• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Желтоқсан, 2021

«Айқай» нені меңзейді?

Бұл жолы біз жас тілші Нұрай Әбдібекке Э.Мунктың әйгілі «Айқай» картинасын талдауға бердік. Нұрайдың суретке қарап ой айтып қана қоймай, оның тарихына үңілуі, туындыны автор өмірімен шебер байланыстыра білуі ұнады. Келесі жылы «Редакция тапсырмасы» айдары аясында көркем шығармалар ұсынып, жас оқырмандарымыздың әдеби талғамын сараптап көргіміз келеді. Ендеше, жаңа тапсырма: Р.Паласиостың «Ғажайып» хикаятын оқып, талдап, редакцияға жолдаған жеңімпаз оқырманға 2021 жылы Steppe&World баспасынан шыққан қазақша кітаптар сериясын тарту етеміз. Асығыңыздар! Өте сергек, терең таныммен жазылған дүниеге жүлдеміз дайын!

Мен үшін өнер – жұмбақ, ашылмаған сыры, құпиясы көп, адам жанына ем, жүрегіне нұр бола алатын ерекше дүние. Соның ішінде сурет өнерінің адам өмірінде алар орны тым бөлек. Себебі, ол сезім мен сезіну арқылы ұштасып, көрерменге ішкі жай-күйді, сыртқы құбылысты көркем бейнелеп көрсетеді. Сезінген сезімді өзгеге жеткізе білу – талант. Нағыз суретші алдымен жан-тәнімен суретті сезінеді, содан кейін өз сезімін көрерменге көрсетеді. 

Мен үлгі тұтатын және басқалардан даралығымен, ақылдылығымен ерекшеленетін атақты суретшілердің бірі – Эдвард Мунк. Адамның ішкі күйзеліске ұшырауының түпкі себептерін түсіндіріп, пенденің абдырап, аласұрған сезім дүниесін ашуға қызмет ететін суретшінің көрермен жүрегінен алар орны тым биік.  «Дерт, ессіздік, һәм өлім – менің бесігімде ән салып, өмір бойы жетелеп келе жатқан қара періштелерім» деп Мунк айтқандай, оның өмірі бала кезінен шешімі жоқ жұмбаққа, ауыр сезім мен үлкен үрейге толы екені аңғарылады. Содан болар, оның шығармалары адам жанының қайғы-налаға толы мұңлы кескінін айқын бедерлеп көрсетуімен өзгешеленеді.

Жаңғырық. Үрей. Мәңгілік. Мунктың туындысындай атағы жүз жыл бойы айқайлап тұрған картина көп суретшілерде кездесе бермейді. Оның «Айқай» деп аталатын сериялы суреттері бейнелеу өнері тарихында жақсы танымал. Суретші бұл топтамасын 1893-1910 жылдар аралығында салған. Сипаттауында: «Мен достарыммен келе жаттым, кенет аспан қанқызыл түске боялып кетті. Достарым кетіп қалды, ал мен қорыққаннан қалтырап тұрып қалдым. Құдды бір аспан айқайға басқандай... Әлде бұл менің айқайым ба, білмедім», – деген еді. Бас кейіпкердің жалғыздығы, оның нәзіктігі мен осалдығы барлық жұмысты ерекше трагедия мен энергияға толтырады.

Эдвард Мунктың бұл жалғыздығы бала кезінен басталған. Себебі, ерте жастан жетімдіктің дәмін сезуі, бауырынан айрылуы, әкесінің өлім жайлы айтқан ойлары баланың психикасына, өміріне таңба салып, артынан мәңгі қалмайтын із, үрей қалдырған. Яғни бір туындыны жарыққа шығару үшін өткенмен күресіп, тәуекел ете білу қажет. Ол үшін парасаттылық пен сенім, әрі үлкен күш қажет.

«Айқай» картинасында ХХ ғасырдың символы, оның соғыстары, апаттары мен күйзелістері, содан кейін табиғаттың, кейде бүкіл ғаламның адамға деген дұшпандығы бейнеленеді. Мунктің туындысын норвегиялық Петтер Олсен сатылымға шығарады. Сауда басталмас бұрын суретшілер назарын аударған картинаның құны 80 миллион долларға бағаланған. Оның бағасы 12 минут ішінде 119,9 миллион долларға дейін өсіп шыға келді. Бұл – аукцион тарихындағы бейнелеу өнері жәдігерліктеріне қойылып отырған ең жоғарғы, рекордтық баға. Адамның жанын, жанның айқайын суреттейтін Мунктың бұл суретін қарапайым халық қана емес, атақты тұлғалар, білімнің биігіне жеткен профессор, ойшылдар да жоғары бағалаған. Бәлкім, жылдар бойы айқайдың тұлға санасында жаңғырып, ой салатын өзекті дүниеге айналуына себеп болған оның балалық шағы мен шеберлігі, сезімі шығар. 

Қорытындылай келе айтарым, «Айқай» картинасы – көрерменнің жүрегінен орын алған құнды туынды. Өзінің шедеврін ХІХ ғасырдың соңында туындата отырып, суретші қай дәуірде де өзекті жан азығы, ішкі үрей деген дүниелерді тереңірек түсіндірді. Сондықтан адамдарға ерекше әрі түсініксіз әсер сыйлап, күшті эмоциялар тудыратын «Айқай» картинасының сурет өнеріндегі шоқтығы биік.

Нұрай Әбдібек,
11-сынып оқушысы.
Алматы қаласы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2021

515 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы