• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қыркүйек, 2021

Не оқып жүрміз?

Менің көшпелі кітапханамда Т.Нұрмағамбетовтың екі кітабы бар. 1981 жылы және 2006 жылдары басылған. Екі кітаптың атауы басқа демесеңіз, ішіндегі әңгімелердің дені бір. Мұқабасының сапалары да өз заманына тән жоғары деңгейде жасалған. Формасы да, қаріптері де ұқсайды, тек... Тираж деген тұсында айырмашылық үлкен. 1981 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Дарияның арғы беті» кітабының таралымы – 30 000. Кейіннен 2006 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» кітабының таралымы – 3000. Алдыңғыдан он есе аз. Сонда қазақ оқырманының саны 20 жыл ішінде 10 есе азайды ма? Әлде бүкіл әлемде солай ма?

Ф.Достоевскийдің 1985 жылы «Советская Россия» баспасынан шыққан «Бедные люди. Двойник» атты кітабының таралымы – 1 100 000 (бір миллион бір жүз мың). Осы жазушының 2019 жылы «Издательство АСТ» баспасынан шыққан «Униженные и оскарбленные» кітабының тиражы 15 000 дана. Сонда Ресей қанша оқырман жоғалтты? Халық орнында, ел орнында. Бірақ оқырман жоғалды. Мұны Кеңес өкіметі тұсындағы жалпы кітап культімен және бүгінгідей гаджеттердің жоқтығымен ақтап алармыз. Десек те бүгінгі қоғамның көркем әдебиет оқымайтынын қалай ақтап алуға болады? Сонда біз, біздің қоғам не оқып жүр? Не оқып жүрміз? Қазіргі таңда ҚазҰУ-дың филология факультетінде журналистикаға қосымша оқытушылық қызмет атқарамын. Биыл алты топқа сабақ беремін. 130 студентім бар. Алғашқы танысу сабағында оларға үш сұрақ қойдым. Не оқисыз? Не көресіз? Не тыңдайсыз?

Соңғы екі сұрақ біздің тақырыпқа қатысты емес десек те, олардың классикалық музыка мен киноклассикасынан алыс екенін айта кету керек. Ал «не оқисыз?» деген сұраққа 130 студенттің 80 пайызы психология туралы және мотивациялық кітаптар оқитынын атап айтты. 20 пайызы мүлде кітапқа құмартпайтынын, филология факультетіне адасып түскенін, журналист немесе актер болғысы келгенін алға тартты. Психологиялық және мотивациялық кітапқұмар студенттердің жартысынан астамы көркем шығарманы сабақ үшін ғана оқитынын мойындады. Көркем шығарма оқуға ең жақын филология факультетінің студенттерінің хәлі осы. Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен іздейтін сәт бұл. Яғни біздің қоғам психологиялық білім мен мотивацияны қажет етеді. Бұл қоғамның дерттілігінің белгісі болар. Аурудың алғашқы симптомдары дерміз. Ойланып көрелік.

Мотивациялық кітаптарға деген құмарлық (оның ішінде бизнес жасауға үйрететін кітаптар да бар) адамдардың жақсы өмір сүруге деген құштарлығын білдірмек. Турасын айтар болсақ, «бақыт» деген сөзді естіген сәтте көз алдымызға бақуатты өмір елестейті. Оның үстіне, осы мотивациялық кітаптар мен бизнес тренерлер «жұрттың бәрі бай бола алады» дегенге сендіріп бітті. Яки «сен ақылды болсаң, неге кедейсің?» деп ұрымтал тұстан пышақ салатын америкалық принцип біздің қоғамға да сіңісті. Бұл сөзге қарсылығым жоқ, десек те кедей адам қоғамның толыққанды мүшесі болудан қалып бара жатыр. Жә, әңгіме ол туралы емес. Мәселе мынада, мотивациялық кітаптар оқылымының көбеюі қоғамды депрессияға ұшыратады.

Мойындауға тиіспіз, бұл кітаптар шынында да адам бойына күш бітіруге қабілетті. Иә, мұндай кітапты оқып біткен адамның көзі ойнақшып, жанып шыға келеді. Бірақ көбінің қарманар түгі жоқ. Мысалы, бұл кітаптарда автор әрекет етуге үндейді. Ал халықтың көпшілігі айма-ай ақысын төлеуге тиіс пәтерде тұрады. Айлығы аз жұмысын тастай салып іске кірісейін десе, пәтер «қожайыны» қинап барады. Сосын кітапты оқыған азамат тұрақты жұмысы мен қосымша жұмыстарын қатар алып жүруге бел байлайды. Сондықтан оған өзінің кәсібінің даму жылдамдығы тым төмен болып елестейді. Негізінде, шынында да солай. Сөйтіп, тұрақты жұмысы мен қосымша жұмысының арасында шабылып жүрген адамның алдыңғы кітаптан алған мотивациясы таусылуға айналады. Қажи бастайды. Нәтижесінде ол екінші кітапқа жүгінеді. Одан алған мотивациясымен біршама жұмыс істейді. Сонымен, бұл процесс адамның әрбір кітаптан оқып жатқан дүниесінің айналып келгенде бір ақпарат екенін түсінуіне алып келеді. Осы жерде бүкіл мотивация күйрейді. Меселі қайтады. Белгілі бір іс бастау үшін мотивациялық күшті сырттан алып үйренген адам өзінің өзегінен ендігі жерде мотивация шығара алмайды. Осы мәселелерге назар аудара отырып, біраз сыншы «мотивациялық кітаптарды» белгілі бір деңгейдегі шылым тарту секілді зиянды әдетке жатқызып та жүр. Яғни мотивациялық кітаптарға тағылатын негізгі айып мыналар:
– адамның ішкі мотивациясының өлімі;
– тым жеңілдігімен адам миының ойлану қабілетін төмендетуі;
– қосымша міндеттер арқылы адамды бойкүйез-дікке ұрындыру.

Ал психология туралы кітаптардың диагнозы тіпті ауыр. Психология ғылымының тамыры Еуропада жатыр. Ояну дәуірінен басталып, қайта өрлеу дәуірінде дамып, ХІХ-ХХ ғасырларда тіпті жоғары деңгейге жетті. Өнертанушы, музыкант Роман Бұрқаш ағамызбен Құдай және дін туралы айтқан әңгімелеріміздің бірінде мынадай диалог болды:

«Біз Құран оқуға тек ритуал ретінде қараймыз. Ал оған анализ жасап, тәпсірлейтін болсақ, қаншама қазына шығар еді. Құранда ежелгі еврейлер, христиандарда кездесетін аңыздардың бәрі бар. Адам Ата мен Хауа Ана әу баста жұмақта тұрған дейді ғой. Кейін жерге түскен. Сондықтан адам баласында әу бастағы Отанын аңсау бар. Сондықтан адам көңілшек. Мұңлы музыка ойнаса, жылауға дайын тұрады. Себебі, рухы Отанын аңсайды. Жер беті оған бөтен секілді. 

Еуропа діннен бас тартқанымен, діннің әсері тиген мәдениеттен бас тартқан жоқ. Суретшілерінде, композиторларында, тіпті режиссерлерінің фильмдерінде де діни мотив бар. Осы тұрғыдан мұсылман елдері ішінде ирандықтар мықты. Діни әңгімелерді әдемі интерпретация жасаған. Өнеріне кіргізіп жіберген.

Десек те Еуропа діннен бас тартқанда, дінді тұншықтырған кезде адамдарда белгісіз аурулар пайда бола бастады. Тәни емес. Рухани. Осы сәтте дүниеге психология ғылымы келген еді. Былайша айтқанда, психология дінсіздіктен ауру болған адамдарға ем үшін пайда болған ғылым деуге боларлық. Алғашқы Отанмен байланыстырар жол үзілгенде адамдар осылай дертке шалдыққан болатын. Еуропада ХV ғасырда, біздің далада XVIII ғасырдан басталып, дінді жаппай ритуалға айналдырдық. Мәні мен маңызын, тереңін ұмыттық». Біздіңше, Роман ағамыздың сөзінің жаны бар. Бірақ осы тұсқа дінсізденумен бірге дәстүрлі санадан һәм түп-тамырдан айрылуды да қосар едік.

Қорыта келгенде, біздің қоғамның оқып жүрген кітаптарына қарап жаппай бойкүйездік билейтін кезеңнің ауылы алыс емес екенін аңғарамыз. Міне, сол уақытта АҚШ пен Еуропаның 1950 жыл-дарындағыдай біздің де қоғамда субмәдениеттердің көбейетіні сөзсіз. Яғни адамдар бәрінен жалығып, өздерін іздей бастайды. «Біз не оқып жүрміз?», «Не оқуымыз керек еді?» деген сауалмен қазақтың екі қаламгеріне хабарластық. Бірі аға буыннан – Дидар Амантай. Екіншісі жас ақын – Батырхан Сәрсенхан.

Дидар АМАНТАЙ:

– Мен әңгімемізді қарапайым бастауды жөн көрдім. Сізден «оқып жатқаныңыз қандай кітап?» деген сауал түсіпті. Біз жауабында, әр кітаптың атын атап, түсін түстеп... анық сөйледік. Кітапханамыздан қолға ілінген атақты кітаптың бірі – «Әлем адамы» айдарымен жарық көрген «Жак Деррида. Жизнеописание, мировоззрение, цитаты» деген еңбек. Шығарманың өзі емес, сараптамасы. Жалпы, интерпретация мәтінді өлтіреді: жазғаныңды өзгертіп, ойлағаныңды жөндеп, өңін айналдырып жібереді.

Мен Ролан Барт тәрізді, Фолкнерге ұқсап, Борхеске еліктеп, туынды басынан не соңынан авторын алып тастар едім. Екінші оқығаным – Вальтер Беньяминнің «Произведение искусства в эпоху его технической воспроизводимости» еңбегі. Өнер мен көпшілік талғамның ұштасуы жөнінде. Сосын, «Краткая история фотографии» және «Париж – столица девятнадцатого столетия». Теодор Адорно жайлы дәріс тыңдап жүрмін. Феликс Гваттари мен Жиль Делөз туралы да ұмытқан жоқпын. Қалайда постмодерн ойшылдары тізімін он беске толтыруым қажет. Жалпы, философия мен физика тақырыбынан көптеген дәрістер тыңдаймын, идеяларын түсінген соң, кітабын оқи бастаймын. Қызықты кітаптар дегеніміз біздің тыныс-тіршілігімізге тікелей қатысы бар күрделі мәтіндер.

Кезекте – Дерек Джонстон: «Философияның қысқаша тарихы» (Сократтан Дерридаға дейін). Философия дәуірі әдебиеттің өзін ойшылдығы тұрғысынан трактаттар дәрежесіне дейін көтереді. Қатыгез заманда өнерден қамқорлық, пана іздейміз, кемелдік өлең-жырда ғана болуы мүмкін. Өлең-жыр – өнердің бір аты. Бізді ат сүрініп, ит батпақтаған өмірден сүйреп алып шығады. Тілеріміз – әдебиет даңқы арта берсін. Даңқты кітаптың сөзі өтімді. Әдеби сөз өлген жоқ, өлмейді де. Әлі талай даңқты кітаптар туады. Еш күмән жоқ!

Дидар аға осылай оқудағы басты бағыт философия екенін аңғартқандай. Ал қиын өмірден – өнер алып шығады дейді.

Батырхан СӘРСЕНХАН:

– Әуелі білім деген не?  Жеке ізденісім бойынша ілім-білім Құдайдың түсірген киелі кітаптарынан бастау алады. Ежелгі Үнді,  Шумер өркениеті,  Мысырдың өлілер кітабы, бергі грек мифтері, бәрі осы сөзімізді айғақтайды. Мәселен, Дантеден,  Петрарка сонеттері мен Мильтонның «Жоғалған жұмағынан» Інжіл рухы білінеді. Ал Шығыс өркениетінің көп бөлігінің түбірі Құраннан бастау алады. Қазіргі оқып жүрген жастардың көбі тереңге үңілмейтіндей көрінеді. Қай кітаптың жарнамасы жақсы болса, соны оқиды. Сосын ХХ ғасырдың авторларына құмар. Ал ХХ ғасыр өзіне дейінгі ғасырлардың шәкірті ғана. Егер біз Софоклдың «Аяксын» оқысақ, Шекспирдің «Гамлетіне»,  Байронның «Манфредіне» таңғалмас едік. Егер Эзоптың мысалдарын, не Шығыстың ежелгі «Кәлилә мен Димнасын» оқысақ, Крыловты менсінбес едік. Сондықтан жас достарымды таязға емес,  тереңге сүңгуге шақырар едім. Әуелі сұрақ қою керек.  Содан соң оның жауабын іздеу барысында талап өседі,  соңыра жауабы табылған сайын көңілде білімнің рахаты сезіледі. Орта ғасырлық Ғазали «Білімнің ләззатын білгенде, патша тағынан бас тартар еді» деген. Яғни ізденуші бір ғана білуге құмар болып, мақтан мен атаққа бой ұрмаса, білімнің ләззатын сезінеді. Ал өзімізге қандай сұрақ қою керек?

Мұны Шәкәрім айтады: 

Шынды бiлмек ойласаң сен,
Алдыменен жанды бiл.
Ең керектi үш сұрақпен,
Жан құлағын қой бұрап: 
«Келдiм қайдан? 
Қайтсе пайдам?
Өлгеннен соң не болам?
«Мен» деген – жан, 
ақыл – айнам,
Жоғала ма сол шын-ақ».

Міне, концепция. Үш таным бар. Өзін тану, Құдайды тану, дүниені тану. Адам өмір бойы өзін тануға тырысқанда, ерікті, еріксіз түрде Құдайын да таниды. Ал бүгінгі көп жастардың ойында «тезірек атаққа жетсем, біреуді мойындатсам» деген арзан ой бар. Жалпы «мойындату» деген ХХ ғасырда пайда болды, бұл сөз икона емес. Алдымен өзіңе өзіңді мойындат, сосын басқалар өзі келеді. Көңілде мақтан тұрғанда білім құпиясын ашпайды. Жоғарыдағы сұрақтарға шынайы жауап іздеп, жан ұшыра өзіңді іздеуге қадам басқанда ғана сырлар ашылады. Будда,  Конфуций, Руми, Эйнштейн, Толстой,  Достоевский, Абай, Шәкәрім, бәрі өмір бойы өзін іздеп шарқ ұрып,  ғұмырын ғылым-білімге арнаған адамдар. Міне, «не оқу керек» деген сұраққа жауап осы.

P.S. Біз оқырман ойын толық өзгерте алмаспыз. Тек ой сала алсақ жеткілікті. Қоғамдағы жаппай оқылып жатқан кітап – айна тәрізді. Қоғам дертінің айнасы болар... Құрметті оқырман, ал сіз не оқып жүрсіз?

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

431 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы