• Маман кеңесі
  • 16 Мамыр, 2022

«Күшігінде» таланған балада болар көп арман

Балалық шақ – адам өмірінің ең бір бақытты кезеңдерінің бірі. Алайда бақытты балалық шақ бәрінде бірдей болмайтынын да ескерген жөн. Себебі әр адамның өмір тарихы әртүрлі. Сіз мүлде естімеген балалық шақ әлдекімнің басынан өткен болуы мүмкін. Психолог мамандар бүкіл мәселені бала кезден тарқататыны белгілі. Неге олай десеңіз, адамның ересек өмірдегі өмір сүру һәм ойлау моделі бала кезден қалыптасады екен. Тіпті, қазір «детская травма» деген тіркес те ел арасында жиі айтылып жүр. Балалық жарақат қалай пайда болады, оның қандай салдары бар? Психолог маманнан сұрап көрдік.

Психолог Аида Тұрғазының айтуынша, балалық шақ – үлкен өмірге дайындық. Ол – дамуға берілген уақыт. Осы тұста баланың түйгені мен сезгені алдағы өміріндегі нұсқаулық болмақ. Сонда ол ата-ананың балаға ұстатқан нұсқаулығының сапасына сай баланың ары қарайғы өмірі құрылады. 

– Не үшін адам психоло-гиялық жарақаттың көп бөлігін балалық шағында алады? Себебі жарақат адамның басынан өткен оқиғаларынан, психологиялық күйінен көрініс табады. Бала ситуацияны басқара алмайды, өйткені әзірге оған тәжірибесі жоқ. Бұл шақта адамның мүлде өмірлік тәжірибесі болмайды, болған оқиғаға дұрыс баға бере алмайды. Ол айналасындағы адамдарға тәуелді болғаннан кейін оның тәжірибесінен тыс бір оқиға бола қалса, негатив эмоция өршігенде жарақат пайда болады. Барлығы бастан өткен оқиғаларға байланысты. Сәйкесінше, біз мына жаста мынадай болады деп нақты айта алмаймыз. Баланың өскен ортасы және оның айналасындағы адамдар қаншалықты деңгейде баланың психологиялық саулығына жауапкершілікпен қарай алды, бала қаншалықты жағымды атмосферада өсті – бәрі оған тікелей әсер етеді. Яғни бала жағымсыз атмосферада көп болса, негативті эмоциялар жиі болса, өзін сондай ситуация кезінде қорғансыз сезінсе, онда балалық жарақат болу ықтималдығы өте жоғары, – дейді маман.

Осыдан соң адам өзінің балалық жарақаты бар екенін қалай біле алады және ол адам бойында қалай көрініс табады деген заңды сұрақ туады. Психологтың пікірінше, жарақаттың басты көрсеткіші – адамның эмоциялық күйіне байланысты. Егер адам үнемі мазасыздық, агрессия, ашу, қорқыныш күйінде жүрсе, бұл оның өмірінде негатив оқиға көп болғанын білдіреді. Сондай-ақ адам айналадағы адамдардың пікіріне, көңіл күйіне тәуелді болса, өз-өзін үнемі шектей берсе, төмен бағаласа, апатияға ұшыраса, оның бәрі балалық жарақатпен байланысты болуы мүмкін.

Балалық алған жарақат есейгенде, ересек өмірде қалай әсер етеді?

Осы сұрақ көп жасөспірімді мазалайды. Өзінің шынайы болмысымен бетпе-бет келуге көп адам қорқады дейді психологтар. Адам өміріндегі әртүрлі (саналы-бейсаналы) оқиға балалық шақтың әсерінен болып жатады.

– Адамдардан қашуға тырысу, үнемі оңашалануға ұмтылу, дихотомды (екіұшты) ойлау жүйесі, яғни жақсы не жаман деп бөлу, қателіктерге, басқа адамдардың сезімдеріне төзбеу, көтере алмау жарақаттың көрсеткіші болуы мүмкін. Әр адамның өмір жолы, өскен ортасы әртүрлі. Сондықтан нақты мынау деп кесіп айту қиын. Барлығы психолог маманмен жұмыс істеу барысында анықталады, – дейді Аида Тұрғазы. 

Сондай-ақ ол балалық шақтағы болған тәжірибенің барлығы адамның ойлау жүйесін және әрекет моделін қалыптастыратынын айтады. Сол себепті бала кезде алған жарақат оның болашақтағы, ересек өмірінде өзін қалай ұстайтынын, жетістікке қалай жететінін, адамдармен қалай қарым-қатынас құратынын, өмір жайлы ұстанымдарын қалыптастырады. Егер сіздің психологиялық проблема бар болса, мамандарға жүгінген дұрыс.

Ата-ана қалай әрекет етуі керек?

– Барлығына бірдей қолданылатын формула немесе әдіс-тәсіл жоқ. Әр бала – жеке бір әлем. Ата-ана баланың жандүниесі, психикасы нәзік дүние екенін естен шығармағаны абзал. Баланың ең жақын адамы ата-анасы болғандықтан, оның жай-күйі ең бірінші ата-анаға көрінеді, ол бірінші байқайды. Аида Тұрғазының айтуынша, баламен шынайы болу өте маңызды.

– Балаға мейлінше зиян келтірмейтін әрекеттердің бірі – қауіпсіздік сезімін беру. Жарақаттың көбі қауіпсіздік сезімі бұзылған кезде болады. Тіпті, баланың жеке өзіне зорлық-зомбылық көрсетілмесе де, отбасында зорлық-зомбылық болса, оның өзі жарақаттың пайда болуына себеп болады. Баланың қорғаныш сезімін қалыптастыру, дұрыс қарым-қатынас орнату, оның қажеттіліктеріне жоқ демеу және эмоциялық күйін бақылау ата-ананың негізгі міндеті, – дейді ол. Сонымен қатар, психолог маман ата-ана болу «құрметке лайықтысың» дегенді білдірмейтінін айтады.

– Бала әкелу және бағу – бірінші кезең ғана. Баланы бағу – әрекетіңе жауап бере білудің көрсеткіші. Ал ары қарайғы жауапкершілік, яғни оны өз меншігіңдей көрмей, тұлға етіп өсіру жайлы көп айту керек, – дейді маман.

Үлкендер жағы жастардың қит етсе, бәрін балалық жарақатқа тіреп, өзінің әлсіздігін ақтап алғысы келетінін жиі айтады. Психологтан қазір жұрт арасында көп айтылатын пікір жайлы да сұрап көрдік.

– Психология ғылымы Қазақстанда жеткілікті деңгейде дамыса, онда осы секілді пікір айтатын адамдардың қаншалықты сау екенін түсінетін едік. «Қиын-қыстау кезеңде өмір сүрдік, жарақат дегенді ойлайтын уақыт та болған жоқ» деген сөз ол уақытта бәрі бақытты өмір сүрді дегенді білдірмейді. Ол кезеңде бар назар тірі қалуға бағытталған. «Ол кезде бәрі жақсы, қазір бәрі жаман» деп қараудың өзі дұрыс емес деп ойлаймын. Балалық жарақаттың әсерін білу және бар жауапкершілікті соған тіреу де дұрыс емес. Егер бәрін соған тіресек, онда бұл бала позициясында тұрғанымызды білдіреді. Бірақ ол бәрінде болмайды. Жарақаттың бар және болғандығын мойындаудың өзі кіші жеңіс. Сол бала кезде алған жарақаттың әсерінен өзін көп нәрседен шектейтін, үрейленетін, үнемі қорқатын адамдар да бар. Бұл жерде құнсыздандырмау керектігін айтып отырмын. Бұл – ғылымда зерттеліп, дәлелденген дүние. Оны жоққа шығару – білімсіздік. Егер қоғамда психологиялық сау адамдар көп болса, біз суицид бойынша алдыңғы қатарда болмас едік. Қай елде экономикалық жағдай жақсы, сол елде психолог көп болады. Сәйкесінше, психологиялық саулық адам өмірінің сапасына тікелей әсер етуші фактор екенін естен шығармаған абзал, – дейді маман.

P.S. Қорыта айтқанда, тән жарақаты көзге көрінгенмен, жан жарақатын көре алмаймыз. Ал жан жарасын емдеуге асықпайтынымыз тағы бар. Мамандар бала кездегі ауыр күйзелістер мидың және психиканың дамуына кері әсер ететінін жиі айтады. Кішкентай нәрсені елемеудің өзі кейде үлкен апаттарға себеп болатынын ұмытпасақ болғаны.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

887 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы