• Спорт жұлдыздары
  • 20 Маусым, 2022

Саясат. Спорт. Санкция...

«Спорт саясаттан тыс болуы керек» дейтін термин санамызға сіңіп кеткені жасырын емес. Расында, спортты бейбітшіліктің елшісі, түрлі мемлекеттер достығын нығайтушы құрал деп білеміз. Өйткені олимпиада кезінде соғыстар тоқтатылып, қасиетті тыныштық орнайтын дәстүр болған. Дегенмен спорт саясаттан ешқашан іргесін аулақ салған емес. Елдің, ұлттың, мемлекеттің мүддесі жүрген жерде бұл сала саясаттан алшақтамайтыны анық. Өкініштісі, қазір спорт саясаттың қолшоқпарына айналып бара жатыр. Мұны олимпиадаларда, әлем чемпионаттарында талай байқадық.  Осы орайда саясаттың салдарынан спорты санкцияға ұшыраған елдер туралы ой қозғауды жөн көрдік.

Жалпы әлем спортының тарихында спорты санкцияға ұшыраған елдер сирек кездеседі. Бірақ олимпиада тарихында бір-біріне бойкот жариялағандар көп болған. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасына АҚШ, Ұлыбритания және Канада қатысудан бас тартып, бойкот жариялағыны жанкүйерлердің жадында. Бұған әлемнің 65 елі үн қосып, нәтижесінде Мәскеу додасында Еуропа елдерінен Австрия, Грекия, Мальта, Финляндия және Швеция спортшылары ғана өнер көрсеткен еді. Тіпті, әлемге әйгілі былғары қолғап шебері Мұхаммед Әли де Африка құрлығындағы 50 мемлекетті аралап, Мәскеудегі додаға қатыспауға үгіт-насихат жүргізді. Африка демекші, ең ірі, әрі ұзақ уақыт бойы санкцияға ұшыраған елдердің бірі – Орталық Африка Республикасы. 1947 жылдан бастап апартеид саясатын, яғни жергілікті қаранәсілді ұлт өкілдеріне барлық жағынан шектеу ұстанымын ұстанған мемлекетке үлкен санкциялар салынды. Нәтижесінде, бұл санкцияның салқыны спорт саласына да тиіп, 30 жыл бойы ешқандай халықаралық жарыстарда өнер көрсете алмады. Орталық Африка Республикасы 1990 жылы ғана ХОК-қа қайта мүше болып, спортшылары 1992 жылғы Барселона олимпиадасына қатысты. 1991 жылы Югославия Социалистік Федеративтік Республикасы ыдырап, Словения мен Хорватия тәуелсіздігін жариялағаннан кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Югославияға қарсы санкциялар енгізді.  Бұл саяси және экономикалық санкция ғана болған жоқ, спортқа да кері әсерін тигізді. 1992 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Югославия Социалистік Республикасы спорт-шыларының жарыстарға қатысу құқығын шектеп, футболдан Югославия құрамасының Еуропа чемпионатына қатысуына рұқсат бермеді. Одан бөлек, Барселона олимпиадасына қатысу құқығынан да айырды. Сөйтіп, спорттың 13 түрінен сынға түскен 58 спортшы Македония республикасының атынан өнер көрсетті. Югославия спортшылары 1995 жылы ғана әлемдік додаларға қатысуға мүмкіндік алып, сол жылы баскетболдан Еуропа чемпионатын жеңіп алды. Сосын Атланта олимпиадасында да сынға түсіп, құрама спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде иеленді.

Спорт тарихындағы ең үлкен санкция

Әлемнің назарын аударған Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа наразы елдер де көбейді. Ресейдің жасаған әрекетіне наразылық ретінде әртүрлі санкциялар салып, спортына да шектеу қойды. Ресей спортшылары халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігінен айырылып, барлық жарыстардан шеттетілді. ХОҚ Ресей мен Беларусь спортшыларын халықаралық турнирлерге шақырмауға әрі қатыстырмауға шешім шығарды. Екі елдің де спортшыларына Бейжіңдегі Паралимпиадаға қатысуға тыйым салды. Одан бөлек, ФИФА мен УЕФА да ресейлік командаларды дүниежүзілік дүрмектерден шеттетті. Тіпті Ресейдің қарсыластары да бұл құрамаға қарсы ойнаудан бас тартып жатыр.

Еуропа лигасының ширек финалында «РБ Лейпциг» командасына қарсы ойнауға тиіс мәскеулік «Спартак» клубын да автоматты түрде жарыстан шығарып тастады. Әрине, бұл жайттардың зардабы ресейлік клубтарға қатты тиіп жатыр. УЕФА легионерлерге айыппұл төлемей ресейлік клубтармен келісімшартты бұзуға мүмкіндік бергеннен кейін біраз команда ойыншылары мен бапкерлерінен айырылды. Шетелдік демеушілер де келісімшарттарын бұзып, елдегі дүкендерін жабуға кірісті. Әлбетте, Санкт-Петербург қаласына жоспарланған Чемпиондар лигасының финалы да ауысып, Парижге көшті.

Айтпақшы, әлемге әйгілі «Челси» клубына да санкцияның салқыны тиді. Иесі ресейлік бизнесмен Роман Абрамович болғандықтан, команданың ойынына билет сатуға, жаңа ойыншылармен келісімшартқа отыруға және бұрынғылармен келісімшартты жаңартуға тыйым салынды. 

Халықаралық спорт федерациялары да ресейлік спортшыларды әлемдік додалардан шеттетті. Халықаралық теннис федерациясы (ITF) Ресей мен Беларусьті командалық жарыстардан және ITF мүшелігінен айырып, спортшыларға жекелей сынға ғана қатысуға мүмкіндік берді. Халықаралық волейбол федерациясы да (FIVB) Ресейдің барлық клубтарын, ұлттық құрамасы мен ойыншыларын халықаралық жарыстарға қатысудан шектеді. Федерация Ресейді 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырды. Халықаралық баскетбол федерациясы (FIBA) Ресей ұлттық құрамасы мен клубтарын барлық турнирлерден шет қалдырды. Шектеу әйелдер мен жасөспірімдер құрамаларына, 3х3 баскетболына және төрешілерге де қатысты. Сондай-ақ Еуропалық гандбол федерациясы да (EHF) Ресей құрамасы мен клубтарын  ұйымның аясында өтетін барлық турнирлерден шеттетті. Мәскеуде өтуге тиіс 16 жасқа дейінгілер арасындағы Еуропа чемпионаты және жағажай гандболынан 2023 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі де кейінге шегерілді. Жалпы Ресейде санкцияға ілінбеген спорт түрлері қалмады. Нақтырақ айтсақ, олимпиялық спорт түрлерінің барлығы және әуесқойлар арасындағы ММА спорты да қағажу көріп жатыр. Оның қанша уақытқа созылатыны да белгісіз. Жалпы бұл санкцияларды әлем спорты тарихындағы ең үлкен санкция деп атауға толық негіз бар.

Санкцияның салқыны тимеген спорт түрлері

Әлемдік санкцияның салқыны тимеген спорт түрлері де бар. Бірақ халықаралық додаларда спортшылар бейтарап ретінде ғана өнер көрсете алады. Су спорты түрлерінің спортшылары халықаралық додаларға сынға түсу мүмкіндігінен айырылған жоқ. Сондай-ақ автоспорт та саяси декларацияға қол қою арқылы әлемдік турнирлерде өнер көрсете алады. Дзюдо, самбо күресі, скейтбординг пен киберспортқа да санкция салынған жоқ. Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) ресейлік спортшыларға қарсы салынған санкцияларды негізсіз деп атап, олардың халықаралық бәсекелерде өнер көрсете алатынын мәлімдеді. Бірақ спортшылар ұйымның туы астына өнер көрсетіп, жеңіске жеткен жағдайда IJF әнұраны ойналатынын айтты. Дегенмен бұл елде өтуі тиіс болған барлық жарыстарды тоқтатты. 

Ресейлік шахматшылар мен кәсіпқой боксшылар да санкцияның зардабын көрмеді. Дегенмен бұл спорт түрінен ресейлік спортшылардың әлемдік додаларда өнер көрсетуіне қарсы болған спортшылар да табылды. Мысалы, украиналық шахматшы, гроссмейстер Павел Эльянов ресейліктермен бір турнирде өнер көрсетуге қарсылық білдіріп, Еуропа чемпионатына барудан бас тартты. Атақты боксшы Владимир Кличко да WBA басшылығын ресейлік Дмитрий Биволға жекпе-жек өткізуге тыйым салуға шақырған болатын. Бірақ Бивол мен атышулы «Канелоның» жекпе-жегіне күллі жанкүйер куә болды. Сондай-ақ ресейлік боксшы Сергей Ковалев та АҚШ-та кезекті жекпе-жегін өткізді. Әлемге әйгілі UFC тұжырымы да ресейлік спортшылардың өнер көрсетуіне тыйым салған жоқ. Бірақ спортшылардың барлығына тумен шығуға рұқсат бермеді. Айтпақшы, ресейлік велоспортшылар, шахмат пен киберспортшылардың біразы азаматтығын ауыстырып, басқа елдердің атынан өнер көрсете бастады. Бүгінгі күні спорт пен саясат егіз ұғымдай бір-біріне ықпал етіп келеді. Спорттың саясат жүгін арқалап кетуі көңілді қынжылтпай қоймайды. Өйткені саяси текетірес талай спортшының тағдырын тәлкек етіп, спорттың ішкі этикасы мен эстетикалық мәнін төмендетуге ықпал етері анық.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

48 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы