• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 21 Сәуір, 2023

Данияр БЕРІКБОЛҰЛЫ: Уақыт пен заманның бедері өнер туындыларында ғана қалады

Қарапайым саз балшықтан түрлі бұйым жасау сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Егер осылай ойласаңыз, қатты қателесесіз. Бұған құмыра жасап көргенде көзіміз жетті. Кәсіби құмырашы, керамика маманы Данияр Бабашовтың «Отырар» шеберханасына барып, шебердің өзімен құмыра жасау өнері жайлы сұқбат құрдық. Ол – 11 жыл ішінде сүйікті хоббиін дамыған кәсіпке айналдырған мамандардың бірі. Бүгінде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Данияр Бабашов «Ақ желкеннің» оқырманына керамика саласының қыр-сырын айтып берді.

БҰЛ  МАМАНДЫҚТЫ КЕЗДЕЙСОҚ ТАҢДАДЫМ

Бұл салада жүргеніме 11 жылға жуық уақыт болыпты. 11-сыныпты бітіргеннен кейін О.Таңсықбаев атындағы өнер колледжінің керамика мамандығына оқуға түстім. Шыны керек, бұл мамандыққа кездейсоқ мойын бұрдым. Өкінішке қарай, Қазақстан бойынша бұл саланың деңгейі өте төмен. Сондықтан осы мамандыққа грант көп. Грант үшін түскендіктен, басында не мамандық екенін түсінбей жүрдім. Кейін уақыт өте келе салаға сұраныс аз екенін көріп, мұны дамыту керек деген ой келді. Колледжді бітіргеннен кейін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқуымды жалғастырдым. Бұл жақта мүмкіндік көп екенін түсіндім. Онда басқа елдерге оқуға жібереді екен. Содан бір жарым жыл Мәскеуде оқып, тәжірибе жинап келдім. Дипломдық жұмысты да сол жақта қорғадым. Ол жақта гжель деген орыстың атақты ұлттық керамика жасау әдісі бар. Гжель ұлттық бұйым болғаннан кейін басқаларына қарағанда оның бағасы екі есе жоғары болады, сұраныс та жоғары. Өйткені олар ұлттық ыдысты жоғары қояды. Керамика десе, гжель еске түседі. Ол жақта мен ұлттық өнерден бөлек, жалпы оның жасалу технологиясын үйренуге тырыстым.

ДАҢҚЫ ҒАНА ҚАЛҒАН, ЖАЛҒАСЫ ЖОҚ САЛА

Бұл сала ертеректе өте жақсы дамыған. Оңтүстік жақтың, Отырардың тумасымын. Ежелгі Отырар қаласы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, Қытаймен алыс-беріс өте мықты болған. Дүние жүзінде керамиканың ең көп дамыған жері – Қытай мен Жапония. Қытай фарфорымен әйгілі. Сол Отырарда Қытай фарфорлары табылған. Өкінішке қарай, бұл өнер бізде атадан балаға жалғасқан жоқ. Көрші Өзбекстанда әлі күнге атадан балаға ұласып келеді. Бізде тек орындары ғана қалған. «Қазақта мынадай шебер болған» деп те нақты айта алмаймыз, өйткені авторлардың мөрі де сақталмаған. Біз жақта табылған құмыралардың авторлық мөрлері қытайша жазылған. Демек, оларды Қытайдан келген шеберлер жасаған. Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің сыртындағы тақталар сол жерде өндірілген. Пеш болғанын да білеміз. Соның заңды жалғасы ретінде, «ұлттық қыш өнеріміз жалғасын тапса екен» деген ниетпен осы шеберхананың атын «Отырар» деп қойдым. Ең алғаш бұл шеберхана үлкен кісілер мен балаларға құмыра жасауды үйрететін шеберлік сағатын өткізу мақсатында ашылған болатын. Аяққа тұрғанша, содан түскен ақшаға өзімізге пеш, материалдар алдық. Ол кезде бірден тапсырыс алуға тәжірибем де болған жоқ. Оқуды бітіре салып тапсырыс алу өте қиын. Оған ең әуелі тәжірибе керек. Уақыт өте келе біртіндеп тапсырыс ала бастадық. Ең бірінші тапсырысты бір жарым жыл бұрын «Сандық» мейрамханасына жасадық. Қазірге дейін жиі тапсырыс береді. Шеберханамыздың жұмыс істеп келе жатқанына екі жарым жыл болды. Оның бір жылы шеберлік сағатын өткізумен өтсе, қалған бір жарым жылда тапсырысқа жұмыс істеп жүрміз. Әкем де, атам да – суретке, қолөнерге жақын адамдар. Мамандығы басқа болса да осы салаға қабілетті болды. Бәлкім, маған да бұл қабілет әкемнен берілген шығар деп ойлаймын.

НЕГІЗГІ МАҚСАТЫМЫЗ – ӨНДІРІС ЖАСАУ

Қазір, Құдайға шүкір, сұраныс артып келеді. Кейде жекелеген адамдарға жасамаймыз. Себебі, үлгермейміз. Біз «құмыра жасаймыз» деп арнайы жарнама бермейміз. Қазіргі мүмкіндігімізбен одан да үлкен тапсырыс ала алмаймыз. Негізгі мақсат – кез келген сұранысқа құмыра жасап бере алатындай өндіріс жасау. Бұйыртса, келесі айда Өзбекстанға бір айлық курс оқуға кетем. Біз қазір барлық ыдысты қолмен жасаймыз. Негізінде мұны арнайы станоктар жасауы керек. Ол жақта станоктар қалай жасалады, қалай қолданылады, соның барлығын үйреніп келсем бе деймін.

Студент кезімізде Алматыда Мақатаев көшесінің бойында «Алматы керамика» деген керамика зауыты, Қапшағайда (қазіргі Қонаев) фарфор зауыты болған. Қазір екеуі де жабылып қалды. Олардан ұлттық ыдыстар емес, кәдімгі қыш ыдыстар ғана жасалып шығатын. Біздің негізгі мақсат – ұлттық ыдыс шығару. Шеберханамыздың аты «Отырар» болғаннан кейін осы бағыттағы, шығыс стиліндегі қыш жасап шығарғым келеді. Керамика дүние жүзінде бар. Ішінара бір-бірінен ұлттық нақышымен ғана ерекшеленеді. Біздегі құмыралардың ерекшелігі – басы жіңішке, сүйір, формасы қиын боп келеді. Олар технологиясы бойынша да бөлінеді. Бұрын құмыраларды ең бірінші сүтке күйдіретін болған. Сол кезде оның түсі қою қоңыр болады. Бұрын глазур, шыны болмағанда, соны қолданған. Отырардың құмыралары сонысымен ерекшеленеді.

Саз балшық өндіру негізі жеке мамандық ретінде оқытылады. Бізге оқу барысында соның бәрін үйретті. Мәскеуде оқыған кезде ол жақта саздың дайындалу ерекшелігін, шынылар үлгісін бөлек мамандық ретінде оқыдық. Дұрысында, саз балшық дайындайтын адам құмыра жасамауы керек, ол сонымен ғана айналысуы керек. Сол кезде бұл сала жанжақты дамиды. Үлкен нарыққа шығарда бәрін бірдей ұстау қиын. Сондықтан әрқайсысының өз маманы болғаны дұрыс.

ӨНІМ БАҒАСЫ ҚОЛЖЕТІМДІ

Біз саз балшықты Қапшағайдан алдырамыз. Ол жақта қызыл саз балшық бар. Зауытта істеген кісілердің кішігірім шеберханалары бар. Солар саз балшық өндірумен айналысады. Саз балшық бізге дайын күйінде жеткізіледі. Келісі 350 теңгеден. Толығымен бір ыдыстың бітуіне 7-8 күн, ал кесеге 4-5 күн уақыт кетеді. Жалпы он күн деп алсақ, сол он күннің ішінде жүз құмыра жасап бітіруге болады. Екі күнде елу-елуден жүз құмыра жасасақ, қалған уақыт күйдіруге, кептіруге кетеді. Шеберханамызда сегіз адам жұмыс істейді. Оның үшеуі шебер. Қалғандары маркетингпен (жарнама, таргет, мобилограф) айналысады. Мысалы, мына тұрған (құмыраны көрсетті) бір литрлік құмыраның бағасы 7500-8000 теңге. Барлық құмыраның бағасын қолжетімді бағада қоямыз. Өйткені мұны кез келген адам сатып ала алуы керек. Кафе, мейрамханаларда ғана емес, күнделікті өмірде де қолданылса деген ниетпен ыңғайлы бағада сатамыз. Әдетте бізде қолөнер өте қымбат болуы керек деген түсінік қалыптасқан. Мәселен, оқып жүрген кезімізде дәл осындай құмыраны 20 000 теңгеге жасайтынбыз. Бірақ ол көрмелерде ғана өтетін, екінің бірі ала алмайтын. Тұтқасы бар құмыраларды жасау сәл қиындау болғандықтан, ол 7500-8000 теңгеден, ал тұтқасыз түрлері 4000- 5000 теңгенің шамасында сатылады. Құмыраның сыртын майлаймыз. Ол майды Мәскеуден алдырамыз. Тура осы құмыра глазурьмен жасалатын болса, оның бағасы 15 000 теңге болады. Бірақ адамдар оны сатып алуға әлі дайын емес. Сондықтан қайсысына сұраныс бар, соған басымдық береміз. Глазурь дегеніміз – сазды бұйымның бетіне жағылатын шыны тәрізді жабынның жұқа қабаты. Керамика ыдыстар екі рет күйдірілсе, глазурьмен боялған ыдыстар үш рет күйдіріледі. Глазурь ыдыстар 1200 градуста күйдіріледі. Сол себепті де бағасы қымбатырақ болады. Фарфор құмыралар мүжілмей, бірнеше ғасыр шыдайды. Керамиканың фарфордан жасалған түрі қымбат болады. Сыйлыққа да фарфор ыдыстар көп берілетін болған. Күйдіру, жасалу процесі өте қиын болғандықтан да өте қымбатқа бағаланған. Студент кезде көрмелерге көп шығатынбыз. Көбіне халықаралық көрмелерге қатысуға тырыстық. Себебі, аты айтып тұрғандай, ол жақта басқа деңгейді көресің. Ал көрмеге көп қатысу деңгейіңді өсіреді. Мәскеуде көркем керамика деген халықаралық фестиваль болатын еді. Сол фестивальдерде екі рет бас жүлде жеңіп алдым. Жеке көрме жасау арман боп тұр. Қазір уақытымыз тек тапсырыстарды орындауға кетіп жатыр.

САЛАНЫ ТОЛЫҚ МЕҢГЕРДІМ ДЕЙ АЛМАЙМЫН

Маған колледжде дәріс берген Марат Сәрсенбаев деген ұстазымыз бар. Өте мықты шебер. Бірақ ол қарапайым. Қазақ қыш шеберлері өте аз. Түркістанда Абай деген ағамыз бар. Алматыда да небір қыш шеберлері бар. Негізі көп шебер өзінің құмыра жасау технологиясын жасыруға тырысады. Бел баласына, туысына ғана айтуы мүмкін. Жүз шеберхана болса, жүз түрлі технология бар. Барлығы бір-бірімен бәсекеге түседі. Өз басым не білсем, соны үйретемін, жасырмауға тырысамын. Өйткені бізде әлі бәсеке жоқ. Негізгі мақсатымыз – сол бәсекелестікті тудыру. Сол үшін көбірек насихаттаймын. Мәскеудегі Ольга Антонқызы, Галина Петрқызы секілді ұстаздарыммен қазірге дейін байланыстамын.

Керамика саласын толық меңгердім деп айта алмаймын. Білмегендерімді сол кісілерден сұрап тұрамын. Әр қыш әртүрлі температурада күйеді. Сондықтан қандай да бір қиындыққа тап келгенде солардың ақыл-кеңесіне жүгінемін. Өзбекстандағы шеберлермен енді-енді байланыс орнатып жатырмын. Өзбекстанда бұл өнер жақсы дамығанмен, сапа жағынан төмендеу. Бізге сапа жағынан Мәскеуден, өндіріс жағынан Өзбекстаннан үйренген дұрыс. Әр жердің керегін ғана алып, өз жерімізде соны жақсырақ дамытуға күш салуымыз керек.

КЕРАМИКАҒА ӨНЕР, ФИЛОСОФИЯ ДЕП ҚАРАЙТЫН АДАМ АЗ

Шығармашылық жұмыс міндетті түрде адамды ойландыруы, қараған кезде бір нәрсені баяндауы керек. Шабыт фестивалінен ІІІ орын алған жұмысыма 2,5 ай уақыт жұмсаған едім. Тапсырыс пен шығармашылық жұмыс екі бөлек нәрсе. Мысалы, мына құмыраның (қыш құмыраны көрсетті) мыңын дәл осылай етіп жасауға болады. Ал шығармашылық жұмыстың бір қиын жері – оны айнақатесіз дәл солай қайталап жасау мүмкін емес. Тапсырыс жасаудан қарайып қаласың, ал шығармашылық жұмыспен айналыссаң, басқаша ойланасың, басқа деңгейге өтесің.

Керамика саласын философия деп қарайтын екі адам болса, мұны жай жұмыс деп қарайтын мың адам бар. Мысалы, Өзбекстанда шығармашылық жұмыс деп қабылдайтын бір шебер болса, оның жұмысшылары тек орындаушы ғана. Ол жақта мың шеберхана болса, соның он шақтысы ғана керамиканы әлі күнге дейін зерттейді. Ал кейбіреуі оны табыс көзі ретінде ғана қолданады. Керамикаға өнер, философия деп қарайтын адам өте аз. Орындаушылар көп те, нағыз өнер туындысын жасайтын шын шеберлер аз. Қытайда керамиканың тұтас тарихы бар. Әр заманның өзіне тән керамика өнері бар. Әр керамика сол уақыттан сыр шертіп, бәрін баяндап тұрады. Уақыт пен заманның бедері өнер туындыларында ғана қалады.

ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАЛЫ

Ең алғашқы клиентім невропатолог кісі болған еді. Ол тұрақты түрде біздің курсқа қатысты. Дәрігер өзіне емделуге келетін балаларды да бізге жіберіп тұрды. Саз балшықпен жұмыс істеу жүйке талшықтарына пайдалы, тіпті мұны арт-терапиямен де теңестіріп жатады. Баланың жүйке жүйесіне ерекше әсер етеді, адамның жан дүниесін тыныштандырады, төзімділікке үйретеді. Бір құмыра бірден жасала салмайды. Сол үшін бала аса ұқыппен бір құмыра жасап шығаруға тырысады. Ол адамның ішкі сабырына кәдімгідей әсер етеді. Сонымен бірге саз адам бойындағы жаман энергияны тартып алады.

Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2023

444 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы