• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 21 Қараша, 2017

Аяқ орнына арбаны дөңгелеткен бишілер

Бишінің талайын көрдік, бірақ қоларбада отырып билегендердің өнері ерекше. Мұндай өнерді көрген, естігендерің бар ма? Көрген жанның бұл өнер иелеріне сүйсінбеуі мүмкін емес. Олардың биі ой салады. Мұңаясың, қуанасың... Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиадалық спорт түрі. 1960-жылдары Британияда қимыл-қозғалысы шектеулі жандарды емдеу тәсілі ретінде пайда болыпты. Оншақты жыл ішінде Еуропаға кеңінен тарайды. Бүгінде әлемнің 45 елінде бұл спорт түрі қалыптаса бастаған. Оның ішінде біздің еліміз де бар. Әлем чемпионаттарында жастарымыз топ жарып жүр. Шымкенттік Ермек Қалымбетов халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Ал ел арасында жерлесі Айжан Жакулаевамен әдемі дуэт билейді. Екі өнерпаздың биі де, батылдығы да ешкімді бей-жай қалдырмайды... Ермек ҚАЛЫМБЕТОВ, биші, спортшы:

Қоларбамен-ақ талай елге табаным тиді

− Ермек, сіз қоларбамен билейсіз де, жеңіл атлетика жарыстарына да қатысасыз. Мұның бәрі қалай басталды? − Иә, би де билеймін, 100, 200, 400 метр қашықтықта жарысқа да түсемін. Екеуі де спорт түріне жатады. Мұндай жарыстарға 2009 жылдан бері қатысып жүрмін. Ол кезде 18 жаста едім. 1991 жылғымын. Мені бұл жарыстарға Арыстан Орынбаев есімді бапкерім дайындайды. 2013 жылы Тараз қаласында спартакиада өтті. Сонда бапкерім биге де қатысып көруге ұсыныс айтты. Сөйтіп, сол жарыста жеңіл атлетикаға да, биге де қатыстым. Биден ұтылып қалған соң, онымен шұғылдануға зауқым соқпай қалды. Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі өнерпаз жандарға арналған «Халқыма тағзым» атты қоғамдық бірлестік бар. Бірлестіктің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерін көпшілікке насихаттау, қолдау көрсету. Сол бірлестікте спорттық би сипатында емес, көркем өнер ретінде билеп жүрдім. Содан 2015 жылы Шымкентте өтетін би байқауында бақ сынауға ұсыныс түсті. Асылзат есімді қызбен бірге биледік. 1-орын алдық. Ал 2016 жылы қоларбадағы спорттық биді кәсіби түрде билеуге шақырту алдым. Сол күннен бері көптеген жарыстарға қатысып, жеңімпаз атандым. − Қандай халықаралық жарыстарға қатыстыңыз?   − 2012 жылы жеңіл атлетика бойынша Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай қаласында өткен халықаралық жарысқа бардым. 100, 200 метрлік қашықтықтар бойынша сайысқа түстім. Бірақ, бұл алғашқы сапардан жүлдесіз қайттым. Оның өзі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Би бойынша да шетелдік жарыстарға баруға болатынын сол кезде білдім. Сол мақсатпен Қазақстанның кубок, чемпионаттарын ұта бастадым. 2016 жылы қарашада Қытайдың Тайпейінде өткен Азия чемпионатына қатысып, 1-орын иелендім. Бұл жетістігім мені одан әрмен шабыттандыра түсті. Биыл Әлем чемпионатына жолдама алуға қатысып, ол жерде де 1-орын алдым. Бұйырса, жақында Бельгияда өтетін әлемдік додаға қатысамын. − Бәрекелді! Жеңіл атлетика болсын, сахнадағы би болсын, дәрігерлер тарапынан кейбір қимыл-қозғалысқа шектеу бар ма? − Дәрігерлер маған ешқандай шектеу қоймады. Өйткені, мен анамның құрсағында осылай дамыған екем. Жұлын омыртқада зақым бар дейді. Ота жасатуға келсек, мүмкіндік елу де елу деген. Не аяққа тұруға мүмкіндік болады, не осы күніңе де зар боп қалуың мүмкін деді. Қазіргі заманда медицина дамыған. Бір елдерде маған көмектесе алатын ота түрі бар шығар, бәлкім. Бірақ, мен дәрігерлер сөзінен жүрексініп қалғандаймын. Осы күніме де шүкір деп жүрген жайым бар. − Әйткенмен, би қимылдарыңыз тым батыл екен. Шалқайып құлап кететін шалт қимылдарыңызды көргенде, жүрек дір етеді... − Шалқаю, құлау тәрізді шалт қимылдың бәрін өзім ойлап тапқан жоқпын. Интернеттен өзге елдердің бишілерінің өнерін көріп, солардан да үйренемін. Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мектеп-интернатта 9 жыл оқыдым. Сонда кейбір оқушылар қоларбасымен қорықпай түрлі қимылдар жасайтын. Өзара жарысатын. Мен де соларға еліктейтінмін. Содан болар қоларбамды еркін меңгеріп, қазір ештеңеден қорықпаймын. Қайта түрлі жүрекжұтқан қимылдарды жасауды ұнатамын. Жарыста сондай тәсілдермен ұпайды көбірек жинауға болады. − Жарыстарда топ жарудан басқа қандай мақсаттарыңыз бар?  − Бала кезімде суретші болуды қатты армандадым. Мектеп бітіргелі спортқа еніп кеттім де, сол жолда келе жатырмын. Қазіргі таңда Шымкенттегі №8 Оңалту әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мәдени ұйымдастырушы қызметін атқарамын. Орталығымызға өзіміз секілді түрлі диагноздағы мүмкіндігі шектеулі жандар қабылданады. Менің міндетім – солардың көңілін көтеру, өмірге деген қызығушылығын ояту, түрлі шара ұйымдастыру. Өзім секілді жандардың бойкүйездікке түспей, ертеңіне сеніммен қарағанын қалаймын. Қолымнан келгенше көмектесемін. Қоларбамен билеп жүріп те мақсаттарыма жетуіме жол ашылып жатыр. Осы қоларбамен-ақ талай елге табаным тиді ғой, шүкір. Айжан ЖАКУЛАЕВА, биші:

Билеген сәтте дертімді ұмытып кетемін

− Айжан, қоларбаға отырғанға дейін бимен кәсіби түрде шұғылданған сияқтысыз? − Би өнері – бала кезден бергі серігім. Ал қоларбамен 2015 жылдан бері билеймін. 1990 жылғымын, қазір 27 жастамын. Созақ ауданында дүниеге келгенмін. Бұл жағдайға 2011 жылы түстім. Кәсіби биші емеспін. Университетте 1-курс оқып жүрген шағымда осы жағдайға түсіп, оқудан шығып қалдым. Ақылы оқитынмын. Негізі, бұл сырқатым 2009 жылдан бері біліне бастады. Бірақ, басында өз аяғыммен жүре алатынмын. Аяғымнан тұра алмай қалған кезде ғана диагнозым анықталды. Диагнозым – омыртқадағы ісік. Дәрігерлер емдеуге болады деп үміттендірген. Ал енді елу де елу дейді. Түрлі жаттығулар жасап, өз-өзімді көп шынықтыруым керек. Шыдам мен сенім қажет. Әзірге басқа амал болмай тұр. − Көңіл-күйіңіз сондай жайдары. Басыңыздағы қиындықты да жымиып жеткізесіз. Ал алғаш аяқ баса алмай қалған сәтте депрессияға түстіңіз-ау. Ол күйден қалай арылдыңыз? − Иә, орынды сұрақ. Өз аяғымен жүгіріп жүрген адамның қоларбаға таңылып қалуы оңай емес. Бір күн емес, бір жыл емес... Басында бұл дертімді мойындай алмай, «үйден шықпаймын, қоларбаға отырмаймын» деп жылағанмын. Туғандарымның, жақын достарымның демеуі маған күш берді. Қашанғы жатып алып жылай беремін, бір күні басымды көтеріп ойландым. «Бұл жағдайда мен қандай іспен шұғылдансам болады?» деп өзіме сұрақ қойдым. Біраз күн ойландым. Интернетті ақтардым. Содан қоларбамен билеуге болатынын, ол спорт түрінің біздің елде бар екенін білдім. Шымкенттегі арнайы спорт мектебін іздестіріп, сонда жазылдым. Көп ұзамай жарыстарға да қатыса бастадым. Музыка тыңдап, би билеп жүріп, өзімнің әлі де ешкімнен кем емес екенімді сезіне бастадым. Бұрынғыдай дос-жарандарыммен күліп-ойнап араласа бастадым. Ертеңіме деген сенім оянды. Өнердің құдіреті шығар, бәлкім. − Жарайсыз! Ал оқуды жалғастырғыңыз келмей ме? − Әрине, оқығым келеді. Мықты маман болуды армандаймын. Психологияны оқысам деймін. Алдыңғы оқуымды жалғастыруға да ниетім бар. Алайда, дәл қазір отбасылық жағдайларға байланысты кейінге шегеріліп тұр. Егер менің жағдайыма байланысты жеңілдіктер қарастырылса, онда жақсы болар еді. − Өз аяғыңды басып билеу мен қоларбада билеудің айырмашылығы қиындық тудырмады ма? − Сау кезіңдегі билеу мен қоларбада билеудің айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен, ең алғаш қоларбамен билеген күні өзімді бақытты сезініп кеттім. Менің жағдайымдағы жандардың бәрі бірдей мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмайды. Әркімнің диагнозы, мүмкіндігі әрқилы дегендей. Қуаныштың әсерімен ә дегенде қиыншылықты сезінбеппін. Музыкаға елітіп кеткем ғой. Сөйтсем, қоларбаны аяғың тәрізді бағындыру да кәдімгідей күш қажет етеді екен. Оны бүкіл ойыңмен, денеңмен бағындыра білу оңай емес. Нәзік болғасын, тез шаршап қалатынмын. Бірақ, билесем, сол сәтте дертімді ұмытатынымды ұғып, барымды салып жүрмін. − Ермек шалт қимылдар жасаудан қорықпайды екен. Ал сен қандай қимылдардан сақтанасың? − Иә, Ермекпен салыстырғанда мен кейбір қимылдарды істей алмаймын. Маған шалқаюға, шалт қимылдар жасауға, соққы алуға болмайды. Ондай сақтық шараларын ескеріп жүремін. Билеудің арқасында дертімнен физиологиялық тұрғыда жазылып кетпесем де, психологиялық, рухани әсерін байқаймын. Бос жатпай, қимылдап жүргеніме қуанамын. Мүмкін, бір күні осылай билеудің арқасында аяқтан тұрып кетермін, кім білсін... − Арманың орындалсын. Ел арасында Ермекпен жақсы дуэт билейсіңдер. Бірақ, ол сияқты шетелдерге шықпай жүрсің... − Иә, әзірге республикалық жарыстардан әріге бармадым. Шетелдегі жарыстарға барар ем, тек қаржылық мәселе тұсаулайды. Ондайда көбіне арамыздан Ермекті жібереміз. Шымкентте біз секілді оншақты биші бар. Басқа қаладағы жарыстарға көбіне Ермек екеуміз қатысуға жолдама алып тұрамыз. Бірде-бір рет жүлдесіз қайтқан емеспіз. Бұрын аяқ басып жүргенімде ұлттық билерді билейтінмін. Қазір латын стиліндегі билерге жақынмын. Комби билеген емеспін. Комбиде қоларбадағы биші сау әріптесімен билейді. Негізінен соло, арасында Ермекпен дуэт билейміз. Тойларға шықпаймын. Ал концерттерге шақырса, қатысудан бас тартпаймын. − Айжан, үйдегі шаруаңды өзің атқарасың ба? Көшеге жалғыз шыға аласың ба? − Иә, үй тірлігінің бәрін өзім істей аламын. Көшеге де бір өзім шыға аламын. Тек, алыс жолға шығарда қасыма серік ертемін. https://youtu.be/nVu25FrUHYw − Психолог болып, түрлі дертке шалдыққандардың жанын емдегің келе ме? − Иә, ойым сол. Мен секілді арбаға таңылғандар аз емес, өкініштісі. Ол кісілер аяғынан жүре алмай қалса, үйінен шықпай қалады. Өздерін кем санай бастайды. Кейде олар маған хат жазып, хабарласады. Қолымнан келгенше рухтарын көтергім келіп тұрады. Басына іс түскен жандар «бәрі бітті» деп, өз-өзінен қамалып қалмаса деймін. «Көреріңді көрмей, көрге кірмейсің» деген аталарымыз. Меніңше, қазіргі қоғамның біздей жандарға көзқарасы өзгерген. Әлде мен айналамның өзіме деген көзқарасын өзгерте алдым ба екен?..

Әңгімелескен Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №10 Қазан, 2017

1335 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы