• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 24 Қазан, 2017

Диорама (қанды соғыстардың қас–қағым сәттері)

  Біздің ауылда ойыншығы көп бала болған жоқ. Қазір барып, кішкентай кезіндегі ойыншықтары жайлы сұрасаң, саусақпен санап айтып береді. Тіпті, көрші балалардың да ойыншықтарын санап беруге даяр. Өйткені, өзі аз ойыншықтың әрбір бөлшегі көз алдында. Мысалы, ойыншық ойнайтын жасымда менің үш-ақ ойыншығым болды. Екі мәшине, бір пистолет. Үшеуі де балалық «ішінде не бар екен?» деген қызығушылықтың құрбаны болды. Көрші Айболдың «тойда» билегені үшін сыйлыққа алған, бүйірін бұрасаң, төбесіндегі бақалағы айналатын тікұшағын «шынымен ұша ма екен?» деген қызығушылықпен талқандадық та тастадық. Ал, Арманның тракторы бізге кинодағыдай мәшиненің қалай өртеніп, жардан қалай аунайтынын көрсету үшін жанып кетті. Енді жоқ. Ал, жоқ нәрсені өзіміз жасауға тура келеді. Көшедегі арық жағасында отырып алып, балшықтан мәшине жасаймыз. Тез бөлініп қалмас үшін балшыққа сабан араластырғанды дұрыс деп таптық. Сіріңкенің қорабын қалып қылып, кішкентай кесектер құйдық. Сол кесектерден мәшинеге гараж, «адам» деп ойнап отырған таяқтарымызға үй саламыз. Біздің күні бойғы ойынымыз осылай өтетін. Жасаған дүниелерімізді үлкен тақтай үстіне көшіріп, үйге кіргізіп қоямыз. Ертесіне сол тақтай үстіне жаңа детальдар қосамыз. Шөптерді майдалап турап, есік алдына көгал жасаймыз. Бұтақтардан ағаш отырғызамыз. Осындай, ойнағанымыздан бұрын жетілдірілуі қызықтау көшпелі үйлеріміз болды. Біз бұл ермегімізге тек ойын ретінде қарадық. Бірақ, бізден бөлек бала емес, үлкен бір адам тақтай үстіне біз секілді үй тұрғызып, көз майын тамызып отыр-ау деген ой түсімізге кіріп шықпапты. Ал, осы бір балалық естелікті еске түсірген замандасым Серік Әбдірахмановтың әңгімесі болатын. 2017 жылдың 3 мамырында Ұлттық музейде Жеңіс күніне орай соғыс жәдігерлерінің көрмесі өтті. «Диорама» деген құлаққа тосын сөзді осында естідік. Авторы – Серік Әбдірахманов. Жаз соңы. Музейдің мәжіліс залында отырмыз. – Секе! Санаға енген жаңа сөз. «Диорама». – Ежелгі гректердің сөзі. – Бізге енді жетті... – Оған көңіл түсірудің қажеті жоқ. Гректің «диа» – арқылы, «хорама» – көрініс деген сөздерінің қосындысынан шыққан. Бірақ, бүгінгі күні бұл сәндік-қолданбалы өнердің бір түрінің атауы. Бұл өнер туындылары ең алғаш Францияда жасалып басталды. Бірақ, тарихы одан да арыда. Еуропа халықтарының соғыстары үстел үстінде басталатынын білесің ғой. Олар соғысатын жерінің картасы сызылған үстелге арнайы жасалған ойыншықтарды қойып, алдын ала тактикаларын ойласады. Диораманың бастауы осы жерде. – Ол үшін жай ғана жекелеген мүсіндер жасалды емес пе? Әрі ондай мүсіндерді жинаушы коллекционерлер де бар. «Қалайы солдаттар коллекционерлері». – Иә. Әскери-тарих миниатюраларынан, сенің айтуың бойынша «қалайы солдаттардан» диораманың басты айырмашылығы – композицияға құрылып, белгілі бір жазықтықта орналасуында. Яғни, диорама – белгілі бір соғыстың қас-қағым сәтін жазықтықта суреттейді. – Сонда бұл өнер тек соғыс тақырыбына арналған ба? – Әрине, жоқ. Кеңістіктегі белгілі бір композицияға құрылған кез келген мүсіндердің орайласа орналасуын диорама деп атауға болады. Десек те, неге екені белгісіз, қолданбалы өнердің бұл саласындағы негізгі тақырып – соғыс болып қалыптасқан және әлемдегі атақты диорамалардың барлығы дерлік осы тақырыпта. Мысалы, ең үлкен диорама ретінде Севастопольдағы «Сапун тауындағы шабуыл» атты дио-раманы алуға болады. («Сапун» тауы Севастопольдің оңтүстік-шығысында. Қазақша Сабын тауы). Бұл диорама панорамамен бірігіп адамға үлкен әсер сыйлайды. Панорамалық (грекшеден аударғанда «бәрін көру») сурет пен алдыңғы пландағы диораманың үйлесім тапқаны сонша, бір-бірінен ажыратып алғысыз. – Сонда диорама адамға әсерлі болу үшін фон ретінде сурет қоюға да болады ғой? – Негізінде, диораманың бар табиғатын ашатын тегіс фон емес, панорама. Ал, панорама кішкентай масштабтағы диорамаларға жарасымсыз. Менің жасап жүргенім – 35-ші масштабтағы диорамалар. Яғни, 35 есе кішірейтілген, биік тігі – 5 см. Оның үстіне панорамалы диорамалар арнайы музейлерде ғана болмаса, үйде, шеберханада оларды жасау және көрмелерге қою қиындау. – Қандай материалдан жасалады? – Алуан түрлі материал қолданылады. Күнделікті тұрмыста қолданылатын заттардан бастап, арнайы тапсырыспен алынатын дүниелерге дейін. Мысалы, диорамадағы жазықтық. Ол үш түрлі материалдан жасалады. Гипс, монтаждау көбігі және пенопласт. Мен көбіне пенопластты пайдаланамын. Өйткені, ол жеңіл әрі арзан. Әрине, ақ түсті болғандықтан топырақ түсіне бояп, қарапайым құм мен ПВА желімін араластырып, жазықтыққа топырақ етіп жағады. Бұл балшық кеппей тұрып жер бедерінің ой-қырын жасайсың. Тұрмыста қолданылатын сорғышты (губка) жасыл түске бояп, оны ет- тартқыштан өткізіп, жердің бетіне жасыл шалғын етіп төсеуге болады. Бұл, әрине, сен суреттегелі отырған жердің ерекшелігіне байланысты. – Жер ерекшелігін де зерттеуге тура келе ме? – Диорамаң жоғары деңгейде болуы үшін жер бедерін ғана емес, ол жердің ауа райы, оқиға кезіндегі жыл мезгіліне дейін зерттеу керек. Мысалы, менің «Мәскеу бағытында» деген диорамамда 1941 жылдың қысы суреттеледі. Мен ондағы қарды үйдегі ас содасы-мен жасадым. Арнайы диорамаға арналған ұнтақтар сатылады. Бірақ, бағасы қиындау. Ал, әскери техника, солдаттар, қару-жарақ жағы қиындау. Оларды арнайы шетелдік зауыттардан тапсырыспен алдыруға тура келеді. Мысалы, диорама миниатюраларын жасауда Украина шеберлерінің тауарлары өте сапалы. Ол жаққа жоспарланған диорамаңның масштабы мен керекті дүниелердің тізімін жіберсең болғаны. Бірақ, макеттердің барлығы стандартты болып келеді. Оларды да өзіңнің композицияңның динамикасына қарай өзгертесің. Солдаттардың бетіндегі мимикасынан бастап, үстіндегі киімі, бас киімі, ұстаған қаруларына дейін өзгертуіңе болады. Сонда бір ғана солдат сенің қолыңа 15-20 бөлікке бөлініп келеді. – Мұндай мүсіндерді біздің елде жасаушылар жоқ па? – Өкінішке қарай, аз. Біздің қоғамда тіпті «диорама» жасаумен, жинақтаумен де ат төбеліндей ғана адам айналысады. Олардың көбі өзге ұлттың өкілдері. Санаулы ғана қарадомалақ бармыз. Қазіргі таңда осы іспен айналысқаныма 11 жылдан асты. Ендігі мақсат, өз диорамаларыма мүсіндерді өзім жасасам деймін. Бірден жақсы шыға қоймас. Бірақ, байқап көру керек. – Диорама өнеріндегі ең маңызды дүние деп нені айтар едің? – Динамика және тарихи дәлдік. Динамика – сенің композицияңдағы солдаттардың мимикасы, қимылы, жалпы диораманы жай ғана макеттен ерекшелеп тұратын сипат. Ал, тарихи дәлдік – үлкен назарда ұсталатын дүние. Мысалы, диорама сыншылары бар. Олар әрбір детальға мән береді. «Харьков» деп аталатын диорамамда осы қалаға жасалған шабуылды суреттедім. Бұл –1943 жыл. Диорамада неміс солдатының қолына «StG 44» (нем. Sturmgewehr 44) деген винтовканы ұстатқанмын. Ал, ол винтовка 1944 жылы ғана жасалғанын диорама сыншысы ескертті. – Жеке өзің үшін бұл өнердің қызығы неде? – Біріншіден – хобби. Сүйетін ісің. Кішкентай детальдармен жұмыс істеп, оларды жоғалтып алып, бүкіл үйдің астаң-кестеңін шығарып іздегендегі шаршауың барлығы бітіп, өз жұмысыңа қараған сәттегі қуанышыңның, рухани ләззатыңның жанында түкке тұрмайды. Екіншіден, бұл – адамдарға эстетикалық талғам сыйлайтын өнер. Әрине, ол оқиға туралы кино көре салуға да болады. Бірақ, онда сенің ары қарай ойлауың тежеледі. Ал, диорамаға қарап тұрып, сен оның шешіміне өзің қадам жасайсың. Үшіншіден, диорама – тарих. Бір ғана жұмыс жасау үшін қаншама тарихты ақтаруыңа тура келеді. Осы арқылы өз-өзіңді жетілдіресің. Төртіншіден, бұл өнер арқылы сен өзіңнің отаныңды таныта аласың. Менің екі жұмысым әлемдік диорама катологтарында басылды. Әрбір жұмыстың жанында өзіңнің аты-жөнің мен еліңнің жалауы тұрады. Яғни, әлемнің осы өнер айналасында жүрген мыңдаған шебері сенің еліңнің жалауына көз тігіп, қызығушылық танытады. – Жұмыстарыңа қарап отырсам, көбіне-көп Екінші Дүниежүзілік соғыс тақырыбында сияқты. – Жоқ. Менің Бірінші Дүниежүзілік соғыс тақырыбынан бастап, бүгінгі  Сириядағы соғыс тақырыбына арналған да диорамаларым бар. – Қазіргі қазақ қоғамы құндылықтардың өзгеруін бастан кешуде. Солардың бірі Екінші Дүниежүзілік соғысқа байланысты. Дәлірек айтсақ, ол соғысты біздің «Ұлы Отан соғысы» деп атауымызға байланысты. – «Ұлы Отан соғысы – өз отанын басқыншылардан азат етуші соғыс. Шындығында, кешегі Кеңес өкіметі біздің Отанымыз емес қой. Біз неге ол соғысты Ұлы Отан соғысы деп атауымыз керек?» – деген пікірлер қазіргі біздің қоғамда көптеп бой көтеретіні рас. Ал, мен осы тақырыпқа аралық тұрғыда қараймын. Мені аса қатты ойландырған дүние емес. Бірақ, өз Отанын азат ету жолында соғысқан Франция, Англия сияқты мемлекеттер бұл соғысты Ұлы Отан соғысы деп атамайды. Бұл атау тек Кеңес өкіметі құрамында болған мемлекеттерде ғана. Халқының қырылғанының өзін өз халқына идеологиялық қару етіп пайдаланған қызыл өкіметтің идеологтарына бір жағынан сүйсінесің, бір жағынан жүрегің қараяды. – Меніңше, сол қызыл өкіметтің қарашаңырағын ұстап қалған мемлекеттің өзі бұл соғысқа қазақ халқын араластырғысы келмейтін секілді. Осы тақырыпта түсірілген фильмдерден грузинді, татарды, лезгин, тіпті, өзбек ағайындарды да көруге болады. Бірақ, қас қылғандай қазақ жоқтың қасы. Ортақтастырғысы келмейтін дүниеге жармасып жүргендей күй кешесің. – Мүмкін... Атауында тұрған ешнәрсе жоқ сияқты. Әрі, сол заманды Отаны санайтын адамдар да бар арамызда. Ертең олардың көзі кетісімен-ақ, «Ұлы Отан соғысы» деген сөз де ұмытылады деп ойлаймын. – Әлемдік диорама өнерінде көшпенділердің соғысы суреттелетін диорамалар кездесе ме? – Осы саланы бүге-шігесіне дейін зерттеп жүріп, көшпенді халықтар суреттелген диорама көзіме түспепті. Ернар Нұрмағамбетов секілді азаматтар жекелеген әскери-тарихи миниатюралар жасап жүр. Бірақ, диорама жасалған жоқ. – Әлем өркениетіндегі өзіндік орнымызды таныту үшін осы олқылықтың орнын толтыру ойыңда жоқ па? – Бұл – өз ұлтымды сүйетін азамат ретіндегі менің  үлкен армандарымның негізгісі. Бірақ, далалық соғыстардан бұрын, менің жасағым келетін алғашқы ұлттық диорамам «Желтоқсан» оқиғасына байланысты болады. Мүмкін, осы уақытқа дейін жасаған дүниелерім ұлттық диораманың іргетасын берік қалау үшін жасаған дайындығым ғана шығар. Қазір өзімнің болашақта жасайтын ұлттық диорамаларымды елестете аламын. Бірақ, елестету бір бөлек те, жасау екінші және ең маңызды әңгіме. Өйткені, қазіргі мен жасап жүрген диорамалардың технологиясы, жасалу тәсілдері белгілі. Ал, далалық, көшпенділік колориттегі диораманың технологиясы мүлдем бөлек болмақ. Онда, тіпті, біз арнайы тапсырыспен дайын күйінде алдыратын жауынгерлердің мүсіндерін, ұлттық қару-жарақтардың барлығының дерлік макеттерін өзіміз жасауымыз керек. Алдымызда қызығынан қиындығы басым түсер үлкен жұмыс күтіп тұр. – Жұрттың барлығына белгілі дүниені жасап, көптің бірі болғаннан гөрі, қиналсаң да ерекше дүние жасап, диорама өнері тарихында біржола қалғаның мәртебелірек емес пе? – Оған дау жоқ. – Адам «елестете алғанын жасай да алады» деген қағидаға сенер болсақ, сізден қазақ даласындағы атты әскер жорықтарының диорамасын күтеміз. – Әлбетте. Бұл қазақ диорама шеберлерінің мойнындағы парызы шығар. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, Қыркүйек, 2017

1212 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы