• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Тамыз, 2021

Қасіретті Карлаг тарихын көзбен көргендей боласың...

«Біз жастай солған жасампаз тұлғалардың 
алдында ғұмыр бойы бас иіп өтуге міндеттіміз».
Н.Назарбаев

Биылғы жазды өз тарихымызды тану маусымы деп жарияладым. Жаз басталғалы бері қатаң карантин талаптарын сақтай отыра, еліміздегі тарихи ескерткіштерді аралап жүрмін. Бұл сапардағы негізгі мақсатымның бірі – Қарағанды қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан Долинка кентіне бару. Долинка кенті Гулаг жүйесіне қарасты Қарағанды лагерьлерінің (КарЛаг) орталығы болған. Бұл жерде Карлагтың басқару әкімшілік ғимараты және өзге де шаруашылық орындары орналасқан. Көптеген ғимарат ескіріп, тоз-тозы шықса да, 1933-1935 жылдары мыңдаған тұтқындардың қолымен тұрғызылған әкімшілік бас ғимараттың іргесі берік-ақ екен.  Грек-рим стилінде салынған еңселі, бағаналы ғимарат бүгінгі күні – республикадағы маңызы бар мәдени орталықтардың бірі. Ғимарат орны 2001 жылғы Елбасының жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайы болып ашылды.

Мектеп қабырғасында жүргенде, Долинка кентіне талай рет баруды армандағаным рас. Бұл жерге бару үшін айлап-жылдап дайындалдым. Ол кезде іздеу жүйелерінде анық-қанық мәлімет аз берілгендіктен, қолда бар ақпараттың бәрін жаттап алғанмын. Әйтсе де кез келген ақпарға сене бермеу керегін түсіндім. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұражай жайлы бір ақпарат оқыған ем. «Мұражайдың жертөлесінде миллиондаған адамдар ату жазасына кесілген. Сол жандардың  қаны тас қамал қабырғаларына жұғып, әлі күнге сол қалпы сақтаулы. Мұражайдың төменгі қабатына түссеңіз, қанның иісі аңқиды» деген ақпаратты бір сайттан оқып алып, шынымен солай екеніне қаншама жылдар бойы сеніп, айналамдағы достарыма да әңгімелеп келгенмін. Осы ақпараттың  растығына көз жеткіземін деп жол бойы ойланумен болдым. 

Қара бұлт торлап, жауын құйып тұрған кешкі уақытта Долинка кентіне жеттім. Сондай сұсты ғимаратты мынадай қолайсыз күн райында көру денемді одан әрмен түршіктіріп жіберді. Долинкаға кірген бетте мұндағы ғимараттарға көз тастап, айналаны шолып шықтым. Ғимараттар өте ескі екен. Мұнда кеңес өкіметі кезінде салынған екі қабатты ескі үйлер өте көп. Долинканың іргесі 1909 жылы қаланған. Сол жылдың соңына қарай мұнда 280-ге жуық отбасы тұрса, кейіннен Еділден келген шаруаларға жер беріліп, өзге ұлт өкілдерімен халық саны көбейіп, 15 мыңнан асты. Тәуелсіздік алған жылдары халықтың көбі өз Отанына қайтып оралса да, «туған жерім, отаным – қазақ  елі» деп әлі күнге өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдері де жетерлік. 2019 жылдың басында жүргізілген халық санағы бойынша, елдімекенде 4829 адам тұрады.  Сонымен қатар ауылда саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары да өмір сүріп келеді. Көп адам ата-әжесін, туыс-туғандарын іздеп, қандай бір ақпар аламын деген ниетпен шетелден келіп жатады. Жылына шамамен 3000-нан астам турист  дәл осы мұражайға келеді. Мәдени орында жалпы саны 23 зал бар. Мұражай қызметкерлері ғылыммен де айналысып, архивтермен байланыс орнатып, жыл сайын мұражай қазынасын құнды жәдігерлермен, қажет ақпаратпен толықтырып келеді. Алайда мұражай қызметкерлерінің дені – орыстілді, олардың қазақ тілінде ақпарат бермейтінін байқап қалдым. Жақында Астана қаласы маңындағы саяси-қуғын және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне де барып қайтқан едім. Бұл жерде де жағдай сондай. Қазақтілді гидтердің өзі келушілер алдында орысша сайрап жүрді. Сондықтан да екі мұражайда да өз бетімізше ақпарат жинауға тура келді.

Мұражай кешкі тоғыз жарымға дейін жұмыс істейді деп жоспарлап келген едік. Өкінішке қарай, карантин жағдайына байланысты алтыға дейін ғана ашық екен. Сондықтан аз уақытта мұражаймен барынша толық танысып шығуға күш салдық. Карантин жағдайында мұражайға сапар шегіп жатсаңыз, осындай жағдай боларын естен шығармағаныңыз абзал. Алғашқы залдардың бірі «КарЛаг және оның құрылу тарихына» арналады.

Карлаг қалай, қандай жағдайда және қашан құрылды?

Кеңес өкіметінің көлеміндегі алғашқы лагерьлер 1918 жылы жазда пайда болды. Себебі бұл кезеңде кеңес өкіметі орнап, кеңес өкіметіне қарсы деген жалаумен православие дін өкілдері қуғын-сүргінге ұшырап, түрмелерге тоғытыла бастаған кез.1922 жылдың аяғына қарай КСРО жерінде 122 лагерь жұмыс істеп тұрған. 1922 жылы ақпан айында ІІХК (Ішкі істер халық комиссариатының) жанынан Бүкілресейлік төтенше комиссияны (ВЧК) алмастырған Бас саяси басқарма құрылды. 1930 жылы билік басындағылар қоғамға саяси және экономикалық тұрғыдан пайдалы деп танылған  ГУЛАГ – «Еңбекпен түзеу лагерлерінің бас басқармасы» аталатын жаңа жүйе құрды. 1940 жылы ГУЛАГ-тың құрамында 53 лагерь, кәмелетке толмағандарға арналған 425 колония және  90 «сәбилер үйі» болған. 1931 жылы, 19 желтоқсандағы жаңа қаулыға сәйкес сол кездегі «Қазақ еңбекпен түзеу лагерінің»  бөлімшелері мен кеңшарлары қысқартылған түрде «Карлаг ОГПУ» деп аталатын жаңа жүйеге еніп, ГУЛАГ-қа тікелей бағынатыны туралы жарияланады. Карлагтың жер көлемі ұйымдастырылған кезеңде 17129 шаршы шақырым болып, 8 бөлімшеге бөлінді. Карлаг Орталық Қазақстан аумағын түгелдей қамтыды. Бұл дегеніміз – Францияның жер көлемімен пара-пар. Сондықтан да Карлаг жеке заңы бар «мемлекет ішіндегі мемлекет» атанған. Мұнда тұтқындардың қолымен ет комбинаты, өндірістік комбинат (тері, пима, тон шығаратын), шыны зауыты, жөндеу шеберханалары, май зауыты, диірмендер, тігін шеберханалары, көкөніс кептіретін баздар және өзге де ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін нысандар салынды. Карлагты құрудағы  басты мақсаттың бірі – тұтқындардың күшімен Қарағанды көмір бассейнінің, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттарының және Орталық Қазақстанның мол пайдалы қазбасын өңдеп, Ресейге тасып әкету. 

Мал шаруашылығы саласының ғалымы, селекционер Игорь Фортунов, тұқым асылдандырушы ғалым А.В.Лагнина, атақты селекционер, екі мәрте Еңбек Ері атанған В.С.Пустовойт сынды  ғалымдармен қатар, Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген жоғары білімді ғалымдар да Карлаг тұтқынында болған. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғары сұрыптарын, жаңа тұқым түрлерін ойлап тапты. Лагерь аумағындағы кеңшарларда моңғолдың басы қара ақ қойы, көрсеткіштері жоғары етті-сүтті сиырлар, асыл тұқымды бұқалар өсірілді. «Гигант» күнбағысы, «Слава» орамжапырағы, тары, жүгері, т.б. техникалық дақылдар ғылым мен еңбектің нәтижесінде мол өнім берді. 1942 жылы дәнді дақылдар жинау 117.5%-ға, күнбағыс жинау 134%-ға, көпжылдық шөптер түсімділігі 200%-ға жетті. Карлаг күші бір мемлекеттікіндей екені осыдан-ақ көрініп тұр. 

Ауыр жұмыстарда тұтқындар аяусыз қиналды және бұл кеңес өкіметі үшін орасан зор тегін жұмыс күші болды. Тұтқындардың көбі ауыр жұмыстан қажыды, аштан қырылды, түрлі ауруларға шалдықты. Әсіресе әйелдер мен балалар өлімі жоғары болды. Лагерьде өліктерді көмудің өзіндік жерлеу рәсімі бар. Әрбір мола-шұңқырға 15 адамнан көмілді. Қайтыс болғандарды бес-бестен үш қатар етіп жерлейді. Тіпті «өліктер табытсыз және ақыретсіз жерленсін, өліктер жалпы молаға көмілсін, мола тереңдігі 1.5м, ені мен ұзындығы өлік санына байланысты белгіленсін» деген ГУЛАГ-тың 1943 жылы бекітілген ереже-заңы да бар. Осылайша өліктер дұрыс топырақпен жабылмағандықтан, аш қасқырлар, иттер моланы қазып, ашып тастайды. Одан түрлі ауру тарап, Долинка маңындағы сәбилер үйіндегі балалар іш ауруынан күн сайын ондап-жүздеп қырылған. Мұражайға таяу жердегі «Мамочкино» моласына Карлагта 1930-1940 жылдары тұтқында болған әйелдер мен балалар жерленген. Өкінішке қарай, бұл моланы өзен тасыған кезде су шайып, адам сүйектері жан-жаққа таралып кеткен. 2003 жылы «Мамочкино» моласы тарихи-мемориалды кешен құрамына енген. Біз осы қабірстанға да бас сұқтық. Мола маңына келгенімізде, аспанда торлаған қара бұлт сап тыйылып, жауын басыла қойды. Кері қайтқанымызда, күн райы қайта мінез көрсетті. Мыңдаған пәк сәбилердің денесі жатқан жерді қалайша киелі демейсің?! Бүгінде моланың сырты қарапайым темірмен ғана қоршалып тұр. Онымен қоса, ұры-қарылар зираттағы темір белгілерді алып кеткен. Ал қазақ даласында сүйектері шашылып жатқан мүрделердің қанша екенін есептеу мүмкін емес.

Тұтқындардың төбесін тамшы тескен...

Сөзімнің басында мұражайға барғанда, бір ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткіземін деп айтқан ем. Сонымен, мұражайдың жертөлесінде орналасқан бөлмелер жайлы қысқаша айта кетейін. Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесінде» Т.Рысқұловты бірнеше жалған жаламен қамауға алып, айыптарын мойындату барысында арнайы зынданға салып, тікеден-тік тұрғызып, басына су тамшылатып, бірнеше күн қинағаны жайлы эпизод баяндалады. Тіпті мұны айтудың өзі қорқынышты. Алайда бұл – тарих шындығы. Карлагта да тұтқындарды осылай қинаған. Тұтқындарды жазалаудың бірнеше белгілі әдістері болған: ыстық және суық камераға отырғызу, тырнақ астына ине жүгірту, қолынан  кісендеп, төбеге іліп қою, т.б. Жертөледе келушілерге осы жағдайдан хабар беретін түрлі қорқынышты бөлмелер жасалған. Осының бәрін көргенде, қасіретті Карлаг тарихын көзбен көргендей сезінесің. Әр залдың тақырыбына байланысты техникалық мүмкіндіктер де жасақталып,  түрлі көркемдегіш жарық пен әуендер қойылған. Үрейлі әуенмен қараңғы жертөлеге түсіп көріңіз. Бір бөлмеге кіргенімде есеңгіреп құлап қала жаздап, тас қамалдың қабырғасына сүйеніп, қайта тұрдым. Қабырғалар мен есіктерді, әрбір затты ұстаудың өзі қорқыныш туғызады...  Жертөледегі соңғы бөлменің біріне де жеттім, дәл мен оқыған жазбада айтылатын жер. Бірақ мұнда ешқандай қан ізі жоқ, себебі бұл жер кезінде түрме емес, әкімшілік басқарма болған ғой. Ал бөлмедегі қан іздері қызыл бояу болып шықты. Мұны неге айтып отырмын? Қаншама жастар бұл мұражай жайлы білмейді де, ең қиыны – осындай  өтірік ақпараттарға сеніп қалады. 

Карлагта қаншама ұлт-өкілдері аяусыз тағдыр кешкенін айттық. Оның ішінде қазақтың маңдайалды тұлғалары да болды. Соның бірі – ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханов туралы да ақпар алдым. Қайым Мұхамедхановтың әдебиетке қосқан өлшеусіз үлесі жайлы көп естіп білсем де, Карлаг торына түсіп қуғындалғанын, міне, бүгін біліп отырмын. Ғалым Абай шығармаларын зерттеп, Абайдың 30 шәкіртін нақтылап, «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертация қорғағаны үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Семей және Алматы қалаларындағы НКВД түрмесінде отырып, кейін Карлагқа жөнелтілді. Қайым Қарағанды, Теміртау, Долинка, Дарья, Құлаайғыр, Қарабас, Шерубай, Просторное, Топар, Тартауыл және басқа да Қарағанды лагерьлерінде болып, азап жолынан өткен.

«Іздеймін, үміт үзбеймін»

Жыл өткен сайын қасіретті Карлаг тарихы зерттеліп, насихатталып келеді. Карлаг жайлы ғылыми еңбектер, көркем шығармалар, деректі фильмдер мен телехикаялар  жарық көріп жатыр. Бүгінгі күні жақындарын іздеген жандар туыс-туғандары жайлы ақпараттарды «Есімдер мен тағдырлар» залында орналасқан арнайы кітапшаға жазып қалдырып, іздеу салып, үмітін үзбей хабар күтеді екен.  Іздеуде жүрген қаншама тағдыр иелері әлі күнге ақталмаған. Соның бірі – Әсет Рамазанұлының әкесі. Әсет ағаның нөмірін мұражай кітапшасынан алып, байланысқа шықтым. Өкінішке қарай, Әсет аға әлі күнге дейін әкесі жайлы ақпарат таба алмай, әкесін ақтай алмай келеді. «Әкем Нұрпейісұлы Рамазан 1900 жылы дүниеге келген. Білуімше, Карлаг-тың Дария мен Жарық ауылдарының ортасында тұрған Бұрма стансасында 10 жыл тұтқында болды. 1932 жылы «Кулактың баласы» деген айыппен ұсталды. Әкем жайлы ақпарат іздеп, ақтап алғым келеді және әкемнің туыс-туғандары жайлы іздеп жүрмін. Бұл жақта әкемнің туыстары қалмады. Себебі, әкем түрмеде болғанда, туыс-туғандарын таппай қалған екен. Ауыл-аймақтағы туыстар ашаршылық кезінде Қытайға, Алтайға қоныс аударамыз деп кеткенде, шекара жабылып, ауылдың жартысы қырылып қалыпты.  Қалған халық қайта ауылына қайтып келсе, ауылдағы орыстар үйін өртеп, жерін тартып алған екен. Содан қалғандары Түркияға қоныс аударып кетіпті. Әкем «туыстарыңды Түркиядан ізде» деп айтатын. Ол кісі өзі – Петропавл жақтағы Әлімжан ауылының жігіті. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов – бәрі  бір жерде өскен, бір жерде асық ойнаған көрші ауылдың балалары болыпты. 1932 жылы бір түнде 16 жігітті ұстап әкеткен деседі. Алғашында әкемді ату жазасына кесеміз деген. Олар сол түні Калининге хат жазған. Содан әкем ату жазасына кесілмей, Карлаг тұтқыны болып кетті. Карлагта бидай егіп, ұн тартқан екен, Дария ауылында қарбыз өсіріпті. Ол отырған Бұрым стансасы көкөніс өсіруге маманданған екен. Әкем 1916 жылдары Уфада Ғалия медресесінде білім алған. Өте сауатты, білімді кісі 

болатын. Араб-шағатай, латын, кирилл қаріптерінде  шежірелерді 16 өлең түрінде жазып қалдырды. Алайда көп бөлігі сақталмады. Ескі үйде өртеніп кеткен екен. Менің атымды да ырымдап, ақын Әсет Найманбаевтың құрметіне қойған екен. Дін жолын жақсы ұстады. Достарымен отырғанда жақсы әңгімлерін құлағым шалып қалатын, қиссаларын естіп өстім. Ол кезде теледидар, радио деген қайдан болсын? Біз үшін қазіргінің радиосы сол болды. Жазасын өтеп келген соң А.Байтұрсынұлы, басқа да Алаш зиялылары туралы айтып отыратын, алайда көп айта бермейтін жалтақтап. 1975 жылы үйленгенімде, некемізді әкем есікті бекітіп қойып мұсылманша қиды. Сонда мен: «Папа, неге есікті жауып алдыңыз?» – деп сұрағанда: «Қайдан білесің? Біреулер кіріп келсе...» – деген-ді. Әбден қорқып қалған ғой енді. Әкемді қамаудан босатқан соң туған еліне жібермей, Бұрма стансасы жақтағы Усменка деген жерге қоныстандырыпты.  Кейіннен Дария ауылында жұмыс істеп жүріп, бір қызға ғашық болып, екінші рет шаңырақ көтерді. Содан мен дүниеге келдім. Алпысыншы жылдары кішкене еркіндік пайда болып, жағдай реттелген соң, Ақадыр деген жерге қоныстандық. Ал бұрынғы әйелі әкем келмеске кетті деп, өзге бір жігіттің етегін ұстап кете барған. Әкем жетпісінші жылы зейнетке шығып, сексен бір жасында дүниеден өтті. Қазір біраз жасқа келіп отырмын, енді тірі кезімде әкемнің алдындағы парызымды өтемек болып, тарихты қазбалап жүрмін. Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайына барып, әкем жайлы іздестірген ем, бірақ бұл жақтан ақпарат табыла қоймады. Қарағанды архивтеріндегі қызметкерлер Алматы архивінен қарап көру керегін айтты. Себебі сол кезде қазақтың астанасы Алматы болды. Одан нәтиже шықпаса, Мәскеуге бару керек»  деп өткенін еске алды Әсет аға.   

Енді күз мезгілінде Алматы архивінен ақпарат іздестіруге келетін ағамыздан жақсы жаңалық күтеміз деген сенімдемін. Қасіретке толы қаншама өмірден дәлел болатын бір жапырақ қағаз жоқ деуге ауыз бармайды. Әйткенмен небір мықты тұлғаларға қатысты мәліметтер сол сұрқия кезеңде өртеніп кеткен не болмаса әдейі жойып жіберілген. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының тұрғыны Алмасхан Алпысбаев та өз жақыны жайлы ақпарат іздестіруде:

«Байбала әкемнің ағасы болады. Атамыз соғыста жау жаққа тұтқынға түсіп қалады. Тұтқында жүріп, Еуропа тілдерін меңгеріп, аудармашылық қызмет атқарады. Францияда пәтерде тұрған екен. Сол жерде француздың бір қызына үйленеді. Екі қызы болған. Ағамыз соғыс аяқталған соң елге қайта орала алмай, сол жерде қалып қояды. Оларды да «халық жауы» деп айыптаған екен. Ол жақта да қаншама қиындық көреді. Мейірімді адамдар да кездескен. Асханадағы аспаздар картоптың қабығын қалың етіп аршып қоқысқа тастайды да, соны кеңес солдаттары алып, қайнатып жедік деп айтып отырады. Европа тілдерін меңгерген тұтқындарға аз-маз ақша беріп, аудармашы етіп жалдайды екен. Сталин өмірден өткен соң оларға амнистия жарияланып, елге оралыпты. Отбасы Францияда қалыпты. Бірақ Байбала атамыз елге қайтып оралғанда, «Тройка» деген ерекше топ өлім жазасына кесіпті. «Тройка» ауылдың шетіне келгенін естіп қалған атамыз жаяу таудан асып, Ташкентке қашып өтеді. Алайда Францияда жүргенде жұқтырып алған туберкулез ауруы асқынып, Ташкентте қайтыс болады. Әкеміз төрт ағайынды болған. Ең кіші інісіне де осы жаман ауру жұғып қайтыс болады. Әкемнің екі үлкен қызына да жұғып, шетінеп кеткен. Әкем де осы аурумен ауырады, Құдай сақтап, тірі қалады. Бір ағасы соғысқа кетіп, қайта оралмаған. Байбала атамыз Франциядағы отбасы жайлы бар ақпарат пен  суреттерді қорыққаннан жойып жіберген. Үш бауырдан айырылып, атадан жалғыз тұяқ қалған әкем  қорыққаннан көп дүниені айтпай кетті. Ол туралы сұрақтарды қысқа қайырып, жауып қоятын» деп сөзін аяқтады Алмасхан аға. Тауқыметі мол Карлаг әңгімесі таусылмас.  Өткен ғасырдағы нәубетті жылдар жыры таусылмайды да. Түбін қазған сайын шыға беретіні анық. Біз секілді жастар әлі талай жұмыс атқарамыз! Еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын!

Айсұлу СЪЕЗХАН.
Алматы қаласы

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2021

1551 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы