• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 12 Шілде, 2021

Қалай ерек [leader] боласың? Әдетіңе көңіл бөл!

Мейлі бала, мейлі үлкен болсын, кез келген адамның өмірі әдеттерден тұрады. Әдет – көп қайталау арқылы автоматты дағдыға айналған ой, сөз және іс-әрекет. Осы үшкілдің бірлігі бақытқа және табысқа жетелейді. Оны әлемдік ғылымда coherence [коуһәрәнс] деп атайды. Бүгінгі зерттеулер бекітіп отырған бұл тұжырымды әулие-хакім Абай атамыз «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» деп өсиет еткен. Осындағы бірдей деген сөз coherence [коуһәрәнс] ұғымын дәл жеткізеді. Ешкімге көрінбейтін, білінбейтін ойың, естіліп, білініп тұратын сөзің мен ісің бір-бірінен бөлек болса, мұндай екі түрлі немесе үш түрлі күй адамды бұзады, мүмкіндігін шектейді, дамытпайды. 

Жүрек – рухани дамудың, ақыл – интеллектуалды дамудың, қайрат – физикалық дамудың көрінісі, белгісі. Бұл формуланы әулие-хакім басқа өлеңінде «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті» деп дамыта түскен. Жүрек жылы болу үшін әділет пен мейірім қажет. Ата-ананы сыйлау, бауырыңа қамқор болу деген сияқты барлық ізгі қасиеттер жылы жүректен шығады. Ақыл нұрлы болу үшін қолыңнан ұялы телефон емес, кітап түспеуі керек. Оқу, іздену арқылы миға үнемі дұрыс ақпарат жеткізіп тұрсаң, ақыл нұрланады. Қайрат ыстық болу үшін темекі, насыбай, сыра, арақ-шараптан, боқауыз сөзден, ұятты нәрселерге қараудан, жатыпішерліктен, артық ұйқыдан, құнарсыз тамақтан аулақ болған абзал. Саламатты өмір салтын, спортты серік ету адамды қайратты қылады. Бірақ спорттың өзі құмарлық, мақтан және денсаулықты құрту үшін емес, оны нығайту үшін болғаны жөн. 

Әңгімені әдеттен бастадық қой. Бойға жақсы, жағымды әдеттерді жинаған дұрыс. Абай атамыз «Үш-төрт жылғы [жаман] әдетің, Өзіңе болар жендетің» деп ескертеді. Жендет – жау, дұшпан деген сөз. Бұған дейін бойыңа қандай да бір жаман әдет жиналып қалса, оны жақсы әдетке айналдыруға болады. Қазақта «Жалықпаған жауды жеңеді» деген тамаша мәтел бар. Әдеттің маңыздылығын Абай атамыз 35 қара сөзінде (кеңес заманындағы 26 қара сөз) былай жеткізеді: «Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің». Шәкәрім атамыз «Үш анық» атты кітабында: «... адам әдет, құмар нанымынан шыға алмай, арқандаулы ат сияқты болады», – деп жазады. Осындағы «арқандаулы ат» деген тіркес – ұтқыр қазақы ғылыми термин. Арқан дегеніміз – кәдімгі нейрондар. Бұл жүйке талшықтары кәмәлетіне жетіп, жетіліп, әбден бекіп, әдет-дағдыны қалыптастырады. Егер нейрондар жақсы ой, сөз, іс-әрекет арқылы қалыптасса, жағымды, оңды, пайдалы әдетке айналады. Батыс ғалымдары түрлі озық технология арқылы бергі ғасырларда ғана анықтаған нейрондар, әдеттер туралы тұжырымдарды әулие атамыз Шәкәрім

«Ойдан әрекет туады, әрекеттен әдет туады, әдеттен мінез туады, мінезден тағдыр туады» немесе «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, Әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың» деп жазып кеткен. Сондықтан шын мәнісінде ерек, көшбасшы болам десең, ойыңа, сөзіңе, іс-әрекетіңе, әдетіңе, мінезіңе мән бер, көңіл бөл, жаманы мен жақсысын әділдік таразысына сал, өз-өзіңе сыншы бола біл.

Осы тұрғыда Абай және Шәкәрім әулие аталарымыздың сөздері – заманауи коучтардың кеңесінен бір мысқал да кем емес. 

Абай: 

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында,
Наданның сүйенгені – көппен дүрмек.

Шәкәрім: 

Түптіге ұмтыл, тұрақты істерді қыл.
Ойланып қарасақ, қыл – өте жіңішке нәрсе. Ал ақылды осы өте жіңішке қылдың өзін қырыққа бөліп, анализ жасайды, әр нәрсеге [ойына, сөзіне, ісіне, әдетіне, мінезіне] әділ бағасын береді, өз-өзіне сыншы, көп пен наданның сүйенгені дүрмекке [youtube, instagram, facebook, tiktok, whatsapp-тағы есепсіз, үздіксіз фото, видео, мәтінге, ойыншы-күлкішілдікке] еріп, қарай бермейді, көре бермейді, көз жұмып ілеспейді, жетекшіл болмайды. Шәкәрім атамыз айтқан «түпті» дегеніміз пайдалы, баянды, тұрақты іс, яғни жақсы, жағымды, оңды әдет.

Құрметті жас дос!
Саған арналған осы жазбамды мынадай шумақпен түйіндегім келеді: 
Тұрақты әрекет дағдыны қолға алсын, 
Ал әдет мінез боп темірдей сомдалсын. 
Мінезің тамаша тағдырды жарытып, 
Өзгелер тамсанып, өнеге-үлгі алсын!

Ернат Мелсұлы, 
«Толық адам және төрт даму» жобасының негізін қалаушы

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2021

342 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы