• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 27 Ақпан, 2024

Күлдіретін театрлар бүлдіріп жүр

«Тамаша» басталып жатыр!»

Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын ауыл-ауылдарда сенбі-жексенбі күндері осындай әңгімелер айтылып жататын. «Тамаша» дегені – теледидардан берілетін әзіл-сықақ театрларының концерті. Мейлі, ол «Тамаша» театрының концерті болсын, мейлі, «Бауыржан шоудың» концерті болсын, мейлі, «Шаншардікі» болсын – бәрі бірдей «Тамаша» делінетін. Оның себебі де жоқ емес. Кейінгі әзіл-сықақ театрларының бастауында «Тамаша» тұр. «Тамашадан» «балалаған» театрлар бүгінде біршама есейді. Қазір әзіл жанрының форматы неше түрге ауысса да, бұл театрлар жыл сайын жеке концертін беріп жүр. Демек, көрермені жоғалған жоқ. Ал олардың сапасы қандай? Әлгінде айтқан жаңа форматтарға қаншалықты бәсекелесе алып жүр? Сол жөнінде ой қозғап көрелік...

«Тамашадан» кейін құрылған біршама театр қазір жұмысын тоқтатты. «Бауыржан шоу», «Күлкі керуені», «Мафия мен Тақия», «Аққу мен Гәкку», «Нысана», «Қалаймақан» секілді театрлар қазір жоқ. Олардың әзілдері де 30 жастан жоғарылардың ғана есінде қалған шығар. Қазір жыл сайын көрерменімен қауышып жүрген театрлар санаулы-ақ. Олар – «Шаншар», «Шымкент шоу», «Алдараспан», «Әзіл әлемі», «Өнер қырандары» және «Назар аудар». Өңірлердің ішінде елге белгілі «Екі Езу» театры бар. Алайда «Екі Езу» соңғы кездері Алматы мен Астанаға келуді сиретті. Сонымен былтырғы концерттерді шетінен көріп шығалық...

«Шаншар» шаршапты»

«Шаншар» театры өткен жылдың соңында жаңа концертін берді. Мойындау керек, баяғы «Шаншардың» қарқыны сезілмейді. Залдағы көрерменнің аздығы көрініп тұр. Биылғы қойылымдардың бәрін саяси оқиғаларға негіздеген. Тақырыптың салмағы ауыр болғанымен, әзілдердің сапасы жеңіл. Сахнаға екі «сиырдың» шыққанынан-ақ оқиғаның қалай өрбитінін ұғып отырғандайсың. Бәлкім, тосын оқиғалармен көркемдеп жібергенде, соңында риясыз қол соғуға болар ма еді?.. Алайда қойылымдардың сәтсіз шыққанын көрермендер де түрлі платформаларда жазып жатыр. 

«Астар жатыр, түсініп отырмыз. Бірақ жаңа актерлеріңіз нашар ойнады» деп жазыпты бір көрермен. Рас, театр құрамы жаңарған. Дегенмен көпшілік жазып жатқандай, «бұрынғы «Шаншардағы» Нұржан Төлендиев секілді жарқырай алмай тұр». «Шаншар» зейнетке шығайын деп жүр, ізін жалғастыратын мықты жастар керек. Әлде «Тамаша» сияқты жабылар ма екен? «Бауыржан шоу» мен «Нысана» уақытында жабылды. «Тамаша» ұзақ жүріп, қызық емес болып жабылды. Әр нәрсе уақытымен қызықты. Кейбір нәрсенің шарықтау кезеңі мен құлдырау кезеңі болады» деп жазыпты көрерменнің бірі. Пікірлердің көбі «Шаншар» шаршапты» дегенге саяды. Яғни осындай пікірлермен санаса отырып, «Шаншар» өзін қамшыламаса, көрерменін жоғалтып алуы әбден мүмкін. Жаңа әртістердің де тығырықтан алып шыға алмасы көрінді. Яғни көрерменге қажет шымыр материал да, мықты орындаушы да жетпей тұрғаны түсінікті.

Бір үміт, бір күмән

«Әзіл әлемі» театрының ерекшелігі – монолог. Ешқандай қойылым жоқ. Театр өткен жылды жетекшісі Тұрсынбек Қабатовтың жекелей шығармашылық концертімен түйіндеді. Қабатовтың монологтарының бұрынғы мәтіндерінен айырмашылығы аз. Яғни дені – тұрмыстық тақырыптағы әзілдер.

Есесіне театр әртістерінің кейбірінде ілгерілеу байқалады. Мәселен, көрермен Қанат Әлжаппаровтың сахнаға шыққанын күтіп отырады. Қанат та көрерменге керекті әзілді ұсына алып жүр. Оның концерт сайын дамып келетінін көрермендер де пікір алаңына жазып жүр. Пародист Аманғали Сыпабеков сапалы әзіл алып шығуға тырысады. Ауыл көріністерін көрерменнің көз алдына әкеп беретін Аманғалидың жанкүйері аз емес. Аманғалидың тақырып аясы кең. Концерт сайын әртістерден жаңа дүние, ерекше тәсіл күтетін көрерменнің көңілінен шығу оңай емес.

«Алдараспан» театры көрерменді сағындырып, зарықтырып барып концерт береді. Жылына бір рет концерт берсе де көрерменнің ұзақ күтіп қалатыны – қойылымның аздығынан болса керек. Қойылым арасында орындалатын ән көп. Оған көрермен де көп сын жазады. Алайда театр көрерменмен санасатын емес. «Шаншардан» бөлініп, бастауын сәтті бастаған бұл театр да қазір шығармашылық дағдарыста. Әр қойылым сайын ерекше образымен есте қалатын Нұржан Төлендиевтің бүгінгі кейіпкерлері – солғын, бір қайнауы ішінде. Әлеуметтік тақырыптарды жиі көтереді, алайда көрермен ұзақ қол соғатындай емес. «Әзіл әлемі» мен «Алдараспанның» бүгінгі концерттері болашағының бір үміт, бір күмән боп тұрғаны байқатады.

«Өнер қырандары» алда келеді

«Өнер қырандары» театрының желіге жүктелген әзірге соңғы концерті – «Берекелі мереке» концерті. Бұл – театрдың Рамазан айы басталар кезде беретін дәстүрі. Театр туралы көрерменнің берген бағасынан асырып айта алмаспыз. Қай қойылым болса да, оған жазылатын пікір біреу-ақ: «күлдіріп тұрып жылатады, жылатып тұрып күлдіреді». Биыл театрдың құрылғанына 15 жыл болыпты. Театр алғашында пародия жанрына көп орын берді. Өздерінің айтуынша, «елде пародия жасайтын адам қалмаған соң», қазіргі бағытқа ауысқан. Соның кейінгі он жылы «ойлы» қойылымдарға құрылса, он жыл бойы бір бағытпен жүріп, көрерменді жалықтырып алмау да – айтарлықтай ерлік. 

Театр көрерменді жалықтырмайтын тәсілін тапқандай. Ол тәсіл – шымыр драматургия, тосын шешім. Басқа театрға ұқсамайтын ерекшелігі де осы. Көрерменді күтпеген оқиғалармен тамсандырады. Фантазиясы кең. Күліп те аласың, ойланып та қаласың. Автордың еңбегінен бөлек, театр әртістерінің де талантын айрықша атау қажет. Фронтмендер Мадияр Серікбаев пен Жанболат Найзабеков сахнада сенімді ойнайды. Театрдың басқа мүшелері де олардан кем емес. Рөлдері сендіреді, образды сезіне алады. Дегенмен көпшілік баяғы «Өнер қырандарын» да көргісі келеді. Оны пікірлерден аңғардық. Бәлкім, жаңа жұлдыздарға пародия көргісі келетін шығар. Бұл театр  өте еңбекқор. Бір жылда 2-3 концерт береді. Оның үстіне 2 күн қатарынан концерт 2 сеанстан өтеді. Демек, көрерменін жалықтырмай, концерттен-концертке жетелеп келе жатқан мықты ұжым деп бағалауға болады.

Ортақ кемшілік неде?

Әзіл-сықақ театрларының көрермені қазақ қана емес. Қазақ тілін түсінетін көрші мемлекеттер де жиі тамашалайтынын пікірлерден байқауға болады. Олардың қарасы көп. Негізінен қарақалпақ пен қырғыз ағайын жіті қадағалап отырады екен. Демек, әзіл-оспақ театрлары осы жағын ескеріп, оларға да керекті әңгімені ұсынуы керек шығар деген ойға қалдық. 

Қойылымдарға назар аударып отырып, барлық театрға ортақ кемшілікті тапқандаймыз. Ол – автордың жетіспеушілігі. Қойылымның бәрін негізінен театр әртістері жазады екен. Оны титрдан байқадық. Жақсы әртістің бәрі бірдей жақсы автор болуы мүмкін емес. Қазіргі қазақ жазушыларының ішінде сатира жазатын қаламгерлер жоқ емес. Театрлар сол мүмкіндікті неге пайдаланбасқа деген сұрақ туындайды. Мәселен, кезіндегі «Тамаша» әзіл-сықақ театрының қойылымдарын сықақшылар жазды. Театр Сейіт Кенжеахметов, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы секілді авторлардың шығармаларын сахнаға алып шықты. Одан бөлек редакторлар мен режиссерлер жұмыс істеді. Сахна тілін сүзгіден өткізіп тұрды. Қазіргі театрларда сахна тілі тұрмақ, қойылымдары да тоқырауға ұшырап жүр. Театрларға осындай шығармашылық ұжым жетіспейтіні көрініп-ақ тұр. Көрермен жоғалған жоқ. Залда кәрінің де, жастың да қарасы көп. Олар да жаңа концертке бір үмітпен келетіндей. Сол үмітті сөндіріп алмау керегін әзіл-сықақ театрлары түсінетін уақыт жетті деген ойдамыз.

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2024

2564 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы