• Спорт жұлдыздары
  • 24 Қараша, 2021

Әлем чемпионаты алынбас қамалға айналды

Норвегия астанасы Ослода өткен әлем чемпионатында балуандарымыз биіктен көріне алмады. Токио олимпиадасындағы олқылықтың орны Ослода түзелеріне сенген едік. Өкінішке қарай, артқан сенім мен күткен үміт ақталмады. Скандинавия түбегінде сынға түскен Қазақстан құрамасы қатарынан қос балуанымыз ғана жүлделі болып, қалғаны құралақан қайтты. Әлем чемпионаттарына дербес команда ретінде 22 рет қатысқан Қазақстан құрамасының алтын алмағанына 20 жылдан асты. Қазақ балуандары үшін әлем чемпионаты алынбас қамал, алтын тұғыр арман болып тұр. Сенім үдесінен шыға алмаған спортшылар сәтсіздігінің себебіне тоқталуды жөн көрдік.

Скандинавия түбегіне сапар шеккен спортшылардың барлығын жанкүйерлер жақсы біледі. Cайдың тасындай іріктелген сайыпқырандардың осалы жоқ еді. Боз кілемде бірінші боп белдескен еркін күрес шеберлерінен екі жыл бұрынғы нәтижені қайталайды деп күттік. Бірақ жеңіс тұғырында жүздері бал-бұл жайнап тұрған балуандарымыздың бірде-біреуі болмады. Ослода өнер көрсеткен тоғыз балуанның бесеуі алғашқы айналымнан аса алмаса, екеуі екінші кезеңде ұтылды. Тек 86 келідегі Азамат Дәулетбеков пен аса ауыр салмақтағы Олег Болтин қола жүлде үшін белдесуде жеңіліс тапты. Шыны керек, бұл жайт еліміздегі күрес деңгейінің қаншалықты екенін айқындап берді. Материалдық базалары әлдеқайда нашар, қаржыландыруы бізден төмен «айыр қалпақты» ағайындарымыз алдымызды орап кетті. Күміс пен қола жүлде еншілеген қырғыздар-дың күрес деңгейі біздікінен жоғары екенін мойындауға мәжбүр болдық. Даңқты балуан, олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров жігіттердің жеңілісіне федерация басшыларын кінәлап, олжасыз оралғандарына қапаланғанын жасырмады. 

– Ослодағы әлем чемпионаты күресте прогресстің жоқтығын көрсетті. 1996 жылы қандай еді, әлі де сондай. Легионерлердің жетістігіне мақтанудың жөні жоқ. Жоғарыдағы басшылар өзіміздің балуандарға дұрыс көңіл бөлу керек. Балуандар маңызды додалардың алдында ылғи Польшада оқу-жаттығу жиынын өткізетінін көріп, біліп жатырмыз. Польшада оқу-жаттығу жиынын өткізетіндей қанша олимпиада чемпионы бар? Қанша әлем чемпионы бар? Неліктен күрес деңгейі төмен елде дайындалады? Неге Дағыстанға, Осетияға, Грузия, Әзірбайжан сияқты елдерге бармайды? Аға-көкенің балаларын тыққылай бермей, арттағы буындарды жақсылап дайындау керек. Олимпиададан кейін спортты қойған Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев сынды балуандардың орнын басатын бала жоқ. Неге? Көкейдегі осы сұрақтың жауабы жоқ. Қаншама қаржы бөлініп жатыр. Көрші қырғыз ағайындардың күресіне қызыға қарайтын дәрежеге жеттік. Оларға көмектесіп, қаржылан-дырып отырған – бір-ақ адам. Бүкіл мемлекет емес, бір ғана демеушінің қалтасынан шығып жатқан қаржының арқасында осындай деңгейге жетті. Біздегі күрес түрлерінің федерация басшылары да дәл осылай жұмыс істеу керек. Федерациядағы президент, вице-президент ақшаны алу емес, балуандарға салу керек. Басшылыққа Маулен Мамыров, Ислам Байрамуков сияқты күресті түсінетін, әр облысқа, әр өңірге жаны ашитын адамдарды қою керек. Ниязбеков, Өсербаев сияқты балуандарды жан-жаққа жібермей, бапкерлікке алып қалу керек. Кезінде Белоглазов, Гацалов сияқтыларға 20 мың, 15 мың доллардан төледі. Қайда солардың нәтижесі? Неге осы мәселені тек мен айтуым керек? Журналистер қауымы осының бәрін ашып айтып, есебін сұрау керек, – дейді Лондон олимпиадасының қола жүлдегері.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ЕҢ КӨП ҚАТЫСҚАН БАЛУАНДАР

Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан дүбірлі додада алтыннан алқа таққан қазақстандық балуандар саусақпен санарлық. Жалпы күрес түрлерінен Қазақстан құрамасы тәуелсіздік алғаннан бері 52 жүлдеге қол жеткізген. Соның 26-сын иеленген грек-рим күрес шеберлері 5 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль олжаласа, еркін күрес балуандары 15 жүлде жеңіп алған. Оның 5-еуі – күміс, 10-ы – қола. Ал әйелдер күресінен қоржынымызда 4 күміс және 7 қола медаль бар. Ослода  өнер көрсеткен бұрымды балуандардың ішінде ең көп әлем чемпионатына қатысқан Аяулым Қасымова мен Эльмира Сыздықова еді. Бұл байрақты бәсеке Эльмира үшін – алтыншы, Аяулым үшін бесінші әлем біріншілігі болды. Эльмира екі рет қола жүлдеге таласып, жеңіліс тапты. Аяулым 2016 жылғы әлем чемпионатында ғана қола жүлде үшін күресті. Қалған додаларда алғашқы айналымнан аса алмады. Ал Айна Теміртас (65 келі) және Жәмила Бақбергенова (72 келі) екінші рет әлем чемпионатында сынға түсті. Елордада өткен әлем чемпионатының алғашқы айналымында сүрінген Айна бұл жолы да бірінші белдесуінде жеңілді. Нұр-Сұлтанда Жәмилә Бақбергенованы қоладан қаққан жапон балуаны Масако Фуруити Ослода алтыннан айырды. Шыны керек, Жәмила ақтық сынға жапон балуанымен шыққанда, екі жыл бұрын кеткен есені қайтаратынына сендік. Бірақ Масаконың мысы басым, мерейі үстем болды. Алаш аруының әлем чемпионатында алтыннан алқа таққанын көру арманда қалды. Дегенмен Жәмила әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізген алғашқы қазақ қызы ретінде тарихқа енді. 

«Классиктердің» арасында төртінші рет әлем чемпионатына қатысқан балуандар бар. Мақсат Ережепов ширек финалға дейін үш рет жетсе, Ерұлан Ысқақов үш рет алғашқы айналымнан аса алмады. Әлімхан Сыздықов пен Темірлан Шадукаев 2018 жылғы әлем чемпионатында да, биылғы дүрмекте де бірінші белдесуінде жеңілді. Әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегерлері Айдос Сұлтанғали мен Қорлан Жақанша үшін де екінші әлем чемпионаты сәтсіз болды. Ересектер сапына жаңадан қосылған Сұлтан Әсетұлы мен Қаһарман Қисметов те дүниежүзілік доданың дуына дайын болмады. «Классиктерді» абыройсыздықтан аман алып қалған – Алмат Кебісбаев. Расында, он бір жыл бойы құраманы өрге сүйреген спортшы бұл жолы да нағыз капитан екенін дәлелдеді. Ослодағы дүрмек Кебісбаев үшін жетінші әлем чемпионаты болды. Осы уақытқа дейін бір күміс, үш қолаға қол жеткізген спортшыны бұл жолы топ жарады деп топшыладық. Алматтың өзі де алтын алуды көздеп барғанын, жартылай финалда өз қателігінен есе жібергенін жасырмады.

– Әрине, әр жарыста жеңімпаз атанып, ел абыройын асқақтатып қайтуды көздейміз. Әлем чемпионатында да дәл осы мақсатпен өнер көрсетіп, барымызды салдық. Жартылай финалда Ресей балуанына қарсы тактикалық қателіктерге бой алдырып, асығыстық таныттым. Бірінші кезеңде 5:0 есебімен ұтылып жатып, соңғы секундтарда әдіс жасап, есепті 4 ұпайға қысқарттым. Екінші кезеңде де сол әдісті қайта жасамақ болғанда, қарсы әдіске түсіп қалдым. Ары қарай қарсыласым жабылып алып, күреспей қойды. Бәлкім, жеке бапкерім Боранбек Қоңыратовтың ақыл-кеңесі жетпеген шығар. Десек те әлі спорттан кеткен жоқпын. Әлі де бір қағарым бар, бозкілемнен алмаған әлі де несібем бар сияқты. Алда не болары маған да қызық, – дейді Алмат. Дегенмен Кебісбаев бес әлем чемпионатында олжа салған жалғыз спортшы ретінде тарихта қалды. Айтпақшы, капитан командаластарына сенімділік жетіспегенін де тілге тиек етті.  Ослодағы әлем чемпионатында еркін күрес шеберлері жас құраммен өнер көрсетті деуге болады. Өйткені жастар буынынан енді ғана ауысқан Мейрамбек Қартбай (57 келі), Адлан Асқаров (61 келі), Әділ Оспанов (65 келі) және Талғат Сырбаз (70 келі) үшін алғашқы әлем чемпионаты болды. Басқа балуандарымыз әлем біріншілігіне екінші рет қатысып отыр.

БУЫН АЛМАСУ КЕЗІНДЕГІ КЕДЕРГІЛЕР

Токио олимпиадасынан кейінгі бұл біріншілік команданың деңгейін шын анықтап берді. Олимпиадаға қатысқан балуандардың барлығы жарыстан шет қалды. Ал олардың орнын басатын спортшылар үшін бірінші кезеңнен өтудің өзі мұң болды. Демек, еліміздегі күрес түрлері буын алмасу кезіндегі дағдарысқа душар болған. Әсіресе, бұл грек-рим күресі мен әйелдер күресінде қатты байқалады. Мысалы, грек-рим күресінде бірнеше салмақта айналдырған бір-екі балуанды барлық жарысқа апарады. Оған дәлел – 97 келідегі Ерұлан Ысқақовтың төрт рет әлем чемпионатына баруы. 87 келіде Азамат Құстыбаев пен Нұрсұлтан Тұрсыновтың орнын басатын балуанды көрмедік. Ал аса ауыр салмақта тіпті күресетін бала жоқ. Нұрмахан Тыналиевтың кезінде де бәсекелестік жоқтың қасы еді. Қазір де жағдай мәз емес. 98 келіден ауысқан Әлімхан Сыздықовқа тойтарыс беретін балуан жоқ. 

Одан бөлек, ірі додаларға іріктеу кезінде спортшылардың әділетсіздікке көп ұшырайтыны өтірік емес. 2018 жылы ел біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей,  ешкімге дес бермеген ағайынды Фидахметовтер талайды тамсандырған еді. Қазақстан чемпионатында топ жарған балуандар автоматты түрде Азияда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады. Бірақ ағайынды балуанның екеуі де Азия чемпионатынан тыс қалды. Бұл да бір әділетсіздіктің көрінісі емес пе?  2014 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қарсыластарын қоғадай жапырған Ернар Фидахметов сияқты талантты балуанның тасада қалғаны өкінішті. Әйелдер күресінде де тура осы жайт. 62 келідегі Аяулым Қасымова мен Эльмира Сыздықованың ізін басатын, жолын жалғастыратын жастар жоқ. Ертең бұл балуандар спорттық мансабын аяқтаса, жер сипап қалуымыз ғажап емес. Бұл федерация басшыларына да, бапкерлерге де үлкен сын екені анық. Біз қазақ балуандарының алтын тұғырдан қол бұлғап тұрғанын көргіміз келеді. Дарқан даламыздан әлем чемпионатында алтын алуға лайықты бірде-бір белді жігіттің табылмағаны қынжылтады.  

P.S: Алда күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты өтеді. Енді соларға сенім артып, осы олқылықтың орнын толтырады деп үміттенеміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2021

629 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы