• Спорт жұлдыздары
  • 20 Қыркүйек, 2021

Тоқырау сыры неде?

Жапониядағы XXXII жазғы олимпиаданың аяқталғанына біраз уақыт өтсе де, алтынсыз, тіпті күміссіз қалған Қазақстан құрамасының сәтсіздігі туралы әңгіме толастар емес. Расында, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет олимпиялық ойындарда Әнұранымыз шырқалып, көк туымыз желбіремеді. Тіпті, сегіз қола жүлдемен Орталық Азия елдері ішінде көш соңында қалуы да ел арасында үлкен дүрбелең тудырды. Осы орайда, қазақтың оң жамбасына келетін күрестен неліктен әлі күнге дейін олимпиада чемпионы жоқ? Күрзі жұдырығымен күллі әлемді мойындатқан қазақ боксшыларының күйреуі туралы да сөз қозғауды жөн көрдік.

Шыны керек, күрес түрлерінен олимпиада жеңімпаздарын айтпағанда, жүлдегерлердің өзі саусақпен санарлық қана. Классиктеріміздің екінші олимпиада қатарынан құр қол қайтқаны көңілімізге қаяу салды. Жалпы грек-рим күресіне үлкен өзгерістер керек. Осы уақытқа дейін олимпиадаға толық құраммен қатысқан балуандар Рио мен Токиоға үш-үштен ғана, алты жолдама алды. Тіпті елімізде Токио олимпиадасына екі бірдей лицензиялық турнир өтсе де, үш жолдамаға әупіріммен әрең қол жеткіздік. Өкініштісі, сол үш балуанымыз да алғашқы айналымнан аса алмады. Грек-рим күресінен Азия чемпионы Ербол Қоңыратов балуандардың психологиялық тұрғыдан дайын болмағанын айтады. 

– Балуандарымыздың сәтсіздігі нақты неден екенін басып айту қиын. Бәлкім, психологиялық тұрғыдан дайын болмай, өздеріне артылған жүкті көтере алмаған шығар. Дегенмен Токио бозкілемінде белдескен үш балуанымыз да осал емес, әлем чемпионаттарында үздіктер қатарынан көрінген. 60 келіде өнер көрсеткен Мейрамбек Айнағұлов – әлем чемпионатында екі рет жүлде алған мықты спортшы. Оның Токиодағы сәтсіздігін көп салмақ қуғаннан деп топшылаймын. Мейрамбектің 60 келіге салмақ қууы қиынға соққан сияқты. Қазіргі күрес ережесі бойынша балуандар таңертең салмаққа түсіп, екі сағаттан соң жарысқа шығады. Әрине, осы уақыт аралығында қайта қалыпқа келіп, бұрынғы күш-қайратына ену мүмкін емес. Сол себепті де, күтпеген жерден әдіс жасап, жоқ жерден ұпай иеленетін Мейрамбектің күресін көре алмадық. Өкініштісі, құрама сапында салмақ мәселесін реттейтін диетолог маман жоқ. Ал басқа мемлекеттерде балуанның жанында диетолог та, психолог та жүреді. Мұның бәрі үлкен додаларда маңызды рөл ойнайды. Демеу Жадыраевқа келер болсақ, үздіктер қатарынан көрінеді деген балуанның бірі болған. Себебі, олимпиадаға бір ай бұрын ғана Түркияда өткен халықаралық турнирде небір мықтылардың жауырынын жер иіскетіп, нағыз бабында екенін көрсетті. Демеудің сәтсіздігін жеке бапкері Боранбек Қоңыратовтың жанында болмауынан деуге де болады. Өйткені ол – бапкерсіз өзін қолға ала алмай, білгенінен жаңылатын балуан. Ал бапкері жанында болса, мүлде басқаша белдеседі. Мысалы, соңғы топ жарған жарысында жанында жеке бапкері болды. Ал Нұрсұлтан Тұрсынов  екі жыл спорттан шеттетілгеннен кейін екі-ақ жарысқа түсіп, олимпиадаға аттанды. Лицензиялық жарыста жақсы өнер көрсетіп, жолдамаға ие болғаннан кейін Азия чемпионатына қатыспауы керек еді. Балуан жеңіске жеткеннен кейін күреске, жеңіске деген ынтасы ашылады. Сол ынтаны, сол рухты Токиоға дейін сақтау керек еді. Азия чемпионатындағы жеңілістен кейін мысы басылып, психологиялық тұрғыдан кері әсерін тигізгендей болды, – дейді ардагер балуан.

Балуанның бағын ашатын бапкер

Грек-рим күресінде соңғы жылдары нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай емес. Жастар арасында да, ересектер күресінде де нәтиже жыл санап төмендеп барады. Шыны керек, Бақтияр Байсейітов бас бапкер қызметіне тағайындалғанда қуанған едік. Өзінің жолын жалғастыратын әлем чемпиондарын шығаратынына сендік. Өзі шықпаған Олимп шыңына шәкірттері шығады деп ойладық. Бірақ біз күткен нәтиже болмады. Әрине, екі жылдың ішінде мұндай жетістікке жету оңай емес. Десек те Токио бозкілемінен бапкер мен балуан арасындағы тығыз байланысты байқай алмадық. Енді Байсейітов бастаған балуандар қазан айында өтетін әлем чемпионатында сынға түседі. Грек-рим күресіндегі өзгерістер дәл осы додадан кейін болуы мүмкін. Бәлкім, жүйе өзгерер, бәлкім, бапкер ауысар, бізге беймәлім. Айтпақшы, жоғарыда аты аталған Боранбек Қоңыратовты бас бапкер болуға лайықты бірден-бір мықты маман деуге болады. Әлемдік додада талай топ жарған төл шәкірттері де жетерлік. Бастысы, білікті бапкер айналдырған екі жылдың (2014-2016 жж.) ішінде жастар арасында әлем, Азия чемпиондары мен жүлдегерлерін шығарды. Сондай-ақ Азия чемпионатында да командалық есепте бас жүлдені еншілеген болатын. Міне, бес жыл өтсе де, Боранбек Темірғалиұлы баптаған балуандардың жетістігін ешкім қайталай алмай жүр. Ең өкініштісі, Боранбек бапкер қазір ешқандай құрама сапында жоқ. Тіпті, үлкен турнирлерде төл шәкірттерінің де жанында да бола алмайды. Біздің қалауымыз – балуандарды биік белестерден көру. Ал спортшының биік белестерді бағындыруы тікелей білікті бапкерге байланысты екенін ешкім жоққа шығара қоймас.

Қазақ боксы құлдыраған жоқ. Тек...

Осы уақытқа дейін бірде-бір олимпиададан алтынсыз қайтпаған қазақ боксының әлеуетін Токио олимпиадасы көрсетіп берді. Десек те «қазақ боксы құрдымға кеттi» деген қасаң пiкiрлерге бой алдырмауымыз керек. Бастысы, бұл сәтсіздіктен үлкен сабақ алып, болашақта қайталамау қажет. Ауыр салмақта атой салған Мұхтархан Ділдәбеков қазақ боксының белбеуі босаңсыған жоқ, әлі де тегеуірінді қалпына қайта мініп, жарқын жеңістермен қуантатынын тілге тиек етті. 

– Әрине, алып бокс державасы саналатын Қазақстанның алтынсыз қалуы үлкен сенсация болды. Дегенмен боксшыларымызды жерден алып, жерден салудан аулақпын. Меніңше, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығына (AIBA) біздің қамымызды ойлайтын біреуді қосуымыз керек. Ол болмай көсегеміз көгереді деп ойламаймын. Мысалы, біздің кезімізде AIBA-ның мүшесі болған Бекет Махмұтов ағамыз көп көмектесті. Төрешілердің қарсыласқа жығып беруіне жол бермей, талай мәрте қазақ боксшыларына қорған болды. Екіншіден, Азия чемпионатына боксшыларды апармау керек еді. Бұл да боксшыларымызға кері әсерін тигізген. Әбілхан Аманқұл (75 келі)  топ жарады деп топшылаған едім. Бірақ кейіннен жарысқа жарақжарақатпен барғанын білдік. Негізі жарақатың болса, үлкен додаларға бармаған жөн. Егер тәуекел етіп, жарыс жолына шықсаң, жарақатыңды ойыңнан шығарып тастауың керек. Қазақстан үшiн ұлттық спорт түрiне айналған боксымыз бiр төбе, сондықтан елдің артқан сенімін ақтау маңызды, – дейді Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері.

Рыбакина қазақ теннисінің жаңа дәуіріне жол ашты

Токио төрінде талайды тамсандырған теннисші Елена Рыбакинаның ерлігін ерекше атап өтуге болады. Небір мықтыларды жолынан ығыстырған Рыбакина олимпиаданың жартылай финалына шығып, сенсация жасады. Бұл Қазақстанның теннис спорты тарихында болмаған жағдай еді. «Еленаның жетістігін кездейсоқтыққа балауға болмайды», – дейді Диас Досқараев. Қазақстан теннис федерациясының бұрынғы вице-президентінің айтуынша, бұл жетістік еліміздегі теннис спортына үлкен серпіліс береді. 

– Шыны керек, Еленаның жартылай финалға дейін жететініне сенген жоқпыз. Бірақ әр ойын сайын қарқынын күшейткен теннисшінің өнеріне тәнті болдық. Тіпті, ширек финалда әлемнің 9-ракеткасы, испан қызы Гарбине Мугурусаны жеңгенде, финалға шығады деп те топшыладық. Алайда ақтық айқасқа жолдама үшін Белинда Бенчичқа (Швейцария) қарсы ойында отандасымыз қысылып, еркін ойнай алмады. Қателіктерге бой алдырып, бойында қорқыныш болғандай көрінді. Одан бөлек, ұйымдастырушылар жарыс кестесін дұрыс жасамаған. Жапонияның аптап ыстығында алаңға шығу кез келген спортшыға оңай соқпағаны анық. 44-45 градус ыстықта хард кортында ойнаған теннисшілердің табанынан қатты ыстық өткен. Бұл жайт та Еленаның сәтсіздігіне әсер етті деп ойлаймын. Меніңше,  Рыбакина келесі олимпиаданың басты фавориті болмақ. Оның Токиодағы жетістігі қазақ теннисінің жаңа дәуіріне жол ашты деп ойлаймын, – дейді Диас Бауыржанұлы. 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

388 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы