• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 10 Наурыз, 2021

Инстаграмға ашық ақпарат ұсынба

Instagram 13 жастан асқан қолданушыларға арналғанымен, әлеуметтік желіге тіркелген адамнан жасын растауды сұрамайды. Технологиялардың бала мен отбасыға әсерін зерттейтін Common Sense ұйымының мамандары негізінен Instagram желісін контент тұрғысынан алғанда 15 жастан асқан қолданушыларға арналған деп есептейді. Осыны ескере отырып, жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдану кезінде төмендегідей кеңестерге назар аударса дейміз.

ЖЕКЕ (PRIVATE) НЕМЕСЕ КӨПШІЛІККЕ (PUBLIC) КӨРІНУ

Instagram акаунттағы жазбаларды өзіңізге ұнайтын адамдарға ғана көрсету үшін Private деген нұсқаға ауыстырған жөн. Public болса, жариялаған суреттеріңізді, видео әрі басқа визуалды ақпаратты кез келген адам көре алады. Көріп қана қоймай, өзіне сақтап ала алады. Мәселен, көңіліңізге сәйкес келетін, өзіңізге ұнамды суретті басқа біреу кейін өз мақсатына пайдаланып, кейін сізге кесірі тиіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайлар әлемдік тәжірибеде көп кездесіп жатады. Сол үшін жариялап жүрген контентіңізге сенімсіз болсаңыз, private қылуға кеңес береміз.

BIO АҚПАРАТ

Instagram ашқан адам өзін қалай таныстыратынын өзі шешеді. Сондықтан кімнің кім екенін нақты ажырату қиын. Әрі жасөспірімдерге жасын, адресін, толық атыжөнін көрсетуге кеңес бермейміз. Себебі адамның жасы мен аты-жөні арқылы оның оқитын мектебін табуға болады. Немесе мекенжайы көрсетілсе, Instagram суреттері арқылы қандай құнды заттары (кем дегенде суреті мен видеосының сапасына қарап қандай телефоны бар екенін) оңай анықтауға болады. Бұл өз кезегінде қылмыскер немесе алаяқтың оңай құрбаны болуға алып келуі мүмкін.

INSTAGRAM ЖӘНЕ МЕКТЕП

Оқушылардың көп бөлігі Instagram биосында мектебінің нөмірін немесе өз аккаунтының атына мектебінің нөмірін жазғанды жөн көреді. Алайда мектеп нөмірі мен адамның аты-жөні арқылы қолданушы туралы көп ақпаратқа қанығуға болады. Әрі алаяқтар жарияланған ақпараттардың негізінде қолданушы сеніміне кіруге тырысуы әбден мүмкін. Оқушыларға өзінің аты-жөнін, адресін, мектебін көрсетуге кеңес бермейміз. Тек жабық аккаунт болса, үлкендердің рұқсатымен қолданса болады.

INSTAGRAM ВИДЕО ЖӘНЕ СУРЕТТЕР

Әлеуметтік желідегі сурет қай жерде түсірілген, үстіндегі киімі мен барған кафесіне, тіпті тапсырыс берген чизкейкіне қарап жасөспірімнің көбіне уақытын қайда, қалай өткізетінін анықтау оңай. Сондықтан жүрген-тұрған жерін суретке түсіріп, парақшасына салып отыратын ересектер мен жасөспірімдер арасында соңғыларының өзін қорғауы қиындау. Сондықтан жеке өзіңізді видеоға не суретке түсірсеңіз артыңыздағы фонға, маңайыңыздағы заттарға мән беруге кеңес береміз.

INSTAGRAM ЖӘНЕ КОММЕНТАРИЙЛЕР

Instagram баптауларындағы өзгелермен қарым-қатынасқа түсуді ретке келтіретін баптаулар бар. Мәселен, Instagram бетінде ұнамсыз контент көрінсе, сурет үстіндегі үш нүктені (...) басу арқылы «алдағы уақытта бұны көрсетпе» деуге болады. Дәл солай ұнамсыз акаунттарға да блок қоя аласыз. Instagramда қандай да бір парақшаға блок қойсаңыз, ол аккаунтқа блокқа қойғаныңыз туралы ақпарат жібермейді. Кей кездері өзгелердің постының астына комментарий қалдырсаңыз, сізге өзге адамдар да пікір қалдырады. Ондай кезде танымайтын адамдардың жақсы не жақсы емес жазылған пікірлеріне аса мән бермеген абзал. Бұл, әрине, оңай емес. Себебі жеке басқа қарата айтылған пікірлер кейде жауап беруге мәжбүрлейді. Ондай кезде ондай аккаунтты өзіңіз үшін блокқа қоюға кеңес береміз.

INSTAGRAM ЖӘНЕ ЭМОЦИЯ

Әлеуметтік желідегі жазбаның қайсысы болса да көңіл-күйге әсер етеді. Алайда өз көңіл-күйіңіз әлдебір пікірдің жетегінде кетсе, қауіпті. Бұл жүздеген адамның алдында тұрып, өз «мінезіңізді» көрсетіп тұрғанмен бір. Кейін оны жуып-шаю қиын болмақ.

Әлеуметтік желілер күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналғаны рас. Алайда онлайнда қарым-қатынас жасағанда ең бастысы өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді ашық көрсетуден аулақ болуды назарда ұстаңыз. Себебі аты-жөніңіз, адресіңіз, мектебіңіз арқылы бөгде адамдар тек сізді ғана емес, сізге жақын жандар (ата-ана, аға-бауыр, достарыңыз) туралы да ақпаратты оңай тауып алады. Сол үшін жеке басыңызға қатысты қауіпсіздікті қорғау арқылы өз жақындарыңызды да қауіптен қорғайсыз.

Асхат ЕРКІМБАЙ,

DATA журналистика оқытушысы.

Сүлеймен Демирел Университеті

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

729 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы