• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 11 Наурыз, 2021

Абылай Жұмабай, актер: Киноға түсу оңай сияқты көрінетін

Абылай Жұмабай – жас актер. Ол көрерменге жол тартқан «Бір тоқсан», «Ловонтер» сериалдарында басты кейіпкерлердің бірін сомдады. «Санжар мен Қайсар», «Әпке», «Финансист», «Тәуекел», «Көктемгі құстар» сынды туындыларда әртүрлі рөл ойнап, кино саласында азды-көпті жетістікке жетті. Абылай Алматы шаһарында туып өскен, № 147 гимназияны тәмамдаған. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында «Актер» мамандығы бойынша 3-курста оқып жатыр. Абылай Мәскеу қаласындағы жоғарғы оқу орындарының біріне түсуді жоспарлап та қойыпты. Көрерменнің, әсіресе жасөспірімдердің арасында танымал болған кейіпкерімізбен сұқбат құрдық. Ол кино әлеміне келуін және отандық сериалдардағы рөлдері туралы әңгімелеп берді.

– Балаларға арналған отандық алғашқы туынды «Санжар мен Қайсар» телехикаясында оқымысты бала Санжардың рөлін сомдадыңыз. Кино әлеміне алғаш қадамыңыз дәл осы телехикаядан басталды. Сериалға түсу сізге қаншалықты қиын болды?

– Иә, «Санжар мен Қайсар» телехикаясы – менің басты рөлде ойнаған алғашқы дебютім. Бірақ кино әлеміндегі алғашқы қадамым «Базарбаевтар» сериалындағы эпизодтық рөлден басталған еді. «Санжар мен Қайсар» телехикаясының қызығы ешқашан есімнен кетпейді, бұл сериал мен үшін өте ыстық туындылардың бірі.  Егер маған қазір осындай үлкен рөл берілсе, уайымдап, оған кәсіби тұрғыда қарап, жанымды беріп ойнайтын едім. Ал кішкентай кезімде киноға түсу ойын сияқты көрінетін еді. Түсірілімнің әр күні қызықты оқиғалармен есте қалды. «Санжар мен Қайсар» телехикаясының үшінші маусымын ауылда түсірдік. Түсірілім барысында біз атпен шабатын сахна болды. Қайсардың рөлін сомдаған Нұрдәулет екеуміз қаланың баласымыз, атпен шаппақ  түгілі, қалай міну керегін де білмейміз. Қиналып, әзер дегенде атқа міндік. Режиссер «Бастадық!» дегенде  аттар шауып кетті, тіпті белгіленген нүктеге жақындағанда адамдарға ұстатпаған күйі бізді 1-2 шақырым жерге алып қашты.

– Жасөспірімдердің арасында аса танымал «Бір тоқсан», «Ловонтер» сериалдарында басты рөлдердің бірін ойнадыңыз. Сіз сомдаған кейіпкер Әсеттің өзіңізге ұқсайтын қандай қыры бар? Осы сериалдағы рөлдеріңіз өзіңізге ұнады ма?

– Иә, «Бір тоқсан», «Ловонтер» сериалдары көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді. Мен бұл сериалдарға кастинг арқылы келдім. Басында Мико есімді кейіпкердің рөліне шақырылған едім, бірақ кастингтен кейін Әсеттің рөліне бекітті. Сомдаған кейіпкеріме ұқсайтын қасиетім де, ұқсамайтын қырым да бар. Әсетпен ұқсастығымыз ұяңдығымыз және көп сөйлей бермейтінімізде болар. Ал актер ретінде өзіме баға берсем, ойнау шеберлігім 100 пайыз ұнады деп айта алмаймын. Себебі әр актердің актерлік шеберлігі өз көңілінен шықпайды. Болашақта әлі де жетілу үшін еңбектену қажет. 

– Ең сүйікті киноңыз қандай? Жалпы, қандай жанрда түсірілген кинолар ұнайды және өзіңіз қандай жанрда түскіңіз келеді?

– Киноманмын, «La La Land», «Whiplash», «Birdman», «Django Unchained» және «Forrest Gump» кинотуындыларын жақсы көремін. Мюзикл, детектив, комедия жанрларын сүйіп көремін, осы жанрлардағы фильмге түскім келеді. Квентин Тарантино, Кристофер Ноллан, Дэмнен Шазэл және Тим Бертон, Мартин Скорсезе сынды режиссерлердің еңбегін жоғары бағалаймын.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Мерей Ауғали,
Қ.Сәтбаев атындағы мектептің
 11-сынып оқушысы.
«Ақ желкеннің» 
жас тілшісі
«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

1151 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы