінің нені білдіретінін әлі түсінбейді, бірақ басқа сөздерге қарағанда жиі естиді. Ел арасында адамның есімі оның тағдырына әсер етеді деген әңгіме жиі айтылады.

Нәрестеге көркем, құлаққа жағымды ат қою – әрбір ата-ананың міндеті. Бірақ шаңырақта ұлдың дүниеге келуін көп күтетін жағдайлар кездеседі. Ондай кезде қазақ келесі сәбидің ұл болуын тілеп, Ұлболсын, Ұлдана, т.б. деп қойып жатады. Мұның дұрыс-бұрыстығына баға беруден аулақпыз. Дегенмен салдары барын ешкім жоққа шығармайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда есімі «ұл» түбірінен басталатын 75 400 нәзік жан бар екен. Ал оңтүстік өңірде туған әр қыздың үшіншісіне Ұлболсын, Ұлжалғас есімі қойылады екен. Бұл оның болмысына, кейінгі өміріне қалай әсер етеді? Кейіпкерлеріміздің есіміне қатысты ойын сұрап көрдік.

26 жастағы Ұлжалғас – қазір тұрмыстағы ана. Ол – отбасындағы төртінші қыз. Кейіпкеріміз атын әлі күнге дейін қабылдай алмай келе жатқанын, ата-анасына өкпелі екенін жасырмады.

– Біздің отбасымызда бес қыз бар. Мен төртіншісімін. Ләззат, Сәбина, Мәдина, Ұлжалғас, Сандуғаш. Алтыншысы – ұл. Оның аты – Бақдәулет. Ес біле бастағаннан бүгінге дейін атымды қабылдай алмай келе жатырмын. Өкпем де барын жасырмаймын. «Дүниежүзінде қаншама әдемі есім бар, Сандуғаш деп сіңлімнің атын қойса да болатын еді ғой, неге маған осындай есім берді екен?» деп ойлаймын. Қазір де Ұлжалғас дегенде құлағыма түрпідей тиеді. Жақындарым «Ули» деп атап кеткен. Ұлжалғас дегеннен Ули деген жағымдырақ естіледі. Есімім өзіме ұнамайтын болғасын, бәрімен бірден Ули деп танысатынмын. Күйеуім қазір Ұлжалғас деп қалса, қабағым түйіліп кетеді, – дейді ол.

Ұлжалғас ат қоюға келгенде өте абай болу керектігін айтады. Ұлға артықшылық беріп, қызды қорсынатын түсінік жойылса екен деген тілегін де айтты.

– Бұлай ат қоюға түбегейлі қарсымын. Ұл қалайсың ба, онда Алладан тіле дер едім. Есімімді атам қойған. Ол кісінің сөзі – заң. Жалпы, қазақ қоғамындағы қыз десе қырын қарап, ұл десе ат шаптыратын түсінік жойылса екен деймін. Мысалы, Мәдина деген үшінші әпкемді қыз болғаны үшін басқа отбасыға берген. Оның өзі бөлек әңгіме. Бәрінің астарында ұлды қалау жатыр ғой. Қайта менің есімім тәуірлеу ме деген де ой келеді кейде. Әкемнің інісінің алты қызы, бір ұлы бар. Үшінші қызының атын Ұлаш деп қойған.

Ұлданай есімді тағы бір кейіпкеріміз отбасында екі қыздан кейін ұл күткенін, бірақ өзінен кейін ұл болмағанын айтады. 

– Мен үйде үшінші қызбын. Мен дүниеге келерде бәрі ұл деп ойлап, ер бала күткен екен. Үйдегілер ұлдың киімдерін алып, дүниеге ұл келеді деп дайындалыпты. Сөйтіп, дүниеге ұл емес, қыз келіпті (күліп). Содан атымды Ұлданай деп қойған. Әжемнің аты – Ұлмекен. Бір жағынан, соған ұқсатып қойған. Екінші жағынан, ұлды күтіп, қыз туғанда әрі менен кейін төртіншісі ұл болсын деп, есімімді Ұлданай деп қойыпты. Танысқан адамдар бірден «сенен кейін ұл болды ма?» деп қызығып сұрап жатады. Өкінішке қарай, менен кейін ұл болған жоқ. Мен үйдің кенжесімін. Атым өзіме ұнайды. Басқа аттарға қарағанда ерекше. Бірақ адамдардың есінде сақталып қалуы қиын есім. Ұлданай деп таныссаң, көп адам Гүлдана, Гүлданай деп естіп жатады. Бірден есте сақтай алмайды. Әрине, ол мен үшін ешқандай кедергі емес.

25 жастағы Ұлбала бала кезінде атын айтып танысуға ұялған. Оның айтуынша, мұндай аты бар қыздар жаңа танысқанда атын мақтанышпен айта алмайды. Жасөспірім шақта қиналғанын, қазір атына үйренгенін жеткізді.

– Ес біле бастағанда, мектеп қабырғасында, шамамен 5-8 сынып аралығында қатты ұялатынмын. Ұлбала деп балалар мазақтайтын. Сондай кезде жылағым келетін. Сонымен бірге мектепте апайлар «Ұл балалар саны қанша?» деп сұрағанда бәрі маған қарайтын. Одан кейін 9-11 сыныптарда мән бермейтін болдым. Университетте ешкім олай мазақтаған жоқ. Бірақ бәрібір атымнан қатты ұялатынмын. Біреумен танысқанда атыңды мақтанып, рақаттанып айта алмайсың. Дауыстап айтпайтынмын. Қазір атымды қабылдадым. Ол туралы ойламаймын да. Адамдармен танысқанда, жаңа ортаға барғанда жеңіл, еш қысылмай айтуды үйрендім. Сен қысылмай айтсаң, оларға да бұл қалыпты боп көрінеді. Мұндай ат қою дұрыс емес деп ойлаймын. Әсіресе, бала кезде, жасөспірім шақта қатты қиналасың. Сөйтіп ат қоятындарға жыным келеді. Сондықтан қыз баласына әдемі ат қою керек. Бұрын ырымдап қойған ғой. Ал қазір олай есім берудің қажеті жоқ, – дейді ол.

21 жастағы Ұлжан есімді кейіпкеріміз атынан қысылатынын, мұның қыз баланың кейінгі өміріне әсер ететінін жасырмады. Оның айтуынша, мұндай ат қою арқылы ұлға басымдық беріледі, сәйкесінше, қызды қаламаған ата-анаға деген өкпе ұмытылмайды.

– Мектеп қабырғасын-да жүргенде сыныптас-тарымның ортасында қысылатынмын. Кез келген ортада өзімді ыңғайсыз сезініп, «атымды неге бұлай қойдыңдар?» деп ата-анама жыным келетін. Сыныптастарым қалжыңдап ойнайтын. Үйге барып анама айтсам, ол: «Сенің атың күшті. Қайта әдемі естіледі», – деп басып қоя салатын. Колледжге түскеннен бастап жаңа ортада басқа адамдармен араласқалы бері өз есімімнің тартымды, әдемі екеніне көзім жете бастады. Бірақ Ұлжан, Ұлжалғас, Ұлмекен, т.б. «ұл» деп басталатын есімдерді қоюға келіспеймін. Қыздарға ауыр есім деп ойлаймын. Олар сені күтпеген, ұл күткен. Сен дүниеге келесің, есіміңнің өзінен-ақ олар ұлды қалағаны белгілі. Қазіргі қыз балаларға ол үлкен жүк, – дейді ол.

Ұлболсын есімді тағы бір кейіпкеріміз өзінің атынан мектеп кезінен қысылмағанын айтады. Оның айтуынша, өз есіміңді ұнатпауды қоғам таңады. «Өзіңе қалыпты болған атты өзгелердің қабылдамауы айтарлықтай әсер етеді» дейді ол.

– Есімімді жақсы қабылдаймын. Мектеп кезінен қысылу болмаған. Кішкентай кезімде мағынасына қатты мән бермейтінмін. Бірақ өсе келе қоғамға шыққан соң, «сенен кейін ұл болды ма, қыз болды ма?» деп бөтен адамдардың жеке шекараға кіретіні, ойланбай сұрақ қойып мазалай беретіні ұнамайтын. Бір емес, екі емес, үнемі сұрайтындар қатары көбейген соң бұл сұрақ мені мезі қылды. Сосын есімімді де ешкімге айтқым келе бермейтін болды, артық сұрақ пен қажетсіз түсіндіруден шаршадым. Осыдан келіп өз есіміңді ұнатпау деген ұғым қоғамнан таңылатын сияқты. Кейбіреулердің көрінген жерге бес тиынын қыстырып, әр нәрсеге араласатынын ұмытпасақ, қыз балаға мұндай есім қоюдың зияны көп екенін байқаймыз. Есімімді өзгертетін ой болған емес, негізі, атым өзіме ұнайды. Бірақ қоғамның қабылдауы, олардың керексіз жерге араласуы дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді Ұлболсын.

Адам дүниеге келгенде оған ат қояды. Кейін ол өзін сол атына байланысты сәйкестендіре бастайды. Психологияда мұны идентификация деп атайды. Мұның сырын білмекке психолог Гүлзат Қанатқа сауал қойдық.

– Адамның есімі оның болмысына қалай әсер етеді? Отбасында ұл  күтіп, бірақ дүниеге келген қызға ырымдап Ұлдана, Ұлболсын деп ат қою ше?

– Психолог алғаш клиент алдына келгенде анамнез жинайды. Яғни өмірге келгеннен бастап, негізгі кикілжіңдер, жан жарақаты деген сияқты маңызды дүниелер туралы сұрайды. «Сіз өмірге келгенде ата-ана, екі жақтағы ата-әже қалай қарсы алған, перзентханаға кім келді, есіміңізді кім қойған, қандай мағына береді, өзіңізге ұнай ма?» деген сияқты сұрақтар қойылады. Әке-шеше, ата-әже өмірге келген нәрестені қалай қарсы алды, бұл баланың кейінгі өміріне, өзін, жынысын қабылдауына әсер етеді. Қызға Ұлжан, Ұлбала, Ұлдана сияқты ұл есімін беріп, ұл күту немесе, керісінше, ұлға қыздың есімін беріп қыз күту келешекте жыныстық сәйкестігін қабылдауына әсер етуі мүмкін. Бала үшін ата-ана Құдай сияқты қабылданады. Олардың тілегі – заң. Сондықтан ол өзін ұмытып, ата-анасының тілегінен шығуы үшін бәрін жасауы мүмкін. Өмір бойы өзі ұлдан кем емес екенін дәлелдеумен өтуі мүмкін. Оқуды да оқиды, ақшаны да табады. Ал осындай қыздардан кейін дүниеге келген ұлды көп жағдайда әлпештеп, тым жайлы жағдайда ұстайды, өзіне жауапкершілік жүктемей жатады. Дүниеге келе сала жынысына бола жеңімпаз болса, көп ер бала басқа нәрсеге талпынуға енжар болады. Бала белгілі бір дәрежеге жетуі үшін оң бәсекелестік болуы керек. Ал жынысына қарап біреуін артық, біреуін кем көру ұлға да, қызға да зиян. Бірі өз жынысын туғаннан керемет санап, тұлғалық қасиеттерін дамытпайды. «Менің дегенімді істеңдер» деп инфантильді позициядан, тәуелділіктен шықпай қалады. Ал екіншісі өз жынысын мойындатамын деп шеті мен шегі жоқ бәсекелестікке түсіп кетуі мүмкін.

Мысалы, әке-шешесі ұл болуын қалап, ұлдың есімін қойып, ұлша киіндірген қыз өсе келе «мен ұлмын» деп өзін еркек сияқты ұстап, қыздарға баруы мүмкін. Алғашқы күннен-ақ отбасы қабылдамаған адамды кейін ортасы да қабылдауы қиын. Өйткені адамның психикасы өзіне таныс жағдайды іздейді. Үйінде қабылданбаған қыз кейін мектепте де буллингке ұшырауы мүмкін. Өйткені ата-анасы әуел бастан басына қабылданбау деген бір сценарий жазып берді.

– Мұндайда ата-ана қалай әрекет етуі керек?

– Ең алдымен ата-ана сауатты болуы керек. Не үшін саналы, бейсаналы түрде ұл не қыз қалап жатқан түсінуі қажет. Мысалы, анасы ұл күтеді, себебі, кезінде өзінің әке-шешесі оны қабылдамай, қазір өзі ана болғанда қызын қабылдай алмай жатыр ма? Бұл қыздың алдында ұл балалары өмірден өтті, ата-ана сол ұлын жоқтай алмай, жаңа дүниеге келген баласы сол ұлдың орнын басса дей ме? Осы сауалдарды өзіне қойып, ойланып, психологпен талқылап көргені дұрыс. Ата-ана басындағы қалаулары қайдан шыққанын білуі керек.

– Ал мектеп жасындағы жасөспірім ше?

– Ондай жағдайда жасөспірім мектеп психологының көмегіне жүгіне алады. Психолог маманның жеке супервизиясы, жеке анализі болуы міндетті. Мүмкін болса, сондай психологқа барғаны дұрыс. Болмаса барлық мектепте психолог бар. Бала ата-ананы таңдай алмайды. Ал досты таңдай алады. Сырын, мұңын бөлісе алады. Жасөспірімдер үшін досының болуы өте маңызды. Бұл – ата-анадан алшақтап өзін қалыптастыратын, ата-анаға қарсы шығатын кез. Ол өзіндік менін қалыптастыру үшін керек. Осы кезде досы болуы керек. Жасөспірімде дос болмаса, ересектер дос табуына көмектесуі қажет. Егер мүмкіндігі жетсе, ақылы жеке психологтарға апарғаны абзал. Баласын психикалық жай-күйі алаңдатқан жағдайда психологқа апарып ақысын төлесе, мұндай ата-ананы көзі ашық, сауатты ата-ана деуге болады.

P.S.  Психологтар мен лингвист мамандар адамның аты оның тағдырына әсер ететінін алға тартады. 2000 жылдардың басында америкалық психолог Джин Твендж адамның есімі өзін-өзі бағалауына әсер ететінін анықтаған.  Психологтың айтуынша, өзін-өзі бағалауы төмен адамның көбі өз есімін ұнатпайды. Азан шақырып ат қою да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, есім балаға психологиялық тұрғыдан өзін тұлға ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Өз есіміне көңілі толмай, өзін жеп жүрген қыз балалар аз емес. Кейіпкерлеріміз де бұл пікірді қуаттайды. Олай болса, шыр етіп дүниеге келген нәрестеге ат қоярда абай болған абзал.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2024

2669 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы