• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Сәуір, 2024

Сабырымен сағындырған Жақсылық

Әлдебір ортада әлдебір адам жөнінде өмірі естімеген, өмірі білмеген әңгімені тыңдағанда ең бірінші айтылатын сөз қандай? «Уай, шіркін, өткен екен-ау небір адамдар!» Жақсылық Мырқаев өмірімен аз-кем танысқанның өзінде-ақ біз де осылай дедік. ендеше, Жақсылық Мырқаев кім еді? төмендегі замандас, пікірлес болған үш тұлғаның естелігі оның тағдыры мен таланты жөнінде әңгімелейді.

Тұрсынбек БАЙМОЛДАЕВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

ӘНІН ТЫҢДАҒАНДА ТАЙПАЛҒАН ЖОРҒАҒА МІНГЕНДЕЙ БОЛАТЫНСЫҢ

Абай айтқандай, әннің де естісі бар, есері бар ғой. Қазіргі көп әнді тыңдасаң, құлақты жыртады. Ал құлақты жыртпайтын, әдемі, сазды ән болса, ол бөлек әңгіме. Жақсылық баяғыдан жеткен мықтылардың сарқыты сияқты елестейтін. Алдымен Дәнеш Рақышевтің, одан кейін Нұрғиса Тілендиевтің жанында жүрді. Қазақ даласының әні үшке бөлінуші еді ғой: Манарбектің орындауындағы – Арқа, Дәнештің орындауындағы – Жетісу, Шығыс өңірі, Ғарифолланың орындауындағы Батыс өңірі әндері. Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосынов бұларды ары қарай дамытты. Осылардың қатарында Жақсылықтың ән орындауы да көпке ұнады. Ол 1993 жылы мектепте мұғалім болып жүрді. «Сен бізге кел. Өнеріңді дамыт» деп облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтына шақырдым. Сөзге келмей, шақыруымды қабыл алды. Содан кейін 14 жылдай бірге жұмыс істедік. Оның әні қандай? Оның әншілік өнері өз алдына бір төбе де, әдістемелік жұмысы бір төбе болды. Музыка пәнінің мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен жұмысты тамаша жолға қоя білді. Институтта 200-250 адам оқитын. Оларды 12 күннен оқытамыз. Әр аптаның аяғына қарай жекелеген курстарға концерттер ұйымдастырды. Сосын соңғы күні мәжіліс залында бүкіл мұғалімге концерт бергізетін. Алғашқыда Жақсылық өзі концерт беріп жүрді. Кейін оған Зарина Қарамолдаева, Ағайша Исағұлова, Сұлушаш Нұрмағамбетовалар қосылды да, әншілердің де диапазоны өсті. 1990-жылдардың соңында, елде ақша жоқ, қиын кезеңде мектептегі тәрбие жұмысын музыка арқылы жүзеге асыру керек дегенді алға тартты. Сөйтіп, оқуға келген мұғалімдердің бәрі керемет ән айтып кететін. Қазір де талай мұғалім осындай әдістемелік жұмыстар жүргізіп жатыр ғой, бірақ оның ешқайсысы Жақсылықтың деңгейіне жете алған жоқ.

Көп әншіні тыңдасаң, даусы үңгірден шыққандай күңгірлеп естіледі. Не жасанды үн шығады, не домбырасының дыбысы қатты шығып кетеді дегендей кемшіліктер бар. Ал Жақсылықтың үні мен домбырасы ғажап үйлесіп, даусының ырғағы жағымды естілетін еді. Жақсылықтың әнін тыңдағанда тайпалған жорғаға мінгендей болатынсың. Ол ән орындауда бұрынғыларды қайталаған жоқ, оны дамытты, жетілдірді. Мысалы, «Балқадиша» әнін басқаша құбылтты. Әннің аяқталар тұсын көтеріп, аспандатып, елдің ду қол шапалағына ұластырып жіберетін. Даусының ырғағы халыққа өзін тыңдатуға мәжбүр етті.

Оның мінезі қандай? Қарапайым, қанағатшыл еді. «Мен елге қызмет істеп жатырмын, одан артық не керек» дейтіндей мінез еді. Ән орындау шеберлігі пісіпжетіліп, нағыз бабына келген шақ еді, үзілді де кетті. Оның талантын дұрыс пайдаланбай қалдық. Пайдалана алмаған себебіміз не? Үлкендерді жағалау дегенді білмейтін кезіміз болса керек. Әйтпесе, Жақсылықтың орындауындағы «Сары бидайды» Заманбек Нұрқаділов керемет жақсы көретін. «Сары бидайды» айтатын бала қайда?» деп арнайы алдыратын. Мысалы, соның артынша-ақ: «Зәке, мен сіздің ауылдың баласы едім», – десе, оны ертесіне-ақ үлкендеу қызметке қонжитып қояр еді ғой. Басқа да мүмкіндіктерін жасап алар еді. Жақсылық олай айтпады. Міне, оның мінезі сондай еді. Оның мінезі – әкеден қалған мінез. Нұрғиса Тілендиевті, Дәнеш Рақышевті еске алуға арналған түрлі кештер, Жамбылға арналған айтыстар, Мұқағалиға арналған жыр кештерін өткізді. Музыкалық кештерді әр жерде жиі ұйымдастырды. Осындай тынымсыз еңбектер атқарып жүргенде көз жазып қалдық.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты, халық өнерін зерттеуші:

ТАСАДА ҚАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ӘНДЕРДІ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРДЫ

Қазақ әншілік өнерінде өзіндік болмысымен ел жадынан өшпейтін тұлғалар болады. «Өзіндік болмыс» деген ұғымға оның түртұлғасы да, мінез-құлқы да, өнер жолы да, өнердегі өзіндік мәнері де, атқарған істері де енеді. Оның түр-тұлғасын мен алғаш рет «Отырар сазы» фольклорлықэтнографиялық оркестрінің кезекті концертіне барғанда сахнадан көрдім. Орта бойлы, мығым да шымыр денелі, қара қасты, қара мұртты, дөңгелек жүзді, екі көзінен ұшқын атойлаған, ақсары өңді, сұлу да сымбатты екен. Жұрт оның келіскен кескін-келбетіне сүйсіне, тамсана қарады. Осы кейпінен еш айнымаған күйі ел жадына берік орнығып қалды.

Ән өнеріндегі өзіндік мәнері де өзгеше. Ол «Аңшының әнін» шырқады. Бұл әнді мен тек Дәнеш Рақышев қана айтады деп ойлаушы едім. Жетісу өңіріне ғана тән әншілік мәнерге салып шырқағанда, залдағылар сілтідей тына қалды да, бар зейінімен тыңдады. Бірден асқақтата әуелетіп барып екпіндетіп, екілендіре бүлкілдетіп, одан әрі сүйсіне, еміне еліктіре жорғалатып алып, қайта шарықтай шығандап кеткенде оның дауысы әуеде қалықтап тұрып қалмай, қайырылып келіп баяулай-баяулай ғарышқа сіңіп бара жатқандай біртебірте басылғанда, есінен тана жаздаған ел сәл үнсіз қалып, есін жиғанда ғана дүркірете қол соқты. Ол орнынан лып ете сергек тұрып, жұртқа иіліп тағзым етті. Жұрт қол соққанын тоқтатпады. Жанында тұрған дирижер Нұрғиса Тілендиевке бұрылып қарап еді, ол басын изеді. Әнші орнына қайта жайғасты да, бұрын көп естімеген жаңа әнді самғата жөнелді. Бұл – Сәдіқожа Мошанұлының «Сары бидайы». Ән иірімі өзгеше. Батыстың әндеріндей бірден екпіндете, шарықтата, құйындата келіп сөздің соңғы буынын созып барып құйқылжып кетпейді. Арқаның әндеріндей кең тыныспен сайын даланы шарлап келіп әуелеп барып бәсеңдемейді, мұнда тым шығандап шырқап та кетпейтін, тым баяулап келіп кібіртіктемейтін, жанға жұмсақ жаймашуақ жайдары сарын бар. Халықтың дәстүрлі әндерінің жаңғырған жаңа тұрпатты әуезі құлаққа жағымды естілді. Бұл әнді әйгілі Дәнеш Рақышевтің аузынан тыңдағанмын. Кейін Тоқтасын Әбілезов деген әншінің орындауында да естігенмін. Әнді ел арасынан аршып алып, айналымға алғаш қосқан Құныпия Алпысбаевтың шырқауында да сүйсіне қабылдағанмын. Бірақ оның бәрі үлкен сахнадан тыс жерлерде болатын.

Бұрын республикалық деңгейдегі ірі-ірі концерттік репертуарларға енгізілмей келген бұл ән алғаш үлкен концерт сахнасынан ерекше құлпыра естілді. Оның басты себебі – әншінің айтуында, шырқатуында, әрине. Иә, шындығында, Жақсылықтың шырқауында ұзақ жыл көрмеген ең жақыныңды сағынған сезімге бөлейтін сазды әуезді «Сары бидай» әнін жұрт еміне, елти тыңдады да, ерекше ықыласпен дүрілдете қол соқты. Халықтың қол соққанына қарап-ақ әннің қалай қабылданғанын білуге болады. Көрерменнің дуылдата қол соғуы тек әннің тартымдылығынан емес, әншінің тартымды етіп айтуынан, кемеліне келтіре шырқауынан, әлбетте.

Жақсылық, әсіресе, Жетісу өңіріне тән әндерді кемеліне келтіре өзіндік мәнерімен айтатын сырбаз да талғампаз әнші еді. Оның ән өнеріндегі өзіне ғана тән тындырған іс-әрекеті – бұрын айтылмай жүрген, тасада қалып бара жатқан әндерді жарыққа шығару болатын. Ол осы ұстанымы арқылы да өзгеден ерек тұлға ретінде тарихта қалды. Оның мінезі де ешкімге ұқсамайтын. Аспайтын, саспайтын, қоңыртөбел біртоға сырбаз мінезі өзіне жарасып-ақ тұратын. Сырт көз бір қарағанда тәкаппар, менмен, өзімшіл деп ойлайды. Шындығында, ол жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, кішіпейіл, қарапайым да қағілез, адамгершілігі биік, көпшіл жан болатын. Кеудемсоқтықпен алға ұмтылып, өзгеден бұрын суырылып елдің алдына шығып өзін-өзі көрсетуге қарсы жан дүниесіндегі биік парасатымен өмір кешті. Сондықтан да оны былайғы жұрт біле бермеді. Өзін-өзі насихаттамаған, өзін-өзі жарнамаламаған, «мен сондаймын» деп ешкімге айтпаған, айтуға арланған намысы биік, ұжданы зор, ұяты асқақ азамат ретінде халық жадында қалды. Егер қазақ халқының Жетісу өңіріндегі әншілік дәстүрі өшпей, қайта тірілсе, оның қайта жандануына, республикалық ауқымда насихатталуына ерекше еңбек сіңірген екі адам болса, соның бірі – Жақсылық Мырқаев. Оны осы ерлікке парапар еңбегі үшін де халық ұмытпайды, сағына еске алады.

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ, ақын, педагог:

АУЗЫН АШСА ӘН САУЛАҒАН ҰРТЫНАН

Әміре Қашаубаев атындағы бірінші республикалық әншілер байқауының жүлдегері, танымал әнші, Қазақстан республикасы білім беру ісі мен Мәдениет ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Жақсылық Мырқаев туралы жазбамды «ақ желкеннің» жас оқырмандарына ұсынамын.

1. «Алматыдан сөйлеп тұрмыз»

Жұдырықтай жүрдек баланың үкідей ұшып келе жатып, «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деп күні кешеге дейін саңқылдап тұратын төбесіне жапсырған ақ қалайы радио қондырғысы бар, құшағы жетпес жуан да биік бағананың қасында тоқтап қалатын сәттері жиі қайталанушы еді. Көңілінде мектептегі сабағына кешікпей жетуден басқа ешбір ойы жоқ, небәрі бесінші сыныпта ғана оқитын бидай өңді, бүйрек бет Жақсылық осы бір бағананың жанынан өте беріп, жіпсіз байланып қала беретін. Баланы сонша сиқырлап, екпінді жүрісін тежей түсіп, екі аяғын бірдей тұсап тастағандай тылсым күш – әннің құдіреті еді. Әсіресе, қазақтың теңдессіз әншісі Дәнеш Рақышевтің орындауындағы «Аңшының әнінің» жөні бөлек болатын. Бұрын да біреу ән айта қалса кірпік қағып, қимылдамастан тыңдай беруге жалықпайтын әнге құмар Жақсылықтың әкесі Мырқайдар өмір бойы өкіметтің малын баққан қарапайым да қағілез, өнерге жақын еңбек адамы болса, өз аузынан шыққан өлеңі мен өнеріне тыңдаушысын тырп еткізбей ұйыта алатындай қабілеті бар Қанымжан анасы да әжептәуір әнші болатын.

2. Жақсылықтың «Бұлбұл бала» атануы

Белгілі жазушы Бұқара Тышқанбаев 1969 жылы қазақтың жыр сүлейі атанған сыршыл ақыны Сырбай Мәуленовті ерте келіп, Кетпен ауылында қонақта болады. Сол кезде небәрі 6-сыныпта ғана оқитын Жақсылық ауыл сахнасында жиналған жұрттың көңілінен шығып, ерекше өнер көрсетеді. Қарақұрым халықтың алдында қаршадай бала Кенен атасының «Қайран жастық», атақты Мәдидің «Қарқаралы», Шашубайдың «Ақ қайың» әндерін қатар орындайды. Ән аяқталып бола салысымен төбе құйқаңды шымырлатқан ащы да ашық дауыстың шырмауынан шыға алмай, шыңырауға құлап кетердей әсерде отырған көпшілік ішінен кенет Сырбай ағамыз өзінің мол денесімен отырған орнынан ырғала қозғалып, сахна төріндегі Жақсылыққа қарай жақындап бара жатады. Қуаныштан көзіне жас үйірілген Сырағаң халыққа қарап: «Бұқара, мына бала бұлбұл ғой, бұлбұл ғой» – деп маңдайынан сүйіп сәл тұрады да:

– Бұлбұл бала, әніңе мақтанамын,

Мақтанамын, шын күліп шаттанамын.

Ақыл-жастан шығады, асылтастан,

Өрлей берсін, құлыным, бақталабың! – деп табан астында суырып салған төрт жол өлеңімен өзінің ақ батасын беріп аттанған екен. Ақынның аузы дуалы емес пе? Сол күннен бастап жұдырықтай Жақсылықты бүкіл ауыл жұртшылығы «Бұлбұл бала» атап кетеді. Міне, содан бері қанша жыл, қанша уақыт өтсе де Сырбай ақынның сол бейнесі елге танымал дүлдүл әнші атанған Жақсылықтың көз алдынан жалған дүниеден озғанша кеткен емес.

3. Ұстаздықтың уызына жарыған өнерпаз

Адам баласына жақсылық атаулының жартысына жуығы жақсы ұстазынан дариды десек, өнерді жанына жастайынан серік еткен Жақсылық әншінің ұстаздан да, ұстаздықтан да бағы жанған өнерпаз деп айтуға толық негіз бар. Бала күнінен ауыл сахнасында ән салуға машықтандырған өзінің өнерлі ұстазы Молдасын Шәпиевтің (Мотан ағасы) шапағатын көп көрген Жақсылық бозбала күнінде Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы әншілер дайындайтын эстрадалық студияға оқуға түсіп, әнші Қайрат Байбосыновтың класын бітіріп шығады. Одан кейін Жетісудың жезтаңдайы атанған Дәнеш ағасын іздеп тауып, ол кісіден көптеген халық әндері мен халық сазгерлерінің – Әсеттің әндерін естіп, Дәнештің әндерін өз аузынан үйренеді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде білімін жалғастырған Жақсылық Рымғали Нұрғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Қадыр Мырза-Әлі, Алма Қыраубаева сияқты әдебиет алыптарының алдын көріп, дәрістерін тыңдайды.

Осы жылдары университеттегі оқуын сылтауратып Алматыға жиі барғысы келетінін, сол кездері Алматы медицина институтында оқып жатқан Арқалықтың аруы, бүгінгі жары Кәмила сұлуды жиі көргісі келетінін, сөйтіп, келіп-кетіп қана емес, Алматыға түпкілікті қалғысы келетінін Дәнеш ағасы іштей сезіп-біліп жүретін. Алматыға келген бір сапарында, 1982 жылы жаңадан құрылып жатқан «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестріне жан-жақтан өнерлі жастарды жинап жатқан Нұрғиса ағамызға жолығып, Жақсылықтың жағдайын сырттай таныстырып кетеді. Нұрғиса ағамыз «келсін, тыңдап көрейік» дегенді айтады. Бірде Жақсылыққа Дәнеш ағасы:

– Сен Алматыға оқуға барарыңда маған жолық. Менің Нұрғиса ағаға беретін сәлемдемем бар еді, соны өзіне табыс етерсің, – дейді.

Алматыға келген күннің ертеңінде Жақсылық Нұрғиса ағаны іздеп барып, филармониядағы кабинетінен тауып, хатты табыс етіп, өзінің Дәнеш ағадан келгенін айтады. «Немене, әншімісің, отыр, тыңдап көрейін, – деді де, хатты оқып шығып: – Әуелі Дәнеш ағаң сені маған көрімдікке беріп жіберіпті ғой, – деп мырс етіп күле сөйледі. Сосын: – Ал, баста, – деді. Алғашқы орындағаным – халық әні «Угәйдай». Содан кейін Дәнеш ағаның «Саясында алманың» әні еді. Үшінші орындаған әнім «Домбырадосым» деген Нұрғиса ағаның өзінің әні болатын», – дейді Жақсылық.

Ән аяқталып болысымен: – Дәнеш деген – қазақтың біртуар әншісі ғой, – деп көзіне іркіп жас алады Нұрғиса. Сосын: – Күнім, оркестрге сені әнші қылып қабылдаймын, – деп атыжөнін жазып алады. Бұл 1983 жылдың 31 қаңтары еді. Содан кейін әнші Жақсылық Мырқаев қазақ халқының біртуар ұлы, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің ұстаздық қамқорлығына бөленіп, әйгілі «Отырар сазының» жеке әншісі болып жеті жылдай қызмет атқарады.

Жақсылық – жастайынан аузы дуалы деген өнер тарландарының назарын өзіне ерте аудартқан ерекше дарын иесі. Бұл туралы өзінің кешегі алдын көрген ұстаз ағасы, қазақ ән өнері аспанында айшықты қолтаңбасын қалдырған жазушы-әнші Жәнібек Кәрменовтің «Әнінің қазақ жетпес бұрмасына» деген естелік-эссесіндегі мына бір жолдарға көз жүгіртсек, көп нәрсені аңғарғандай боламыз. «Халық композиторы Әсет Найманбаев әндерін нәшіне келтіре орындаған жас әнші Жақсылық Мырқаев ерекше көзге түсті. Жақсылық Дәнеш Рақышевтің орындаушылық мәнерін сақтауға тырысады. Бірақ ұстазына жалаң еліктемей, әр шығарманы өзінше бедерлейді. Биязы, майда үнінде жан сұлулығының кестесі бар. Әншінің сахнадағы жүрістұрысы, байыпты мінезі де жақсы әсер қалдырады».

Міне, кезінде Жәнібек ұстазы Жақсылыққа: – Сен Манарбек пен Дәнештің екеуінің арасынан ешкімге ұқсамайтын өз жолыңды табуға тиіссің, – деп жиі айтып отыратын өсиеті мен талабының орындалғанын ағасының ағынан жарыла айтқан осы бір пікірлері арқылы да толық көз жеткізуге болады. Нағыз бақытты әнші – ұстазға жалаң еліктемей өз жолын тапқан әнші. Осыдан тура он сегіз жыл бұрын Қазақстан Жазушылар Одағының үлкен мәжіліс залында ердің жасы елуге толған әнші досым Жақсылық Мырқаевтың мерейтойында «Ән – өмірімнің қанаты» атты ән-жыр кешінің тізгінін қолыма алып, өзіне арнаған «Әнші дос» деген өлеңімді оқыған едім. Жақсылық досымның сол кештегі шабыттың шаңқан бозына мініп, шамырқана шаттанып ерекше қуанған сәті дәл бүгінгідей көз алдымда.

Дайындаған Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024

888 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы