• Маман кеңесі
  • 17 Сәуір, 2024

Біздің қоғамның сұрқылтайы

Осыдан екі жыл бұрын ауылдан суық хабар жетті. Сыныптасым мойнына арқан салған екен. Артында аңырап әке-шешесі қалды. Мектеп бітіргелі көп бара бермейміз ғой ауылға. Анда-санда телефон арқылы сөйлескеніміз болмаса, қағілез, ақкөңіл досымды көрмегеніме көп болған. Айына бір-екі рет ақша сұрап жазып тұратын. Сондай сәттерде ғана амандық-саулық сұрасатын едік. Күтпеген жерден мынадай хабар шықты. Бәрі тынышталғаннан кейін сыныптастарға хабарласып, сұрастырып көрген едім. Артында 15 млн-ға жуық қарызы қалған. Ал оның бәрін бәс тігуге жұмсаған... Сол сәтте ғана көшеде, интернетте, теледидарда жылтыңдап шыға беретін букмекерлік кеңселердің кеселін ұққандай болдым.

Құмар ойнауды өзіне қол жұмсаумен ғана тоқтатқан қанша тағдыр бар? Бұл мәселенің анық-қанығына жеткізетін отандық статистика таба алмадық. Әлемдік статистикалық мәліметтер де аз. Жалпы ойынқұмарлар арасындағы суицид мәселесі терең зерттелмеген. «Ақ желкен» журналы кезекті сауалдамасын осы мәселеге арнады.

Лудомания – құмар ойындарға тәуелділік. Қазақ қоғамында бұл термин көбіне бәс тігуге байланысты қолданылып жүр. Яғни букмекерлік кеңселер арқылы спорттық ойындарға, онлайн казиноларға ақша тігушілерге қатысты айтылады. Дегенмен «лудоман» сөзінің тура мағынасы «есі кеткенше ойнау» деген мағына береді. Сондықтан лудоман деп компьютерлік ойындарға да тәуелді адамдарды атау ұйғарылған.

«Ақ желкеннің» лудомания туралы сауалдамасына 248 адам қатысты. Оның 49,5 пайызы – қыз, 50,5 пайызы – ұл. Қатысушылардың 46,3 пайызы – Алматы қаласынан, 8,3 пайызы – Жамбыл облысынан, 9,9 пайызы Ақтөбе облысына тиесілі. Қалған 35,5 пайызды еліміздің басқа өңірлері өзара бөлісіп алған. Ал жас ерекшелігі 11-20 жас аралығында. Дегенмен сауалдамаға қатысқандардың дені – 16-20 жас аралығындағы жасөспірімдер. 

Сауалдамаға қатысушылардың 71,7%-ы құмар ойындар туралы естіген және оның не екенін біледі. Ал 11,2 пайызы құмар ойындарды тек компьютерлік немесе смартфондардағы ақша тікпей ойнайтын ойындар деп ұғатыны анықталды. 17,1% сауалдамаға қатысушылар құмар ойын туралы білмейтін болып шықты. Бұл көрсеткіштің ішінде ұл балалардың салмағы басым. Яғни ұлдардың құмар ойындар туралы хабары аз.

Психолог Эльвира Қасым лудоманияның адам бойында пайда болуын нәрестелік кезеңнен бастайды.

«Нәресте туғаннан өзі ес білгенге дейін анасына толық тәуелді болады. Осы кезеңдерде, әсіресе емізулі жасында, одан да үлкендеу жасында бала мен ана арасындағы қарым-қатынас бұзылып, кедергілер болып жатса, бала психикасында белгілі бір нәрсеге деген тәуелділік күшейе береді. Ол ішімдікке, шылымға, ретсіз қарым-қатынастарға немесе дәл осы ойынқұмарлыққа ұласуы ықтимал. 

Бұл дерт көбіне жасөспірім кезде басталады. Қазіргі таңда гаджеттердегі ойындарға құмар балалар көп. Олар есейе келе өз ортасын таба алмай, әлеуметтік қарым-қатынастарға түсе алмай жатады. Осындай жасөспірімдердің лудоманияға ұшырау қаупі өте жоғары. Сонымен қатар бұл дертке көбіне ер адамдар ұшырайды. Мысалы, былтырғы жылы маған осы мәселемен оншақты адам хабарласты. Солардың ішіндегі біреуі ғана әйел адам болатын». 

«Құмар ойын ойнап көрдіңіз бе?» деген сауал бойынша 55,6% қатысушы мүлде ойнамағанын айтқан. 2,9%-ы ақша тікпей, тек компьютерлік ойын ойнайтынын, ал 6,8%-ы бәс тігіп ойнағанын мойындапты (3 қыз, 12 ұл). Ал сауалдамаға қатысушылардың ішіндегі 1%-ы ойнап көргісі келетінін жасырмаған. Бұл жауапты таңдағандаған үш адамның екеуі ұл (19-20 жаста), біреу қыз (12 жаста) бала.

«Қанша ақша тігіп көрдің?» деген сауалға 91,7% жасөспірім «Тікпегенмін» деп жауап берді. Ал 1,5% қатысушы тігіп көргісі келеді (17-18-19 жаста). 12% қатысушының 1000-5000 теңге арасында ұтысқа ақша тіккенін байқаймыз. Ал 19 жастағы ұл бала өзінің 100 мың теңгеден асыра тіккенін мойындайды. Тағы 20 жастағы жігіт 50-100 мың теңге арасында ұтысқа ақша салғанын айтады.

«Құмар ойыннан ақша ұтып көрдің бе?» деген сауалға 84,9% «ұтысқа ақша тікпедім» деп жауап беріпті. 9%-ы «ұттым» десе, 10,7% «ұтпадым» деген жауапты таңдаған. Жоғарыдағы ұтысқа ақша тіккен қатысушыларымыздың жауаптарын жеке статистика бойынша қарастырдық. Алдыңғы сауалға «ақша тігіп көрдім» деп жауап бергендердің 55%-ы «ұтқан», 45%-ы «ұтылған».

Психолог Эльвира ханым ойынқұмарлықтың ақша тігуге ұласуын былай түсіндіреді:

«Компьютерлік ойындарға қатты құмартып өскен бала есейе келе ортасын таба алмағаннан не түрлі ойындарға тереңдей береді. Өйткені ол ойын құрылысын өте жақсы біледі. Ал ересек кезеңде бұл білікті ақшаға айналдыруға мүмкіндік туады».\

«Құмар ойыннан ұту мүмкін бе?» деген сауалға 23,9% қатысушы «иә» деп жауап береді. Қалғандары «жоқ» деген жауапты таңдаған. Енді қызықты қараңыз, «ұтуға болады» деп жауап бергендердің көбі алдында тігіп, ұтып көргендер болып шықты. Бұл құмар ойындардың бастапқы кезеңінде жүргендер болса керек. Олардың «ұту мүмкін еместігіне» әлі де көзі жетпейді.

Бұл дертке шалдығудың басты себебі ретінде тағы да кәсіби маман пікіріне назар аударалық:

«Басты мәселе адамның эмоциялық тұрғыда есеймеуінде жатыр. Яғни адамның биологиялық жасынан эмоциялық жасы әлдеқайда кіші, ойыны қанбаған бала болуы мүмкін. Осылай ол өз ішіндегі қанбаған құмарды қандыруға барынша тырысады. Баланың күту қабілетінің жоқтығы да лудоманияға әсер етеді. Мысалы, ата-ана сұрағанын жылдам беріп, қалағанын бірден орындау арқылы бала санасындағы күту қабілетін азайта береді. Мұндай тағатсыз балалардан «жылдам әрі оңай байып кеткісі келетін» ересектер өсіп шығады. Ал жылдам бай болудың жолы – бәс тігу».

Ал жасөспірімдердің құмарлығы туралы ата-аналары біле ме екен?

93,2% қатысушы «құмар ойнамайтынын» айтыпты. 3% қатысушы «компьютерлік ойындарды ойнайтынын» білетінін мойындаған. 3,4% жасөспірімнің ата-анасы оның құмарлығынан хабарсыз. Бір оқушы ғана өз құмарлығы туралы ата-анасының білетінін мойындаған. Бұл жасөспірімнің алдыңғы жауаптарын тексеріп көрдік. 5-10 мың теңге тігіп, ұтқан, бірақ «ұту мүмкін емес» деген ойдағы 17 жасар ұл бала. Сауалдама нәтижесі бойынша 67,8% қатысушы лудоманияны «ауру» деп санайды. 11,7% қатысушы бұл диагнозға қарсы шығады. Ал 20,5% қатысушы аралық жауап бергенін байқаймыз. Алдыңғы жауаптармен салыстыра келе мынаны түсінуге болады: құмар ойынға ақша тігіп көргендердің 80%-ы (ұтқан, ұтылғанына қарамастан) лудоманияны «ауру» деп атайды. 10%-ы «басқа жауап» десе, 10%-ы «ауру емес» деген жауапты таңдаған.

Бұл мәселелердің түйінін психолог Эльвира Қасым шешіп берді:

«Лудомания бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы шешімімен ауру деп есептеледі. Басқа тәуелділіктер сияқты бұл ауру бір ғана адаммен шектелмек емес және. Өйткені отбасында бір тәуелділікке ұрынған адамның шығуы басқа да отбасы мүшелерінің тәуелділігінен хабардар етеді. Әкесі шылымға не басқа нәрсеге тәуелді болуы мүмкін. Анасының эмоциялық тәуелділігі болуы ықтимал. Жалпы бұл дерт отбасындағы жалғыз адаммен шектеліп қалмайды. Әсіресе баланың үлгі тұтатын адамының тәуелділікке ұрынуы қатты әсер етеді». 

Сауалдамаға қатысқан 248 жасөспірімнің 28,8%-ының құмар ойыннан оңбай ұтылған таныстары бар болып шықты. 21%-ының құмар ойын ойнауға құмартатын достары бар екен. Ойынның түбіне түсіп кеткендердің оңалуы, қайта қалыпқа түсуі мүмкін бе? Бұл сауалға жасөспірімдердің 51,7%-ы «ондай мүмкіндік өте төмен» деп жауап берген. 41,5%-ы оңалады десе, 6,8% қатысушы мүлде оңалмайды деген жауапты қуаттайды.

Бұл статистиканы алдыңғы жауаптармен салыстыра келе мынаны түсінгендейміз. Алдында «ақша тіккен» қатысушының бәрі дерлік «оңалып, қайта қалыпқа түседі» деген жауапты таңдапты. Ішінде екі бала ғана «ондай мүмкіндік өте төмен» деген батырманы басқан. Бұрын ақша тігіп көрген бірде-бір бала «оңалмайды» деген жауапты таңдамапты. Сауалдама соңында «лудоман адамның негізгі белгілерін суреттеп беріңіз» деген сауалымызға оқушылардың көбі «қарызға ақша сұрай береді» деп жауап берген екен. «Үнемі стресте жүреді», «адамдармен көп сөйлеспейді», «тұйық болып кетеді», «телефонына көп қарайды», «ашушаң болады» деген жауаптар жолдаған. Иә, емделуге болады, болмайды – бұл сұрақтарға тағы да психолог маман жауап берсін.

«Лудомания – емделеді. Бірақ ұзақ процесс. Тәуелділікке ұшыраған адам бірінші психотерапевтке барып, психотерапияға жүгінгені абзал. Өзінен бөлек үлгі тұтар адамы да психотерапия емін алғаны дұрыс болады. Бұл дерттің алдын алуға болады, әрине. Ол үшін отбасында ашық қарым-қатынас орнауға тиіс. Яғни бала мен ата-ана арасында диалог дұрыс құрылып, сол диалог үшін арнайы уақыт арналғаны абзал. Сонда күні бойы жұмыста жүретін әке-шеше мен олардан тыс өмір сүріп жатқан бала арасында сенімді қатынас орнайды. 

Ата-аналардың көбі баласының бойындағы бұл дертті соңғы кезеңдерінде біліп жатады. Микрокредиттік ұйымдарға, банктерге, дос-жарандарына әбден қарызға кіріп кеткен кезде дабыл қағамыз. Өте кеш. Мұның бәрі бала мен ата-ана арасындағы байланыстың жоқтығынан. Сосын біздің әке-шешелер балаларының қарыздарын жауып бәйек болады. Әңгімеміздің басына қайта оралайық. Нәрестені елестетіңізші. Ол жыласа, тамақ береді. Астын бүлдірсе, біреу ауыстырады. Оған қысылып, дұрыс істемедім деп нәресте ойламайды. Дәл осы сияқты ата-ана да баласына сонша бәйек болып, бар проблемасын шешіп беретін болса – психикалық тұрғыда ол қайта нәрестеге айналады. Қарызға кіргеніне, абыройсыздығына ұялмайды сосын. Сондықтан баланың бүлдіргенін мойнымен көтерту керек. Өз мәселесін өзі шешіп шыққаны жөн. Сонда оның бойында өзіне деген сенім қалыптасады. Сол сеніммен бойындағы тәуелділікті жеңіп шығады. 

Лудомандарды қалай тануға болады? Оның әрекеттерінен, көңіл-күйлерінің жылдам ауытқуынан және ұйқысының бұзылуы мен табиғи қажеттіліктер режимсіздігінен байқаймыз. Бірде аса көңілді, бірде ашушаң, кейде бір нәрсесін жоғалтқан жандай елегізіп жүреді. Әсіресе, ойынқұмарлыққа байланысты әңгімелерде жалтарып, қипақтап кетеді. Ұйқысы бұзылып, ауысып кетуі де мүмкін. Уақтылы тамақ ішпейді, уақтылы ұйықтамайды»...

«Әр заманның өз сұрқылтайы бар» дейді қазақ. Қоғамның да өз сұрқылтайы болады. Біздің қоғамда – лудомания. Отбасылардың күйреуіне, ата-аналардың уайымы мен жастардың бойкүйездігіне себеп болып жатқан басты мәселелердің бірі. Анық бірнеше нәрсені айтуға болады. Ойынның түбі жоқ. Оның түбіне ешкім жете алмайды. «Казиноның ешқашан ұтылмайтыны сияқты», букмекерлер де ешқашан ұтылмайды және ешкімді ешқашан ұтысқа шығармайды. Құмар ойындар арқылы жылдам байып, ұшпаққа шыға қалу мүмкін емес! Ұтылған ақшаңды да ұмыт. Ол қайтпайды. Бастысы, ата-ана балаларының көңіл-күйін дұрыс бақылай алуға тиіс. Ондағы әрбір құбылыстың астарында бір өзгеріс немесе бір проблема жатады. Жалпы бала тәрбиесіндегі ең маңызды дүние – ата-ананың өзін-өзі тәрбиелеуі екенін тағы ұмытпаңыз! Ата-ана бойында болмаған жаман қасиет бала бойынан шыға қоймайды!

Сауалдаманы дайындаған Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024

897 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы