• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 22 Наурыз, 2024

«Жылдың қай айында һәм қай күнде басталады?»

Наурыздың жыл басы ретінде қазақ арасында тойлануы әу баста бір күнге нақты белгіленбеген сияқты. Жақында ХХ ғасыр басында шыққан «Қазақ» газетінің архивін ақтара отырып, 1913 жылғы алғашқы нөмірлерінің бірінен «Наурыз» деп аталатын шағын мақалаға жолықтық. Авторы белгісіз. Мұнда Наурыздың жыл басы екені айтылғанмен, мейрам ретінде нақты қай күні атап өтілетіні белгісіз екені сарапталады. Мақала шағын болғанмен, берері мол. Онда Наурыз мерекесінің маңызы түсіндіріледі. Ең бастысы, жазба соңында белгісіз автор оқырманға сұрау тастап, Наурыз жылдың қай айының қай күнінде басталатынына қатысты пікір күтетінін жеткізеді. Бұдан кейінгі нөмірлерді парақтай отырып, газеттің 1915 жылғы бір санынан М.А. Расулзаденің «Ықпал» атаулы мақаласын оқыдық. Оны Ж.Жәнібеков «тәржіме еттім» деп көрсеткен. Мұнда І Дүниежүзілік соғыс ке зінде Кавказдағы мұсылман жұртының патша үкіметінен қатты қысастық көріп отырғаны айтылады да: «Ей, бауырлар, биылғы мейрамға ұстайтын ақшаңызды соғыста шабылып қалған мұсылмандар үшін беріңіз», – деген үндеумен аяқтайды. Демек, бұл хатта да жыл сайын қазақ жұрты өз ішінде Наурызды атап өтетініне тікелей емеурін бар. «Қазақ» газеті осылайша жаңару мейрамын үнемі назарда ұстап, оның рухани сипатын ашып көрсетуге үнемі әзір екенін танытып отырған.

«Ақ желкен» журналының өткен санындағы «Мұрағат» клубында атап көрсеткеніміздей, Наурыз мейрамын тойлауға нақты бұйрыққа 1920 жылдың 20 наурызында қол қойылған. «Түркістан Советтік Республикасы ЦИК-тің 20 наурыздағы қаулысына сәйкес «22 наурыз жалпыхалықтық көктемнің бастауы – Наурыз мерекесі» болып есептелсін. Бұл күнді мереке деп есептеп, басқарушы органдар да бірігіп атап өтсін. Бұл бұйрықты телеграф арқылы қолданысқа енгізсін» делінген сол кездегі Түркістан Кеңестік Республикасының атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов қол қойған бұйрықта. Рысқұловқа күн мен түннің теңелген шағын Наурыз мерекесі ретінде атап өтуді кім ұсынды? Бұл әзірше жұмбақ. Ғалымдар мықтап зерттейтін тақырып. Біз «Қазақ» газетіндегі жоғарыда аталған «Наурыз» мақаласын сол күйінде, ал М.А.Расулзаденің хатынан аздаған үзіндіні оқырман назарына ұсынбақпыз.

Наурыз

Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәріжас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әртүрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілеген бір күнінде жаңа жыл туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын, жаңа бақыт кәсіп болсын», – деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып, шаттықпен өткізеді.

Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді. Біздің жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп атауға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерістерінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі күнді басы ғылып алсақ ұнамды іс болар еді.

Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен. Біздің Жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады? Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз. 

Наурыз мейрамының жуықтауы

(Расулзаде хатынан үзінді)

Март келеді. Табиғат қыстан шығады. Ызғарлы суық бәсеңдейді. Әуеге бір орташылық, жанға бір кеңдік келеді. Күншығыс халқының сүйкімді жанын майдалығымен сипаған әдемі күндер, жан-жануар, шөптерге жан беретін ауамен сәулелер һәм нұрлар келеді. Мейрам – ұлттың жеке-жеке болған мүшелерін біріктіріп, бір денедей қылып қосатын бір дәнекер. Мейрам болған соң тірі бір ұлт бір адам секілді дайын бір сезімге ие болу керек. Наурыз мейрамы да – мұндай мейрамдардың біреуі. Биылғы мейрамымыз ың-шыңсыз өтсін. Бұ биылғы мейрам сыртқы өтірік алабажақ безектерден құралақан болсын. Немізге жетісіп мейрам қыламыз? Оның орнына, бұ мейрамымыз ішкі шын безекпен әдеміленсін. Сорлы болған бауырларымызға жәрдем қылумен. Шаттық мейрам күндерінде бәлеге душар болған кейіс бейнеткер тап болғандарын ұмытқан бір ұлт, анық білсін, түпкілікті бір мейрам жүзін көруден бос қалар.

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2024

1135 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы