• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Сәуір, 2024

«Елім-ай» – еркін даланың әтірі

Жақында Қазақстан республикасы оқу-ағарту министрлігінің әлеуметтік желідегі парағынан ерекше әтір ойлап тапқан оқушы туралы жаңалықты көзіміз шалып қалды. Ақмола облысы ақкөл ауданындағы Кеңес ауылының 5-сынып оқушысы альбина айдарханова ұстазымен бірге қазақ даласының хош иісі сақталған әтір шығарыпты. Мұндай жаңалықты ести сала дереу альбинаның өзіне хабарластық. Оның айтуынша, мұндай ерекше әтір жасауға оны сұлтан бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөз шабыттандырған. Жас өнертапқыш «ақ желкеннің» оқырмандарына хош иісті әтірі туралы аз-кем айтып берді.

– Мұндай ой былтыр анама сыйл жапырақшаларынан иіссу жасадым. Зерттей келе әтірлердің негізгі ноталары хош иісті гүлдер мен жемісжидектерден тұратынын түсіндім. Осылайша тағы екі әтір жасап көрдім. Енді өз әтіріме де гүлдер мен жеміс-жидекті қоссам, оның өзгелерден айырмашылығы болмай қалатынын ескердім. Содан ізденіс барысында, яғни әтірдің негізгі нотасы ретінде қандай өсімдік қолдансам екен деген сұраққа бас қатырдым. Сұлтан Бейбарыстың жусанға қатысты сөзі шабыт берді. Себебі, «жусанда туған жердің иісі бар». Сол сәтте «неге тап осы жусанды қолданбасқа!» деген идея туындады, – дейді Альбина.

Оқушының жетекшісі Жұпар Жанболатқызының айтуынша, Альбина үй жағдайында әтір жасау тәсілдерін зерттеген. Сосын оны тәжірибеде қолдану барысында жусанның сан түрін анықтаған. Ұстаз бен оқушы не үшін дәл осы жусанға тоқтағанын жетекші былай түсіндірді:

– Біз табиғи ингредиенттерді пайдаландық. Иіссу құрамындағы негізгі өнім – туған өлкенің жұпарына айналған қарапайым жусан өсімдігі. Әтірдің негізгі нотасы ретінде гүлдер қолданылып келсе, біз оның орнына қарапайым жусанды таңдадық. Себебі, оның тұнбасы тәбетті жақсартады, асқазан-ішек жолдарының қызметін нығайтады, жүйке жүйесін тыныштандырады, түрлі шаншу мен құрысуларды, ауырсынуды басады, тіпті тыныш ұйқыға септігін тигізеді, – дейді жоба жетекшісі.

Әтір болғаннан кейін міндетті түрде оның ерекшелігі болуы керек. Альбинадан әтірдің құрамы туралы және басқа әтірлерден қалай ажыратуға болатынын сұрадық.

– Дайын болған әтір туралы көпшіліктің пікірін білу мақсатында мектепте сауалнама жүргіздім. Сол уақытта көпшілігі ер азаматтарға тән екенін айтты. Сондай-ақ оқушылар қандай заттар қосылғанын ұзақ болжап айта алмады. Соңында бәрі құрамында жусан барына таңғалды. Сырттай басқа әтірлермен салыстыратын болсақ, оны тек түсі арқылы ажыратуға болады. Себебі, түсі нақты қоңыр да емес, не қою жасыл да емес. Құрамында кептірілген шөптер, медициналық спирт және эфир майлары бар, – дейді жас ғалым.

Бізді елең еткені – иіссудың атауы. Ерекше әтір «Елім-ай» деп аталады екен. Жас өнертапқыштың айтуынша, әтірдің атауы еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілікке байланысты.

– Әтірді иіскеген сәтте туған жерге деген сағыныш эмоциясын дәл осы сөзбен жеткізуге болатын сияқты көрінді. Жусанның иісі ауылдың таза ауасын, кешкі мал түгендеу кезі мен футбол ойнаған кезді, балалық шақты еске түсіретін сияқты. Әсіресе ауылдан көшіп кеткен үлкен кісілер үшін таптырмас ностальгия болады, – дейді Альбина Айдарханова.

Бесінші сынып оқушысы жақында өткен ғылыми жобалар байқауында осы жұмысын қорғап, «Химия, биология» секциясында жүлделі ІІІ орын иеленіпті. Ол алдағы уақытта ғылыммен айналысқысы келеді екен. Жетекшісі Ж.Жанболатқызының айтуынша, Альбина – ізденімпаз, сыпайы, сыныптастарының арасында абыройлы оқушы.

– Мұның бәрі Альбинаның өздігінен ізденіп, иіссулар мен әтір жасап жүрген қызығушылығынан басталды. «ХХІ ғасырда көп адам әтір қолданатыны сөзсіз. Әлем бойынша тауар айналымында, тіпті еліміздің дүкен сөрелерінің өзінде хош иіссу өте көп. Енді оны жоба ретінде сайысқа ұсыну үшін бір ерекшелігі мен өзектілігін табу әрі үй жағдайында жасау басты мақсаттың бірі болды. Дегенмен Альбина өзінің ізденімпаздық қасиетінің арқасында осындай жетістікке жетті деп санаймын, – дейді ол.

Қазақ халқы үшін жусан – қасиетті өсімдік. Жусаннан неше түрлі дәрілер жасалады. Жусанның құрамында гликозидтер, фабонидтер, органикалық қышқылдар, микроэлементтер мен витаминдер бар. Әлденені ойлап, көңіліңіз түскен кезде жусанды иіскесеңіз, жаныңыз жай табады. Ұйқысыздық дерті меңдесе, жусанды жастығыңыздың астына қойсаңыз, тез көзіңіз ілінеді. Халық жусанның ащы дәміне байланысты бұл өсімдік қайғы-қасіреттің барлық ащы-тұщысын өз бойына жинаған, сондықтан оның адамды аурудан сауықтыратын және жанды жай таптыратын екі қасиеті бар деп ұққан екен. Олай болса, Альбинаның да жусаннан әтір жасауы тегін емес деуге болады. Себебі, жусанның емдік, басқа да қасиеттерінен бөлек, онда туған жердің, даланың иісі бар. Егер «Елім-ай» алдағы уақытта өнім ретінде шетелге шығып жатса, шетте жүрген талай қазақтың елге деген сағынышын үдетері сөзсіз. Жас ғалымның болашағы жарқын болуын тілейміз.

Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024

221 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы