• Бүгінгі проза
  • 20 Қыркүйек, 2021

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА. «Жер кіндігі» (әңгіме)

Айгүл Кемелбаева – белгілі жазушы, прозаик, әдебиеттанушы, кинодраматург. Былтыр Джоан Роулингтің «Хәрри Поттер» фэнтези-романына жасаған қазақша әдеби талдауын «Ақ желкенге» ұсынған болатын. Сондай-ақ 2020 жылы журналымыздың 95 жылдығына орай «Жылдың ең үздік авторы» атанды. Бұл жолы «Жер кіндігі» әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Күн астындағы дүниеде адам баласы үшін, істелмек шаруа үшін бәрінің нақты өз сағаты бар: уақыты белгіленген соң тумақ бар да, өлмек бар.
Қирату мезгілі я құрылыс салу мезгілі. Тастарды шашып тастау я тастарды үйіп қою мезгілі. Үнсіз қалар сәт я тіл қататын мезет. 

Сүлеймен патша

Түнгі мезет

Ауылдан 62 шақырым қашық жайлауға өркештенген тау-тастың бөгеті ме, жеңіл машина екі жарым сағатты асырып жетті. Бақтыбала жалаңаяқ, ошақ басында күйбеңдеп, ас қамымен жүр екен, киіз үйдің қасына келіп тоқтаған ашық жасыл УАЗик-тен түскен аға-жеңгесін, кішкентай немере сіңлісін қуана қарсы алды. Амандық-саулық сұрасқан соң ол:

Кеше аяғымның басына қайнаған су құйылып кетіп, күлдіреп күйіп қалды. Көгалда жалаңаяқ шауып жүрген себебім сол, тіпті күйікке дәрі жағуға мұрша жоқ, – деді күліп. – Бөтен біреудің күйігі болды ғой, жалма-жан жарасын емдеп, дәкемен таңып тастар едім. Бақай өзімдікі болған соң құнттамай жүрмін.

Бақтыбала – жылқышының әйелі, қыста ауылда медбибі, жаз туса жайлауға көшіп келіп, күз түскенше бие сауады. Бақтай, апаң сәлем айтып жатыр, «Қазбек жайлауға кеткен, неге үнсіз жатыр, бір хабарын біліп келші» деп бізді жіберді. Жас бала ғой, таудан үңгір, алтын іздеймін деп адасып, бір пәлеге ұрынып қала ма деп зәре жоқ. Апаңды білесің ғой, уайымшыл кісі, – деді ағасы. 

Қазбек қазір сілейіп ұйықтап жатыр, алыптың ұйқысындай оянар емес. Қатты қалжыраған сияқты. Алдыңғы түні ол жым-жылас жоғалып кетіп, жеті қараңғы түнде Бекен қасына Нұркенді ертіп алып, екеуіне Құтжол еріп, іздемеген жері жоқ, таппай оралды. Көмекшінің әйелі аңдып отырады, түн ортасында жетіп келіп, сәуегейсіп, «өлетін бала молаға жүгіреді» деп зәремді ұшырды. Бекен оған ашуланып: «Оттама! Қайт үйіңе, сені кім шақырды?!» – деп айтып тастады. Ұйқымыз қашып, не істерге білмей абыржып отырғанда таң ағара қайтып келді, иттің үрген дауысынан тысқа жүгіріп шықтық. Туған әпкемнің ардақты баласы болған соң көңіліне қарап, ауыр сөз айтпаймын. Археолог боламын деп келгелі байыз таппай, қаңғырып кете береді. Бақанаста оның табаны тимеген алақандай жер жоқ шығар, қуыс-қуысты тегіс адақтап көріпті. Нұркен екеуі қос атқа мініп алып, күн батқанша даланы армансыз кезіп жүр. 

Шешесі оған қымыз ішіп, саумал жұтып, таза ауада демалып, серуендеп қайт деп жіберсе, оның түн баласында айкезбе құсап жалғыз кезіп кеткені жақсы нышан емес, – деді Қазбектің нағашысы ойланып. – Сонда ол сандалып не іздеп жүр? Былтыр жаз мотоциклмен барғыштап, Жынтастан айналып шықпай, сол маңды зерттеп жүрген. Жынтас ауылдың бір бүйірінде жатыр. Мынау жер кіндігінде шаншылған Бақанастың биік тауларымен салыстыруға келмес. Қазбек ежелден ел білмейтін құпиялы нәрсеге құмар-ақ. Апам жалғыз ұлын бетінен қақпай, тым еркелетіп, жөн-жосықсыз еркін өсірген, соның кесірі.

Көке, ол металл іздейтін арнайы құрал сатып аламын деп айтты, қымбат тұрады дейді, – деді Нұркен.

Рас, ұсталық пен зергерлікті үйренуге ниет қылғаны қазіргі жасөспірім балалардың ойына келе бермейтін қасиет қой, – деп басын шайқады Бақтыбала.

Бақанастың аспанға өрлегендей құздиған тік таулары өте биік біткен. Бақанасқа қыс түгілі жаз кезінде ел әзер жетеді. Сай-салаға қар қалың түссе, тау басынан құлаған аттылы кісі қайта шыға алмай, тұңғиық су түбіне батқандай, оппа қарға шым батып кетеді. Жота жолдан талай кісі құлаған, жазатайым мерт болған. Тау арасындағы сай-салаларға толған қардан тау арасы бірігіп, тегіс сияқтанып кетеді. Осы алдамшы көрініс талайдың түбіне жеткен. 

Мама, Қазбек оянды! 

Киіз үйден Нұркеннің сүйінші сұрағандай дауысы қатты естілді. Жерошақтағы қара қазанға су құйып жатқан Бақтыбала аға-жеңгесіне жадырай қарап: «Құтты қонақ келсе, қойшының малы егіз табады» деген рас. Япырай, бұл бала 24 сағат тұяқ серппей ұйықтағанынан қарадай секем алып едім. Мөлшерден артық нәрсенің бәрі қиынға соғады», – деді. 

Қазбек далаға шыққанда, Нұркеннің тазысы Құтжол жетіп барып, оның бетін тілімен жалап-жалап алды.Ауылдан жаңа келген нағашысы мен жеңгесіне амандасқан соң ол белуардан шешініп, бір шелек суық суды басына құя салды. Он бес жасар бойшаң, өңді ұл, бірақ ақылды жүзінде бір алаң бары болар-болмас қабағынан білінді.

Бақтыбала тәтесі ешкімге дауыс көтеріп ұрсуды білмейтін жұмсақ мінезді. Бәрі киіз үйдің көлеңкесіне текемет төселген соң аласа үстелді айнала дастарқан басына отырды. Тек үй иесі келіншек шай құйып отырып, жерошақтағы қазанның көбігі тарқап кетпесін деп жиі-жиі қарағыштап қояды. Былтыр жаз Қазбек қонаққа келгенде күнұзаққа бір тыным таппай зыр жүгіріп, күн тас төбеден күйдірген ыстықта әлсін-әлсін бие сауу және үйіне келген бір топ мейманға шай қайнатып, ет асудан қолы босамайтынын көрген.  

Ыстық таба нан, май, қаймақ, ірімшік, бауырсақ, құрт, кәмпит, бал қойылған дәмді дастарқан басында бәрі ұзақ шай ішті. Жаз жайлаудың керім ауасы кеудені беймәлім шаттыққа бөлейді. Қазбек киіз үйдің көлеңкесіне жайғасып, айналасына енжар көз тастап отыр. Көкорай шалғын шөп желкілдеп киіз үйдің ішіне өскен. От лаулап жанған ошақтан сәл ары сылдырап бұлақ ағып жатыр. 

Шіркін, жайлау қазақ үшін жұмақпен тең! Бәйбіше, әне қарашы, аспанда бір шөкім бұлт жоқ, – деді нағашысы әйеліне. 

Жылқышының көмекшісінің он жасар сотқар ұлы бұлақтан шелектеп су тасып, саршұнақтың ініне құйып жүр. Іле әлгі қара бала суға малшынған, сүмірейіп інінен атып шыққан сарышұнақты қуалап жүріп ұстап алды. Діріл қаққан жұдырықтай жәндік мойнына жіп тағылып, қазыққа итше байланды. Қатігез бала қас қаққанша қалтасынан газет пен сіріңке алып, от тұтатып үлгерді, сарышұнақтың жанұшырып, өрттен қашуын тамашаламақшы.
Қазбек үш секіріп барып, отты өшірді.

Өзіңді шынжырлап байлап тастап, бұтыңды отқа қақтаса көрер едім, – деді ол жендет балаға жек көре жирене сөйлеп.

Тасжүрек ұл қапелімде аузын ашып тыңдап қалды да, зыта жөнелді. Қазбек сарышұнақты жіптен босатып жіберді. 

Желкесінен бір түйсең обалы жоқ, неткен қияңкес бала, әлден сұмырай ғой өзі, – деді нағашысы жиеніне риза болып. – Біздің Қазбек жан-жануарға жаны ашып тұрады. «Мынау енді қайтер екен?» деп қасақана бақыладым.  Әйтпесе, орнымнан ұшып тұрып, қолынан жұлып алайын деп отырдым. Жәндікті жәбірлеген, оны көзімен көріп тұрып араша түспеген жан Құдайдың қаһарына ұшырайды. Мына түрімен бөтен бала өскенде қылмыскер болып шығады да қояды. 

Көмекшінің баласы, – деп күрсінді Бақтыбала. – Әке-шешесі тыйым салмаған соң ойына келгенін істейді. Желкесінен бір түйсе, тағы пәле. Әлгі бала алшақ тігілген қарақұрым киіз үйдің іргесінде байлаулы жатқан арсылдаған итін құшақтап, үнсіз айбат шегіп, жаман көзімен Қазбекке қарап қалыпты. Бала алакөзденсе де, итін босатып, айтақтауға үлкендерден тайсалғаны білінді. Қайнаған еттің көбігін қалқып алып жатқан Бақтыбала:

Баяғыда тәтем іргедегі тоғайға қарақат тере барған қыз балалар өзеннен ұсақ шабақтар аулап ойнағанда көріп қойып, «тірі жәндікті неге өлтіресіңдер, обал» деп ұрсыпты. Балалық шақтағы сол уақиғаны ұмытпай, Қаден айтатын: «Тамара менен бір жас үлкен, мен әрі кетсе 7 жастамын, түк білмейтін ойын баласымыз. Өмірі зекіп ұрсуды, ұруды білмейтін, ең жұмсақ, ең дәмді тағамды аузыма салып мәпелеп өсірген мейірбан тәтем құрттай балықтарды жазықсыз өлтірдіңдер деп шала бүлініп, екеумізді арқамыздан бір-бір салып, шашымыздан талға байлап кетті. Біз екеуміз бақырып жылап отырдық, иен тоғайдан құбыжық аң шыға келіп, жеп кетердей қорықтық. Біраздан соң келіп шешіп алды, ендігәрі жан-жануарға тиіссеңдер оңбайсыңдар деп қадай айтты». 

Е-е, тәтем марқұм ескінің есті адамы ғой, бұрынғылар табиғатқа жамандық жасаудан қарадай именетін, – деді нағашысы анасын еске алып. 

Бұл әулеттің балалары әке-шешесін аға-тәте деп атайтын, үлкендерге еріп, кейінгі толқын кішілер солай айтуға дағды алған болатын. Туған-туыстың балалары бұл әулетте өсті. Баршасы апасын тәте деп атады.

Нағашысы әйелімен қатарласып, көк майсаға көрпе төсетіп, жантайып қымыз ішіп отыр. Анда-санда өмірге дән риза мырза көңілмен «Паһ, шіркін, жайлаудың ауасы жұпар, қымызы бал! Баяғыда бабаларымыз жорғасын тайпалтып алшаңдап жүрген ата қоныс, бекзат мекен ғой, қасиетіңнен айналайын!» деп тамсанып қояды. 

Өзен жағасында аяғын суға малып отырған тоғыз жасар Нұркен: «Әне, құндыз!» – деп айқайлап жіберді. 

Кәне, кәне? – деп нағашысы сасқалақтап орнынан ұша түрегелді. Апа-қарындасынан туған үш жиені және кенже қызы селк етіп, Бақтыбаладан өзгесі тиіп тұрған жіңішке өзенге тұра жүгірісті. Құндыздың кішкентай баласы екен, су  түбінде желкілдеп өскен көк шөпке жасырынып, қыбыр етпей тынып қалыпты. Аңкөс адамдар қақ төбеден төніп бақылап тұрғанын қайдан білсін?

Тым ұсақ әрі байғұс битімдей баласы екен, обал, – деді нағашысы орнынан босқа тұрғанына өкініп.

– Әйтпесе, бәйбішеге бір құндыз бөрік болса қатып кетеді екен. 

Үлкен ұлын үйлендіруге қам қылып жатқан нағашысы сөзге сараң әйелін жаңа қосылғандай керемет жақсы көреді. Екеуі өте тату. Оқта-текте жел лүп етсе мұрынға өлексенің мүңкіген сасық иісі келеді. Бақтыбала ыңғайсызданып, оның жайын әңгімеледі:

 Бір бие сақау деген жаман аурудан кеше өлді. Сүйегін айдалаға сүйреп тастайтын көлік болмай тұр. Құлыны мөлиіп енесінің қасында аулаққа алып кеткенше тұрды. Дүниенің қиыны екен. Жануарды аяғанмен, ажалдан арашалап алардай қолымыздан не келеді? Жарықтық күн күйдіріп, оттай жанып тұрғасын бүгін сасып үлгерді.

Күйеуі, бас жылқышы тығыз шаруамен аудан орталығына аттанып кетіпті, мектеп жасындағы ұл мен қыз үшеуі не істесін... 

Иә, сірә да күн өртеніп тұр, өлі жылқының ішек-қарыны тез бұзылады, қойсын ба, – деді нағашысы мақұлдап. Жарты сағаттан соң нағашысы Қазбек екеуі арқанмен тартып, өлген биені машинамен алысқа апарып тастады. Биенің көзін қарға сорып шұқырлапты, терісінде құжынаған қара шыбыннан сау жер жоқ.

Күшігендер адамнан жасқанып жақындамай жүр, – деді нағашысы аспанда қалықтай торуылдаған ірі қара құстарды нұсқап. – Енді, бұйырса, күшігендер жемтікке тояды. Әппақ қылып, құр сүйек қаңқаны қалдырып, бақайшағына дейін мүжіп тастайды. 

Кері оралғанда жылқышының атқа ер жігіттен кем отырмайтын кенже баласы сарышұнақ аулаушы тентек ұлмен ілесіп, қарақат теруге Жетіапан деген жерге аттанғалы жатты. Нұркен бөле ағасын бізбен жүр деп шақырып еді, Қазбектің пәлендей зауқы соқпады. Бақтай тәтесі келгелі тыныш отырмай, арқасына рюкзагін асынып алып, кейде жаяу, кейде атпен айналаны қаңғырып кете беретін жиһанкез жиеніне таңырқай қарап, бір түн жоғалып кеткелі оның сүлесоқ кейпін аңдады. 

Қазанда былқып піскен ет жеп, сорпа ішілген соң нағашысы көз шырымын алып демалды. Әйелі кішкене қызы мен қайынсіңлісінің қызын қасына ертіп, шоқ тоғайдан итмұрын теруге кетті. Күн еңкейгенде қонақтар қуырдақ жеп, қымызға қанып, ауылға кері қайтуға жиналды. Күн дөңгеленіп, екі таудың арасына кептеліп, ойпаңға сыймағандай әрең батып барады. Кешқұрым жайлау көрінісі көрген жанның сұқтануын туғызардай. Тізбек таулар, бүйірде жер ошақтың түбін жанап сылдырай аққан бұлақ, одан ары ағып жатқан өзен, тынық аспандағы ешкінің бөрте жүні тәрізді ақ шуда бұлттар, тау басында үйір-үйір иірілген марғау жылқылар ұясына домалап аунап бара жатқан қызылқабақ дәу шардың реңіне малынып, ажары асып көрінді. Лүп еткен жел жоқ. Тәтесі желіде бие байлап, бір тізерлей сауып отыр.

Қоштасарда нағашысы кенже қарындасын үлкен ұлының үйлену тойына шақырды. Машина таулы-тасты дөңестермен орташа жылдамдықпен келеді. Әрбір бес шақырым сайын жолай қойшылардың киіз үйлері кезігеді. Бір отар қой машинадан үркіп, қопарыла жалт берді.

Шіркін, мынаның бәрі біздің жеке меншігіміз болса ғой, бірден капиталист болып шыға келер едік, – деді армандап нағашысы әйелінің бетіне күлімдей қарап. 

Жолға шыққалы жеңгесі тіл қатқан жоқ. Қымыздың буынан ұйқысы келіп, маужырап отыр. Жол бойы ит тұмсығы батпас қалың тоғай, жуан айдаһар сияқты кесек ирелеңдеп шұбатылып кете береді. Қазбек бала күнінде жабайы өскен қарақат теріп, ауыл маңындағы тоғайларды жиі сүзетін. Елдің ауласында өсетін екпе қарақат пен жабайы табиғатта өскен қарақаттың дәмі жер мен көктей, даланың жемісіне ештеңе жетпейді. 

Қызғылт күн бауырлап барып ұясына құлады, түн тұңғиық қара пердесін түсірді. Қазбек машинаның артқы әйнегінен жарқыраған алтын шырағын тылсым шыңырау жұтқан, көсілген маңғаз даланың күңгірт аспанында жер жаһанда соңғы от тәрізді бір жұлдыз жақұтша жарқырап жанғанын ұзақ телміріп бақылады. Неге жалғыз? Неге саяқ? 

Түн бояуы қоюлаған сайын тұтасқан қалың тоғайдан біреу жанұшырып жүгіре шығатындай елестейді. Оқта-текте адыра қалған иесіз қоралар үңірейіп жүректі тырнайды, иен қалған мекенді жын-пері иемденіп алады, сайтан мекендейді деп еститін. Қасына өтіп бара жатқан адамдар иесіз қоралардан біресе іңгәлап жылаған нәрестенің дауысын, біресе сақ-сақ күлген әйелдің дауысын естіп, тұра қашыпты, албасты сөйтіп құбылады дейді. Жалғыз-жарым зират кездескен сайын нағашысы күбірлеп, дұға жасап, бет сипайды. Машинаның жарығы түссе, оның кейбіреуі жел мен жаңбырдан әбден мүжіліп, тозып кеткен ескі молалар екені көрінеді.

Қара түнге оранса шөккен түйедей қарайған әрбір түп бұта мен ұшқан құс қанатының көлеңкесі бөгде мағынаға айналатыны несі? Нағашысы магнитофон қосты, қырылы басым дабырлы әуенді жаратпай, «осыны да әнім деп  айтады-ау» деп сөкті.

– Түнде жол жарықтық екі есе ұзарып кетеді ғой деймін, әлі Қылышбайға жете алмай келеміз, – деді ол. 

Әредікте нағашысы «әне, түлкі кетті, қоянды қара, қарсақ қашты» деп көңілдене хабарлап қояды. Шоқ тоғайды қақ жарған өзеннен өте бергенде машинаның жарығы торай құсап томпиған кішірек үш аңға құйылды. Тура жол үстінде жайылыпты, ажал айдап жүр ме екен?

Ойбай, борсық, керек! – деп баж етті нағашысы оқыс жанталасып, біреуін басып өтпек ниетпен газды жіберді.

Сұрғылт аңдар қапыда қалғандай, төрт дөңгелек таптап өте шыққандай көрінді. Қазбек олар қатерден аман кетсе деп тіледі. Машина бір орында ұршықша шыр айналып, бүйірлей қайта бұрылғанда тым-тырақай қашып үлгерген екен, қанға бөгіп жайрап жатқан аң көзге шалынбады. Қап, ілікпей кетті ме, дөңгелектің ортасын ала жүруім керек еді, – деп дауыстады нағашысы өкініш өзегін өртеп. – Борсық деген тұнып тұрған май, ит жанды неме, әлде сүйретіліп кетіп үлгерді ме, рукоятканы ала жүгірмеген екем. 

Қазбектің жүрегі біртүрлі ыси бастады, кеудесіне сыймағандай мазасыздануға көшті. Нағашысы қол шам ұстап, машинадан түсіп із кесуге кетті, сәтін салса жаралы борсықты шөп арасынан тауып алмақшы. Адамзаттың ежелгі кәсібі – аңсоғарлық. Ұзамай нағашысы олжасын арқалап оралды. Артқы орындықтың астына тастады. Жып-жылы жүндес бірдеңе аяғына жайсыз тиген кішкентай қызы баж ете қалды. 

– Шалажансар қансырап қалыпты, шипасы бітейін депті, тұмсығынан ұрып алдым, – деді нағашысы олжасына мәз болып. 

Әйелі ұйқылы-ояу дауыспен: «Борсықтың майы тұнып тұрған дәрі, мың да бір дертке ем, көрім болды», – деп қалды. 

Борсықтың әуресімен айналсоқтаған нағашысы өзенге қолын жууға барып, едәуір дамылдап бөгеліп оралды. Ол рөлге жайғасып отырғаны сол еді, айнадан артта қаздиып, ақ бантигі желбіреп кенже қызы ғана отырғанын анықтады.  

–  Қазбек қайда? 

(Жалғасы келесі санда)

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы