• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 12 Қазан, 2017

Дебат бізге не үйретеді?

Өз ойын ашық айта алмайтын, сабақ айтқанда ұялшақтап, оқыған дүниесін ұмытып қала беретін жасөспірімдер бар. Сондай балаларға жол көрсеткіш болсын деп, дебат өнерінің қыр-сырын меңгерген, «Экономика және құқық» факультетінің ІІ курс студенті, пікірсайысшы Отарбай Әлиасқармен сұхбаттастық. Ол – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанынан құрылған «Заман біздікі» дебат клубының президенті. – Пікірсайыс деген сіз үшін не? – Пікірсайыс – ойын-сауыққа жақын интеллектуалды ойын. Жастардың жан-жақты дамуы үшін пікірсайыс өте қажет. Ойын жүйелі, қысқа да нақты жеткізуге үйренеді. Өмірге, қоршаған ортаға сын көзбен қарап, оның дамуына үлес қосуға итермелейтін күш. Сондықтан қазір пікірсайысқа жастардың оң көзқарасы қалыптасқан. Біздің «Заман біздікі» дебат клубына келіп жатқан жастар саны күннен-күнге артып келеді. – Пікірсайысшы қандай болуы керек? Әдетте пікірсайыс клубына келген жастардың жартысы бір сәтсіздіктен кейін келмей қалып жатады емес пе? – Пікірсайысшы кез келген тақырыпты еркін игеріп, өзінің ой-пікірін шешендік қабілеті арқылы көпшілікке жеткізе алатын адам. Біздің клубымызда жүз түрлі тақырыпқа пікірсайыс өткізген ойыншылар бар. Олар әрқашан ізденіп жүруі керек. Жапондар өзгелердің қателігінен сабақ алса, біз өз қателігімізден ғана сабақ алатын халықпыз. Сондықтан алғашында сүрініп жатса, оған жетістікке жетелейтін алғашқы баспалдақ ретінде қарау керек. Алдымен бастаған ісіңді тастамау керек. Бұл пікірсайысшыға ғана керек қағида емес, өмірдің сынақтарында жеңімпаз болып, тік тұрудың алтын ережесі. – Пікірсайысшы оптимист болу керек пе? – Адамдар оптимистерді мақтап, пессимистерді жамандап жатады. Бізге бұл екі қасиет те қажет. Мысалы, оптимистер ұшақты жасаса, пессимистер парашют жасады. Оптимистер пайдасын, артықшылығын айтады, пессимистер кемшілігін табады. Пессимистер проблеманы табушы, ал оптимистер оны шешуші. Оптимист бірінші «алақайлап» айғайлайтын адам емес. «Қап, әттеген-айды» соңынан айтатын адам. Оптимист ақшасы жоқ бола тұра іс бастап, табысқа жететін, ал пессимист ақшасы бола тұра банкротқа ұшырайтынын ойлап, кештеу қимылдайтын адам. Пессимист – біраз нәрседен хабардар оптимист деген сөз. Біздің бойымызда осы екеуі де болғаны жақсы. Тек бір-бірін толықтырып тұрса ұтылмаймыз. – Оптимист болу туабітті қасиет пе, әлде кітап оқу арқылы, ізденістің арқасында пайда бола ма? Пікірсайысшы көп оқуы керек дедіңіз. Қандай кітаптарды міндетті түрде оқу керек? – 500 кітап оқыған адам мен 5 кітап оқыған адамның ойлау қабілетін салыстыруға болмайды. Бізде 500 кітап оқып, керегін ала білген азаматтар бар. Осындай азаматтар деп «Заман біздікі» дебат клубын құрушы әрі тұңғыш президенті Күртебай Мейрамбекті, белді пікірсайысшымыз Азат Оразалинді айтар едім. Бізге келіп жатқан жастар осындай аға буын өкілдерін көріп, «білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» екен деген байламға келіп, өздерін дамытатын кітаптар оқып жатады. «Қандай кітап оқысам болады?» деп сұрайды. Біз осыған орай жас пікірсайысшы оқуға тиіс 100 кітаптың тізімін де жасап қойдық. Әрине, көш басында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» тұр. Жас буынның қажетіне жарау үшін өзім оқыған өте пайдалы кітаптарды айтып өтейін: Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек», Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз», Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш», Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері», Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я», Мұхтар Мағауиннің «Алдаспан», «Сары қазақ», Баққожа Мұқайдың «Өмірзая», Дулат Исабековтің «Қарғын», Оралхан Бөкеевтің «Өз отыңды өшірме», тағы да басқалары. Кітапты оқысаң, қай жерде адасып жүргеніңді білесің, өз-өзіңді табасың. Оптимистік тұрғыда жазылған кітаптарға келейік. Осы кітаптарға қатысты оқырманның ойы екіге бөлінген.  «Оптимистік кітаптар адамға өмірді шынайы қалпында көруге мүмкіндік бермейді, өмірді ертегі секілді көрсетеді. Бұл адасуға алып келеді» дейді. Бірақ оптимистік кітаптардың жақсы жақтарын алғанымыз жөн. Миллионердің жазған кітабын оқып, миллионер болып кетпесек те, өмірден өз жолымызды табуға септігін тигізеді. – Кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыруға болады? Жастар кітап оқымайды деген пікірмен келісесіз бе? – Біз дебат клубында болсын, басқа да жиындарда болсын, кітап оқудың пайдасын айтып, жастарды әрқашан шақырып жүреміз. 100 кітап жобасын айтып өттім, сонымен бірге, ойын соңында күнде бір пікірсайысшы өзі оқыған кітап туралы ойымен бөліседі. Осындай шағын ғана қадамдар арқылы кітап оқуға өз үлесімізді қосып жатамыз. Әрине, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана тірлік. Бірақ, осындай шараларды жасай беретін болсақ, бұл үлкен істерге жетелейді. Ал жастар кітап оқымайды деген пікірмен келіспеймін. Өзім кітапханаларға жиі баратын жастардың бірімін. Кітапханалардан ылғи жастарды көремін. Елбасымыздың өзі «Ғаламторда отырған жастарды кітап оқитын жастар басқарады», – деп айтты. Мұның өзі кітап оқуға үлкен мотивация береді деп ойлаймын. – Болашақ мамандығыңыз саясаттанушы екен. Ал үлгі тұтар саясаткеріңіз кім? – Менің саясаткерім – Абылай хан. Үш жүздің басын қосқан Абылай ханды жақсы көрмейтін қазақ жоқ шығар. 1771-81 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының он сегізінші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Қаншама ұрыс, шайқастарда жеңіске жетті. Тарихшылардың зерттеуінше, Абылай ханның бір сау сүйегі болмапты. Шайқастарда жарақат алған. Абылай каһарлы хан болуымен қатар, күйші болғанын білеміз. – Бос уақытыңыз бола ма? – Адамның бос уақыты болмағаны жақсы. Кейде бос уақытымда мақала жазамын, кино көремін. Дебат ойындары кейде кинематография тақырыбына да арналып жатады. Сондықтан кино саласын жіті бақылап жүруіміз керек. «Бұл кино бұлай аяқталмауы керек еді » деп өз идеяларымызды айтып, пікірсайыс жасайтын кездеріміз де болады. – Қазір ортаға шығып сабақ айта алмайтын, өз ойын толық жеткізе алмайтын балалар бар. Оларға қандай кеңес бересіз? – Кейде балалар сабаққа қанша дайындалып келсе де, ел алдына шыққанда, не айтарын білмей қалады. Ел алдында сөйлеуге қысылатын қатарластарымыз да болды. Мұндайда үйге берген тапсырманы оқып қана қоймай, түсінікті айтып дайындалу керек. Айнаға қарап отырып, өз-өзіне сабақ айтып берулері керек. Сонда қай жерде сөздер байланыспай қалғанын, қай жерде   дауысты көтеріп айту керек екенін байқайды. Ел алдында сөйлеу мәнері жақсарған сайын оқушы өздігінен еркін, қысылмай сөйлейтін болады.  Бала кезден ұялшақтықты жеңуге бірден-бір ықпал ететін тұлға – мұғалімдер мен ата-аналар. Ата-анасы баланың кішкентай жетістігін елеп-ескеріп, мақтап, марапаттап отырса, әсері өте зор. Балаға еркіндік берілсе, өз ойын қорықпай, қысылмай айта алады. «Мына жерің дұрыс емес!» деп көп айта беру – баланың кез келген іске ынтасын төмендетеді. Тағы бір есте ұстайтын нәрсе, көпшіліктің алдында сөйлеуге үйрету. Мысалы, біздің үйге қонақтар келгенде, біз ылғи өлең оқып, руымызды, жеті атамызды айтып, ән салып, би билеп, күй де тартып беретінбіз. Адамның өзіне сенімділігін арттыру үшін, оның жақсы көретін бір ісін табу керек. Мысалы, кей балалар күйге, кей балалар қолөнерге, енді біреулері сөз өнеріне бейім болады. Осындай қабілеттерін ашу арқылы олардың өзіндік мені қалыптасады.

ДЕБАТ СІЗГЕ НЕ ҮЙРЕТТІ?

  1. Ерте тұруды. Әр ойынның алдында ойымды жинақтау үшін әрқашан ерте тұрып, ойымды жинақтаймын. Табысты адамдар ерте тұруға дағдыланған. Әдетте таңғы 5-те ұйқыдан оянамын.
  2. Беріліп кітап оқуды. Егер теледидар мен компьютердің алдында мақсатсыз отырудың, тым құрығанда, бір бөлігін пайдалы және жақсы кітап оқуға арнасаңыз, достарыңыздың арасында сіз ең білімді адам боласыз. Көп нәрсе өздігінен орындала бастайды. Марк Твеннің «Жақсы кітап оқымайтын адамның кітап оқи алмайтын адамнан еш артықшылығы жоқ» деген сөзі бар. Сондықтан жақсы кітапты таңдап оқу да маңызды.
  3. Қажетсіз дүниеден арылуды. Ойын барысында қажетсіз, артық ақпаратты айтсаң жеңіліп қаласың. Әрқашан ең қажетті деген дүниелерді ғана қалдыруға тырысамын.
  1. Маңызды дүниелерге назар аударуды. Ойланып, шешім қабылдауға, уақытымды медитациялауға, идеялар тудыруға үйретті.
  2. Жаттығу жасауды. Дебаттағы достарым салауатты өмір салтын ұстанады. Таңғы жаттығулар жасайды. Бірге серуендеуге шығып тұрамыз. Біздің клубта табиғат аясына шығу, 30 минуттық жаттығу жасау, спорт жарыстарын өткізу дағдымызға сіңген.
  3. Күнделікті машықтануды. Адам көбірек дағдыланған сайын, жолы болғыш болатынын байқадым. Бұл ешқандай кездейсоқтық емес. Жолы болу – тәжірибе мен мүмкіндіктің тоғысатын жері
  1. Ортаға мән беруді. Бұл ең маңызды. Дебат маған жақсы орта сыйлады. Идеяға толы, энтузиаст және позитивті орта – ең мықты демеу. Дәл солардың ортасынан пайдалы кеңестер, қолдау табамын. Өмірде жетістікке жету – араласатын ортаңызға тікелей байланысты.
  2. Табандылық. Уолт Диснейге «Диснейлендтің» негізін салу үшін 303-ші банк қана қор ұсынуға келісім берген. Стив Мак-Карри «The Afgan Gir» суретін түсіргенге дейін 35 жыл ішінде миллиондаған сурет түсірген. Джек Кэнфилд пен Марк Виктор Хансеннің «Жаныңды емдейтін тауық сорпасы» кітабы мега-бестселлер болғанға дейін 134 баспа оны басудан бас тартқан. Томас Эдисон электр лампасын шығарғанға дейін 10 мың сәтсіз талпыныс жасап көрген. Мен де алғаш дебатқа келгенде қарсыластарымнан жеңіліп қалып жүрдім. Бірақ, жігерімді жанып, әрі қарай қатыса беретін болсам, жеңетініме сендім.
– Әңгімеңізге рахмет!

Бақытжан БАЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №9 Қыркүйек, 2017

 

9234 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы