• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Қараша, 2021

Көлсайда құрылыс салу қауіпті

Жыл басынан маусым айының ортасына дейін Алматы облысы, Кеген ауданындағы Көлсай көлдеріне 46 мың демалушы барыпты. Соңғы бес жылда Көлсай мен Қайыңдыны көруге барған туристердің саны бес есе артқан.  Алматы облысының маржаны саналатын, Қазақстанда туризм саласының дамуына жол ашатын бірден-бір мекен Көлсай болса керек. «Жолы нашар, туризм қайтып дамымақ?» деген сөз жиі айтылатын. Жолы жасалып, қонақ үйлер салынып, аймағындағы ауылдар кәсіп жасай бастады. Сон-дықтан күн жылы кезде Көлсай-дан адам аяғы арылмайды. Бірақ Көлсайдың айналасында ақша тауып жүргендер бірнәрсені естен шығарып алған сияқты. Көлсай – апатты аймақ. Егер оны күтіп-баптап пайдаланбаса, күтпеген жерден «мінез» көрсетуі мүмкін.

Жазда жеті маманнан тұратын экспедиция Шелек өзені, Көлсай көлдері мен Қайыңдыға зерттеу жұ-мыстарын жасап, апатты аймақтардың хал-ахуалын біліп қайтты. Комиссия құра-мында болған профессор Медетхан Заппаров: «Көлсай – бізге Құдайдың берген сыйы. Бірақ қазір ақшаны ойлап кеткен заманда Көлсай қаншалықты жүктеме-ні көтеретініне ешкім алаңда-майды. Құрылыстар салып жатыр. Құрылыс салынбасын демейміз, бірақ ол құрылыс өте жеңіл материалдардан болуы керек. Ол жерде орталықтанған кәріз жүйесі жоқ. Барған ел демалады, жуынып-шайынады дегендей... Одан шыққан су орталықтанған жүйемен басқа жаққа ағып кетуі керек. Бірақ онда әркім өзіне шұңқыр қазып, қалдық суды сол жерге жіберіп жатыр. Ол су тоспаны ылғалдандырады. Ылғалданған тоспа сырғып кетуі әбден мүмкін. Көлсайдың өз суы жағасын жуып жатыр, сондықтан жағасы да тік жар болып кеткен. Көлсайды сақтаймыз десек, республикадан қаржы бөлініп, мониторинг жасалғаны абзал. Ол жерге қандай құрылыс салуға болатынын кемінде үш жыл зерттеу керек. Артық судың бір тамшысы сыртқа кетпей, орталықтанған кәріз жүйесімен ағуы керек. Құрылысты тоспадан алыстау жерге неге салмасқа? Көлсайды қалай пайдалану керектігі жөнінде үлкен жоба болғаны дұрыс. Біз барған кезде екі мыңдай киіз үй тұрды. Киіз үй жеңіл болғанымен, келген адамдар су пайдаланады. Ол су қайда кетеді? Әрине, қазып қойған шұңқырға», – дейді.

Комиссия құрамындағы жеті адам – жолдан қосыла салған саяхатшылар емес, осы саланың бүге-шігесіне дейін білетін мамандар. Олар жасаған зерттеу жұмысының қорытындысымен біреу санаса ма? «Экспедицияның қорытындысын «Қазселденқорғау» мекемесіне бердік. Бірақ санасып жатқан ешкім жоқ сияқты», – деді Қ.Сәтбаев атындағы ғылыми-зерттеу университетінің профессоры Медетхан Заппаров. Құдай оның бетін ары қылсын дейік, егер Көлсайда апат болатын болса, зардабы қаншалықты болмақ? «Көлсайдың төменгі жағы Шелек өзеніне құяды. Шелек Бартоғай су қоймасын жұлып кететін болса, Шелек елдімекенімен бірге, бірталай еңісте тұрған елдімекендерді алып кетуі мүмкін. Сондықтан Көлсайды игерудің жобасы жасалу керек.  Егер ондай жоба жасалатын болса, Көлсайымыз Швейцариядан да асып түсетін еді», – дейді профессор.  

Мамандар зерттеу актісінде мынандай бірнеше ұсыныс айтыпты: 

Көшкін денелеріне құралдық бақылау жасауды ұйымдастыру, көл тоспасына үнемі зерттеу жасау, көшкін-құлау денелеріне жүйелі комиссиялық тексерулер жүргізу, көл бөгетінің аумағынан барлық ғимарат пен дәретханаларды тезірек алып тастау, кез келген ғимараттарды, оның ішінде уақытша ғимараттарды орналастыруға қатаң тыйым салу. Сондай-ақ Төменгі Көлсай көлінің су алу қондыр-ғыларына қайықтар мен су велосипедтерінің түсуіне жол бермеу, көлден дренаждық арнаға жақын жерге (кемінде 100 метр) қайықтармен келуге, пирс қоюға, су велосипедтеріне тыйым салу, қауіпті аймақтарға ескерту тақталарын ілу. 

Көлсайға барған турист Қайыңды көліне барғысы келеді. Қайыңды көлі де сел жүру қаупі өте жоғары аймаққа жатады. Ол туралы зерттеу қорытындысында былай делінген: «Күшті жер сілкінісі немесе топырақтың ойық жағынан опырылуы, суффузия процесі жүрген жағдайда, сел жүрсе немесе су тасқыны болса, бөгеттер бірнеше жерден бұзылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Жалаңаш, Саты ауылдарындағы автокөлік жүретін көпір, Кеген ауданының Алғабас және Жаңаталап ауылдарының тұрғын үйлері мен егістік жерлері, Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын Шелек, Масақ, Байсейіт, Майлыбай, Жаңашаруа, Алматы облысындағы Бартоғай су қоймасы, автокөлік жолдары көпірлері, электр желісіне зияны тиюі мүмкін. 2-3 мың адамның өміріне қауіп төнеді, Құлжа тас жолы, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа», суару жүйелері, су шаруашылығы, Қонаев атындағы үлкен Алматы каналы және басқа да желілік коммуникацияларға зардабы тиюі мүмкін. Қайыңды көлі аумағының жоғары сейсмикалық және сел қаупін ескере отырып, тұрғындардың, демалушылар мен туристердің, кәсіпкерлік объектілер мен тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қайыңды бөгеті құрылымын салу қажет».    

Егер Көлсай сондай апатты жағдайда тұрса, осы уақытқа дейін неге сел болмады дейтін боларсыз. 1984 және 1987 жылдары  су тасқыны болып, судың деңгейі төмендеген. Қайыңды да 2015 жылы еріген судың қарқынымен сыртқа ақтарылғаны байқалған. Одан бөлек жауын тоқтаусыз жауған күндері кішігірім жоталар сырғып, жолды жауып қалып жататыны бар. Көлсайға қонақүй салып, бизнес жасап жүргендер қауіпсіздік мәселесін ескерді ме, ескермеді ме, бізге белгісіз. «Ол жерге құрылыс салып жатқандардың ниеті жақсы, халыққа ыңғайлы болсын дейтін азаматтар. Бірақ олар қауіпсіздік туралы қаншалықты ойланғаны бізге де белгісіз», – дейді комиссия құрамында болған, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Мұрат Қасенов.  

P.S. Көлсайға барғысы келетін туристерді қорқытып отырғанымыз жоқ. Ол жерде кәсіп ашып жатқандарды тұқырту да мақсат емес. Дегенмен таразының екінші басында адам өмірі тұрғанда әрқашан сақ болғанымыз дұрыс!

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2021

62 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы