• Спорт жұлдыздары
  • 16 Сәуір, 2024

Батырхан ТӨЛЕУҒАЛИ, таеквондошы: Олимпиадада үздіктер қатарынан көрінетініме сенімдімін

Төртжылдықтың басты додасы саналатын олимпиялық ойындарға да аз уақыт қалды. Қыр астында тұрған Париж олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынып жатыр. Кейіпкеріміз Батырхан – Қазақстан құрамындағы олимпиада жолдамасын жеңіп алған ең жас спортшы. Ол небәрі 17 жасында таеквондодан лицензиялық турнирде топ жарып, Париж олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. 80 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін саңлақпен арнайы «Ақ желкеннің» жас оқырмандары үшін сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Батырхан, 17 жасыңда олимпиадаға қатысатын алғашқы қазақ атанбақсың. Жолдама жеңіп алу қаншалықты қиынға соқты және қандай сезімдесің қазір?

– Шыны керек, жолдама жеңіп алатыныма сенімді болдым. Өйткені бапкерлермен, спарринг-серіктестермен жақсы дайындықтан өтіп, мықты бабымда болдым. Жекпе-жек барысында бапкерлердің қойған тактикасын толыққанды орындап шықтым. Сол себепті де қарсыластар аса қиындық тудырған жоқ. Олимпиада ойындарына қатысу бала күнгі арманым болғандықтан, жолдаманы жеңіп алған сәтте ерекше қуандым. Мен ғана емес, бүкіл құрама бапкерлері, тіпті жанкүйерлердің де қатты қуанғанын көрдім. Ендігі мақсат – Париж олимпиадасында топ жарып, алтын алу.

– Қандай отбасында дүниеге келдің? Ата-анаң қандай адамдар, немен айналысады?

– Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында дүниеге келдім. Әкем әскери адам болса, анам – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ата-анамның жұмыс бабы бойынша Өскеменге көшіп келгенбіз. Осы жақта 8 жасымнан бастап таеквондомен айналыса бастадым. Кинодағы спорттық элементтерді қайталап, шпагатқа отырып, аяқпен тебуді өздігімнен үйренгенмін. Үйдегілер де қабілетімді байқап, спортқа баули бастады. Осылай таеквондо әлеміне жол ашылып, кәсіби тұрғыда айналысуға бел будым.

– Таеквондомен айналыса бастағанда осындай жетістікке жетем деп ойладың ба?

– Спортты серік еткен кез келген жеткіншектің арманы – биік тұғырдан көріну, елінің, туған жерінің атағын шығару. Өмірімізді спортқа арнағаннан кейін мақсатымызға жетуге барымызды саламыз. Спорттағы жолдың қаншалықты қиын екенін білсек те, жарты жолдан сынып қалмауға тырысамыз. Таеквондомен айналысқалы алдыма осындай мақсат қойдым. Ең басты арман-мақсатым олимпиада ойындарында өнер көрсету еді. Шүкір, бұл күнге де жеттік. Алғашқы қадам жасалды. Енді олимпиада алтынын жеңіп алу үшін еңбектенеміз.

– Бұл жетістіктің артында тұрған кімдер, қандай бапкерлер? Ұлттық құраманың бас бапкері қашан, қандай жарыстан кейін сенім артып, құрамаға қабылдады?

– Иә, бұл менің ғана жетістігім емес. Қазақта «Жалғыздың үні шықпас» деген жақсы сөз бар. Осы уақытқа дейін жеткен жетістігімнің артында тұрған адам көп. Әуелі ата-анам, алғашқы бапкерім, Өскемендегі спарринг-серіктестерім және ұлттық құраманың спортшылары мен бас бапкер Нұрсұлтан Мамайдың қосқан үлесі орасан зор. Әуелі жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, көзге түстім. Содан соң Қазақстан спартакиадасында топ жарған соң, ересектер арасында Түркістанда өткен оқу-жаттығу жиынына шақырту алдым. Ересектер арасында Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі турнирлерге қатысып, «Фуджейра өупен» додасында қола жүлдегер атансам, Түркияда жергілікті спортшыға есе жібердім. Испанияда өткен оқу-жаттығу жиынында 12 қарсыласпен спаррингтік кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Менің үлкен спорттағы даңғылым енді басталып жатыр. Тәжірибем әлі де аз, бірақ шеберлігімді арттыруға бар күшімді салып жүрмін. Енді олимпиада қарсаңында дайындықты одан әрі үдетеміз. Париж төрінде жанкүйерді жерге қаратпауға тырысамын. Жолдамаға қол жеткізген соң, жігерленіп кеттім.

– Елімізде салмағыңдағы бәсекелестіктің жағдайы қалай? Руслан Жапаров, Смайыл Дүйсебай сынды ауыр салмақтың алыптарымен спарринг жасап, тәжірибе алмасқан кезің болды ма?

– Әрине, еліміздегі мықты бәсекелестіктің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмыз. Салмағымда мықты спортшылар өте көп. Кез келгені – мықты жекпе-жек көрсететін қарсыластар. Руслан Жапаров, Смайыл Дүйсебай – спортта бой түзейтін ағаларымыз, әрі мықты спортшылар. Бұл кісілер аса ауыр салмақта, яғни 87 келіде өнер көрсететіндіктен, спарринг жасап көрген емеспін.

– Максим Храмцов, Салех әл-Шарабати, Сейф Ейсса сынды токио олимпиадасының чемпионы және жүлдегерлерімен бір салмақта сынға түсесің. Бұл спортшылармен бұрын-соңды кездескен бе едің? Тактикалық тұрғыдан бұлар саған қаншалықты оңтайлы қарсыластар?

– Ересектер қатарына енді ғана қосылғандықтан, олармен әлі кездескен жоқпын. Иә, өте мықты, еңбекқор, тәжірибелі спортшылар. Париж олимпиадасындағы басты қарсыластар ретінде осыларды қарастыруға болады. Негізінен өзім алдыңғы аяқпен соққы жасағанды ұнатамын. Бойымның ұзындығы да бар. Бірақ мұнда бой аса көп рөл ойнамайды. Жекпе-жекте шеберлігің мен жігерің жеңіске жетелейді. Сондықтан шеберлігімізді шыңдап, жігерімізді жанып, кез келгенін жеңуге дайындаламыз.

– Олимпиада ойындарына дайындықты қай жақта, кімдермен өткізесің?

– Дайындықтың нақты қай жақта өтетінін білмеймін. Оқу-жаттығу жиындарының қай жақта, кімдермен өтетінін ұлттық құрама бапкерлері шешеді. Жақында Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Содан кейін жаттығуларымызды шетелде өткізіп, дайындығымызды пысықтаймыз.

– Жүлделі орыннан көріну мүмкіндігіңді қаншалықты жоғары бағалайсың? 17 жасында олимпиада чемпионы немесе жүлдегері атануың әбден мүмкін ғой...

– Әбден мүмкін. Жақсы бабымызға ену үшін алда 4-5 ай уақыт бар. Тәжірибемізді арттырып, білігімізді шыңдап, олимпиадаға жоғары деңгейдегі дайындықпен барамыз. Парижде үздіктер қатарынан көрінуге әлеуетім де, тәжірибем де жетеді деп ойлаймын. Жеңіс тұғырынан көрінетініме сенімдімін.

Сұқбаттасқан Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024

892 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы