• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 20 Желтоқсан, 2023

Нағыз ұстаз еді...

Әке! Осы бір ерекше тұлғаны Алла Тағала әрбір адам баласына бұйыртқан. Себебі әкесіз ешкім өмірге келмейді. Бірақ әркімге әртүрлі әке бұйырады. Біреу әкесін туғаннан көрмеуі мүмкін. Енді бірі тірідей, енді біреулер ерте айырылып жатады. Ал әке қамқорлығын көріп, оны өзіне үлгі тұтып, жанында жақсылығын сезініп өскен жандар бар. Міне, мұндай жандар үшін әке нағыз қимасына айналады екен. Мен үшін әкем сондай қастерлі де ұлағатты жан болды. Менің өмірге келуіме ғана емес, адам болып қалыптасуыма өлшеусіз еңбек сіңірген әкем болатын.

Анамыздан ерте айырылған бізді әкеміздің анасы Зейнеп әжеміз тәрбиеледі. Алайда ол кісінің бізді тәрбиелеудегі басты құралы «әкең келе жатыр» болатын. Иә, әкеміздің атын естігенде біз сапқа тұрған солдаттай жым болатынбыз. Әжеміздің осы тәрбиесінен болар, біз үшін әкеден асқан тұлға, әкеден артық ғұлама болмайтын.

Әкеміз әжеміз Зейнеп пен атамыз Жанпейістің Құдайдан сұрап алған жалғызы еді. Жанпейістің бәйбішесінен бала болмай, әжеміз Зейнепке үйленеді. Сонда Байқадам байдың ерке қызы, екі ұлдың ортасында еркін өскен өжет мінезді Зейнептің артық айтқанын Алла қош көрмеді ме, ол да көпке дейін бала көтере алмай, ауылдан 5-6 шақырым жердегі Баба Түкті Шашты Әзиз бабаның басына түнеп, Құдайдан «аяғы ақсақ болса да бір бала бер» деп біздің әкемізді сұрап алған екен. Апам әкемді осылайша 36 жасында өмірге әкеліпті. «Ойпырмай, Құдайдан сұрап алған баланың да аяқ-қолы сау болады екен-ау» деп таңғалып жүргенде, бір күні әкемізді әжемнің ағасы Шегебай арқалап жүріп құлатып алады. Әжеміз баланы алып ауылдағы сынықшыға барады. Ата-бабасынан әулиелік қонған сынықшы Ибаділдә атамыз ауылда жоқ болып, оның орнына інісі Әли баланың аяғын ары-бері тартқылап, сіңірін созып жібереді. Ол кезде Әли атамыздың сынықты жаңа салып жүрген кезі екен. Содан сап-сау жүрген бала аяғын сылтып басып қалады. Әкеміз 12 жасқа келгенде атамыз Жанпейіс дүние салып, әжеміз Зейнеп әкемізбен жалғыз қалады. Ауылдан бірнеше шақырым жердегі орталыққа баласын арқалап апарып оқытады. Үп-үлкен жігітті анасы арқалап бара жатқанын көріп, кейде тұстастары келеке етіп күледі екен. Соған намыстанып әкем өзі жаяу жүргісі келеді. Бірақ оны тыңдайтын ана ма? Баласының жолында қандай қиындықты болса да арқалауға бар. Тұмсығымен құс тістегендей болып жүріп, баласына орта мектепті бітіртеді. Ол кезде ауылда мұғалімнен беделді, одан асқан абыройлы мамандық болған жоқ. «Менің балам мұғалім болады» деп әжеміз әкемді Қызылордадағы педагогикалық институтта оқытады. Міне, осы алған дипломы оған өмір бойы азық болды.

Әкем мектепте бірнеше жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Сол кезде оның кабинетінде М.Горькийдің «45 жыл мұғалім болсаң да, 45 минуттық сабағыңа даярлан» деген сөзі ілулі тұратын. Ол кісі осы қағиданы ұстанып, күнделікті сабағына тыңғылықты дайындалып отыратын. Абайды пір тұтты. Оның әр сөзін күнделікті айтып отырды.

Әкемнің денсаулығына байланысты мектепке қатынап жұмыс істеу қиындаған соң, анамыз Тұрсынкүлмен бірге мектептің жанындағы бос тұрған бұрынғы директор Донда Сенбин ағайдың үйіне көшіп барды. Біз әжемізбен тұрдық. Әжемнің перзентіне де, немерелеріне де махаббаты ерекше еді. Ініміз Сұлтанның жолына қалған бәрімізді қиып жіберуге бар. Соны білетін Сұлтан бізді «апама айтам» деп қорқытатын. Есейе келе біз ауылдағы кештерге барғымыз келеді, оны алдын ала біліп алып, ініміз: «Апа, бүгін пәленшенің үйінде «вечер» бар, ағам айтты. Оған қыздар бармасын!» – десе болды, апамыз ешкімді тырп еткізбейді. Біз әкемізді «аға» деуші едік. Сұлтан дегенінің болғанына мәз. Апам таңғы шай үстінде апалы-сіңлілі үшеумізге жұмысты бөліп береді. «Үлкен қыз, малға шөп сал, ортаншы қыз, ауланы сыпыр, сары қыз (мені сары қыз дейтін), дастарқанды жина да, сабағыңа дайындал», – дейді. «Сұлтан ше?» дейміз біз. Ол «шаршадым» деп жата кетеді. «Ой, Құдай бере салған, жата ғой» – деп оның басынан сипайды. «Ал барыңдар, жұмыстарыңа кірісіңдер!» – деп бізге бұйрық береді. 

Әкеміз әр сенбі үйге келеді. Ол келген кезде біздің үйде той. Апам жылы-жұмсағының бәрін шығарады. Ет асылады. Көрші Шайхан ата мен Боранбай атаны, оның кемпірі Мәуия апаны (кейін ол кісілермен құда болдық), үлкен үйден Мәртай апамызды, Шайхан атаның бәйбішесі «ақ қатынды», оған қосып Айткүл апаны шақырады. Апамның туған інісі Мұстафа көке соғысқа қатысып, бір аяғынан айырылған, үйіміздің арасында үй жоқ. Жалғыз аяғымен атқа қарғып мініп, қарғып түседі. Шешеміз Кенжетайды «жеше» дейтінбіз. Оның не мағына беретінін білмейтінбіз. Сөйтсек, ол «жеңеше» деген сөз екен ғой. 

Апам мен көкеміздің мінезі ұқсас болатын. Әкеміз де тура мінезді, біреудің ала жібін аттамайтын, адал адам болды. Мінезінің өжеттігі мен қайсарлық қасиеті Зейнеп әжемізді ауылға «Қара қасқыр» атандырды. Отағасынан ерте айырылған «қара қасқыр» жалғыз ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Әжеміз жалғыз баласы үшін «шешенге де пышақ салып алғанмын» деп отыратын. Ол кісі бір жылы колхозда жұмыс істеуге келген шешендерге тамақ пісіретін аспаз болып жұмыс істейді. «Бір күні түс мезгілінде тамақ пісіргелі жатқанмын. Бір топ шешен бұл уақытта карта ойнап жатты. Бір кезде баламның даусы шар ете қалды да, мұрнынан қан саулап кетті» дейді. Әкемнің 12-13 жасар кезі болса керек. Әлгі шешендердің карта ойынын қызықтап қарап отырған әкемді біреуі «әрі отыр» деп қағып жібергенде қолы әкемнің мұрнына тиіп, қан сау ете қалған ғой. Әлгі шешеннің баласына оң қабақ бермей жүргенін бірнеше рет байқаған әжеміз мына қорлыққа шыдасын ба, «мен сендерге тамақ жасайды екенмін, ал сендер менің баламды өлтіруге келген екенсіңдер, көрсетейін мен саған балаға тиіскенді» деп картоп аршып тұрған қолындағы пышағын әлгі шешенге сілтеп қалады. Пышақ оның қолына тиіп, әлгі жерде шешендер у-шу болады. Арада колхоз бастығы келіп, арашалап зорға қойдырады. Шешендер сол бойы ауылды тастап, түгелімен кетіп тыныпты. 

Әкем менің адами қалыптасуыма ғана емес, әнші болуыма да себепші болды. Тамыздың тамылжыған күні еді. Әкем аудан орталығына барып келді. Күн кешкіріп қалған. Бәріміз отырған кезде әкем: «Бүгін аудандық балалар музыка мектебіне бардым. Сәулешімді музыкаға оқуға берем, домбыра үйренсін», – деді. Менің қуаныштан жүрегім аузымнан шығып кете жаздады. Бауырларым маған қызыға қарады. Тіпті екінші әпкем Базар «мен де барайыншы» деп өтінді. Әкем оның да көңілін қалдырмады. Бізден естіп, ауылдан бірнеше қыз бірге барды. Бірақ музыкалық мектепті мен ғана бітіріп шықтым. Ықылас Дүкенұлы атындағы балалар музыка мектебі біздің ауылдан 12 шақырым жерде, сол кездегі аудан орталығы Байқадам селосында орналасқан еді. Міне, содан бері әкем менің әрбір басқан қадамыма тілекші болып қана қоймай, қолдаушым да болды.

Әкемнің көрген түсі айнымай келуші еді. Әлі есімде. Бір күні түсінде Қонаев ақсақалды көргенін айтты. «Сәулешім Қонаевтың алдында ән салып тұр екен» деді. Көрген түсін өзі жорып: «Алла қаласа, Сәулем аузына елді қарататын үлкен өнер иесі болады екен. Өнеріңді тастама, ұштай бер, қызым, осы өнер сені ұшпаққа жеткізеді», – деді. Айтқаны келді.

Ғарифолла Құрманғалиевті ерекше құрметтейтін еді. «Қызылордада оқып жүрген кезімде концертінде болып, әнін тыңдадым, сұрапыл әнші еді» деп таңданып отыратын. Мен мектепті бітіргеннен кейін әкем қадір тұтатын осы ұлы әншінің шәкірті болу мәртебесі бұйырды.

Мен Алматыдан ауылға әр келген сайын әкем отырғызып қойып ақыл айтады. Сондағысы – «Ішімдікке жолаушы болма, темекі деген пәлені аузыңа алма, сабағыңды оқы». Осыны әр келген сайын қайталайды. Бірде қатты айтады, бірде жай айтады. Әйтеуір, әкем мені сол пәлелерден сақтандырумен болды. «Өнердің айналасында көреалмаушылық, қызғаныш деген қызыл ит бірге жүреді, қызым. Әншінің төресі Амангелдідей-ақ болсын! Сол көреалмаушылық оның түбіне жетті. Әйтпесе, Амангелді Сембинге жететін әнші қайда?! Италияда оқыған жалғыз қазақ. Әні қандай еді, сәні қандай еді шіркіннің?! Саған да сондай жаман ойлы адамдар кезікпесін деп тілеймін. Сенің жақсы атың да, жаман атың да бізге келеді, қызым. Әр қадамыңды аңдап бас, әр ісіңді ойланып істе. Сонда ешкімнің саған тісі батпайтын болады» дейтін. Кейін ойлансам, әкемнің мені сақтандыруы жайдан-жай емес екен. Өнердің алып айдынында талай боранды, жауынды-шашынды күндерді де бастан кештік. Бетіңе күле қарап, сыртыңнан неше түрлі әңгімені қоздатқандарды да көрдік. 

Шынында, әкем нағыз ұстаз еді. Ол ғұмырында адалдық пен тазалықты, тәртіп пен тектілікті, білім мен парасатты ту етіп өтті. Әкем күнделік жазушы еді. Бірақ мен оқығым келіп қанша оқталсам да, әкемнің рұқсатынсыз оқуға батылым жетпейтін. Оның ішінде мен туралы да жазылғанын сезетінмін. Әсіресе, балалықпен ұмыт болған сәттерді әкемнің күнделігінен табам ғой деп ойлап жүретін едім. Бір-екі рет өзіне күнделігі жайлы айтқанымда «оны қайтесің, балам?» деді де қойды. Ішінде біраз сыр бар болар деп топшылайтынмын. Әкем оны сезіп, өтерінен шамалы уақыт бұрын жазған күнделік, дәптерлерін түгел қарап шығып, екі блокнотынан басқасын түгелдей отқа тастатыпты. Өмір бірде қуаныш, бірде реніштен тұратыны белгілі. Әкем реніштерін, көрген қиындықтарын мына өмірге қалдырғысы келмей, өзі бір кездері налыған сәттеріндегі адамдардың пенделік қасиеттерін осылай кешірген болуы керек. Шынында да, кейде тірлігінде адамдардың бір-біріне пенделікпен жасаған істері уақыт өте келе түкке тұрғысыз болып қалуы да мүмкін ғой. Менің әкем бұл өмірде тек жақсы істері мен парасатты сөздерін қалдырды.

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА,
әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2023

2676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы