• Спорт жұлдыздары
  • 04 Желтоқсан, 2023

Мөлдір ЖАҢБЫРБАЙ, каратэші: Сәбилі болғалы үйге жүлдесіз қайтуға ар-намысым жібермейді

Қазақ спортында тағы бір тарихи жетістік тіркелді. Тұңғыш рет қазақ қызы каратэден әлем чемпионы атанып, ел абыройын асқақтатты. Кейіпкеріміз М‚лдір Жаңбырбай Венгрия астанасы Будапешт қаласында WKF каратэден өткен әлем біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, алғаш рет алтын жүлде алқалады. 50 келіде сынға түскен спортшы айналдырған бір айдың ішінде екі бірдей үлкен додада үздік шықты. Азия ойындарының күмісін әлем чемпионатының алтынына алмастырған Мөлдір Жаңбырбай мен қола жүлдегер атанған жұбайы Дидар Әмірәлімен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Мөлдір, мансабыңыздағы ғана емес, қазақ спорты үшін де тарихи жеңіске қол жеткіздіңіз. Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы деген атақ өміріңізді қаншалықты өзгертті?

– Шыны керек, әлем біріншілігі емес, қатардағы бір жарысты ұтып алғандай сезімдемін. Азия ойындарындағы көрсеткішімізден кейін Президенттің қабылдауында болып, алғысын алдық. Дегенмен «қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы» деген атақ өмірімді өзгертіп, үлде мен бүлдеге орап жіберді деп айта алмаймын. Әрине, халықтың ыстық ықыласы мен ізгі ниетін ерекше атап өтуге болады.

– Бір айдың ішінде екі бірдей үлкен додада үздік шықтыңыз. Азия ойындарындағы күмісті әлем чемпионатының алтынына алмастырдыңыз. Бұл жетістіктің сыры неде?

– Спортқа қайта оралғаннан кейін қатысқан бес бірдей үлкен жарыстың барлығынан жүлдемен оралдық. Бір шетінен бабымыз бен бағымыз қатар шапса, сәбилі болғалы үйге жүлдесіз қайтуға арнамысым жібермейді. Өйткені жарысқа қатысу үшін айлап оқу-жаттығу жиынын өткізіп, қызымды үйге тастап кеткенде, «жарыстан жеңіліп, жүлдесіз қайтсам, қызымның бетіне қалай қараймын?» деген ой алға жетелейді. Бәлкім, жетістіктерімнің сыры осында шығар.

– Расында, сәбилі болғаннан кейін араға бір жыл салып үлкен спортқа қайта оралдыңыз. Әдетте мұндай жағдайда спортшылар ұзақ уақыттан кейін оралып, бірақ бұрынғы бабына ене алмай жатады. Бабыңызды қалай тез ретке келтірдіңіз?

– Иә, нағыз бабымда болған шақта спорттан кетіп қалдым. Токио олимпиадасынан кейін Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жүрген шағым еді. Аяғым ауыр екенін білгеннен кейін, бірден спорттан қол үзуге тура келді. Азия ойындарының уақыты кейінге шегерілгенде іштей үміт оты қайта оянды. Өйткені олимпиадада кеткен есені осы Азиадада қайтарғым келді. Ханчжоудағы додада өнер көрсету үшін барынша қалыпқа тез келуге тырыстым. Әрине, одан бөлек бапкерлердің де сеніміне қайта кіру үшін өзөзімді дәлелдедім. Дегенмен бастапқы үш жарысымда 100 пайыз бабыма ене алмай, тез шаршап, қиналатын едім. Ал Азия ойындары мен әлем чемпионатында күшім тасып, өз-өзіме деген сенімділік молайып, нағыз бабымда жүрдім.

– «Бұл жеңісті 16 жыл күттім» дедіңіз. Дегенмен бұған дейін екі рет әлем чемпионатында топ жардыңыз емес пе?

– Иә, осы уақытқа дейін екі рет әлем чемпионы атанғанмын. 2015-2016 жылдары каратэ-до шотоканнан топ жардым. Бірақ бұл жарыстардың деңгейі аса мықты емес еді. Екі-үш спортшыны ұтып, әлем чемпионы атану деген аса бір ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш емес. Ал каратэнің олимпиялық түрінен әлем чемпионы атану екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сол 30 жылда ешкімге бұйырмаған жүлде менің еншіме жазылғанына қуанамын.

– Жалпы, бұл спортта жеткен жетістіктеріңіз бір төбе. Әлем, Азия чемпионы және Азия ойындарының күміс жүлдегері деген атақ-даңқыңыз бар. Олимпиадаға да қатыстыңыз, бірақ бағынбай кеткен белес болып қалды. Сол олимпиададағы жеңіліс әлі өзегіңізді өртей ме?

– Иә, Токиодағы сәтсіздік әлі де көз алдымда. Сол жеңілістің өкініші ішімде қалды. Енді сол өкінішке Азия ойындарындағы финалдың өкініші қосылды. Олимпиадада есе жіберген қарсыласымды кейінгі жарыстарда жеңсем де, өкінішім өшер емес.

– Жалпы каратэшілеріміздің әлемдік аренадағы деңгейі өте жоғары екенін байқадық. Азия ойындарына барғандардың барлығы жүлдемен оралды. Ұлттық құраманың бұл көрсеткішін немен байланыстырасыз? Бапкерлер білікті ме әлде?

– Жалпы, бір ғана факторға байланысты деп айтуға келмес. Бапкерлердің де, спортшылардың да, әрқайсысының өз үлесі бар. Ұлттық құрамада еңбек ететін әрбір жан міндетін мінсіз атқаруының арқасында, бірлік пен ынтымақтың арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Әрине, одан бөлек әрбір жетістіктің артында үлкен еңбек тұрады. 2019 жылдан бастап үздіксіз, ай сайын жаттығу жиындарын тоқтатпай, тынымсыз тер төктік. Шүкір, нәтижеміз көпшіліктің көңілінен шығып жатыр.

– Әлем чемпионатындағы үш жүлденің екеуін жолдасыңыз Дидар екеуіңіз қоржынға салдыңыздар. Бір отбасыдан чемпион да, жүлдегер де шықты. Мұндай керемет көрсеткіштің құпиясы неде?

– Анау айтарлықтай құпиясыры жоқ. Тек бір-бірімізге ылғи қолдау көрсетіп, керек кезде қажетті сөздерді айта аламыз. Жолдасым үшінші орынды алғанын көрген кезде көңілім орнына түсіп, жаным жай тапқандай күйде болдым. Сосын еш уайымсыз финалға дайындалдым. Жалпы сол күні мен өзімді емес, Дидарды қатты уайымдадым. Оның жеңісі маған да күш беріп, финалда барымды салуға септігін тигізді. Жұбайыммен бір спортта, бір командада өнер көрсеткен оңайырақ.

– Спорттағы жетістігіңізге себепші болған жандардың ішінде жұбайыңыздың да алатын орны орасан шығар?

– Әрине, ылғи білмегенімді үйретіп, қатемді түзеп отырады. Бапкерім мен күйеуімнің кеңесі мені жеңіске жетелейді десем де болады. Ылғи ақыл-кеңесін қаперімде ұстауға тырысамын. Одан бөлек, спарринг-серіктесім ретінде де көп қол ұшын береді. Сондықтан жеткен жетістігім мен жеңісімде Дидардың алатын үлесі зор.

– Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

– Ендігі кезекте жарақаттарымызды емдеп, денсаулығымызды жақсартуды көздеп отырмыз. Келесі жылы Азия чемпионаты, жабық Азия ойындары өткізіледі. Сол жарыстарға дайындық жұмыстарын бастаймыз.

– Ал Дидар, ары қарай сұқбатты сізбен жалғастырсақ. Әлем чемпионатында жұбайыңыздың жетістігін қайталауға не жетпеді?

– Мен ылғи жарыстың жартылай финалына жеткенде білгенімнен жаңылып, жоқ жерден жеңіліп қалатыным бар. Біраз турнирде жартылай финалда сүріндім. Әлем чемпионатында да жартылай финалға дейін 5 жекпе-жек өткізіп, сенімді түрде жеңіске жеттім. Жартылай финалға келгенде психологиялық тұрғыдан «жанып» кеткен сияқтымын.

– Жұбайыңыз финалға шыққанда көз жасыңызға ерік бердіңіз.. Бұл эмоция ма, әлде қаншама жылғы еңбектің ақталғанынан ба?

– Эмоциядан бөлек, Мөлдірдің еңбегінің ақталғанына, қаншама қиындықты бастап кешіп, осындай үлкен жеңіске жеткеніне қатты қуандым. Сонымен қатар оның жеңіске жетуге мүмкіндігі жоқ деп сенімсіздік танытқандар да көп болды. Өзіне күмәнмен қарағандарға мықтылығын мойындатып, дәлелдегеніне іштей риза болып, қуанышымды жасыра алмадым.

– Мөлдір финалға шыққанда жеңісіне қаншалықты сенімді болдыңыз?

– Әрине, әлем чемпионы атанатынына 100 пайыз сенімді болдым. Жартылай финалда турнирдің басты фавориті венесуэлалық Салазар Йоргелисті айқын басымдықпен жеңгеннен кейін топ жаратынына еш күмәнім болмады. Психологиялық тұрғыдан да өз-өзіне сенімді болып, еш алаңсыз жүргенін көріп, іштей бағамдадым. Расында, финалда аса қиындықсыз жеңіске жетіп, лайықты түрде тарихи жүлдеге ие болды.

– Мөлдірдің дайындығына қалай көмек бересіз? Жарыңыздың техникалық шеберлігін қалай бағалайсыз?

– Мөлдірге барлық жағынан барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Қазір оның негізгі спарринг-серіктесімін деуге болады. Бірге жаттығып, бірге шыңдалғандықтан кем-кетігін айтып, түзеп отыруға атсалысамыз. Мөлдір техникалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да әркез ізденіп, деңгейін өсіруді ойлап жүреді.

– Өзіңіз де каратэден біршама жетістікке қол жеткізген жансыз. 2018 жылғы Азия ойындарында алтынға сәл жетпей тоқтадыңыз. Бірақ олимпиадада өнер көрсету мүмкіндігі бұйырмады…

– Иә, өкінішке қарай, олимпиадада бақ сынай алғаным жоқ. Ол кезде біздің салмақта (67келі) Дарқан Асаділов елімізде ғана емес, әлемдік рейтингте көшбасшылардың қатарында болды. Негізі Токиода топ жарады деп топшылаған едік. Олимп шыңын бағындыру оңай емес екеніне көзіміз жетті. Алдағы екі олимпиада болмаса да, одан кейінгі ойындарға каратэнің қайта олимпиялық бағдарламаға енетіні анық. Дегенмен каратэден әлемдік деңгейдегі мықты жарыстар өте көп. Келесі жылы деңгейі олимпиададан сәл төмен саналатын Дүниежүзілік ойындар өтеді. Мөлдір екеуміз де жолдамаға ие болдық. Бұйырса, сол додада топ жарып, еліміздің мерейін үстем етуді көздейміз.

– Каратэ спортын серік еткен жас жеткіншектерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Каратэ спортын еш ойланбай таңдаңыздар, каратэмен айналысыңыздар дегім келеді. Қазір каратэге елімізде жақсы қолдау көрсетіп жатыр. Үлкен жарыстарды ұтқан спортшылардың алатын айлықтары да, сыйақылар да жақсы. Бастысы, осы спорт арқылы әлемнің біраз жерін шарлап, ел-жер көресіздер.

Сұқбаттасқан Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2023

3141 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы