• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қыркүйек, 2021

Не жеп жүрміз?

«Ауру – астан»,  демекші талғамсыз тамақтану салдарынан денсаулығын бұзған жандар жетерлік. Дұрыс тамақтанбау адам ағзасындағы зат алмасуға кедергі келтіріп, әртүрлі ауруларға ұшыратуы мүмкін. Расында, зиянды тағамдардың залалы бірден байқалмай, уақыт өте келе зиянын тарттырып жатады. Әсіресе жастардың басым көпшілігі фастфудтың «тұтқынына» айналды. Соңғы екі жылдағы статистикаға сүйенсек, жастардың 84% фастфуд өнімдерін тұтынады екен. Олардың 20% семіздік ауруына шалдыққан. 2020 жылы әр қазақстандық 30 күнде орта есеппен 7 келі ет жесе, 6,5 келі жеміс-жидек жеген. Мұның қаншалық аз не көп екенін өзіңіз тұжырымдай беріңіз. Жалпы ғалымдардың тұжырымдауынша, дұрыс тамақтанбау темекі шегуден  де зиян. Ал әлемде әр бесінші өлім-жітім темекінің кесірінен болатынын білеміз. Не жеп жүргеніңізге көңіл бөлесіз бе? Не жеп жүргеніңізге мән бермесеңіз,  қандай қасіретке әкелуі мүмкін? Мамандардан сұрап көрдік.

2018 жылдың ең үздік диетологы Арай Әміре күнделікті рационда азық-түлік өнімдеріне ерекше мән беру керек екенін алға тартады. Оның айтуынша, дұрыс тамақтанбағаннан ағзада зат алмасу процесі бұзылып, оның салдары әртүрлі ауруларға әкеп соғуы мүмкін.

– Күнделікті тамақтану рационында міндетті түрде көмірсутек, ақуыз және май болуы керек. Нақтырақ айтсақ, ағзамызға күніне 45% көмірсу, 30% ақуыз, 15% май түсіп тұру керек. Ет, балық, сүт, жұмыртқа мен жаңғақта кездесетін ақуыз ағза  жасушаларының қалыптасып, дамуы үшін аса қажет болса, көмірсутегілер ағзадағы жылуды сақтап, одан қуат алады. Көмірсутегілер тез және жай қорытылатын болып екіге бөлінеді. Тез қорытылатын көмірсутегілерге газдалған сусындар, фастфудтар және құрамында қанты көп тағамдар жатады. Тез қорытылатын көмірсутегілер ағзадағы инсулин гормонын көтеріп, аз уақытта аштық сезімін қайта оятады. Шыны керек, қазір дұрыс тамақтанбай, фастфуд жейтіндер өте көп. Бірақ тез дайындалатын тағамдар ағзаға аса қауіпті екенін білген де жөн. Тіпті таңғы асқа ішетін ботқаның өзін 2-3 минут емес, 7-15 минут  қайнату керек. Сондай-ақ күнделікті тұтынатын калория 1200-ден төмен болмау керек.

Егер 1200 калориядан төмен болса, түрлі асқазан аурулары мен анемияға алып келеді. Ал қаназдық ауруы ағзадағы барлық ауруларды қоздырып, онкологиялық ауруларға да душар етуі мүмкін. Кәсіби диетологтың айтуынша, асқазандағы пайдалы бактериялардың маңызы зор. Оларды жойып жіберу де әртүрлі ауруларды тудыру мүмкін.

– Асқазандағы пайдалы бактериялар ішек иммунитетін қалыпты жағдайда ұстайды. Ішек иммунитетінің бұзылуы барлық иммунитеттің төмендеуіне әсер етеді. Сондай-ақ көп адамдарда жиі кездесетін іш қату проблемасы ішектегі пайдалы бактериялардың жойылып кетуінен болады. Ішек иммунитетін қалыпты жағдайда ұстау үшін күнделікті рационымызда жасыл тағамдар (көкөністер) болу керек. Яғни кез келген тағамымызға міндетті түрде көк шөпті пайдаланғанымыз жөн. Мысалы, балдыркөк (сельдерей) ағзадағы зиянды қалдықтарды шығаруға ықпал етсе, ақжелкен (петрушка) бүйрек, бауыр, өт жолдары ауруларының алдын алуға көмектеседі. Ал ашытылған қырыққабат пен үй жағдайында дайындалған айран ішектегі пайдалы бактерияларды толықтырып тұрады. Жастардың сүйікті тағамына айналған фастфуд осы ішектегі пайдалы бакте-рияларды құртып, керісінше, түрлі дерттің асқынуына себепкер болады. Айтпақшы, тамақ пен ұйқыны да дұрыс ұштастыру керек. Соңғы  тамақты ұйықтардан 4 сағат бұрын ішкен абзал.

Кеңседе отырып жұмыс істейтіндер дұрыс тамақтанумен қатар қимыл-қозғалысқа да көңіл бөлу керек. Таңнан қара кешке дейін кеңседе отыратындар екі рет толыққанды тамақтанып, бір рет жеңіл-желпі ауқаттанса болады. Сондай-ақ әр екі сағат сайын 10-15 минут жаттығулар жасағаны дұрыс. Бір орында екі сағаттан артық отырса, қан айналым дұрыс болмайды. Ал қан айналымның дұрыс болмауы инфаркт пен инсультқа алып келеді, – дейді диетолог Арай Әміре.  

Дұрыс тамақтанбау еркек қауқарын төмендетеді. Расында, жеңіл асқа жерік көп. Асығыс жүріп, талғамай ас ішу қоғамдық сипатқа айналғалы қашан. Тез дайындалатын тағамдар мен шала піскен тамақтар ішек, асқазан ауруларын тудырып қана қоймай, ерлердің потенциясына да кері әсерін тигізеді. Белгілі уролог-андролог Олжас Иманғалиұлының айтуынша, еркектердегі көптеген проблемалар дұрыс тамақтанбаудың кесірінен болады.    

– Бабаларымыз «өз ауруыңды табағыңның түбінен ізде» деп бекер айтпаса керек. Еркек қауқарын төмендететін бірден-бір жайт – дұрыс тамақтанбау. Әсіресе, фастфудтар мен тәтті тағамдар  еркектің потенциясына кері әсерін тигізеді. Фастфуд өнімдері адамды толық қанағаттандырмай, аз ғана уақытқа аштықты жасырып қояды. Жарты сағаттан соң адам тағы да тамақтанғысы келеді. Фастфудқа тәуелділік холестеринді көбейтіп, қан құрамындағы қантты көтереді. Холестерин мен қандағы қанттың көбеюі семіздікке апарады. Семіз еркектерде бедеулік жиі кездеседі. Ер адам семірген сайын тестостерон гормоны төмендейді. Әрбір артық майда ароматаза деген фермент болады. Бұл фермент еркектің тестостерон гормонын әйелдің эстрадиол гормонына ауыстырады. Қазір семіздік ауруы егде жастағылармен қатар жастар арасында да кеңінен тарап жатыр. Мұның бәрі – фастфуд өнімдерінің көбеюі мен қолжетімділігінен. Фастфудқа үйір жандардың асқазан, жүрек аурулары, қан қысымы мен сусамыр сынды аурулары күн өткен сайын үдей түседі. Ал қант диабетімен ауыратын ерлердің жыныс мүшесі әлсіз болады. Себебі адам денесіндегі қант жыныс мүшесіне қанды дұрыс жеткізбейді. Егер әр адам дұрыс тамақтанып, фастфудтан аулақ болса, мұндай қатерлі аурулардың алдын алуға болады, – дейді уролог Олжас Иманғалиұлы. 

Текті халқымыз суға дейін талғап ішкен. Сондықтан әр нәрсеге аранымызды аша бермей, сәл ойланғанымыз жөн болар.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2021

376 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы