• Бүгінгі проза
  • 21 Қазан, 2021

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА. «Жер кіндігі» (жалғасы)

Қазбек қайда? «Қазір келіп қалар» деп күткен жиені көрінбей сарылтып, уақыт озған сайын алаң мен күдік қатар жарысып өсе түсті. Ол беймезгіл жіпсіз матап қойған жиеніне кейіп, іштен тынды. Алдыңғы орындықта қалғып отырған әйелі бейқам, кішкентай қызы көзі бақырайып үнсіз отыр. Шыдамының шегі үзіліп, нағашысы машинадан түсіп, қолына жуан бұтақ ұстап жер шолды. «Қазбек, Қазбек, қайдасың, қарағым?!»

Ол жиенінің атын атап, әлденеше рет дауыстады, қою түн жаңғырып естілсе де төңірек тым-тырыс мүлгіп қалыпты. Ай сүттей жарық, ерекше нұрлы. Жиен бала жер жұтқандай зым-зия. Көк шалғыннан қоңыраугүлдің басын ажыратып көруге болғанда адам баласының ғайып болып жоғалып үлгергені мүлде нанғысыз. Ай астындағы дүниеде салтанат құрған дегдар күй асқан сұлулығымен адам жанын ұйытпай, баурамай қалмайды. Бірақ аяқ басқан сайын нағашысының күпті көңілі нілдей бұзыла бастады. Жасөспірім қияли баланың мынау әнтек қылығын неге жорырын білмей, қисыны ақылға сыймай, тағатсызданып келеді. Қаттырақ дауыстауға, жер жаһанды жаңғыртып, айқай салуға алып ұйқыға шомған даланың тынышын бұзғысы келмеді. Міне, жұмбақ! «Адамды албасты басады деуші еді, бұл түйтіксіз баланы анық кітап соққан. Әлде бас алмай көретін киноның әсеріне елігіп, жоқ жерден шытырман оқиға іздей ме екен?! Қарағым-ау, қайда құрып кетті, айға ұшып кетті ме?»
Әулиебұлақтың басында туған соң нағашысының сезгіштік қасиеті болатын. Жамандықты сезерде жүрегі сыр беретін, әзір орнында сияқты. Үміт қиылғаннан сақта, жиені сау-саламат екеніне бек сенді. Тек жас бала иттік жасап, балалық желік буып, толған айдың әсеріне елігіп, маңайды аралап келмекке қаңғып кеткені даусыз. Таңға дейін тентіресе қайтпек? Машинаға кері оралса, әйелі ұйқысы шайдай ашылып, екі көзі төрт болып тосып отыр.

– Үйге қайтпаймыз ба, Қазбек қайда? – деп сұрады әйелі.

– Қайтқаны несі, баланың келуін күтеміз. Таң ағарып атқанша келер, қайда кетер дейсің.

– Қызық екен. Мұнысы несі? Дені сау ма? 

 – Айналаны түгел сүзіп таппадым. Бұл еріккен күшіктің не ойыны, не ермегі екенін ұқпадым. Жалғанда Жаратқанның жазымы мол, жамандықтан аман болса жарады. Сұмдық-ай, келмей қойса, апама не бетімді айттым?! Сонда айдалада, елсіз тоғай ішінде түнейміз бе?

Әншейінде жағымсыз сөз айтпайтын нағашысы әйеліне жақтырмай алайып бір қарап, отқа жағуға шөпшек теруге беттеді. Жиені адасса, отты көріп бағытын түзер. Ол өзен қолтығына, тақырлау жерге от жақты. От ас пісір дегендей жалаң қақты. Қарындасы орап салып берген піскен ет бар. 

– Қызың бауырыма тығылып, қарадай қорқып отырған жайы бар, – деді әйелі наразы үнмен.

– Е, әке-шешесі қасында, несіне қорқады? Қасқыр жемейді бізді, сайтан да тимейді. Ата-бабам талай түн қатқан туған жер. Мен дүниеге келген әулиенің басындағы қарақатқа малынған жал-жал тоғай осы арадан көп қашық емес, тиіп тұр. Екеуің жамылғы оранып ұйықтаңдар. 

– Бүгін жиеніңнің өңі тым салыңқы, қабағы ашылмай тұнжырап көрінді, – деді әйелі. – Құдай атып, бір бұтаға барып асылып қап жүрмесін. Полигонның кесірінен Абыралы, Саржал жақта жіпке тұрғандар көп деседі. Біздің ауылда...

Тек, бекер жамандық шақырып! – саңқ етті нағашысы. – Өлімнің беті аулақ. Апам баласын тым еркін өсіргенін білесің, жағырапияшыл, оқымайтын кітабы жоқ, эксперимент жасап, ойына келгенді істейтіні анық. Шытырман оқиғаларға жаны құмар. Шерлок Холмсқа еліктеп, Нұркен екеуі із кесіп жүріп, үш күн бұрын терең сайда өскен қарағайдың ұшар басындағы айыр бұтаққа ілініп қалған кісінің қураған қу сүйек қаңқасын тауып алыпты дей ме, әлде таба алмай қойған ба? Бақтай айтқанда нанар-нанбасымды білмедім. Биіктігі 80 метрге жететін қылқан жапырақты ағаштың бұтағын ат тәрізді, ерттеп мініп алғандай қаздиып тік отыр дейді. Биік ағашқа парашютпен ілініп қалмаса, ол не қылған адам?! 

Әйелі торсаңдап, ләм деместен қызын құшақтап, артқы орындыққа жантайып жатып қалды. Жұлдызды көкке қайран қалып қарайтын балалығы есіне түсіп, ол білегін жастанып, көкмайсаға сұлап жатты. Адам шалқасынан жатса, аспанның орналасуы өзгеріп шыға келеді. Құс жолы төгілген сүт жолы, асыл тастарын жыпырлатып, ақтаңдақтана шексіздікке сүңгиді. Жетіқарақшы жер бетінің тыныштығын күзетіп тұрады. Қарақшы емес, жеті қорықшы деседі. Уақыт өтер емес. Ұйқы жоқ. Түнгі құстардың дауысына елтіп, тың тыңдап жатыр. Ұзамай сыбдыр естілді. Нағашысы елеңдеп жалт қарап, басын көтеріп алғанда, дәл қасында серейіп тұрған жиенін көрді. Оның қолында да жуан таяғы бар. 

– О, тоба, қайда жоғалып кеттің сен?

– Не болушы еді, түнгі даланы бір көрейін деп. Көп уақыт өтпеген сияқты маған. 

– Айналайын-ау, айтпай кеткенде бізді уайымдайды деп неге ойламайсың? Ит-құс кездессе қайтер едің? Бұл маңда сілеусін, қабан бар. 

– Несіне қорқамын? Анау дөңнен асып, біраз жер шолдым. Биік таудың басына шықтым. Тау басынан көргенде айдың бейнесі сән екен. 

– Қызық екен, ескертсең болмай ма? Анау мойныңдағы не нәрсе? 

– Дүрбі ғой, – дей салды жиені, – театрға апаратын.

– Түй, шырағым-ай, театрды тапқан екенсің жеті қараңғыда. Көке, қайдағы қараңғы, ай толған түн ғой. Шырағым-ай, түлен түрткендей оқыс жоғалып кеткенің жарамады. Таң атқанша табылмай қойсаң дал болатын түрім бар. 

– Осы маңнан анық жүз қадам ұзасам бұйырмасын.

– Жер көргің келсе, сая-хатты түнде жасамай-ақ, бағана Нұркенмен бірге қарақатқа барғаныңда бо-лар еді ғой. Кісінің миына кірмейтін ессіз қылық танытпай. Ай толған түні жалғыз-жарым жүрген жанды жын соғып кетуі ғажап емес деп үлкендер шын айтып отыратын. Солардың сөзін теріс деп кім айтты саған?!

– Мен қарусыз емеспін, – деп қабағын шытты жиені мына даудан жалыққандай түр танытып, сонан соң шалбарының қалтасынан қарайған екі нәрсені суырып алып көрсетті. 

– Немене? – деп үңілді нағашысы қолымен ұстай алып.

–  Мынау кнопкалы пышақ. 

– О! – деді темір-терсекке әсіре үйір нағашысы табан астында көзі тұнып кетіп, жас балаша қызығып. Жиені болса, оның бұл затты қалап алуға кет әрі емес екенін сезе қойды. Сыйға бермекші ойын әзір айтпады. 

– Ал мынау электрошок, – деді ол енді салтанатты үнмен.

– Не дейсің?

– Электрошок. Дұшпан бас салса, мейлі, ол адам, я аң, я пері болсын, денесіне тигізе қойсаң, есінен танып жалп етіп жерге құлайды. Сонда басынан аттап, жөніңе кете бересің.

– Заман бүлінді деген осы. Мұны қайдан алып жүрсің?

Қазбек үндемеді. Мұнарт-қан таудың іргесіндегі қалың тоғайдан үкінің бақырған үніне құлағын тоса қалды. Нағашысы оның жүзіне қарап, «осы бала мүмкін елден ерек ғалым болар» деп ойлап қойды.

– Мейлі, шырағым, түн жарымда саяхатшы бақа сияқты біраз қыдырып келсең, енді қозғалайық, – деді нағашысы кенет есінеп салып. 

Ауылдың желке тұсына қораз шақырып жатқан мезгілде ілікті. Нағашысы өз үйінің тұсынан айдап өтіп кетіп, әуелі жиенін әкеп салды. Апасы елеңдеп құс ұйқылы жатса керек, машинаның дыбысынан оянып, ауладан қарсы алды. Аман-есен жеткендеріне қуанып жатыр.

– Бұйырса, ертең келемін, – деді нағашысы қымыз құйылған дәу ыдысты жерге түсіріп жатып, ілес әпкесінің қолына бір дорба ұстатты. – Мынау – сіңлің берген сәлемдеме, жылқының шикі еті мен қызыл ірімшік, қаймақ, құрт.  

– Рахмет, ондағы туыс аман болар.

– Жайынша.

Нағашысы артық сөзді қаламағаны, ұйқы қысып, үйіне асығып тұрғаны білінді. Қазбек бір ауыз сөз айтуды мақұл көрді. 

– Көке, осы жұмада Байтекем-Құлжекем әулиенің басына барсақ қайтеді? 

– Құдай қаласа, аманшылық болса, барамыз, – деді нағашысы бұл жолы анық келісіп. – Әулие дегенің көңілге қонады, қалқам.

Елес шаһар

Қазбек төсегіне жатқан бойда алаңсыз ұйықтап кетті. Түскі асқа анасы оятты. Ауқаттанып, анасымен тілдескен соң бөлмесінде күнделік жазуға отырды. Ол соңғы 3-4 күнде көрген-білгенін мұқият қағазға түсірді. «Бақтай тәтемнің күйеуі Бекен аға – жылқышы. Қысы-жазы елсіз жерде жылқы бағады. Жайлауға баруға түсімде сақал-мұрты күмістен аумай жарқыраған абызды көре бергенім түрткі болды. Жұмбақ қария түсіме кіріп, үш мәрте қайталады: «Балам, қапы қалма, жол азығың мол болсын, ай толған түні жолығамыз, даяр бол!» Оның ар жағында мұнартқан тау сұлбасын көрдім. Таулар толқындана ырғалады. Былтыр жаз Бақтай тәтемнің үйі Бақанаста қонып отырды. 

Жайлауда түн баласында түндігі ашық шаңырақтан жұлдызды аспанға қарап жатып ұйықтадым. Шұбалаңдаған Құс жолы ағараңдайды, төбеңнен көз моншақтай миллиард жұлдыздардан асыл тастар шашып қойғандай. Құс жолының адамның қолы түгілі, қиялы жетпес сиқырлы жұмбағын жер бетіндегілер ешқашан біле алмайды. Көзім талғанша көк жүзіне қарап жатып тәтті ұйқыға шомдым. Алдан бір керемет күтіп тұрғандай әсер етті. 

Ертесінде Бақтай тәтемнің кенже баласы Нұркен екеуміз салт атқа мініп, құз-шатқалдарды аралауға аттандық. Дөңнен асқанда анадайдан Бекен ағаның көмекшісі болып істейтін кісінің ұрыншақ баласын көрдік. Ол қолына қайың шоқпар ұстап,  суыр аулауға шығыпты. Он жасар бала, бірақ сұмдық өлермен екен. Оның малшы атасы суыр аулап, терісін сыпырып ала беруге дәніккен. Немересіне суырды адамнан азған, өлтірсе обалсыз деп үйреткенін Нұркен біледі екен. Біздер салт атпен желіп жеткенше, ол іннен атып шыққан суырды тас атып, қудалауға көшті. «Байбақ! Суырдың айғыры!» деп айқайлап жын ұрғандай қышқыра жүгіргенде жалаң аяғы көкмайсаға тайып, беткейден домалап кетті. Сандалын лақтырып тастапты. Сүйкімсіз, бала сыяғы жоқ. «Ол табанын тас тілсе де, шөгір кірсе де қыңқ етпейді, қасқыр», – деп күлді Нұркен. Аңшылар суырды соғып алса, бейбақ аң бетін басып қорғалақтап, балаша жылайды деп әңгімелейді. Суыр аулағыш бала құласа да қыңқ демей, ақсаңдай басып алыстап бара жатты. Жаз бойы қанша жазықсыз жәндікті өлтірді екен?! 

Менің нағашы атам «қазақ жаралы құсқа – тас, жаралы ерге оқ атпаған» деп қисса-дастаннан батырлар туралы әңгіме айтып отыратын. Обал жасағанды ертеде «Көк соққыр!» деп қарғайды екен. Нұркен мені 80 метр биік өскен балқарағайдың ұшар басында айыр бұтақта құсша қонақтап отырған қаңқаны көрсетуге ертіп бара жатқан. Көк иірім көл жағасына тиіп тұрған тік жартаста ежелгі жануарлардың суреттері тасқа қашалған. Тасқа басқан таңбадай деген ұғым осы бейнелерден шыққан. Көне суреттер екені шиыр-шиыр, иір-иір шимайлардан білінеді. Жартастағы шоң таутекелер мүйіздерімен көкке шаншылып, ірілігі пілдей алып бұқалардың найзадай мүйіздері жер тірейді. Аң аулап жүрген аңшылар сопақ, мойындары қисайып, бойлары сорайып созыла салынған, әйткенмен жартастағы кескіндерді асимметрия бұзып тұрмағаны ғажап.  

– Нұркен аузының суы құ-ри айтқан балқарағайды шыр айнала іздеп таба алмадық. Оның айтуынша, қураған қу сүйек тірі адамдай бұтаққа қорғалап қонып алған. Қаңқа тіпті ер-тоқым салып, ат үстінде отырған шабандоз сияқты нығыз көрінеді екен. Нұркеннің сөзі қаншалық шын, қаншалық жалған екенін білмедім. 

Ертесінде түсіме абыз қария кірді. Күміске малғандай сақал-мұрты жарқырап қоя қоя бергенде, айнала жап-жарық болып кетті. «Жеттің бе, оғланым, – деді ол тура өңімдегідей. – Біз сені күткелі 100 жыл. Нысаналы оғлансың, сен оларды жылатпа! Қапы қалма, жалаңаш барма, біл!» – деп қолыма ши қорамсаққа салынған зат ұстатты. Қарасам, қолжазба сияқты, шиыршықтай орап, оның сыртынан жасыл көзді күміс жүзік кигізген. «Уақыт біртұтас, өткен шақты жойма, оны құртсаң, келешегің қоса құриды. Күн жағынан ал, Ай жағынан алма, ымды білмеген дымды білмейді. Білмеген у ішеді. Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Жер кіндігінде тепе-теңдікті ұста, әйтпесе мына дүние аунап, төңкеріліп түседі», – деп абыз ғайып болды. 

Түсім байи берді. Түс патшалығынан малтығып шыға алар емеспін, биіктігі көкке өрлеген балқарағай астында отыр екемін. Қасымда жалаңаяқ біреу төмен қарап, бүгжеңдеп, суырды тұтас ағаш бұтағына шаншып, отқа қақтап отыр. Дұрыстап қарасам, бағанағы суыр қуған сотқар балаға ұқсайды, бірақ қолдары кәрі шалдікі, кенет қолының терісі қурап, қу сүйек қаңқаға айналды. 

Қолымдағы зүбаржат тас орнатылған күміс жүзікпен буылған ескі қолжазбаны оқи бастасам, түсте бәрі оңай екен, араб һарпін танымасам да айқын оқып жатырмын. Бірақ қолжазбадан «дирхем, дирхем» деген сөзді ғана ұқтым. Қас-қағым сәтте түс айнып үлгерді, бағанағы қатігез бала қудалаған суырдың оң аяғы қан-қан, бақайын ырситып тас тіліп кетіпті. Мен оның жарасын таңу үшін футболкамды жыртып, жараға жалбыз жапырағын тартып бердім. Байбақтың бір уыс алақаны, кішкентай саусақтары адамдікінен аумайды екен. Қатты аяп кеттім. Қалтамнан жейтін бірдеңе берейін деп қарманып жатқанда оянып кеттім. Түсіме суыр кіргенін күндізгі ойдың ми қыртысында бейнеленуі деп қабылдадым.

Әлгі озбыр бала Нұркенмен асық ойнап жүріп, менің күміспен күптелген былғары белбеуіме көзі түсіп, сүзіліп қарағыштай берді. Қызығып, көзі шоқтай жанды. Атамнан қалған жалпақ күміс белдік. Ай жарығында қараса, күмі-сі жалтырап Құс жолына ұқсайды. Күміске әртүрлі ата мал және аң басын таңбалаған. Жылқы, түйе, қошқар, бұқа, бөрі, басы құс бейнелі, құйыршығы арқар мүйізді, денесі шеңбер жасап иірілген фантастикалық аң, жолбарыс – жеті хайуанды ақ күмістен соғып, жетеуді үш қайыра қуалай келтіріп, белдікке бекіткен. Аңдардың көздерін көк, қызыл, жасыл ақық тастан орнатқан. Атам кедейленген соң зергер болған, арқардың мүйізін отқа ұстап, пышаққа, ораққа сап жасайды екен. Қыз-келіншектерге сәнді әшекейдің небір түрін – сырға, алқа, жүзік, білезік соғып берсе, ауылға келіп-кетіп жүретін жатжерлік бақалшы саудагер кепкен өрік-мейіз, жібек мата, айна-тарақ, жіпке айырбастап алғысы келіп тұрады екен.  

Мұндай қымбат белдік ешкімде жоқ. Қазіргі тілмен айтса – эксклюзив. Оның ішкі астарында ұры қуыстары бар, кесек үш күміс монета тығулы. Атам жас кезінде жәрмеңкеге мал айдап барса, белдігін ұйықтаса да белінен шешпей, тұмар қылып тағып жүреді екен. Алыс сапарға аттанса, жұрт көзінен күміс белдігін жасыру үшін сыртынан шапан киіп алады. Күміс бар жерге жын-сайтан жоламайды. Конфеске кезінде апам бұл белдікті иленген өгіз терісіне орап, қара жерге көміп тастапты. Ширек ғасыр жер астында жатқанда белдік шірімеген. Мамам «белдік туралы мақтанып біреуге айтып қойма, тұмарың болсын, ұрлатып алма» дей береді. Әншейінде сандыққа тығып қояды. Біреулерден естіп, музейге қоялық деп сұрап келгендер болды. Анам киелі санайтын күміс белдікті бөтенге сипатсын ба, берген жоқ. Бірақ сол күні ұйқысы бұзылып, жүйкесі жұқарды. 

Мен жайлауға келерде белдікті таққым келгені сондай, мамамды зорға көндірдім. «Балам-ау, үйір-үйір жылқысы сайға сыймайтын, жүз қаралы түйесі иен далада бағусыз жайылып жүретін ата-бабаңнан тек күміс әбзелді ер-тоқым және күміс белдік мұраға қалды. Бәрі талан-таражға түсті. Байтал түгіл бас қайғы заманда, бір үзім нанға зәру болған ашаршылықта екі затты апаң жасырып сақтап қалған көрінеді. Ескінің көзі ұрпағына аманат. Сен мұны көздің қарашығындай сақтап, тұмар қылып тағасың, әуелі Құдай, сосын аруақ желеп-жебейді. Кейін балаңның баласына қалуы керек. Өзгелер көрсе, көз ақы алады, әлі жассың, жоғалтып алма!»

Суыр аулағыш жаман баланың тесірейген көзі ұйқыға жатарда ойыма орала берді. Былтыр жазда мамам екеуміз қыдырып келгенде, Бақтай тәтемнің алтын сырға, қос алтын жүзігін біреулер ұрлап кеткенін айтқаны есіме түсті. Көрші қойшының үйіне тойға кеткенде ұры түскен. Киіз үйдің есігіне қазақ құлып салмайды. Ешкім тимейді, бейсауат ел жоқ деп құр байлап кете берген. «Тойға неге алтын тағып бармайсың? Тойға әйелдер сәнденіп барады ғой», – деп ренжіді мамам сіңлісінің аңқаулығына ыза болып. «Күн ыстықта ыдыс-аяқ, тегене, қазан, күбі жуа берген соң жүзіктерді шешіп, жүзік-сырғамды шүберекке түйіп, сандыққа қоя салыппын. Бекен тойға үш аяқты мотоциклмен апарып тастайын, тез жинал дегенде алтын тағып алсамшы, асығыста тарс ұмытып кеттім. Жоғалуға көрініп тұр екен, қайтейін, бас аман болсын, садақа, барсын дедім де қойдым», – деді Бақтай тәтем күліп. 

Белдігімді тағып ұйқыға жаттым. Түн ауа оқыс оянып кеттім. Түндік ашық, шаңырақтан түнгі аспан бедері айқын көрінеді. Жүрегім атқақтап кеудеме сыймай бара жатқан сияқты. Жайлауда күндіз 30 градус ыстық, түнде суып кетеді. Киіз үйде қалың көрпе жамылып ұйықтайды. Бекен ағаның күртесін киіп, тысқа шықтым. 

Түнгі далада күміс табақтай толған айдан сүт тамып кетердей тамылжып тұр. Ошақ қасында екі тайынша күйіс қайырып жатыр. Ит сәл аулақта, тысырдан атып тұрды. Бұлақ суы сылдыр қаға естілді. Түнгі дала дыбысы өзгеше ырғаққа бағынатын сияқты. Біреу мені іздеп жатқанын елегізе сезіндім. Тау жақтан төмен түсіп, біреу келе жатқан сияқты. Киіз үйге атып кіруге асықпадым. Ішкі дауыс «сабыр түбі сары алтын, мұнда келген мақсатыңды ұмытпа!» деп бұйырды. Бір қарасам, ақ күміске сақал-шашын малғандай қарияны көрдім. Арқасына құс қауырсындарынан жамылғы жауып алыпты. Көзі өте әдемі әрі жылы екен. Үрей сезімнен тез арылдым. Түсімде көрген абыз шалды өңімде кездестірем деп ойлаппын ба?! Әлде түсім бе?

«Балам, ендігі  үміт сенде», – деп ол жүрегіне оң қолын басып, басын иді. Үлкен кісіден мұндай қошамет көргенде таңғалып, аузыма сөз түспеді. Өңі әппақ, 90 жастағы қаусаған шал, бірақ тістері аппақ, ірі, піл сүйегінен ойылғандай, інжудей жарқырайды. Отыз екі тісіне бір сызат түспеген сияқты. Ол кісі соңымнан ер дегендей белгі берді. Тау жаққа бастады. 

Жолбасшым абыз. Тау үңгіріне қолдарына оты маздаған майшырақ ұстаған ерлер түсіп бара жатты. Біз соларға қосылдық. Үңгірден өткенде алдан жер астындағы шаһардың алтын қақпасы ашылды. Сән-салтанат тұнған, керемет бай, сұлу шаһар екені дарбазасынан көрінді. Тоңазудан арылып, денем ыси бастады. Мұнда өте жылы. Бірден шаһардың бас көшесіне ендік. Майшырақтар неге керек болғаны түсінікті болды. Шаһар жер астында, күн көзі жоқ болған соң, барлық жерде самаладай қылып жарық жағылған. 

Көше толы халық, «бұлар түнде ұйықтамай ма?» деп ойлауым мұң екен, топ ішінен егделеу кісі қасыма келіп: «Шырағым, мұнда күн де түн, түн де түн», – деп құмыға айтқанда, дауысы жылауға бергісіз мұңды естілді. Бұл кісінің кір шалмаған сұлу тістері тап-таза, аппақ. Тұрғындардың барлығы өңді, ұзын бойлы, жылы жүзді, бұлардан қастық келмейді деп ойлап үлгердім. Балалары ата-анасының тасасында менен көз айырмай қарап қалыпты. Бәрі маған әулие көргендей үміттене қарайтын сияқтанды. 

Басына атлас орамал байлаған кәрі кемпір, жасы үлкен болған соң мейманға құрмет көрсету рәсімін жасап, «Дәм тат!» – дегенде қалт жібермей, оның аузына қарап қалдым. Оның тістерін анықтап көргім келді. О, тоба, жасы мен тісі жер мен көктей, кемпірдің тістері жас сұлудың маржан тістерінен аусашы! 

Сусын құярда дастарқан үстіне үш түрлі ыдыс қойды. «Қайсысына құяйын? Қайсысын қалайсың?» – деп сұрады еліктің лағындай жас қыз көзі жалт ете түсіп. Біреуі – былғары теріден, бірі – саздан, бірі фарфор шыныдан жасалған. Жұқалығы ақ қағаздай фарфор кеседе әсем табиғат бейнеленген, ағынды суда балық жүзіп, жағасында гүлдер жайқала өсіп, бұтасында әдемі құстар ұшып-қонып жүр. Қызыл саздан күйдірілген кесе жиегіне өзгеше өрнек түскен, керуен тартқандай геометриялық сызықтар. Фарфор кесе мен саз кесе археологиялық қазбадан табылғандай өте көне замандікі тәрізді, бірақ жарқырап тұр. Былғары тостағанға түскен қошқар мүйіз оюды теріге батырып істепті. 

Ыдыс таңдарда көзім мені ертіп келген көріпкел қарияға түсіп кетіп еді. Жадыма оның «Ай жағынан алма, Күн жағынан ал» дегені сап ете қалды. «Ол нені білдіреді?» деп ойланып, бөгеліп қалдым. Абыз ақырын басын изеді. «Ай жағы қайсы, Күн жағы қайсы?!» Қапелімде ойыма түк түсер емес. Тек анамның «оң аяғыңмен шық, қасықты оң қолыңмен ұста» деп айта беретіні ойыма келе қалды. Енді үш түрлі ыдыстың бірін таңдау керек. Қаз-қатар тұрған үшеуі – расында өнер туындысы. Қарияның түсімде айтқан аян сөзі ойыма кеп іркілді. «Ымды білмеген дымды білмейді. Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегені қайда! Со замат, не құдірет, оң қолым өзінен-өзі былғарыдан жасалған тостағанның шетіне тиді. 

Еліктің лағындай әдемі қыз бала лып етіп, былғары теріден жасалған ыдысқа сабадан, иә, кәдімгі сабадан қымыз құйды. Жұтып жібергенімде, дәмі Бақтай тәтемнің қымызындай бал татиды екен! Жан сарайым ашылып қоя берді. Абыз атаның мейірімді көзі қуаныштан сәл жасаурап кеткенін көрдім. 
Бір сәт үнсіздіктен соң олар мені павильонға ұқсайтын кең сарайға алып келді. «Күллі әлемнің барша қазынасы жиналған шығар» деп қайран қалдым. Мың бір түн ертегілеріндегі, Әли баба мен қырық қарақшының дәулеті мұның қасында кедей-кепшіктің жұпыны лашығы сияқты әсер етер еді. Жер бетінде бағзыда дәурені жүрген небір азулы империялар қазынасы осы жерде ме деп қабылдадым. «Дүкеннен тек үш нәрсе сатып алсаң болды. Құдай тілеуіңді берсін!» – деді жас жігіт иіліп. Дауысында ерекше бір толқу бар. 

Ендігі зейінім көз жауын алар көркем, қымбат заттарға ауды. «Бұлар қымбат шығар, бағасы қанша?» – деп сұра-дым мен одан. «Қандай зат болса да, құрметті мейман үшін бағасы бір дирхем», – деді ол сыпайы басын иіп. Анадайдан абыз шалға көзім түсті. Оның зерделі көзқарасы: «Балам, мұнда көз жауын алар әсем зат көп. Бірақ сен заттардың арасынан таңдап, ең керегін ал, өйтпесең, өкініші естен кетпес», – дегенді тілсіз ұқтырғандай еді. 

Піл сүйегінен ойылған тұғырда он екі аң кескінделген, алтын, күміс, асыл тастармен безендірілген. Қараса көз тоятын әдемі заттар шаш-етектен. Олардың бәріне зер сала қарауға бір түн жетпейді. Кенет сырт мұқабасы өте мұқият өңделген, ешкі терісімен қатпалған үлкен кітапқа көзім түсті. Орта ғасырларда ғұламалар жазған фолиант. Ішін ашсам, күміс әріптермен жазылған, иллюстрациялары бар руна белгілерін, қазақтың ру таңбаларын көрдім. Қазақы тақия көзіме оттай басылды. Жасыл пүліштен ою салған тақияға қанат бітіп, басыма құс тәрізді қона кетердей жылу сездім. Ағаш шелекке бір көшетті тамырымен суға салып қойыпты. Бүршік жара бастаған жап-жасыл көшеттің хош иісі мұрныма келді. «Мына көшет сатыла ма?» – деп сұрадым мен. «Иә, не қаласаң, соны сатып алуға болады!» 

Таңдауым – фолиант, тақия, көшет. Осы үш затты алуға бел будым. Өйткені тым қымбат заттарды арзан бағаға сатып алуға ұялдым.  Көргенсіз демесін. Сатушы үш затты бөлектеп, тақия мен кітапты киіз қоржынның бір басына, көшетті екінші басына салды. Енді баршасы анталап, менің қалай төлейтінімді қалт жібермей баға қалғандай сезілді. Әсіресе, абыз шалдың көзқарасы сұмдық жалынышты. Шалбарымның қалтасына қолымды сүңгітіп жіберсем, тесік тиын жоқ. Халық менің қолыма тесіле қарағанда шошып кеттім. Қолыма түк ілікпей шыққанда біреу ішін тартып, жылап жіберді. Абыз оны тыйғандай оң қолын көтерді. Мен жалма-жан джинси шалбардың артқы қалтасына қол жүгірттім. Тағы түк тап-падым. «Бағанадан бері ақша туралы неге ойламадым?» деп өзімді сұмдық жазғырып тұрмын. Менің көк тиыным жоқ екенін көргенде айнала жиылған халық, үлкені де, кішісі де қайғылы кейіпте еңіреп жылай бастады. Не істерге білмей қатты састым. Маздаған жасанды шырақтардың жарығы шайқалып бара жатқан сияқты. Со замат ортағасырлық көркем шаһар бұлдырап жоғала бастағандай, бедер-бейнесі қорғасындай балқып, қараңғылыққа жұтылып, теңселе бастады.

«Үш зат, құны үш дирхем!» – деп айқайлады сатушы жігіт саулаған көз жасын жеңімен сүртіп. Со замат күміс белдігіме саусағымның ұшы тиіп кетті. Есіме белдікте тығулы үш күміс ақша бары түскені. «Таптым!» – деп айқай салдым. Жұрт селк етіп, дереу көз жасын тыя қойды. Дана қарияның көзі нұрланып, маған иек қақты. Мен күміс белдігімді шешіп, ішкі астарынан үш күміс монетаны суырып кеп алғанда, айнала қоршаған ел шаттықтан  мыңдаған тырналардай қиқулап кеткенде құлағым тұнды. Сатушының алақанына үш күміс салдым. Күміс белдікті беліме тағып үлгергенше, алып-ұшқан ғаламат көңілді әуен ойналып, елдің бәрі дөңгелене билей жөнелді. Сырнайлатып, кернейлетіп төңірек шуға толды. Сатушы күміс монеталарды алған бетте үш зат салынған қоржынды иығыма асып берді. Құпия шаһардың сырын білуге ынтығып, біреу болмаса біреуден сұрамақшы едім, алайда олар мас адамдар сияқты музыкаға елтіп, еліре билей берді, билей берді. Абызды іздеп едім, таппай қалдым. 

«Қой, есім барда еліме қайтайын» деп келген ізім-мен кері оралдым. Жолда кездескен тұрғындардан: «Не болды? Айтыңдаршы!» – десем, бәрінің қуанышы қойнына сыймай, секіріп билеп жүр.Маған жауап беруге мұршасы жоқ. Былай шыға бір тасқа отыра кетіп, басыма жасыл тақиямды киіп, қоржындағы үлкен кітапты ашып қарай бастадым. Кітаптың үшінші бетіндегі жазуға көзім түсті. 

«...Құс жолы күллі аспанды тұтас белдеулейді. Көктем мен күзде тырналар  тізіліп ұшатын жол – 135 миллиард жұлдыздар легі жарқырап, жыл құстарын, суыт жорытқан ерлерді тас қараңғыда жолдан адастырмайды. Кей халық Сүт жолы деп сүйіп атайды. Ай жарығын Күннен алады. Айда су жоқ. Жанартаулар басында және беткейінде ойық шұңқырларда мұздардың мол қоры бар. Ана нәрестесін аялай бауырына басқан тәрізді, алтын Күн жасыл Жерді мәпелейді. Өйткені тартылыс заңы Жаратушының асқан мейіріне бағынады. 

Күнсіз дүние қараң. Қас пен көздің арасында дуаланған шаһар жер астына түсіп кетті. Қарғыс атты. Мыңжылдықтар өтіп барады. Үш жүз жыл бұрын болған трагедия жадтан өшер емес. Мерзімді сағаты соққанда жер бетінің Құдай айдап келген бір тұрғыны екі бұйым сатып алып, үшінші затты сатып алуға қаржысы жетпей қалғанда, елес шаһар қайтадан сағымға айналып, жер астына кетті. Алтын Күнді көзбен көрер, алтын Күннің жаһұт шуағын сезінер заман бар ма?! Солайша, бірнеше ғасыр шаһар халқы сордан, шерден айыға алмай келеді. Жүз жылда бір мезет қарғыс атқан кесірден арылуға рұқсат бар.  Жүз жыл сайын бұл шаһар ай толған түні жер бетіне қалқып шығады. Со кезде ғайыптан жер үстінің бір адамы кездесіп, дүкеннен үш зат сатып алса, онда сағым шаһар рухын құрсаған жазадан, магиялық сиқырдан біржола құтылады. Аруақтар рухы тынышталып, кейінгі ұрпақтар жазмышына Жер бетінде, жарқыраған асқақ Күн астында ірі елге айналып, бақытты өмірге кенелу жазылған». 

Жазу көне тілде жазыл-ғанымен, мағынасын түсініп оқығаныма ризамын. Құдайдың құдіретіне шек жоқ. Есіл-дертім ары қарай оқи беруге ауғанмен, шолпан жұлдыз туып, таң атқан кезде қолымдағы қалың кітап бұлдырап, тозаңға айналып кетті. Селк еттім. Қой тастың үстінде қалғып отыр екенмін. Үстімде күрте. Жалма-жан белдігімді сипалап көрдім, жүрегім зырқ ете түсіп еді. Күміс белдігім белімде. Қайдамын деп қарасам, Бақтай тәтемнің киіз үйі қол созым жерде домаланып тұр. Құстай ұшып жүгіре жөнелдім. Келе көрпемді бүркеніп жата кеттім. Нұркен текемет үстінде қалыңдап салған жер төсекте пысылдап ұйықтап жатыр. Бақтай тәтемнің бір бүйірінде кенже қызы ұйқыда...»

Басы өткен санда

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы