• Спорт жұлдыздары
  • 10 Қазан, 2023

Ризабек Айтмұхан: Кілемді сүртіп жатып, әлем чемпионы атануды сұрадым

Белградта өткен байрақты бәсекеде айды аспанға бір-ақ шығарып, еркін күрестен Алаштан шыққан алғашқы әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан ел тарихындағы баға жетпес жүлдеге қол жеткізді. Қазақ елінің уысына  ілікпей, қанжығасына бөктеру бұйырмай келген әлемдік доданың алтынын иеленген Ризабек небәрі 19 жаста. 92 келіде топ жарып, тарихи жеңіске қол жеткізген балуанмен арнайы «Ақ желкеннің» оқырмандары үшін сұқбат алдық.  

– Ризабек, тарихи жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз. «Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы» деген атақты арқалап жүрген қалай екен? Атыңды алтын әріппен тарихта қалдырғаныңды сезіндің бе?

– Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанғанымды елге келіп сезініп жатырмын. Сербияда ұтып алған жүлдемнің маңызын аса сезінбеген едім. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі халықтың ықыласы мен құрмет-қошеметі ерекше сезіліп жатыр. Расында, тарихта атым алтын әріппен жазылып қалатынын, өскелең ұрпаққа үлгі болатындай іс тындырғанымды түсіндім. Әрине, атақ-даңққа масаттанып, дандайсып кетуден аулақпыз. Керісінше, сол атақты абыроймен көтеруді көздейміз.   

– Шыны керек, жартылай финалда өзің түрік балуаны Фейзулла Ақтүрікті айқын басымдықпен жеңгеннен кейін топ жарады-ау деп топшыладық. Басты фавориттің бірін айқын басымдықпен ұттың. Бірақ финалда соңғы минутқа дейін қарсыласың алда келе жатқанда үмітімізді үзе бастаған едік....

–  Иә, үш белдесуімді де чемпионаттың басты фавориттеріне қарсы өткіздім. Үшеуіне де тек жеңем деген мақсатпен шығып, боз кілемде барымды салдым. Әсіресе, осыған дейін екі рет есе жіберген түрік балуаны Актүрікке ерекше дайындалып, бес қаруымды сайлап шықтым. Түрікті жеңгеннен кейін чемпион бола алатынымды іштей сезіп, кез келген мықтының мысын баса алатыныма көзім жетті. Расында, жартылай финалда әлем, Еуропа чемпионатының жүлдегері Мирани Майсурадзені (Грузия) аттатпай, айламды оңай асырдым. Шынымды айтсам, финалда соңына дейін күресіп, психологиялық тұрғыдан қателікке бой алдырмасам жеңіске жететінімді білдім. Финалдық белдесу басталғанда тәжірибелі Осман Нұрмагомедов күресімді жүргізбей, әдіс жасауға мұрша бермеді. Дегенмен белдесудің бітуіне бір минуттай уақыт қалғанда әлсіреп қалғанын сездім. Сол сәтті ұтымды пайдаланып, қарқынымды күшейтіп, қалай да болсын ұпай алудың қамын жасадым. Аллаға шүкір, тоғыз жыл бойы боз кілемнен бір елі ажырамай төккен тердің, сенім артқан бапкерлерімнің үміті ақталды. Әсіресе, осы финалдық белдесу алдында әкемнен бастап, құрамадағы барлық жігіттер рухты көтеретін, жігерді жанитын небір сөздер айтып, тарихи алтынды иеленетініме сенім білдірді. 

– Ешкім әлем чемпионы атанатыныма сенген жоқ дедің, жалпы өзің 19 жасыңда әлем чемпионы атанам, қазақ спорты тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы болам деп ойладың ба? Негізі бір ай бұрын ғана жастар арасында әлем чемпионы атануға жақын болдың...

– Әрине, күресті серік еткелі әлем чемпионы атануды армандадық қой. Бірақ қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы боламын деп ойламадым. Дегенмен чемпион болмасам да, жүлдегерлер қатарынан көрінетініме сенімді болдым. Өйткені биыл біраз мықты турнирлерде үздік шығып, жақсы бабыма ендім. Жастар арасында әлем чемпионатында алтынға сынық сүйем қалғанда сүрініп, бір ұпай айырмашылығымен ирандық балуанға есе жібергенде өкініштен өзегім өртеніп еді. Сол әлем чемпионатынан үлкен сабақ алып, тәжірибем де толысып, әлеуетімнің де артқанын байқадым. Белградтағы бәсекенің финалдық белдесуінде уыста тұрған алтынды жіберіп алмау үшін, бір ай бұрынғы олқылықтың орнын толтыру үшін барымды салдым.  

– Әлем чемпионы атанғандар дәстүр бойынша тумен кілемді айналып жүгіреді. Бапкерлердің жанынан тудың табылмауы сенің жеңісіңе деген сенімсіздік деп ойламайсың ба?

– Әр балуан әлем чемпионатында топ жарып, туымен кілемді айналып жүгіргісі келеді. Тіпті сол бір ғана сәт үшін бүкіл ғұмырын арнайды. Мен де жеңіске жеткеннен кейін бірден туды іздедім. Қазақстан тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанып тұрып, Туды көтеріп жүгіре алмағаныма ішім удай ашығаны рас. Бірақ тудың болмауы кімнің кесірі, кімнің салғырттығынан екенін білмеймін. Дегенмен мұны да бір жақсылықтың нышаны шығар деп білдім. Бәлкім, Алла маған көк туымызды тағы да желбірету үшін екінші рет әлем чемпионы атанасың немесе олимпиада чемпионы боласың деген белгі беріп тұрған шығар деп қабылдадым.  

– Астанадағы әлем чемпионатында ерікті боп, бозкілемді тазалағаныңды көпшілік көрді. Дәл сол сәт қазақ балуанының алтынға таласып, ұтылған кезі екен. «Әлем чемпионатында атой салсам» деген ой сол кезден бастау алды деуге бола ма?

–  Иә, осыдан төрт жыл бұрын елімізде тұңғыш рет күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп, әлемнің ең үздік балуандарының басын қосқан еді. Ол кезде Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт-интернатында оқып жүріп, сол әлем чемпионатына арнайы ерікті болып жұмысқа барғанмын. Дүние- жүзінің даңқты балуандарының өнерін көзбен көріп, кәдімгідей қанаттандым. Дәулет Ниязбеков ағамыз алтын жүлде үшін белдесіп жатқанда, досыма «боз кілемді мен сүртейінші» деп сұранып шыққан болатынмын. Кілемді сүртіп жатып, Құдайдан әлем чемпионы атануды нәсіп етуін сұраған едім. Мінеки, араға төрт жыл салып, сол жердегі тілегім қабыл болды.  

– Күреске әкем қинап әкелді, аса қызығушылығым болмады дедің. Одан бөлек, туып өскен өңіріңде күреске қызығушылығыңды оятатындай да бір даңқты балуан шықпаған...

– Рас, әуелде күреске еш қызығушылығым болған жоқ. Әкем Қанат балуан болғандықтан осы спортқа қинап әкеліп, еріксіз жаттығу жасататын. Өзім де арық, әлсіз бала болдым. Күреске бармай, тастап кеткен кездерім де болды. Бірақ сол кезде әкем «күресті тастағың келсе, таста. Бірақ маған кейін әңгіме айтушы болма» деді. Осы сөздерден кейін әкеме уәде беріп, күресті өмірімнің бір бөлшегіне айналдыра бастадым. Уақыт өте келе жарыстарда жеңімпаз атанып, алдыма үлкен мақсаттар қойдым. Спортқа баулып, күреске деген ынтамды ашқан әкеме алғысым шексіз. Шыны керек, қазіргі жетістігімнің басым көпшілігі сол кісінің арқасы десем артық айтқаным емес. Иә, туып өскен ауылым Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылынан Ахметжан Қазымбетов сияқты мықты балуан шыққан. Бірақ кейінгі аға буыннан үлгі тұтып, ізін қуатын балуандар болған жоқ. Бірақ әкем қазақ күресінен әр жарыста жеңімпаз болып, әртүрлі сыйлықтар алып келетін. 

– Олимпиялық салмаққа, яғни 97 келіге ауысатыныңды айттың. Дегенмен бұл салмақта ішкі біріншілікте де, әлемдік деңгейде де бәсекелестік мықты екенін білесің. 97 келінің көшбасшысы Әлішер Ерғали да орнын оңайшылықпен бермейтіні анық. Ал әлемдік аренада Садулаев, Снайдер сынды сайыпқырандар бар. Осы мықтылардың мысын басып, айлаңды асыра алам деп ойлайсың ба?

– Мен үшін 92 келідегі соңғы  дода осы Сербиядағы әлем чемпионаты болды. Біз алтын үшін бардық, сол биікке шыға алдық. Ендігі меже – 97 келі салмаққа ауысып, сол салмақта ірі турнирлердің бәрін ұту. Рас айтасыз, бұл салмақта бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Ішкі біріншілікте Әлішер Ерғалиден бөлек те мықты балуандар жетеді. Енді олимпиадаға іріктеу турниріне баруға мүмкіндік беретін Қазақстан чемпионатына дайындықты бастаймыз. Ішкі біріншіліктен де сүрінбей өтетініме, әлемдік балуандармен де терезесі тең дәрежеде өнер көрсете алатыныма сенімдімін. Әрине, Садулаев, Снайдер сынды спортшылардың деңгейі өте жоғары. Бірақ кешегі Сербиядағы сында 20 жастағы Ахмед Тәжудинов сенсация жасағанына жанкүйерлер куә болды. Бұйыртса, бұл біздің де қолымыздан келеді. 

– Біраз жастарға үлгі болып, қанаттандырдың. Журналымыздың жас жеткіншектеріне қандай ақыл-кеңес айтар едің?

– Көптеген жас жеткіншектерге үлгі бола алғаныма қуаныштымын. Өкінішке қарай, қазіргідей заманда уақытын бос, пайдасыз дүниеге құртатын жастар жетерлік. Шылым шегіп, құмар ойын ойнап, ішімдікке әуестенетін жастар да аз емес. Мұндай күйге түспес үшін жастарға спортпен айналысыңдар дегім келеді. Еңбек еткен адам жолдан таймайды. Спортты серік еткен жастар еңбектен бөлек, темірдей тәртіпті ұстану керек. Уақытында тамақ ішіп, уақытында ұйықтау қажет. 2021 жылы бапкерлерім Дарқан Бейсенов, Еркебұлан және Ролан Кешубаевтар, Эдуард Базров екі жыл бойы темірдей тәртіпке үйретіп, «шыда, шыда, осының жемісін міндетті түрде көресің» деп келді. Еңбегің міндетті түрде ақталады деген болатын. Расында, Құдай ниетіңе қарай несібеңді беретініне көзім жетті. 

Сұқбаттасқан Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2023

3906 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы