• Спорт жұлдыздары
  • 22 Қыркүйек, 2022

Сметов. Қырғызбаев. Шамшадин. Кіл мықтыда кім мықты?

Елорда төрінде дзюдодан өткен Азия чемпионатында балуандарымыз үздіктер қатарынан көрініп, тәуір көрсеткішке қол жеткізді. Дегенмен жалғыз алтынды қанағат тұтып, командалық есепте 4-орында қалып қойдық. Сары құрлықтың ең үздік балуандары бас қосқан байрақты бәсекеде балуандарымыз кемі екі алтын жүлде алады деп топшыладық. Әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегерлері Ғұсман Қырғызбаев, Ерлан Серікжанов (66 келі) және 60 келідегі Мағжан Шамшадин мен Бауыржан Нарбаев сияқты саңлақтардың топ жаратынына сендік. Өкінішке қарай, Мағжан мен Ғұсман ғана қола жүлдені місе тұтты. Осы орайда, 60-66 келі салмақтағы балуандарымыздың әлеуеті мен спорттағы жолы туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Еліміздегі күрес түрлері спортында ең жеңіл салмақтағы (57-67 келі) бәсекелестік өте жоғары екені баршамызға мәлім. Дзюдо күресінде де бұл салмақтағы бәсекелестіктің мықтылығын көруге болады. Токио олимпиадасына дейін 60 келіде Қырғызбаев пен Сметов текетіресін көрсек, 66 келіде Жұмаханов пен Серікжанов бәсекелес болды. 

5 жыл бойы өз салмағының үздігі болған Елдосқа Ғұсман ғана тегеурін көрсете алды десек те болады. Екеуі әлемдік додада үш рет кездесіп, үшеуінде де Елдостың мерейі үстем болды. Алғаш рет 2018 жылы Қытайдағы Хух-Хото Гран-при турнирінің финалында қос қазақ өзара мықтыны анықтады. Ғұсман финалға дейін әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Моңғолияның беткеұстар балуандары Ганбатын Болдбаатар мен Дашдаваа Амартувшинді сан соқтырса, Елдос жапон Юма Осима мен ресейлік Роберт Мшвидобадзе сияқты мықтылардың мысын басты. Ал финалда Сметов бір минутқа жеткізбей Ғұсманды таза жеңді. Ғұсман 2019 жылы әлем чемпионатының қола жүлде үшін белдесуінде, сосын Қытайда өткен «Циндао Мастерс» турнирінде Елдосқа есе жіберді. Қазір екеуі де 66 келіге ауысып, жаңа салмақта бақ сынап жүр. 

Дегенмен Елдос үшін 66 келідегі белдесулер аса сәтті болған жоқ. Ол жыл басындағы Тель-Авив, Анталия, Ұлан-Батырдағы «Үлкен дулыға» турнирлерінде жеңіліс тауып, тек Загребтегі Гран-приде ғана жартылай финалға дейін жетті. 66 келідегі балуандар отандасымызға қарағанда ірілеу, әрі физикалық тұрғыдан да күштірек көрінеді. Бірақ Елдостың шапшаңдығы, оңға да, солға да әдісті көз ілестірмей жасайтын жылдамдығы сол қалпында. Қазір ол әлемдік рейтингте 60 келіде 39-орында, 66 келіде 62-орында тұр. Елдоспен бірге 66 келіге ауысқан Ғұсман да алғашқы жарыстарында сәтсіздікке ұшырады. 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері тек Тель-Авивтегі турнирде қола жүлде үшін белдесіп, жеңіліс тапса, қалған додаларда жолы болмады. Дегенмен Нұр-Сұлтанда өткен Азия біріншілігінде үздік үштіктен көрініп, 66 келіде алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Ғұсман 66 келіге жаймен бейімделіп, бой үйретіп келеді. Қазір ол әлемдік рейтингте 32-орында тұр. Жалпы Қырғызбаевтың 66 келіде әлемдік додаларда топ жарып, мықтылығын дәлелдеуге мүмкіндігі мол.

60 КЕЛІНІҢ ҮЗДІГІ КІМ?

Елдос жаңа салмаққа ауысқалы бері 60 келідегі жас таланттардың танылуына мүмкіндік туды. Жақында ғана Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған Мағжан Шамшадин – Сметовтің орнын басатын бірден-бір балуан. Ол жыл басынан бері бес бірдей үлкен додада өнер көрсетіп, соның үшеуінде үздіктер қатарынан көрінді. Загребтегі Гран-при турнирінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақса, Тель-Авивтегі Гранд Слам жарысында қоланы қанағат тұтты. Загребтегі доданың ақтық айқасында екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері, тәжірибелі Ким Вон Жинді қапы қалдырса, Израильдегі бәсекеде байырғы қарсыласы, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлде үшін белдесуінде есесі кеткен Карамат Хусейновті жеңді. 

Мағжанның бозкілемдегі жарқын жолына үңіліп көрелік. Ол алғаш рет 2015 жылы Прагада өткен Еуропа кубогында көзге түсті. 55 келіде өнер көрсеткен балуанымыз неміс, түрік, венгр балуандарын жолдан ығыстырып, финалда отандасы Дидар Тәттібайды таза жеңді. Араға екі ай салып, Мағжан Әбу-Дабиде жастар арасында өткен әлем чемпионатында топ жарды.

55 келіде сынға түскен спортшы өзбекстандық Достон Рузиев, армениялық Ваган Ховсепян,  әзірбайжандық Натиг Гурбанлиден бір бас жоғары екенін көрсетсе, жартылай финалда Еуропа кубогының жеңімпазы Ираклий Купанадзені 2 минутта ұтты. Ал финалда Оңтүстік  Корея елінің үкілеген үміті Харим Лиді таза жеңді. Осылайша Мағжан жастар арасында әлем чемпионы атанған екінші қазақ болды. Оған дейін Елдос Сметов 2010 жылы дәл осы салмақта (55 келі) қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған еді. 

Шамшадин 2016 жылдан бастап 60 келі салмақта өнер көрсетіп жүр. Ересектер дуына еркін қосылғанымен, ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алмады. Дегенмен дәл қазіргі таңда Мағжанды 60 келідегі сайыпқырандардың көшбасшысы деуге болады. Оның бозкілемдегі белдесу мәнері, әп-сәтте қарсыласына қарсы әдіс жасап кететін шапшаңдығы және әдіс-тәсілден қорғана алу машығы жақсы жетілген. Дүниежүзілік рейтингте әлемнің ең үздік 10 балуанының қатарында тұрған Шамшадиннің болашағынан үлкен үміт күтуге болады. 

Жастар арасындағы Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Бауыржан Нарбаевтың да аяқ алысы жаман емес. 23 жастағы талантты балуан жыл басында Тель-Авивте өткен Гранд Слам турнирінде үздік шықты. Ол алғашқы белдесуінде Еуропа кубогының жеңімпазы израильдік Лиор Рафаиловты, артынан грузиялық Тимур Нозадзені таза жеңді. Ширек финалда Токио олимпиадасының қола жүлдесі үшін Елдосқа есе жіберген нидерландылық Торнике Циякадоэаны «вазари» ұпайымен ұтса, жартылай финалда 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Карамат Хусейновті жеңді. Ал финалда Токио татамиінде жоғарыдағы Торникеден жеңілген украиналық Артем Лесюкке болмайтын жерден жеңіліп қалды. Бауыржан Анталья мен Венгриядағы Гран Слам жарысында 2019 жылғы әлем чемпионы, грузиялық Лухум Чхвимианиден жеңілсе, Ұлан-Батыр мен Нұр-Сұлтандағы дүрмекте даңқты Рюдзю Нагаяманың осал тұсын таба алмады. Ол қазір әлемдік рейтингте 22-орында тұр. Бауыржан да бағы мен бабы қатар шапса биік белестерді бағындырары сөзсіз. 

Жас кезінен дара талантымен оқшауланған Бауыржан Жауынтаев та биік белестерді бағындырып, жанкүйерлердің жадында қалған еді.  Ол елеулі табысының барлығына 2012-2014 жылдар аралығында қол жеткізді. 2012 жылы Сары құрлықтың үздік балуаны атанып, 2013 жылы АҚШ-та кадеттер арасындағы әлем чемпионатында отандасымызға тең келер балуан табылмай, алтын тұғырға көтерілді. Алғашқы айналымда перулік  балуанды ұтса, екінші белдесуде украиналық Каро Марандянды 1 минуттың ішінде таза жеңді. Ширек финалда жергілікті спортшы Адонис Диасты, жартылай финалда грузин Ираклий Архозашвилиді иппонмен ұтты. Бауыржан үшін ең қиын белдесу 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элиос Манзимен болды. Дегенмен жеңіске деген жігерінің арқасында қарсыласының жауырынын жер иіскетті. Араға бір жыл салып, Бауыржан Қытайда өткен жасөспірімдер олимпиадасында алтыннан алқа тақты. 55 келіде сынға түскен Сыр елінің саңлағы қарсылас шақ келтірмей, көптің көңілінен шықты. Ақтық белдесуде әзірбайжандық Натик Гурбаналының адымын аштырмай алып ұрды. Осылайша, ол жасөспірімдер арасында олимпиада ойындарын және әлем чемпионатын ұтқан тұңғыш қазақ ретінде ел спортының тарихында қалды. 

Өкінішке қарай, қазір Бауыржан спорттық мансабындағы сәтсіз уақытты бастан өткізіп жатыр. Ол 2021 жылы әлемдік аренада екі турнирге қатысып, екеуінде де жеңіліс тапса, биыл Ақтауда өткен Азия кубогында ғана сынға түсті. Дегенмен ол жарыста да жолы болмай, алғашқы айналымда сүрінді. Бірақ Бауыржан сағы сынып, жігері жаситын спортшылардың қатарынан емес. Ол әр сәтсіздіктен сабақ алып, мықты боп оралатынына кәміл сенеміз. Бір қызығы, Бауыржанның да, Мағжанның бағын ашқан – білікті бапкер Қален Қалиұлы. Екеуі де – Қызылорда облысындағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының түлегі. Айтпақшы, жақында Елдос Сметов 60 келі салмаққа қайта оралатынын мәлімдеді. Қызықтың көкесі енді болмақ.

СЕНІМ СМЕТОВКЕ АРТЫЛА МА?

Бір жарым жылдық үзілістен кейін боз кілемге қайта оралған Елдос жаңа салмақта сынға түсуге бел байлады. Әрине, екі бірдей олимпиялық циклде бір салмақта өнер көрсеткен балуанның бұл қадамын түсінуге болады. Дегенмен 66 келіде белдесу Сметов үшін оңайға соқпады. Осы орайда, дзюдодан мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Қонысбаевтан Елдостың жаңа салмақтағы сәтсіздігінің сырын, 60 келідегі балуандардың Елдосқа қаншалықты тегеурін көрсете алатынын сұрадық. 

– Шыны керек, 60 келідегі қазақстандық балуандармен әлем санасады. Бұл салмақ дәрежесі бойынша әлемнің ең үздік 10 елінің қатарындамыз. 60 келідегі бәсекелестіктің өте жоғары екенін кез келген көзі қарақты жанкүйер біледі. Мұның тарихы, тамыры тереңде жатыр деуге де болады. Сондай үздіктер үзілмеген, әлемдік аренада небір мықтыларды мойындатқан салмақта Сметов сияқты сайыпқырандардың шығуы заңды. Одан бөлек, оның жетік техникасы, аса сауатты тактикасы талайды тамсандырды. Байрақты бәсекенің барлығында да алдына жан салмай, өзінің мықтылығын әлемге мойындатты. Елдос сияқты бәсекелес бар жерде оның айналасындағы  балуандардың мықты болатыны да анық. Осы бәсекелестің нәтижесі ретінде Мағжан, Бауыржан сияқты балуандардың аламанда атой салуын айтуға болады. Әрине, бұл жігіттерді Елдостың ізбасары деп айтуға келмес. Өйткені барлығы бірге дайындалып, бірге жаттығып жүр. Сметовтің жаңа салмаққа ауысып, бағын сынауы –  әлемдік тәжірибеде бар дүние. Олимпиадаға ұпайды сарапқа салатын додаларға дейін 66 келіде белдесіп, шама-шарқын байқап көрді. Шыны керек, бұл салмақ ол үшін ауырлау болды. Өзінің негізгі салмағы 65-66 келі болса, қарсыластары – 73-70 келіден салмақ қуатын балуандар. Сметовтің жаңа салмақтағы сәтсіздігінің бір сыры да осында болуы мүмкін. Ал Елдос пен Мағжан, Бауыржан арасындағы текетіресте Сметовтың басымдығы болатыны анық. Жалпы, Елдос пен Мағжан бұрын-соңды боз кілемде белдеспеген. Яғни әлемдік додаларда жолы түйіспеді. Дегенмен кімнің мықты екенін кілемнен ғана біле аламыз», – дейді Жандос мырза. 

P.S. Төртжылдықтың басты бәсекесі – Париж олимпиадасы да қыр астында тұр. Осыған дейінгі олимпиялық ойындардағы олқылықтың орнын осы оғландар толтыратынына кәміл сенеміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2022

347 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы