• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Қазан, 2021

Шәмшия ЖҰБАТОВА: «Гүлге қонды көбелек»

Шәмшия Жұбатова 1958  жылы, 27 сәуірде Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университе-тінің журналистика факультетін бітірген. «Бастау», «Махаббат кітабы», «Гүлдегенде алма ағашы», «Кездесу», «Қайта оралған көктем», «Шаңқай түс», «Жоғалмаған желкен», «Өң мен түс» атты жыр жинақтарының және «Темір үйдің тұрғыны», «Дәлила» атты прозалық кітаптардың авторы.  Қаламгер француз ақыны Жан Поль Беранженің «Сынық скрипка» атты жыр жинағын, жазушы Бақытжан Момышұлының «Қасқырдың жүрегі» атты романын қазақ  тіліне тәржімалады. Көптеген жинаққа өлеңдері енген. 20-дан астам ән мәтінінің авторы. Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразиялық шығармашылық Гильдиясының мүшесі. Соңғы жылдары балаларға арналған шығармаларға қалам тартып жүр. Төменде белгілі ақынның «Гүлге қонды көбелек» атты балаларға арналған жыр жинағынан үзінді беріліп отыр.

Жасырынбақ

Көзді жұмып алайын,
Төмен қарай бұғынып.
Жүзге дейін санайын,
Үлгеріңдер тығылып.

Қанат та тез табылды,
Санат та тез табылды.
Ал Саматты таба алмай,
Барлығы да сабылды.

Бау мен бақтан, ауладан,
Құдықтағы қауғадан,
Төбесінен талдардың
Жапырағы саулаған

Іздедік кеп, іздедік,
Таппай қоймас біз бе едік?
Зыр жүгірдік тынбастан,
Үмітті бір үзбедік.

Сүйеулі әже таяғы,
Дәу үстел ғой баяғы.
Самат басын жасырған,
Шығып жатыр аяғы.

***
Сүю үшін келгенмін
Таулар, көлдер, өзендер,
Қилы-қилы кезеңдер,
Белдеулер мен ендіктер,
Жасыл, сары, боз ендер.
Шөлейт, дала, теңіздер,
Құмда қалған көп іздер. 
Жұптар менен даралар,
Жалқылар мен егіздер.
Көңіліме көргенді
Түю үшін келгенмін.
Шын жүрекпен сендерді
Сүю үшін келгенмін.

Арман-адам

Құс болып түзілгесін
Аспанда жаңа тізбек,
Үмітің үзілмесін,
Жүргендер қанат іздеп.

Жас көңіл алып-ұшып,
Құс болып ұшпадым дер.
Күнге көз шағылысып,
Бұлт төсін құшпадым дер.

Бет бұрмай талапсызға
Қиялдан күш алады.
Адамдар қанатсыз да
Аспанға ұша алады.

Арманмен шырайланған
Қалқиды ол көкті айналып.
Дүние шыр айналған
Қарайды тоқтай қалып.

Жолдар

Жолдар бізді апарады алысқа,
Дос, бауырға, ағайынға, танысқа.
Ұшақ мінсең, бұлт ішінде қалқисың,
Армандайсың, қиялдайсың, шалқисың.

Пойыз мінсең, көзді жаулап тау, далам,
Көркемдікпен көңіліңді жаулаған.
Көлік мінсең, тал бойыңа күш қонып,
Жазықтықта зуылдайсың құс болып.

Атқа мінсең, қанат мініп кеткендей,
Бар дүние құлпырады көктемдей.
Өмір сені жадыратсын, күлдірсін,
Жаз келгенде жолдан қалма, бүлдіршін.

Атамекен

Таңғы шық жылтырасын,
Гүліңде, туған дала.
Жаңбырда құлпырасың
Тамшысы жуғанда да.

Жазира жазығыңда,
Шапқылап атқа міндім.
Байландым қазығыңда,
Өзісің бақ-тағымның.

Таң күліп атады екен,
Жайнайды тамаша күн.
Өзіңмен, атамекен,
Бақытты бала шағым!

Киіз үй

Ең әуелі кереге құрылады,
Керегеге күн көзі бұрылады.
Бұдан кейін шаңырақ көтеріліп,
Уықтарын жан-жақтан кетер іліп.

Шаңырақ пен кереге жалғасады,
Уықтар мен уықтар алмасады.
Шаңыраққа уықтар кірігеді,
Керегемен төменгі ұш бірігеді.

Біткеннен соң ақ киіз жабылады,
Жақтауына есігі табылады.
Алты қанат ақ үйге кірдің бе, сен,
Таң атқанда түндігін түрдің бе сен?

Жел тараған бұрым мен кекіліміз,
Киіз үйлі қазақтың өкіліміз.
Түйеге артқан көз тартар көші белден,
Киіз үйде бабамыз өсіп-өнген.

Ұршық

Таусылмайды қашан да,
Оның жұмбақ қыр-сыры.
Аман-есен өсірді,
Бізді әжемнің ұршығы.

Келген сайын жыршы күн,
Тал ашады бүршігін.
Менің әжем жайғасып,
Иіреді ұршығын.

Күрте, жылы кеудеше,
Қалпақ, қолғап, шұлықтан
Әжем тоқып бергенде
Жүрегімді ол жылытқан.

Тамсандырған талайды
Ақ әжемнің көрмесі.
Телпек кисем, ән салған
Жүрегімнің пернесі.

Киім тоқу қиын ба,
Оны ұғатын ес қайда?
Мұндай әсем бұйымдар
Сатылмайды ешқайда.

Мейіріммен өсірген
Ыждағатпен бізді аса.
Айналсыншы ұршығың,
Әжетайым, жүз жаса!

Асауды үйрету

Қызық толы бір күні
Асау көкке ырғыды.
Құрық салды мойнына
Ауылдың бір тұрғыны.

Жазыла алмай қолтығы,
Асау көкке мөңкіді.
Көлдің суы көлкіді,
Аспанда бұлт жөңкіді.

Аңтарылды барлығы,
Атқа жігіт қарғыды.
Құрық түссе білінер,
Дүниенің тарлығы?

Елдің көзі қырағы.
Көкейде тұр сұрағы.
Ат лақтырып жіберсе,
Жігіт қарғып тұрады.

Жүрмейді асау жүр десе,
Тұрмайды асау тұр десе.
Қарғып, мөңкіп, жұлқынды,
Қайталады ол бірнеше.

Қалжырады ат, мүлгіді,
Басын төмен шұлғыды.
Бас үйретіп асауға,
Ер көрсетті үлгіні.

Асау енді қашпады,
Жігітің де саспады.
Асауыңды әп-сәтте,
Жуасытып тастады.

Мықты қолға бағынып,
Ер-тоқымын тағынып.
Адамзатқа көнеді,
Даладағы тағылық.

Атақоныс,
Орман-тоғай, өзен-көл,
Тіреледі жол ұшы.
Ел жайлаған ен жайлау – 
Ата-бабам қонысы.

Ат жетектеп аулақта ,
Атқан таңды қызықтап.
Құмырсқаның илеуін,
Аңдаусызда бұзып қап.

Шөпті кешіп аймақта,
Батқан күнді қызықтап.
Мың бояуын гүлдердің,
Көкірегіңде тізіп қап.

Жұпар шашқан жоңышқа,
Кешіп майда шалғынды.
Ежелгі атақоныста,
Өткіземіз бал күнді.

Егіз

Біздер бәрін білеміз,
Ара менен гүл егіз.
Тіршіліктің барлығын,
Қосарладық, міне, біз.

Көктемдегі төл егіз,
Оны қалай бөлеміз?
Егіз лақтың үстіне,
Өбектейміз, төнеміз.

Аяқ пенен қол егіз,
Рельстегі жол егіз.
Тоғай егіз орманмен,
Өзенменен көл егіз.

Әке-шешем бір егіз,
Құшағына кіреміз.
Көршіде бар егіз ұл,
Айыра алмай жүреміз.

Қас та егіз, көз егіз,
Ол жақсы ғой, сеземіз.
Сыңар болса бір аяқ,
Оған қалай төземіз?

Бұлақты іздеп тас тұма,
Үңілер жер астына.
Жалғыз жүрген қызық па,
Сыңар болған жақсы ма?

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2021

456 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы