• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 21 Желтоқсан, 2020

«Qarshyģa» академиясы домбыраны дәріптейді

Домбыра үйренгісі келетіндерге қазір еш қиындық жоқ. Түрлі курстар мен мектептер бар. Ал уақыты тапшы, алайда тез арада домбыра үйренгісі келетіндер үшін «Qarshyģa» онлайн платформасы іске қосылды. Домбыраны үйренудің оңай және тез әдісін жасап шыққан, әрі «Qarshyģa» онлайн академиясының жетекшісі, кәсіпкер Батырбек Нокеевпен сұқбат құрдық.

– Онлайн академиясын құру идеясы қайдан келді және мақсаты қандай?

– Онлайн оқытудың мүмкіндігі күннен-күнге артып келеді. «Qarshyģa» онлайн академиясы – домбыраны тез және оңай үйрену әдісін ұсынатын онлайн платформа. Басты мақсатымыз – Қазақстанға қасиетті домбыраны дәріптеп, әр қазақтың рухын көтеру. Идеяға келер болсақ, бала күнімде домбыра тартуға қатты қызығатынмын. Бірақ жылдам үйрететін ешбір музыка мектебі болмады. Сол олқылықтың орнын толтырғым келді және өзгелердің домбыраны оңай үйренуіне жағдай жасағым келді.

– Платформаның артықшылығы қандай?

– Бұл платформа арқылы музыкалық білім болмаса да, домбыраны үйренуге болады. Әр сабақ түсінікті, жеңіл меңгеріледі, арнайы монтаждалған. Өзіңізге қолайлы уақытта «жеке кабинетіңізде» сақталған бейнесабақтарды көріп, үйрене аласыз.

– Бұрын-соңды болмаған бастама деп айтуымызға болатын шығар. Қолданушылардың саны қанша?

– Біз нарықтағы тұңғыш онлайн домбыра академиясы болғандықтан, алғашында «пайдасы бар ма, жоқ па» деген күмәнді ой болды. Десе де онлайн жүйе 9 қарашада іске қосылғанына қарамастан, 200-ден аса адам курсты сатып алды. Келіп жатқан өтініш саны көп. Курстан өткендердің күмәні сейіліп, ең қолайлы әрі тиімді әдіс осы екенін айтуда. Олардың қуанышы бізді одан әрі жігерлендіреді.

– Курс ұзақтығы қандай?

– Барлығы бірдей нәрсені қалай бермейтінін ескеріп, курстың ұзақтығын әртүрлі уақытқа қойдық. Яғни бағасына тураладық. Сонымен қатар курс уақыты деңгейге де сай жасалған. Мысалы, төменгі деңгей үшін жеңіл, жылдам үйренетін күйлер таңдалған. Уақыт бөле алуыңызға байланысты пакет таңдауыңызға болады.

– Осы тұста академияның ұстаздары туралы айта кетсеңіз...

– Ұстазымыз 20 жылдық тәжірибесі бар үздік домбырашы-педагог. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, халықаралық байқаулардың лауреаты Мәди Макажанов. Академия үшін ол кісінің орны бөлек. Курс барысында домбыраны қалай ұстау керек дегеннен бастап, бәрін жүйелі түсіндіреді.

– Академиялық платформа неге «Qarshyģa» деп аталды?

– Өзім кәсіппен айналысқандықтан, кәсіптің логотипіне көңіл бөлемін. Меніңше, логотип – кез келген дүниенің мазмұны. Сол себепті академия атауының ерекше болғанын қаладым. Бұл атау ешбір домбыра мектебіне ұқсамайды. Бір жағынан күйші Қаршыға Ахмедияровты еске түсіреді.

– Байқауымша, домбыраның эскизі де ерекше екен...

– Иә, домбыраны арнайы тапсырыспен жасаттық. Домбыраның өрнектері мен ондағы «Qarshyģa» жазуы бірден көз тартады. Осылай әрбір детальға мән берсек қана домбыраны өз деңгейінде дәріптей аламыз.

– Домбыра академиясының курсынан өткендерге қандай мүмкіндіктер бар?

– Осы курстың өзі үлкен мүмкіндік дер едім. Өзге музыкалық мектептерде кемінде 5 жыл оқу керек. Ал біздің академияның ең ұзақ курсы – 1 жыл. Пакетті сатып алған студенттерге арнайы сертификат береміз және академия ұйымдастырған байқауларға қатысып, бағалы сыйлықтарға ие болады.

– Қазіргі қоғамдағы домбыраның орнына көңіліңіз тола ма?

– Қазір тек домбыраға ғана емес, халқымыздың ұлттық аспаптарына деген қызығушылық пен сұраныс аз. Ал қызығушылықты арттыру үшін, аспапты өз деңгейінен де жоғары дәріптей білу керек. Осы ретте бір жайтты айтқым келіп отыр: домбыраны қалай ұстау керек, қалай отыру керек деген ережелер қарапайым болуы мүмкін. Бірақ бұл ең маңызды ереже дер едім. Домбыра үйрену барысында іргетасыңызды дұрыс қалыптастырыңыз. Осы мәселені ескере отырып, домбыраны оңай және тез үйренудің әдістерін алты ай зерттедік.

– Сұқбатыңызға рақмет!

P.S. Бұл расында да, бұрын-соңды болмаған игі бастама. Батырбек аға сұқбат барысында бастаманың карантинге еш қатысы жоқ екенін, керісінше жаңашылдық екенін айтты. Достар, осындай мүмкіндіктен сендер де құр қалмаңдар.

Жазира Бекболатова,
Қ.Аманжолов мектебінің
11-сынып оқушысы.
Түркістан облысы
Шардара ауданы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

614 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Simon

19 Қаңтар, 2022

Микрокредитная компания из России запланировала разместить акции в Канаде посетить сайт автора

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы