• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Ақпан, 2024

Ажалдың өзі мейірімді (М.Зусактың «Кітап ұрысы» романы хақында)

«Ақ желкен» журналының оқырмандары  қазақ және әлем әдебиетіндегі жаңа үдерістерден хабардар болып отыруға тиіс. Соңғы кездері жас оқырмандар журнал бетінде өздері де жақсы пікір білдіре бастады. Жаңа жылдан бастап журналда оқырмандар клубын ұйымдастырып, әлемде жақсы оқылып жатқан шығармалар туралы талдаулар ұсынып отырамыз. Бұл жолы Маркус Зусактың «Кітап ұрысы» романы туралы әдебиеттанушы Ақбота Абиыр ханымға арнайы жаздырдық. Зусактың бұл шығармасы жаңа формасымен – адамзат әлеміне Ажал көзімен қарау, қаталдықтардан Ажалдың өзінің шаршауы секілді соны иірімімен таңдай қақтырды. Қазақ әдебиетінде де мұндай соны үрдістер аз емес.

Австралиялық жазушы Маркус Зусак  1975 жылы 23 маусымда Сиднейде германиялық иммигранттар отбасында дүниеге келген. Бала кезінен ата-анасының нацистік Германия, Екінші дүниежүзілік соғыс және еврейлерге жасалған басқыншылық туралы әңгімелерін қызыға тыңдап өскен. ХХ ғасырда болған Бірінші дүниежүзілік соғыс тарихи саяси-әлеуметтік оқиғалар әдебиетке әсерін тигізіп, «lost generation», яғни «жоғалған ұрпақты» тарих сахнасына шығарды. Соғыста жаны да, тәні де жараланған кейіпкерлердің жан азабын әлемдік әдебиетте жаңа қырынан бейнелеу ХХ ғасырдың бірінші жартысынан басталды.

Э.Хемингуэй, Э.М.Ремарк, Р.Олдингтон сияқты ұлы жазушылар соғыс тақырыбының галереясын жасады. Оқуға деген сүйіспеншілік пен Э.Хемингуэй, Э.М.Ремарк сияқты «жоғалған ұрпақ» классиктері Маркус Зусакты соғыс тақырыбын жазуға құштарлығын оятты. Қаламгердің роман-бестселлерінің бірі – «Кітап ұрысы». Шығарма 40-тан астам тілге аударылып, көп сыншының талқысына түсті. Романда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әке-шешесі мен інісінен айырылған Лизель Мемингер есімді кішкентай қыздың тағдыры баяндалады. Қызды асырап алған ата-анасы нацистік режимді жек көреді, қылмыстық үкіметтің адам құқын бұзып жатқан заңдарының алдында қауқарсыз кейіпкерлер. Шығарма желісі нарратор-автор (баяндаушы) Ажалдың атынан баяндалады. Ажалдың баяндау тәсілі екі сюжеттік желіде  өрбиді: біріншісі – кейіпкерлердің  басынан өткен тарихи оқиғалар, ал екіншісі – кейіпкерлердің іс-әрекетіне  авторлық шегініс. М.Зусак «Кітап ұрысы» романында адам тағдырын әртүрлі аспектіде көрсету үшін символдарды пайдаланады. Өлімнің бейнесі біздің дәстүрлі санамыздан тыс, яғни мейірімді, парасатты, жұмсақ мінезді болып суреттеледі, өзінің  атқаратын жұмысымен таныстырып,  оқырманмен диалогқа да түсіп отырады. Лизель інісімен Мюнхенге кетіп бара жатқанда Ажалдың келуі мына бір сөйлемде айғақталады: «Я вошел в поезд. Мои ноги ступили в загроможденный проход, и в один миг моя ладонь легла на губы мальчика». Осылай автор күрделі ойды аз сөзбен, қарапайым лексикамен береді. Ажал пойызға кірген кезде Лизель Мемингер тәтті ұйқыда жатады. Түсіне Адольф Гитлер кіреді. Гитлердің ұзын-сонар сөзін ұйып тыңдап, төртбұрышты мұртына таңдана қарап тұрған Лизель  фюрерге жымия қарап: «Guten Tag, Herr Fuhrer», –  деген бетте оянып кетеді. Ажал мен Гитлердің қатар келуінен аллюзия-ларды (ұқсастықтар) байқаймыз.

Ажал адамдарға сырттай бақылау жүргізіп, түрлі әрекеттеріне күйініп те, сүйініп те отыратын мейірімді бейнеде суреттеледі. Өз тәртібін бұзып, Лизель Мемингердің  тағдырына қызығушылық танытып, әр кез бақылап отырады. Ажал аяусыз, қатыгез, суық бейнеде емес, яғни дәстүрлі қабылдауы-мыздағы стереотиптерден, қасаң қағидалардан тыс образда бейнеленеді. «Адамдар неге бірін-бірі өлтіреді, неге жауыз?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Соғыс кезінде  адамдардың жанын алудан шаршаған Ажал күнделікті жұмысынан торығып, демалыс алуды да аңсайды.

Романда түрлі оқиға-ларды сипаттауда түстердің, бояулардың маңызы зор. Лизельдің інісінің жанын алуға келгенде Ажалдың әлемді қабылдауы мына сөйлем арқылы тұжырымдалады: «Сначала краски. Потом люди. Так я  обычно вижу мир». Шығармадағы қоңыр, қызыл түстердің адам жанының түрлі күйінің репрезентациялануы (қайта жарыққа шығуы). Қара, ақ, қызыл түстер нацис-тер туларының бейнесі. «Red-and-white. Blanket» – нацистік Германияның өлім символы. Автор шығарма прологына «Өлім мен Шоколад» деген  антонимиялық ұғымдарды қарама-қарсы қою арқылы оқырманды бірден елітеді. Өмір мен Өлім концептісі (танатология – өлім туралы ғылым) – шығарманың негізгі өзегі. М.Зусак Өмір мен Өлім тақырыбын Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи фонында өрбітеді. Ажал-баяндаушы адамның жанын алуын үйреншікті жұмыс деп қарамай, адамзаттың тағдырына, болмысының ашылуы мен миссиясына  анализ жасайды.

Химмель-штрастың тұрғыны Лизель Мемингер үшін басты байлық – кітап. Кішкентай кейіпкердің  кітапқа ыждаһаттылығы кітап ұрлауға алып келеді.  Бірінші ұрлаған кітабы – «Көр қазушының нұсқаулығы», ал екінші кітабын – жанып жатқан оттан, келесі кітаптарын бургомистрдің (әкімшілік басшысы) кітапханасынан алады. 

Шығармада көтерген  басқа да негізгі мәселелер: Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Мюнхен немістерінің  тарихи-әлеу-меттік жағдайы, фюрердің еврей халқына жасаған геноциді, Холокост, Нюрнберг процесінің тарихи форматта ауқымды суреттелуі. Соғыс, геноцид, Холокост, фашизм фонында кішкентай Лизельдің кітапқа, ал әкесі Ханстың аккордеонға құмарлығы арқылы асыл сөз бен ұлы музыканың құдіретін паш етеді. Поэтикалық құштарлық, әдемілікке ұмтылыс, өнерге деген сүйіспеншілік аса зор мәнге ие болады. Романда Гитлер өз көзқарасына қарама-қайшы кітаптарды өртеуге бұйрық береді, кітаптарды өртеу арқылы сөз бостандығын тежеп, жаншуын көрсетеді. Кішкентай Лизель жанып жатқан оттан кітаптарды ұрлау арқылы фашизмге, Гитлердің жүйесіне қарсылық білдіре алды. 

Романдағы басты кейіпкерлердің бірі – еврей ұлтының өкілі Макс Ваденбург. Автор Лизельдің асырап алған әке-шешесінің жертөлесінде жасырынып жатқан Макстың мүшкіл хәлі арқылы еврей халқына жасалған геноцидті үлкен шеберлікпен жазады. Макс Ваденбург «Майн Кампф» кітабын (А.Гитлердің саяси идеологиялық манифесі) ақ түске бояп, сөздерін өшіріп, басқа шығарма жазып, Лизельдің  туған күніне сыйлық жасайды. Гитлер өз сөзімен адамдарды басып-жаншыса, ал Лизель өз кітабын жазу арқылы  жеке тарихын өрнектейді. 

Қаламгер қиын-қыстау заманда адамның  адамгершілік қасиеттерін, адамның болмысының жарқырап ашылуын да үлкен шеберлікпен жазады. Гитлер адамгершілік қасиеттердің  барлығына тыйым салды. Мейірімділік үшін адам өмірінен айырылып қалуы мүмкін болса да, Ганс пен Роза Хуберман басын бәйгеге тікті. Ерлі-зайыпты Хубермандар еврей ұлтының өкілі Ваденбургты үйде жасырып ұстауы ерлікпен пара-пар еді. Ал кішкентай Лизель мен Руди еврейлер өтетін жол бойына нан кесектерін шашады.
Автор қандай қиын-қыстау заман болса да, «адам адамдық қасиетін, борышын сақтап қалуға тиіс және қай дәуірде болса да адамның сұлулыққа құштарлығы  толастамайды» деген қағиданы берік ұстанады. Кейіпкерлер бастан кешкен оқиғалар қаншалықты маңызды және ауыр болса да, өлімінің өз ирониясы және «соңғы аялдамасы» бар. 

Ақбота Абиыр,
SDU University оқытушысы

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2024

1719 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы