• Маман кеңесі
  • 17 Қараша, 2022

Стоматит мазаласа...

Стоматит – ауыз   қуысы-ның шырышты қабығының қабынуы. Көбіне таңдайға, жақтың ішкі бетіне, тілдің астына, тамаққа, ерінге немесе қызыл иекке шығады. Барлық адам нәресте кезінен бастап кем дегенде бір рет осы аурудан зардап шегеді. Немқұрайды қарағаннан, бәлкім, дұрыс емдемегеннен бұл ауру төрт күннен екі аптаға дейін созылуы мүмкін. Мұны үй жағдайында емдеуге болады, дегенмен ол аурудың барлық түріне жарай бермейді. Ауруға дер кезінде мән бермесе, асқыну қаупі жоғары.

Әдетте көп адам мұны ауыз қуысына шыққан жай бір жара, ертең-ақ жазылып кетем деп жеңіл қарап жатады. Сөйтіп жүргенде қалай қайта-қайта мазалайтын дертке айналғанын білмей қалады. Стоматолог дәрігер Гүлназым Берікбекқызының айтуынша, аурудың пайда болуына иммунитеттің төмендеуі, вирусты аурулар, авитаминоз, ауыз қуысының созылмалы патологиялық инфекциясы, қант диабеті, ауыз қуысы мен жеке бас гигиенасын сақтамау себеп болады. Стоматиттің негізгі себебі – инфекция (вирустық, бактериялық және саңырауқұлақ). Вирустар мен бактериялар ағза үшін қорқынышты емес, ауру тек белгілі бір жағдайларда дамиды. Оның белгілі бір түрлері бар, олар аурудың себептері бойынша ерекшеленеді:
– саңырауқұлақ   Candida саңырауқұлақтарынан туындаған жұқпалы ауру болып саналады, сәйкесінше аурудың себебі науқас адаммен байланыста болу немесе ауыз қуысының гигиенасын сақтамаудан болуы мүмкін;
– афтоз ағзадағы маңызды дәрумендер мен минералдардың, әсіресе темір мен В12 дәруменінің жетіспеушілігінен болады;
– герпетикалық (ұшық сияқты) – оны герпес вирусы қоздырады, ол да жұқпалы, науқастың терісіне немесе ерініне тигеннен пайда болады;
– сыртқы әсерлерден кейін пайда болатын стоматит жиі ішімдік ішу мен темекі шегудің нәтижесінде, дұрыс таңдалмаған протездер салдарынан пайда болады;
– аллергиялық. Стоматиттің бұл түрі көбінесе белгілі бір дәрілерді шамадан тыс қолданғаннан кейін пайда болады;
– катаральды стоматит – ауыз қуысы гигиенасын сақтамаудан, тіс ауруларының салдарынан болатын стоматиттің ең көп таралған түрі. Бұл кезде шырышты қабықшалар қабынып, қызарып, ісінеді.
– ойық жаралы стоматит – катаральды стоматиттің келесі кезеңі. Ауыз қуысындағы ойық жараның әсерінен тамақ ішу қиындайды. Кей жағдайда қызу көтеріліп, лимфа түйіндері ұлғаяды.
– ойық жаралы некротикалық стоматит – ауыз қуысының барлық шырышты қабығына әсер ететін стоматологиялық ауру. Бұл 3 жасқа дейінгі балаларда, сондай-ақ ересектерде өте жиі кездеседі.
Кейде тіпті мұның пайда болуына сапасыз тіс пастасын қолдану да әсер етуі мүмкін. Оның жекелеген компоненттері шырышты қабықты тітіркендіреді.

БЕЛГІЛЕРІ

Стоматиттің жалпы белгілері бар, бірақ олар әртүрлі болуы мүмкін. Әдетте ауру аздап қызарудан басталады. Кейінірек жара шыққан жерлер ауырады. Асқынған кезде жара ұлғаяды. Саңырауқұлақ стоматиті ақ жара болып шығады. Ұшық сияқты стоматит ерінге шығады. Кейде стоматит қант диабеті сияқты басқа ауру белгілерінің бірі болуы мүмкін. Оны стоматолог дәрігер анықтайды. Гүлназым Берікбекқызы стоматиттің көптеген себебі болуы мүмкін екенін және емдеу әдісі көбіне аурудың түріне байланысты таңдалатынын айтады.

– Әуелі пайда болу себебін анықтаймыз, сосын түріне қарай жалпы ем-дом жасалады. Мұнымен балалар көп ауырады. Кішкентай балалар гигиена дегенді онша біле бермейді, еңбектеп келе жатып кір қолын аузына салады. Еметін балаларға кейде анасы емізген соң кеудесін уақытылы жумағаннан да стоматит шығуы мүмкін, – дейді ол.

ЕМДЕУ МЕН АЛДЫН АЛУ

Дәрігерлер қандай дерт болса да бастапқы кезеңінде емге дереу кірісуге кеңес береді. Әрине, барлығын дәрігердің кеңесімен жүргізген дұрыс. Алдымен қабыну процесінің қоздырғышын анықтау үшін вирусологиялық зерттеу жүргізіледі. Ауруға кешенді түрде әсер ететін, себебін де, сыртқы көріністерін де жоятын емдік шаралар ғана көмектесетінін ұмытпауымыз керек.

Дәл диагноз қойылған кезде тіс дәрігері стоматитті емдеуге арналған дәрі-дәрмек тағайындайды. Олар шартты түрде симптоматикалық және арнайы болып бөлінеді. Біріншісінің мақсаты – аурумен бірге жүретін белгілерді жоюға бағытталады. Қолданылатын дәрілер:
иммунитетті нығайту үшін берілетін дәрумендер;
вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер;
қызуды түсіретін және қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер;
ауырғанды басатын гельдер;
ауыз қуысына арналған жақпа майлар;
көп су ішу.

– Ауырған адам бүкіл ауыз қуысын шаюы керек, өйткені патогенді микроорганизмдер шырышты қабатта барлық жерде болады. Олар жай көзге көрінбегенмен, ауыз қуысында қалады. Тарай берген сайын емдеу процесі ұзаққа созылуы мүмкін, – дейді Гүлназым Берікбекқызы.

– Ең бастысы – әр адам жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы керек, – деп сөзін жалғады маман. – Себебі, инфекция барлық аурудың пайда болуына әкеледі. Адам ағзасы – өте күрделі құрылым. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, тұмау боп ауырсаңыз, иммунитетіңіз әлсірейді. Ол тісжегідегі инфекцияға әсер етеді де, ауыз қуысында жара пайда болады. Тісіңізді бірде тазалап, бірде тазаламай жүрсеңіз немесе қолыңызды жумай тамақ ішсеңіз ауыз қуысына инфекция түседі, тағы да жара пайда болады. Сондықтан бір нәрсені ғана себеп деп қарастырмаған дұрыс. Сіздің әрбір бұрыс әрекетіңіз ағза жұмысының бұзылысына әкеледі, – дейді стоматолог.

Сондай-ақ дәрігер бұл аурудың әсіресе ойық жаралы некротикалық түрі жиі қайталана берсе, уақытылы емделмесе, онкологиялық ауруға апаруы мүмкін екенін айтады. Бұл дерт балаларда да, ересектерде де жиі кездесетінін жоғарыда айттық. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді өмірлік мақсатына айналдырған адам ұтылмаса керек. «Ауру айтып келмейді» десек те, әрдайым сақтанып жүргеннің артығы жоқ.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

1010 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы