• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Сәуір, 2024

Құрамында қауіпті заттың бәрі бар

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент: «Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ», – деді. Президенттің бұл сөзін сан-саққа жүгірткендер аз болған жоқ. Алайда бір шындықтың бары рас. Ол – насыбайдың адам ағзасына орасан зор зияндығы. Бүгінде насыбайдың саудасы мектеп оқушыларының арасында да қызу жүріп жатыр.  

Жасыратын несі бар, электронды темекіні де, жай темекіні де тартатын, оған қоса насыбай ататын жасөспірім мектеп ауласынан тез-ақ кездеседі. Үлкен өмірге қадам басып үлгермеген, ағзасы әлі де жетіліп, дамып жатқан жасөспірімнің зиянды әдеттерден аулақ болғаны қоғам үшін тиімді. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі халық. Орта Азияның Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Үндістан, т.б. елдерінде бағзы заманнан өндіріліп, халық қолданып келе жатқан темекі өнімдерінің бірі насыбайдан ешкім бас тарта қойған жоқ.

Әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарасақ, насыбайдың құрамында не бар екенін көбі білмейтін болып шықты. Тіпті кейбіреулері өздері жасап алады екен. Ал жаппай сатылымға шыққан насыбайдың құрамын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Пікірлердің арасынан, «түрмеде отырғанымда байқағаным, насыбай атып үйренген жігіттердің селкілдеп, дірілдеп, қара терге түскенін көрдім, өздерін алдау үшін еріндеріне мақта салып қоятын» дегенді оқыдық. «Насыбайы таусылған кезде апамның көзі шақырайып, бәрімізді қырып салатын» деп жазыпты бір бойжеткен.

Насыбайдың басқа түтінсіз темекілерден айырмашылығы, құрамында никотиннің мөлшері өте көп. Ауыз қуысының жасушалық мембраналарына оңай еніп, қанға тез тарайды. Миға дереу жетіп, тиісінше  никотинге тәуелділік тудырады. Насыбайдың құрамында не бар екенін сатушылардың өздері де білмейді екен. Базар маңында ұсақ-түйек сатып тұрған сатушыдан сұрағаны-мызда, «ішіндегісі махорка сияқты нәрсе дейді ғой» деп енжар жауап берді. Насыбайдың құрамында түрлі қоспалар бар екенін айтқанымызда: «Ондай болса, осы насыбайды атып жүргендердің бәрі қырылып қалмай ма екен? Баяғыда ата-бабаларымыз да насыбай атқан, олар осы насыбайдан өліп пе?» – деп өзімізге дүрсе қоя берді. 

Қазір насыбай өндірушілермен де, сатушылармен де күрес жүріп жатыр. Алайда онымен іс бітпейді. Өйткені насыбайға тәуелді адамдар тұрғанда жасырын сауда тоқтамақ емес. «Насыбай туындататын белгілер: насыбай ату туралы ой жиілейді, қайдан сатып алуға болатынын және қашан тұтынуға болатынын іздейді, насыбай атқан соң кейін өзін еркін сезінеді, көңіл-күй көтеріледі» дейді нарколог-психолог Ләззат Бақтыбаева.

Ләззат БАҚТЫБАЕВА, психолог-нарколог:

«Бұл қауіпсіз және керемет» дегендерге сенбеңіз

Насыбайдың құрамына темекі шаңы немесе шөгіндісі, май (байланыстырушы құрамдас бөліктер), тауық немесе түйе саңғырығы, кейде әк, түрлі дәмдеуіштер енеді. Тіпті өндірушінің сілекейі де жоқ емес. Әк тіласты аймағының шырышты қабығын өзгеріске ұшыратады (және бұл төменгі еріннің қатерлі ісігіне, өңеш пен асқазанның жарасына әкелуі мүмкін), біреудің сілекейі ішекте, мида, басқа да ағзаларда өмір сүретін құрттардың «мекені» де болуы мүмкін. Енді осындай затты үлкен адамдар балаларының, немерелерінің көзінше тұтынады. Оған сырттай қарайтын болсақ, насыбайды таңнан кешке дейін жұмыс істейтін жұмысшы немесе орта тап өкілдері тұтынады. Бұл олардың ойлау жүйесінде өзгерістер бар екенін көрсетеді. Кедейлік, мүмкіндіктердің жоқтығы олар үшін қалыпты жағдай. Интеллектінің төмендігі деп те айтуға болады. Неліктен насыбай атқаннан кейін адам өзін жақсы сезінеді? Бұл жерде психологиялық аспект бар. Адамдар шиеленіс жағдайында өмір сүреді, табиғи түрде қуануды білмейді. Мұндай жағдайда не істеу керек? Таза ауада серуендеу,  күн сайын екі шақырым жаяу жүру, осы жолдан өткен адамдардың подкасттарын тыңдау, спорт, шығармашылық қолөнермен айналысу, жемістер, жаңғақтар жеу, т.б. нәрселер көмектеседі. 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының 199-бабы бойынша, 2015 жылғы 18 сәуірден бастап насыбайға ресми түрде тыйым салынған. Соған қарамастан, шағын дүңгіршектерде жасырын сатылып жатқаны өтірік емес. 

Менен «насыбайға тәуелділіктен құтылу мүмкін бе?» деп сұрайтындар бар.  Алдымен өмірде қол жеткізгіңіз келген нәрселерді тізіп жазасыз, назарыңызды өмірдің басқа салауатты салаларына аударасыз, жақын адамдарыңыздан көмек сұраңыз. «Бұл қауіпсіз және керемет» дегендерге сенбеңіз. Ол – сіздің арқаңызда байығысы келетін адамның сөзі! Жас кезіңізден денсаулығыңызды күтіңіз! Ақшаңызды пайдалы нәрсеге (спорт, хобби, даму) жұмсаңыз! Алайда өз дәрістерімде жасөспірімдерге насыбай атуға тыйым салмаймын. Егер  аузыңызға нәжіс салғыңыз келсе, еш қиындық жоқ, бұл сіздің таңдауыңыз!

Насыбай – кедейлерге арналған темекі

Насыбай – негізінен Орталық Азияда өндірілетін түтінсіз темекінің бір түрі. Әр өңірде өзінше атау берілген. Насыбайдан бөлек, нас, нос, айс, насыр, анасыбай, атымай деп аталады. Насыбай әдетте бейресми түрде қолдан өндіріледі. Орталық Азияның климаты насыбай өндіруге жарамды темекі жапырақтарын өсіруге қолайлы, сондықтан кейбір елдерде фермерлердің негізгі шаруасына айналған. Түтінсіз темекіні пайдалану қауіпсіз деуге әсте болмайды. Насыбайдың құрамындағы никотин және канцерогенді нитрозамин сияқты заттар денсаулыққа жойқын әсер етеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қатерлі ісіктерді зерттеу жөніндегі халықаралық агенттігі түтінсіз темекіні І топтағы канцерогенге жатқызады. Канцероген – ағзада қатерлі ісіктің туындауына ықпал ететін бірден-бір фактор. Ал насыбай ату әдеттегі темекі шегу емес. Бір рет насыбай атқан адамның ағзасына 2-4 темекі тартқанмен бірдей химикат түседі.

Дүниежүзіндегі түтінсіз темекіні реттеу механизмдері көптен бері жұмыс істеп  келеді. Мысалы, Австралия мен Сингапурде түтінсіз темекі өнімдерінің барлық түрін әкелуге, өндіруге және сатуға тыйым салынған. ЕО елдерінде соратын снюсқа тыйым 1992 жылдан бері бар (Швецияны қоспағанда). Молдова Республикасы мен Македония Республикасын қоса алғанда, ЕО-ға кірмейтін бірнеше ел де түтінсіз темекі өнімдерін сатпайды. Насыбайға Ресейде – 2013 жылы, Тәжікстанда 2018 жылы тыйым салынды. Түркіменстанда 2004 жылы қоғамдық орындарда насыбайды қолдануға тыйым салынса, 2008 жылы президент жарлығымен шектеулер күшейтілді. Қазіргі уақытта ол жақта насыбайды өндіруге, сатуға, пайдалануға және әкелуге болмайды.

Осындай заңдылықтарды белшесінен кешіп, Қырғызстан насыбай саудасын заңдастыру мүмкін. Өйткені Қырғызстанның Баткен облысының халқын осы насыбай асырап отыр. Баткенде жүздеген тонна насыбай өндіріліп, басқа мемлекеттерге сатылады екен. Насыбайды темекімен салыстыратындар да бар. Темекі қазір қымбат, ал насыбай арзан. Бір алған насыбай бір аптаға жетеді. Сондықтан насыбайды «кедейлердің темекісі» деп санайды. Ал насыбай өндірушілер «насыбай – есірткінің бір түрі» дегенді де айтады...

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024

 

3934 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы