• Спорт жұлдыздары
  • 22 Тамыз, 2022

Жұлдызы жанған Жәнібек

Жасындай жарқыраған Жәнібек Әлімханұлы 2013 жылғы әлем чемпионатындағы жарқын жеңісінен кейін жанкүйерлердің жадында қалды. Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған саңлағымыз болашағынан үлкен үміт күттіретін байқатты. Бес қаруы сай былғары қолғап шеберінің олимпиадада топ жаратынына сендік. Дегенмен төрешілердің бармақ басты, көз қысты әрекетінің ашық құрбаны болып, алтын түгілі жүлдеден қағылды. Жігері жасымаған Жәнібек кәсіпқой боксқа бет бұрып, бағын сынай бастады. Алғашқы жекпе-жегінде-ақ нокаутпен жеңіске жетіп, кәсіпқой боксқа жайдан-жай келмегенін көрсетті.  Жақында ғана WBO тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы титулын жеңіп алған Жәнібектің спорттық мансабы туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

– Жеті жасынан спортты серік еткен Жәнібектің боксқа деген қызығушылығын Сиднейде атой салған Ермахан  Ыбырайымов пен Бекзат Саттарханов оятқан. Саттархановтай сайыпқыранның шаршы алаңдағы өнеріне тәнті болған жеткіншек бірден былғары қолғап киіп, нағашы атасының артынан қалмай, бокс үйірмесіне апаруын өтінеді. Үйірмедегі ең кішкентайы болғанына қарамастан, өзінен үлкендермен бірге жаттығады. Бокстың қыр-сырын үйреткен алғашқы бапкері Мұрат Сиқымбаев «Қазақ стилінің» іргетасын қалайды. Жаттығулардан жалықпай, қолғап түйістірудің әдіс-тәсілдерін тез меңгерді. Сөйтіп, 3-сыныптан бастап бокспен кәсіби түрде айналыса бастайды. Ауылда 4 жыл баптаған бапкері қалаға қоныс аударғаннан кейін Жәнібек те артынан еріп, 8-сыныпта Алматыдағы спорт мектебіне оқуға түседі. Алматыда да білікті бапкер Мұрат Сиқымбаевтың қол астында жаттығып, ел біріншіліктеріне қатыса бастайды. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы додаларда жүлделі орыннан көрінді. Мұның бәрі Жәнібектің жоғары өрлеуіне жол ашты. Жәнібек жасөспірімдер арасында да тамаша өнер көрсетіп, екі мәрте Қазақстан чемпионатында топ жарған. 2012 жылы Әлімханұлы Астанада өткен ел біріншілігінде 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Барлық қарсыластарынан бір бас жоғары екенін дәлелдеп, алтыннан алқа тақты. Сөйтіп, он тоғыз жасында ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанып, қырағы мамандардың назарына ілікті. Жәнібекті білікті бапкерлер мен кәнігі мамандар бірден бағалап, «ұзаққа шабады» десті. Дегенмен боксшы мақтау сөздерге масаттанбай, еңбектенуден еш жалықпады. Нәтижесінде жылдамдығы артқан, өте шыдамды, аяғымен көп қимылдайтын, қорғаныс пен шабуылы мықты боксшыға айналды. Жәнібек жеңіске де, жеңіліске де шыдайтын, мойымайтын, жігері жасымайтын жігіт екенін де көрсетті. Биік белестерді бағындырудан танбаған былғары қолғап шеберінің жұлдызы жарқырап, Қазақстанның ғана емес, әлемнің ең үздік боксшына да айналды.

ЖАРҚЫН ЖОЛ

Жәнібек 2013 жылы жоғары жетістіктерге жетіп, жанкүйерлерінің жанын жадыратты. Әуелі Иорданияда өткен Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Алғашқы белдесуінде өзбекстандық былғары қолғап шебері, Азия чемпионы Шухрат Абдуллаевтың мысын басып, екінші рет шаң қаптырды. Екінші кездесуінде қытайлық боксшыны нокаутқа жіберсе, жартылай финалда ирандық Саджад Мехрабимен тартысқа толы жекпе-жек өткізіп, ұпай санымен басым түсті. Ал финалда Тәжікстанның үміт артқан оғланы Навруз Джафоевты оңай ұтып, спорттық мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізді. 

Арада үш ай өткен соң Алматыдағы әлемдік аламанда да атой салып, алаштың абыройын асқақтатты. Алғашқы жекпе-жегінде-ақ тіс қаққан спортшы, уақытында Қанат Ислам мен Бақыт Сәрсекбаевты ұтқан Солтан Мигитиновтың мысын басты. Әлемдегі ең үздік боксшы атағына бірден-бір лайықты екенін көрсеткен отандасымыз қалған  қарсыластарын бұйым құрлы көрмеді. Мексикалық боксшы Хуан Меркадоны нокаутқа жіберсе, ширек финалда 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Богдан Журтониды (Румыния) айқын басымдықпен ұтты. Жартылай финалдағы қарсыласы ұлыбританиялық Энтони Фаулер жекпе-жекке шығудан бас тартса, ақтық сында ирландиялық Джейсон Куигли оның қарқынына төтеп бере алмады. Айтпақшы, Куигли осы жеңілісінен кейін кәсіпқой боксқа бет бұрып, соңғы жекпе-жегінде Жәнібек жекпе-жекке шақырып жүрген Андрадеден жеңіліп қалды. 

Жәнібек әлем біріншілігіндегі жеңісінің кездейсоқтық емес екенін дәлелдеп, Азия ойындарында да алтыннан алқа тақты. Риодағы сәтсіздіктен кейін спортшы кәсіпқой боксқа біржолата бет бұра бастады. Алғашқы екі кездесуін елде өткізіп, 2018 жылы кәсіпқой бокстың отаны саналатын АҚШ-қа аттанды. Атақты Top Rank промоутерлік компаниясымен, ең беделді промоутер Боб Аруммен келісімшартқа отырған алғашқы қазақ атанды. Отандасымыз «тірі қапшықтарды» құлату қызық емес екенін,  тек тәжірибелі, чемпиондық белбеуге жол ашатын боксшылармен жұдырықтасқысы келетінін бірден айтты. Расында, Жәнібектің АҚШ-та жұдырықтасқан қарсыластарының ешқайсысы қалпақпен ұрып алатын боксшылар емес еді. Соңғы үш жекпе-жегінде жұдырықтасқан жігіттердің екеуі әлемнің экс-чемпионы болды. WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы болған,  Жапонияның жарық жұлдызы Риота Муратаны 2018 жылы айқын басымдықпен ұтқан Роб Брант Жәнібекке қарсы еш қауқар көрсете алмады. Мартин Мюррей, Риота Мурата, Давид Лемье, Каллум Смит сияқты саңлақтармен қолғап түйістірген, әлем чемпионы болған Хассана Н’Дам Н’Жикамды да отандасымыз ойнап жүріп ұтты.

Жәнібектің шаршы алаңдағы мықтылығын көрген чемпиондар онымен жұдырықтасудан қашып жүр. «Qazaq style» лақап атымен танылған отандасымыздан мен деген кіл мықтылар да сескене бастады. WBO тұжырымы әлем чемпионы болған Деметриус Андраде Жәнібекпен жұдырықтасудан бас тартып, чемпиондық белбеуін босатты. Нәтижесінде отандасымыз WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағы үшін жеңілістің дәмін татпаған Дэнни Дигнуммен кездесті. Дэнни де Жәнібек үшін  аса қатты қиындық тудырмады. Қазақ бокс стилінің ерекшелігін көрсеткен «Qazaq style» қарсыласын ауыр нокаутқа жіберіп, WBO тұжырымы бойынша чемпион болған тұңғыш қазақ атанды. 90 миллиондық аудиториясы бар ESPN арнасында жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетілген, әрі ESPN арнасына қазақ тілінде сұқбат берген алғашқы қазақ та осы – Жәнібек.

QAZAQ STYLE-ДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

«Qazaq style» туралы шетелдік бокс мамандары мен журналистер де жарыса жазып, назардан тыс қалдыратын емес. Қазақ бокс стилінің де ерекшелігіне тамсанып, тәнті боп жүр. Осы орайда, олимпиадада атой салған былғары қолғап шеберлерінен Жәнібектің жұдырықтасу мәнерінің ерекшелігін сұрадық. Сондай-ақ төрт салмақта әлем чемпионы атануға қаншалықты мүмкіндігі бар екенін, Канело, Андраде, Мунгия сияқты мықтылардан басым тұстарына тоқталдық. Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков сынды бокстың жілігін шағып, майын ішкен маман мен кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы Жәнібектен үлкен үміт күтіп отырғанын айтты. М.Ділдәбеков Әлімханұлының атағы Головкиннен асып түсетінін айтып, болашағынан үлкен үміт күтетінін жасырмады.

– Жәнібекті әуесқой бокстағы мансабынан бастап қадағалап, жекпе-жектерін үзбей көруге тырысамын. Негізі, 2020 жылғы олимпиада соның олимпиадасы еді. Дегенмен кәсіпқой боксқа тез бейімделіп, нағыз маманына айналып үлгерді. Шоу жасауы да, жұдырықтасу мәнері мен шаршы алаңда өзін-өзі ұстауы да мықты. Жәнібек бітімі бөлек боксшы ғой. Меніңше, ол Головкиннен де асып түсетін, әлемге әйгілі былғары қолғап шебері болады. Қазір бес қаруын сайлаған саңлағымыз нағыз бабында. Жақсы демеушілер табылып, барынша қолдау көрсетсе, үлкен белестерді бағындырады. Қазір кәсіпқой бокс үлкен бизнестің бір түрі. Атақты әрі ақша әкелетін боксшылар сұранысқа ие. Сондықтан Әлімханұлына қаржы құйып, сол чемпиондық белбеулерге шығарса, 4 салмақта да чемпион атануға толық мүмкіндігі бар. Өзі де осыны түсетін адамдар шығуы мүмкін деген оймен де айтқан шығар. Канело, Андраде, Мунгия сияқты мықтылар Жәнібек үшін алынбас қамал емес. Оның қайтпас қайсарлығы, шаршы алаңдағы шеберлігі, өліспей беріспейтін қазақы намысқойлығы мықты. Ақыл-айласы мен әдіс-тәсілін ұштастыра білетін білікті боксшымыздың бұларды жеңе алатынына толық сенімдімін», – деді олимпиаданың күміс жүлдегері.

Ал Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов Жәнібектің кәсіпқой боксқа уақытында ауысқанын, кез келген әлем чемпионын тұқырта алатынын айтты. 

– Әлімханұлы – аяқ-қолы ұзын, алыс ара-қашықтықта жақсы жұдырықтасатын боксшы. Алдыңғы қолы жақсы қойылған, артқы қолымен де жақсы ұрады. Одан бөлек, соққыны да жақсы көтереді. Физикалық тұрғыдан да өте мықты спортшы. Қазір ол Головкин, Канело сияқты мықты-лармен бір деңгей-дегі боксшы. Төрт салмақта да әлем чемпионы атануы әбден мүмкін. Бастысы «жұлдыз» ауруына шалдықпай, қажырлы еңбек етсе болғаны. Канело, Андраде, Мунгияның да түндігін теріс айналдыруға мүмкіндігі бар. Бастысы, тым асығыстық жасамай, алдымен солардың деңгейіндегі боксшылармен жұдырықтасу керек. Жәнібектің мықты боксшыларды жеңе алатынына кәміл сенемін.    

Даңқты мексикалық боксшы Сауль Альварестің Дмитрий Биволға қарсы жекпе-жегіне спарринг серіктес болған Айдос Ербосынұлы да Жәнібектің техникасын ерекше екенін атап өтті.

– Қазақ бокс мектебін мықты меңгерген Жәнібектің аяғымен жақсы жұмыс істеуі, ара-қашықтықты сезінуі, қорғана жүріп қарсы шабуыл жасауы өте жоғары деңгейде. Ол кез келген уақытта қорғануға да, шабуылдауға дайын жүреді. Сондай-ақ қарсыла-сының соққы-сын сезу қасиеті де мықты. Оң қолымен де, сол қолымен де қарсыласын нокаутқа жіберетін күшті, әрі жылдам соққы жасайды. Сондықтан толыққанды әлем чемпионы атануға, өзі айтпақшы, 4 салмақта да чемпион болуға мүмкіндігі бар. Канело, Мунгия, Андраделердің де асып-тасып тұрған ештеңесі жоқ. Дегенмен тәжірибелері, тіс қаққан боксшылар екенін ұмытпаған жөн. Бірақ олар да ет пен сүйектен жаратылған адамдар. Жәнібек осы қазақ стиліне сәйкес дұрыс тактикамен жұдырықтасса, жеңіске жетуге толық мүмкіндігі бар.

P.S. Төрт салмақта әлем чемпионы атануды көздейтін Әлімханұлының оған әлеуеті жететініне кәміл сенеміз. Көптің көңілін күпті еткен негізгі мәселенің де шешімі шықты. WBO ұйымы чемпион Деметриус Андраде Әлімханұлына толыққанды әлем чемпионы атағын сарапқа салу үшін келіссөз жүргізуге бір ай уақыт берді. Егер Андраде тағы да жұдырықтасудан қашса, Жәнібек WBO тұжырымы бойынша толыққанды әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ болады. 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

 

386 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы