• Спорт жұлдыздары
  • 19 Қаңтар, 2022

Ақ Олимпиадада абыройымыз асқақтай ма?

Жақында жаһан жұрты асыға күтетін XXIV қысқы Олимпиада жалауын желбіретеді. Қытайдың Бейжің қаласында өтетін байрақты бәсеке Қазақстан үшін сегізінші олимпиялық ойындар болмақ. Жалпы бұл олимпиада біздің елімізде өтуі де мүмкін еді. Дегенмен шешуші сәтте Бейжің мен Алматы қалаларына таңдау түсіп, Қытай астанасы бар болғаны 4 дауыс (44:40) басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша, Бейжің жазғы және қысқы олимпиада ойындарын қабылдаған алғашқы қала атанбақ. Биылғы тарихи маңызды оқиғалардың шымылдығын ашатын олимпиада ойындарына кеңінен тоқталуды жөн көрдік.

ЖЕТІ ОЛИМПИАДАДА – СЕГІЗ МЕДАЛЬ

Қазақстан құрамасы тәуелсіз ел ретінде алғаш рет 1994 жылғы ақ олимпиадада өнер көрсетті. Бұл Қазақстан үшін ең сәтті қысқы олимпиада ретінде тарихта қалды. Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен додада спорттың 8 түрінен 29 спортшымыз қатысып, жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтады. Шаңғымен жүгіру спортынан сынға түскен Владимир Смирнов жалғыз өзі-ақ 3 медаль иеленіп, үздік екенін күмәнсіз дәлелдеді. Ол классикалық стиль бойынша 50 шақырымдық жарыста 2 сағат 7 минут көрсетіп, алтыннан алқа тақса, 10 және 25 шақырым қашықтықтарда күміске қол жеткізді. Смирнов араға төрт жыл салып, Жапонияның Нагано қаласында өткен олимпиадада үздік үштіктен көрінді. Айтпақшы, Владимир Смирнов – ақ олимпиадада алтын алған алғашқы, әзірге жалғыз спортшы.

Дәл осы Жапониядан жүлдемен қайтқан конькиші Людмила Прокашева да – құрама қоржынына жүлде салған санаулы спортшылардың бірі. Ол 5000 метр қашықтықта сынға түсіп, 7 минут 11 секунд нәтижесімен қола жүлдегер атанды. Осыдан кейін Қазақстан құрамасы екі олимпиада қатарынан құралақан қайтты. 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) сынға түскен 50 спортшының бірде-біреуі жүлдеге іліне алмаса, 2006 жылы Туринде (Италия) 67 спортшымыз да сәтсіз өнер көрсетті. Ал 2010 жылы Ванкуверде (Канада) өткен олимпиадада күллі Қазақстан Елена Хрусталеваның күмісін қанағат тұтты. Биатлоннан 15 шм қашықтықта өнер көрсеткен отандасымыз 41 минут 13,5 секунд көрсетіп, алдына тек норвегиялық Тора Бергерді жіберді.

2014 жылғы Сочи олимпиадасындағы Денис Теннің өнері жанкүйерлердің жадында. Мәнерлеп сырғанаудан сынға түскен Тен талайды тамсандырып, 255,10 ұпаймен үздік үштіктен көрінді. Ол мәнерлеп сырғанау спорты бойынша Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке жетіп, олимпиада жүлдегері атанған тұңғыш спортшы атанды. Өкінішке қарай, отандасымыз 2018 жылғы Пхенчхандағы олимпиадада сәтсіз өнер көрсетіп, 27-орынды місе тұтты. Дегенмен фристайлмогулдан Юлия Галышева Қазақстан құрамасын жүлдесіз қайтудан құтқарып, қоржынға жалғыз қола жүлдені салды. Алдағы Бейжіңдегі байрақты бәсекеде жарыс жолына шығатын спортшыларымыздан айрықша үміт күтеміз. Кім білер, бәлкім араға 28 жыл салып ел қоржынына қайтадан алтын жүлде салынар...

БЕЙЖІҢДЕГІ БӘСЕКЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Бейжіңдегі ақ олимпиаданың басты ерекшелігі – жарыстың үш қалада өтетіндігінде. Яғни Бейжіңнен бөлек, спортшылар Яньцин мен Чжанцзякоу қалаларында өнер көрсетеді. Керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты және ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр Бейжіңде өтсе, Яньциньде шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортының жүлделері сарапқа салынады. Ал Чжанцзякоу сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлон бәсекелерін қабылдайды. Сондай-ақ спортшылар жаңадан қосылған 7 жарыс түрі бойынша сайысқа түседі. Олар – әйелдердің жекелей бобслейі, ерлер мен әйелдер арасындағы шаңғы биг-эйрі, шорт-тректегі аралас эстафета, тұғырдан секіру, фристайл және сноубордкросс бойынша аралас командалық жарыстары. Бұл олимпиялық ойындарда 7 спорт түрінен 15 бағдарлама бойынша 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Айтпақшы, Токиодағыдай Бейжіңде де ерлер мен әйелдер саны біршама теңесті. Әйелдер қатысатын жарыс алдыңғы олимпиадалармен салыстырғанда әлдеқайда көп болмақ. Қатысушылардың 45 пайызы әйелдер болмақ. «Ортақ болашақ үшін бірге» (Together for a Shared Future) ұранымен өтетін Қытайдағы қысқы олимпиадаға 4000- дай спортшы қатысады деп күтілуде. 13 спорт нысанында өтетін ойындардың ресми ашылу салтанатына көрермендер кіре алмайды. Сонымен қатар Бейжің олимпиадасы қытайлардың басты, ұлттық мерекесі саналатын «Көктем» немесе Жаңа жылымен тұспа-тұс келетінін де айта кеткен жөн. Халықаралық олимпиялық комитет Бейжің олимпиадасында ковидке қарсы шаралардың да қатал болатынын мәлімдеді. Мысалы, Токиода тек олимпиялық ауылға кіретін тұлғаларға ғана күн сайын ПТР тапсыру міндет болса, Бейжіңде әрбір қатысушы күн сайын ПТР тест тапсырады.

КІМНЕН НЕ КҮТЕМІЗ?

Бейжің олимпиадасының лицензиялық турнирлері қаңтардың ортасына дейін жалғасады. Содан кейін ғана олимпиадаға қатысатын спортшылар саны нақты белгілі болады. Дегенмен қазірдің өзінде спортшыларымыз спорттың жеті түрінен жолдама алған. Нақтырақ айтсақ, шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл (могул, акробатика), тау шаңғысы, шорт-трек және конькимен жүгіру секілді спорт түрлерінен жолдамаларымыз бар. Бейжіңге баратын 48 спортшы 95 жолдама жеңіп алуды жоспарлап отыр. Фристайл-могул бағдарламасында басты үмітіміз Юлия Галышева сынға түседі. Галышева 2018 жылы Пхенчхан олимпиадасында сәтті өнер көрсетіп, үздік үштікке енген еді. Бірақ 2021 жыл отандасымыз үшін аса сәтті болмады. Әлем кубогы кезеңдерінде үздік бестіктің арасына ене алған жоқ. Дегенмен Галышева бабына асықпай еніп, олимпиадаға сақадай сай боп барса, Пхенчхан жетістігін қайталауы, тіпті асып түсуі де мүмкін. Одан бөлек, Анастасия Городко мен Аяулым Әміреноваға да үміт артамыз. Ал ерлер арасында Финляндияның Рука қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде тамаша өнер көрсеткен Павел Колмаковтан «тосын сый» күтуге болады. Олимпиада чемпионы Майкл Кингберриден небары 0,89 ұпай ұтылған отандасымыздың көрсеткіштері үмітке жетелейді. Жанбота Алдабергенова – Бейжіңдегі байрақты бәсекеде басты үміт артатын спортшының бірі. Фристайл-акробатикадан өнер көрсететін Жанботаның аяқ алысы жаман емес. Ол әлем кубогының алғашқы кезеңінде күміс медаль жеңіп алды. Содан кейін Финляндияда өткен әлем кубогының үшінші кезеңінде үздік төрттікке ілінді. Жанбота олимпиада қарсаңында нағыз бабында болып, бағы қатар шапса, үлкен сенсация жасауы ғажап емес. Әлем кубогын сәтті бастаған шорт-трекшілеріміздің нәтижесі көңіл қуантарлықтай еді. Олимпиада өтетін Бейжіңдегі аренада қос спортшымыз үздіктер қатарынан көрінді. Денис Никиша 500 метр қашықтықта қола жүлдеге қол жеткізсе, Әділ Ғалиахметов 1500 метр жарыста күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Никиша Жапонияның Нагоя қаласында өткен әлем кубогының екінші кезеңінде де үшінші орыннан көрінді. Өкінішке қарай, содан кейін шорт-трекшілеріміз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Олимпиада жүлдесіне жақындап келе жатқан шорт-трекшілеріміздің жұлдызды сәті Бейжіңде туса екен дейміз. Шаңғымен жүгіру спортынан Владимир Смирнов, биатлоннан Екатерина Хрусталева дәуірінен кейін спортшыларымыз ауыз толтырып айтарлық нәтиже көрсете алмай келеді. Әлем кубогы кезеңдерінде шаңғышылардың да, биатлоншылардың да бірде-біреуі үздік 50 спортшы қатарына ене алған жоқ. Шаңғышыларымыз бен биатлоншыларымыз жуық арада жанкүйерлерді қуантуы екіталай.

Айтпақшы, биыл қысқы спорт түрлерінің дайындығы үшін 2,9 млрд теңге бөлінген. Яғни алдыңғы жылдармен салыстырғанда әжептәуір көп қаражат. Сондай-ақ дәл қазіргі сәтте әлемдегі үздік он спортшының қатарына енетін 10 отандасымыз да бар. Демек, Бейжіңдегі байрақты бәсекеден кемі бір алтын жүлде аламыз деген сенімдеміз. Бәлкім, 2008 жылғы жазғы олимпиададағы жетістігіміз қайталанып, ақ Олимпиадада абыройымыз асқақтар. Лайым солай болғай!

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

331 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы