- АҚ ЖЕЛКЕН
- 18 Сәуір, 2024
Құмар соңы – құрдым
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде құмарпаздық (лудомания) және насыбай ату сияқты зиянды әдеттерді сынға алды. Шынында да қазақ қоғамы осындай зиянды әдеттерге әбден бой алдырғаны соншалық, бұл күнделікті өмір салтына айналғандай.
Лудомания жанның қатерлі ісігі деп те айтылады. Тәнді кемірген обырдан жанға жабысқан ойынқұмарлықтың бір мысқал да кем еместігінен де осылай аталғаны анық. Мұның қармауына аңдаусыз ілінген адамның босап шығуы оңай болмай тұр. Жігерді шырмап, ерікті бұғаулаған, адамдық кейіптің кеспірін кетірген әлдебір күш адамды баспақтай байлауына алып, дедектетіп ала жөнеледі. Кейінгі кезде тіпті елімізде жұқпалы ауру тәрізді кеңінен тарап, өрттей шалып, жылдан-жылға өршіп барады.
Алдымен қазір жиі айтылатын, айналамызда қаншама адам зардап шегіп жүрген осы «лудомания» деген терминнің мағынасына үңілейікші. «Лудо» – латын тілінен аударғанда «ойын», ал «мания» ежелгі грек тілінен аударғанда «ессіздік», Алдымен қазір жиі айтылатын, айналамызда қаншама адам зардап шегіп жүрген осы «лудомания» деген терминнің мағынасына үңілейікші. «Лудо» – латын тілінен аударғанда «ойын», ал «мания» ежелгі грек тілінен аударғанда «ессіздік», психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын ашық мәлімдеп, адам денсаулығына аса қауіпті сырқат екенін ресми мойындады.
Бұл құмар ойынына тәуелділік туралы әлем баспасөзінде де, біздің отандық БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде де айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып жатыр. Мамандар лудомания белгілері мен сақтану жолдарын айтып дабыл қаққанымен, ойынқұмарлар қатары көбеймесе, кемитін түрі көрінбейді. Біз осы мақаланы жазар алдында лудомания құрсауынан шығып, жаңа өмір бастаған кейіпкер іздедік. Қазіргі жастар мен жасөспірімдер осы қауіпті құбылыстың адамға қаншалықты қасірет әкелетінін кеселді басынан өткерген адамның өз аузынан естісе жиренер деген мақсат болды. Өкінішке қарай, көбі ұялатынын, өткен өмірін еске алуға қиналатынын айтып, сұқбаттасуға келісім бермеді.
Астана қаласында тұратын Ақниет есімді замандасымыз хабарласқан сәтте бірден: «Мен лудоманияны – жұтқа, адам жанын кеміргіш кеселге теңеймін. Бұл ауруға шалдыққан адамның жазылуы қиын. Сондықтан алдын алған жөн. Сол себепті менің әңгімемнің бір адамға болса да септігі тиеді десеңіз, қиын тағдырымды баяндап беруге дайынмын» деді. Назарларыңызға Ақниет Сүлейменнің әңгімесін қаз-қалпында ұсынғымыз келеді.
Ақниет СҮЛЕЙМЕН:
Бәрі мектепте басталды
– Ол кезде букмекерлік кеңселер кез келген жерде болатын, – деп әңгімесін бастады Ақниет. – Олар неше жастасың деп жіті тексеріп жатпайды. Ағамның жеке куәлігімен келдім де, 21 жастан астым деп ойын ойнай бердім. Қалтама 500-1000 теңге түссе, барып ойнауды әдетке айналдырдым. Аздап ұтыс шықса, соған мәз болып, «тағы да ұтам, бұдан да көп ақша ұтам» деп құныға түсетін едім. Тәуелділік сол кезде басталды. Кейін университетке оқуға түскен соң, ұтысқа тігетін ақшаның көлемі ұлғайды. Ойынға
50-100 мың теңге сала бастадым. Балалық қызығушылығым құрдымға алып бара жатқанын сезбеппін. Аз ақша салып, мол олжаға кенелем деген алдамшы үміт торына шырмала бердім, шырмала бердім... Ойын ойнап жүріп, айналамнан қарыз алатынды шығардым. Ақша алу үшін небір амал, айла ойлап тауып, өтірік құрастыра беретін болдым. Банктерден, шағын қаржылық ұйымдардан несиенің небір түрін алып тастадым. Бір күні қарасам, қарызым 10 миллион 250 мың теңгеге жетіпті. Ертең кредит төлейтін күнім келіп тұр. Қарыз алған адамдар ақшаларын сұрап жатыр. Жаным шырқырап, аласұрдым. Бір тиын ақшам жоқ. «Бұл азаптан тек өз-өзіме қол салып қана құтылам, басқа жол жоқ» деп ойладым. 25 қабатты үйдің шатырына шығып, ойымды іске асырмақ болып тұрғанда, өмірдің сонша қымбат екенін, осы өмірді өзімнің қор етіп жүргенімді ойлап, өзегім өртенді. Мына ғажайып өмірді лас іске, құмар ойынға арнап, бар абыройымнан жұрдай болғаным жанымды солқылдатты, сыздатты. Ел-жұртқа жексұрын болғаным аздай, суицид жасап, жақындарымды аңыратып кететінімді ойлағанда, біреу келіп мені шырт ұйқымнан оятып жібергендей есімді жидым. Сол сәтте жақындарыма құмар ойын ойнап, өмірімді тозаққа айналдырып жүргенімді, абыройдан жұрдай болып, жалғыз қалғанымды, бұл бұрыс жолдан қалай да шыққым келетінін – бәрін-бәрін айтып, арылғым келді. Жылап отырып, ағама телефон шалдым.
Бұл менің құмар ойынның құрдымына шым батып кеткен кезім еді. Ең алдымен ата-анама қиын болды. Себебі, менің бар қиындығымды ата-анам көтерді. Отбасым болса да, оны асырау дегенді ойланбаппын. Тек ата-анамнан көмек сұрай беріппін. Айналамда дос қалмады, бәрі менен бас тартты. Құмар ойынын 8 жыл ойнаппын. Сол 8 жылда жаным 8 минут тыншымапты... Сағаттап мойныма артылған қарыздарым қабатталып, жиыны 15 миллион теңге ұтылыппын. Сол суицидтан аман қалып, ағама, ата-анама ақтарыла бар сырымды айтқан күні ғаламтор ақтарып, тәуелділіктен емдейтін орталықтар іздей бастадым. Көп ұзамай Оңалту орталығын таптым. Хабарласып, бір маманнан кеңес алғаннан кейін ата-анама келіп: «Осы соңғы сұрағаным болсын, Оңалту орталығына емделетін ем ақысын төлеуге көмектесіңіздерші», – деп көмек сұрадым. Ата-анам сеніңкіремесе де көмектесіп, барлық ем шығынын төледі. Рухтандырып, жылы сөздерімен де демеп, жанымнан табылды. Оңалту орталығында 5 ай жатып ем алдым. Ең алдымен психологиялық көмек көрсе-тілді. Өз-өзіңді тануға, түсінуге көмектесті. Мамандар принципшілдік, жауапкершілік сынды құндылықтарды сіңіруге жұмыс істеді. Нәтижесінде ой-санаң тазарады. Ерік-жігерің шыңдалады. Әрине, бұл бірден бола қалмайтыны түсінікті ғой, бес ай бойы мамандар жүйелі жұмыс жүргізді. Бес айдың төртеуінде базалық курстан өтсем, соңғы бір айында ерікті ретінде жұмыс істейтін дәрежеге жеттім. Қазір құмар ойынды қойғаныма 1 жыл 3 ай болды.
Бұл өз-өзіне қол салуға дейін апаратын ойынқұмарлыққа шалдығатындар, меніңше, психологиялық тұрғыдан қарағанда, кішкентай кезінде өзіне керегіне қолы жетпеген, ата-анасы қалаған заттарын алып бере алмаған, ешбір жетістікке жетпеген, өз-өзіне көңілі толмайтын, үнемі бір нәрсені аңсап жүретін адамдар. Олар ойын ойнаса, бір жетістікке жететіндей сезімде болады. Солай ойнап жүріп, қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Жалпы бұл менің жеке пікірім. Әртүрлі себеп болуы мүмкін. Көп адам өмірінде бір рет те болсын, әйтеуір, құмар ойын ойнап көреді. Біреулері салынып кетеді, ал біреулер ара-тұра ойнайды да қояды.
Ең бастысы, ойынқұмар екенін өзі мойындап, адам өзі қоям деп ниеттенсе, мамандардың көмегімен айығып кете алады. Мені құмар ойын ойнаудан арылтқан ұстазымның өзі кезінде лудоманиядан зардап шеккен екен. Мен де орталық ашып, ойынқұмарлықты қалай қоям деп келген адамдарға көмек көрсетуді бастадым. «Көрген қиындығымды басқалар көрмесе екен» деген ниетпен бастаған жұмысым нәтижесіз емес. Хабарласушылар өте көп. «Жұбайым құмар ойынға салынып кетті. Отбасым ойран болғалы тұр. Көмектесіңізші!» деп шырылдап әйелдер хабарласады. Лудоманмен бір шаңырақ астында тұру өте қиын екенін менен артық түсінетін адам жоқ. Өзім де ойын ойнап жүргенде сүйіп қосылған жарымның жанына жара салдым. Шаңырағым ортасына түсті. Жарым баламды алып кетіп қалды. Бұл кеселден жастарды сақтандыруымыз керек. Аурудың алдын алуымыз қажет. Ол үшін құмар ойынның зардабы туралы көп айтыла беруге тиіс деп ойлаймын. Елімізде құмар ойындарының жарнамасы көп. Оларды тоқтатып, букмекерлік кеңселерді жабу мүмкін емес әзірше. Сондықтан тәрбиелік шаралар қолға алынуы керек. Негізі менің байқағаным, жастар қазір бұл ойындардың қауіпті екенін түсініп, бойларын барынша аулақ ұстауға тырыса бастады. Бұған лудоманияның зардабы туралы түсіріліп жатқан деректі фильмдердің, танымдық материалдардың игі әсері тиіп жатқаны анық. Десе де ең бірінші білім ошақтарында, әрбір отбасында балаға дұрыс тәрбие берілсе, баланың бос уақытын зиянды ойынға емес, оқуға, спортқа, өнерге арнауға тәрбиелесе, лудомания деген тажалдың тырнағына ілінетіндер қатары мұнша көп болмас еді. Әрбір ата-анаға баламен уақыт бөліп сөйлесіп, сырласып отыруды ұсынар ем. Қазір балаларға «бағытын беріп отырмын, үйірмеге барып жүр, тамағы тоқ, киімі көк» деген қамқорлық аз. Баламен сөйлесу керек. Жақсы іске ынталандыру керек. Жетістікке жетелеу керек. Сонда ғана балаларды бұрыс жолға түсіп кетуден сақтап қала аламыз.
Сапар РАХМАНШЕЕВ, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры:
Айығудың басты шарты – мойындау
Бастапқыда жай ойын боп көрінген бұл кеселден айығудың басты шарты – мойындау, – деген Ақниеттің пікірін Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахманшеев те құптады. Лудоман «бұл әдетті қойғым келеді деп дәрігерге өзі жүгінбесе, емнің өзі нәтижелі болуы неғайбыл» дейді дәрігер.
Құмар ойынға тәуелді адамдардың санының көптігі және сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осы мәселені көтеріп, алдымызға міндеттер қойып, тапсырмалар беруі – бұл дерттің біздің елімізде де ушығып тұрғанының және бұл аурудың алдын алуға, емдеуге нақты көңіл бөлінгенінің көрінісі дер едім. Біздің орталық ойынқұмарларды емдейтін болғандықтан, сенім телефоны арқылы көп хабарласады. 376-56-60 деген сенім телефонымыз бар. 2022 жыл мен 2023 жылды салыстырғанда, былтыр сенім телефонымызға хабарласқандар саны артып отыр. Бұл құмар ойынына тәуелділер қатарының көбейіп бара жатқанын көрсетеді. Әрине, сенім телефонына ойынқұмарлардың өздері емес, олардың туыс-туғандары, жанашырлары хабарласады. Кейінгі кезде ойынқұмарлық жас, жыныс талғамайтын дертке айналғанын байқап отырмыз. Себебі, орталығымызда зейнеттегі ақсақал емделді. Сонымен қатар 30-40 жастағы отбасылы азаматтар емделіп жатыр. Балалардың арасында да өте көп. Жас жеткіншектердің ойынға құмар болуына тікелей үлкендер кінәлі деп ойлаймын. Себебі, балаларға ата-аналары сәби кезінен ұялы телефон, гаджет беріп қояды. Шын мәнінде сол арқылы санасы қалыптаспаған баланы гаджетке тәуелді етуге бейімдеп жатқанымызды түсінбейтін сияқтымыз. Жалпы құмарлық сезімі барлық адамда бар. Біз бала жыласа болды, қолына гаджет ұстата салу арқылы сол құмарлықты, тәуелділікті өршітіп жатқанымызды ұқпайтынымыз өкінішті. Құмар ойынға тәуелділік тура есірткіге тәуелділік сияқты, яғни, есірткіге тәуелді адамдардың бойында болатын құбылыстармен ұқсас болады.
Ойнар кезде, ойынды, ұтысты күтіп отырған кезде ағзада эндорфин гормоны көп бөлінеді. Ми болса, үнемі эндорфиннің бөлінгенін қалайды. Яғни есірткіге тәуелді адамдар есірткіні қолданған кезде эндорфиннің көп бөлінуінен ләззат алатын болса, ойынқұмарлар да ойын кезінде сондай күй кешеді.
Құмар ойынға тәуелділіктің жеңіл, орташа, ауыр түрлері болады. Жеңіл түрін психотерапиялық әдістермен емдейміз. Ал орташа, ауыр жағдайына өтіп кеткендердің ұйқысы бұзылып, ашуланшақ болып, жүйкесі жұқарып кеткендіктен, оларды орталыққа жатқызып, ұйқысын қалпына келтіретін, жүйкесін тыныштандыратын дәрі-дәрмектерді қолдану арқылы ем жасаймыз. Емнің нәтижелі болуы, ең біріншіден, науқас адамның өзіне байланысты. Көбіне мұндай адамдарды ата-анасы, ағалары, жұбайы немесе дос-жарандары күштеп, еріксіз әкелетіндіктен, ол адамдар емделіп шыққаннан кейін де қайтадан ойынқұмарлыққа салынуы мүмкін.Ал шын ниетімен: «Лудоман екенімді отбасым, ата-анам білмейді. Ешкімнің білгенін қаламаймын. Осы жаман әдетімнен емделіп, ойынқұмарлықты тастап кетсем», – деп келгендер тәуелділіктен құтылып, ойынды қойып кетеді. Ұтыс ойындарын ойнайтындардың барлығын бірдей тәуелді деп айтуға болмайды. Мәселен, 100 адам ойнаса, соның 10-15 пайызы ойын ойнауға тәуелді болып қалады.
Ойынқұмарлыққа апаратын не?
Біреулері «уақыт өткізсем» деп ойнай бастаса, кейбірі «оңай олжаға кенелсем» деген қызығушылықпен құмарлықтың құрығына ілінеді. Ал біреулер ойыннан үлкен ақша ұтып алуды арнайы мақсат етіп, сол мақсат жолында қайта-қайта ойнап, ақырында қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Ойынқұмарлыққа салынудың себептері әр адамда әртүрлі. Ешқайсысы ойынға тәуелді болам деп ойламайды. Ойнап жүріп, от басады, былайша айтсақ. Ойынға тәуелді адамдар айтарлықтай бақылауға алынып жатқан жоқ. Себебі, лудомандар психикалық орталыққа келуге қорқады. Психикалық диспансер тізімге алып қойса, жұмыстарынан айырылып қаламыз деп қауіптенеді. Көбінесе біздің орталықтарға емес, жекеменшік аурухана-ларға баруға тырысады. Ойынға тәуелділікке шалдыққан адамдар біздің сенім телефонымызға хабар-ласса болатынын тағы да ескерте кеткім келіп тұр. Біздікіндей орталық әр облыста бар. Мамандарымыз көмек қолын созуға дайын.
Адамның лудоман екенін қалай анықтауға болады?
Мамандардың айтуынша құмар ойынға тәуелді адамның мінез-құлқы өзгереді. Үнемі өтірік айта бастайды. Айналасындағылардан қарыз сұрап жүреді. Тіпті асқынған сайын мінездері адам төзгісіз болып, алдау, өтірік айтудан бөлек, болмашыға ашуланып, ұрыс-керіс, жанжалдасуға бейім болады. Қазіргі таңда ойынқұмарларды диспансерлік бақылауға қойып жатқан жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі бір шешім шығарғаннан кейін қолға алынуы мүмкін. Әзірге еліміз бойынша мынша адам лудоман, бақылауда тұрады деген нақты сан жоқ, – дейді Сапар Рахманшеев.
Маман кеңесі
- Егер сіз немесе жақындарыңыздың біреуі қаржылық шығындарына қарамастан құмар ойындарға уақыты мен қаржысын аямай жұмсаса;
- Егер құмар ойындар сіздің жұмысыңызға, отбасылық қатынастарыңызға және әлеуметтік өміріңізге әсер ете бастаса;
- Егер сіз айтарлықтай шығындардан кейін де «ұтыс» іздеп ойнауды жалғастырсаңыз, білікті мамандардың көмегіне жүгініңіз.
- Лудомания – жай ғана «жаман әдет» емес, елеулі психологиялық бұзылыс. Ол тоқырауға және басқа да көптеген проблемаларға әкеп соқтыруы мүмкін.
- Білікті мамандардың көмегіне неғұрлым ертерек жүгінсеңіз, салауатты өмірге қайта оралу мүмкіндігіңіз де артады.
- Емделуді неғұрлым ертерек бастасаңыз, соғұрлым тез айығасыз!
- Лудоманияны жеңудің жолы бар және білікті мамандар сізге көмектесуге дайын. Мәселені күрделендірмеңіз!
- Егер сіз өзіңіздің немесе басқа бір жақындарыңыздың осындай жолға түскенін білсеңіз, осы қызметтегі білікті мамандардан көмек сұраудан тартынбаңыз.
Елімізде ойынқұмарлықпен күрес мақсатында ойын автоматтарына шектеу қойылды. Сондай-ақ жақында ғана елімізде ойынға тәуелділікпен күресудің жаңа цифрлық сервисі іске қосылғаны хабарланды. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 18 наурыздан бастап Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бұл – құмар ойындарға тәуелділікпен күресу процесін жеңілдетуге бағытталған оң қадамдардың бірі.
Десе де әр жасөспірім, әр жас, әр адам саналы түрде өзін «құмарлық» атты жан обырының талауына тастағанын түсініп, саналы түрде өзін арашалауға әрекет етпесе, соңы – құрдым. Әттең, оны түсінген көп, қарекет аз... Наурыз айының соңында Мәжілісте лудоманиямен күрес туралы заң жобасы таныстырылды. Бұл құжатта құмар ойындарға кәмелет жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдарды тартқаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазалар белгіленеді. Букмекерлік кеңселер мен лотереяларға арналған жарнаманы орналастыру мен таратуға қойылатын талаптар күшейтіледі. Лотерея терминалдарын елге әкелуге және тұрғын үйлерге, дүкендерге, медициналық және білім беру ұйымдарына орнатуға тыйым салынады. Құмар ойындарға қатысу жасы 25 жасқа дейін ұлғайтылады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар енді өздерінің ақпараттық және қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндетті болады. Осылайша, барлық қаржылық операция мемлекетке көрініп отырады.
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024
3533 рет
көрсетілді0
пікір