• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 10 Қазан, 2017

Сиқыршының үш қағидасы

Жасы жиырмаға да толмаған Нұрмұқан Нығметтің бір басына тоғысқан өнері жетерлік. «Әу» дегеннің бәрі әнші, жыбырлағанның бәрі биші болған заманда оның өнері ерекшелеу көрінді. Ол сиқыр, иллюзия өнерін меңгерген. Сиқыр өнері қанша ғасыр өмір сүрсе, ол сонша ғасыр бойы адамдарды таңғалдырумен, тамсандырумен келеді. Сиқырдың сырын білу, оның жұмбақ тұстарына бойлау қарапайым халық үшін әрі қызық, әрі құпиясы ашылмайтын тылсым дүниедей әсер береді. Атырау қаласында тұратын сиқыршы кейіпкеріміз бізге өзі жайлы айтып берді. – 1999 жылдың 11 ақпанында дүниеге келдім. Шоқан Уәлиханов атындағы мектепті аяқтап, Каспий заманауи колледжінде төртінші курста оқып жатырмын. Балалық шағымда тылсым дүниелерге қызықтым. «Осы өнерді тастамай алып жүрем» деп он бес жасымда ойладым. Теледидардан сиқыршылардың өнерін тамашалаудан жалықпадым. Алуан түрлі қимылдарға қарап, қайталағым келетін. Үш жыл бұрын америкалық «Арбау иллюзиясы» фильмін көрдім. Сол фильм мені сиқыр әлеміне алып келді. Алғашқы сиқырымды үйренуге үш ай уақыт дайындалдым. Оны отбасыма ғана көрсеттім. Үйде бауырларымды таңғалдырудан шаршамайтынмын. – Сиқыршы үш қағиданы басты назарда ұстау керек. Алдымен сиқырдың құпиясын ешкімге айтпайсыз. Екіншісі – көрсеткен фокусыңызды қайталап көрерменнің алдына алып шықпайсыз, үшіншісі – бір сиқырды толық меңгермей тұрып, басқаларын бастап кетпейсіз. Мен осы үш ережемен жұмыс жасаймын. Сиқыр өнерін үйренуге туабітті таланттың қажеті бар ма, жоқ па, білмеймін. Меніңше, он саусағың, зеректігің, ықыласың мен ниетің болса болғаны, оның қыр-сырын, тәсілдерін үйреніп алуға болады. Қазір ғаламторда сиқырдың сан-алуан құпиясын үйрететін видеожазбалар бар. Менің ерекшелігім, аң-құстармен көбірек жұмыс жасап, сахнаға алып шығамын. Олармен өнер көрсету оңай емес. Тек тәжірибе керек. Достарым: «Сен сиқыр жасайсың, демек, өмірде де бізді алдап кете аласың», – дейді. Бірақ, мен бұл өнерімді жеке мақсаттарыма қолданбаймын. «Сен карталарды алмастыра аласың. Бізбен бірге карта ойнауға жүр. Бізге ұтуға көмектесесің де, ақшаны теңдей бөліп аламыз», – дегендер де болды. Бірақ мен бармадым. Біріншіден, карта ойынына қызықпаймын, екіншіден, жеңіл жолмен оңай табысқа жеткім келмейді. – Сиқыршы екенімді бәрі біледі. Белсенді студенттердің қатарынанмын. Ұйымдастырылатын іс-шаралардың барлығына қатысамын. Гитарада ойнай аламын. Ән жазамын. Атырау қаласында ұйымдастыратын барлық кештерге қатысамын. Үнемі екі нөмір дайындаймын. Ән айтамын, сосын сиқыр көрсетемін. Ұстаздарым біліміме қарай бағамды қойып береді. Сабақ үлгерімім – орташа, – дейді Нұрмұқан. «Қазаққа белгілі сиқыршылардан кімдерді танисың?» деген сұрағымызға сәл кідіріп: «Мұрат Мұтырғановты ғана танимын», – деді. Қазақтан сиқыршылар көп шыққан. Үлкендері өмірден озып кетсе, көзі тірілерден Ғабдылкамал Қонқараев бар. Қазақтан шыққан тұңғыш әйел иллюзионист – сиқыршы Алтынай Байтоқанова жарқ етіп сөнген жұлдыз. Нұрмұқанға осы кісілерді түсіндіре келіп, «бір білсе осы кісі білер» деген оймен Ғабдылкамал ағаның сұхбаттарын іздедім. Бізге есімі мәлім де беймәлім сиқыршыларды тізіп беріпті: «Қазақтың сиқыр өнері кезінде жақсы дамығанын білеміз. Мысалы, 1969 жылғы «Құлагер» деген фильмде сиқыр өнерін көрсеткен Базарбаев деген өте дарынды сиқыршы болды. Мені ол кісімен ақын, композитор Талап Қараш таныстырды. Үйіне барып, кездестік, әңгімелестік. Сөз жоқ, талантты адам. 1974 жылдары Сұлтанғали Шүкіров пен Сара Қабиғожина деген сиқыршылар шықты. Олар да халыққа кеңінен танымал болды. Сиқыршылардың халықаралық фестивальдерінде қатарынан 5 жыл бас бәйгені бермей келді. Елге алтын жүлделермен оралып жүрді. 1980-85 жылдары Балтабек пен Раиса Жұмағұловтардың есімі белгілі болды. Күні кеше дүниеден өткен Алтынай Байтоқанова деген өте талантты сиқыршы қызымыздың өнері қандай еді...» деген екен «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында. Ағаларымыздың сұхбаттарының сілтемесін «тани жүрсін» деген ниетпен жас сиқыршымызға жібердік. Қызық оқиғасы Есімнен кетпейтін қызық оқиғамды айтып берейін. Өткенде бір аға хабарласып, туған күніне фокус жасап беруімді сұрады. Барлығына келісіп, айтқан мекен-жайына баратын болдым. Керек құралдарымды алып, жолға шықтым. Қасымда әкем бар. Ағаның айтқан мейрамханасын екі сағат іздеп таппадық. Содан ағаға хабарласып, Атырауда айтқан мейрамхананың жоқ екенін айтып жатсам: «Мен Алматыда мын ғой, Атыраудан неге іздеп жүрсің?» – деді. Естіп алып, қатты күлдік. Солай туған күнге қаладан шатасып, бара алмай қалғаным бар. Таныстарым сол оқиғаны әлі айтады. Нұрмұқан болашақта Алматыға келіп, өнер саласы бойынша білім алғысы келеді. «Сиқырымды тастамаймын, болашақта танымал сиқыршы болғым келеді», – дейді ағынан жарылып. Біз де сәттілік тіледік!

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №9 Қыркүйек, 2017

 

997 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы