• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Желтоқсан, 2021

Ата-ана мейірімін қажет ететін сырқат

Жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Әулеттің иесі» деп аталатын әңгімесінен бір-екі оқиға ұсынғым келіп отыр. 
«Баланың қыңқылы басылмаған соң-ақ, шал апырақтап орнынан тұрып, Молдабектің төсегіне жақындады. 
– Шырағым-ай, бірдеңені бүлдірдің білем-м... Дарбызды сонша жегеніңнен ішім кіпі алып еді-ау...
Шал қараңғыда қолын баланың көрпесінің астына сүңгітіп жіберді де:
– Е, бәсе, болар іс болған екен ғой, – деді аз-кем өкінгендей кейіппен...»
Атасына еріп көрші ауылға құдалыққа барған Молдабек сол күні кешкісін қарбызды молынан асап жеп... ертесі сатпақ-сатпақ жағын көшеге қарата жайып қойған көрпесінен ұялып отырмайтын ба еді? Құдалар да қызық. Ел көрсін дегендей, ол көрпені мектепке бара жатқан балалар көретін көше жаққа қаратып жайып қоюын...

Мұндай оқиға баласы бар үйдің біразында болған-ақ шығар. Бәрі де ертеңіне түнгі оқиғаның сырын жұртқа жайып, айра-жайра боп жайылып тұрған көрпені көзімен ата қарап тұрған шығар-ау... Ғылымда мұны «энурез» дейді. Қазақ халқы ежелден «шыжың» деп атайды. Мұндай оқиғалар балаға қалай әсер етеді? Шарасыз бала мұнымен қалай күреседі? Өзіне де беймәлім әлсіздікпен қалай күреспек? Ата-ана нені ескеруі қажет? Біздің бұл сұрақтарымызға невролог, ТМС дәрігері Кәусар Саржанқызы жауап берді.

– Энурез себептері неден болады?

– Энурездің себептері мен механизмдері әлі де анық емес. Медицина қазіргі уақытта «энурез қайдан пайда болады?» деген сұраққа жауап бере алмайды. Бұл мәселенің көбіне психологиялық мінездемесі бар. Энурез органикалық және функционалды болып бөлінеді. Органикалық энурез жүйке жүйесі мен зәр шығару жүйесінің тікелей зақымдануынан пайда болады. Ал функционалды энурездің себебін табу қиын. Мұндай балалардың басқа мүшесі толық сау болуы мүмкін. Себебі, ультрадыбыстық зерттеу, МРТ, анализдер ешқандай нәтиже бермейді. Органикалық энурез кезінде баланың зақымданғаны көрініп тұрады. Жол апатының әсері немесе бір жерден құлаған да болуы мүмкін. Функционалды энурез балаларда жиі кездеседі. Бұған ата-ананың балаға махаббатының жетіспеуі, психологиялық зақым себеп болады. Әке-шешесі балаға қол көтерсе, баланың энурез болуына бұл да себеп.

– Сәбилердікі өз алдына, ал қай жастағы балалар көрпесін жиі былғай берсе энурез деп саналады?

– Энурез әдетте 4-5 жастағы ұлдарда пайда болады. Оны емдемесе де өздігінен кетіп қалуы мүмкін. Бірақ бала есейгенде жиі стресс алатын болса, қиындыққа төтеп бере алмайтын болса, ол қайта пайда болуы мүмкін. Мұндай сәттерде көп дүние ата-анаға байланысты. Олар балаға түсіністікпен қарау керек, жекудің қажеті жоқ. Егер бала бұрын төсекке жібермей жүріп, аяқ астынан жіберіп қоятын болса және ол бір айға созылса – онда ол энурез боп саналады. 

– Ал мұның емі қандай?

– Медицинада мультидис-циплинарлық көзқарас деген бар. Негізі бұл мәселені бірнеше маман бірге шешу керек. Олар – нейропсихолог немесе психолог, невролог және психотерапевт. Невропотологтардың көпшілігі мұндайды дәрі-дәрмекпен емдейді. Мен Ақтөбе қаласындағы ADN деген балаларға арналған неврология, реабитология және эпилептология орталығында жұмыс істеймін. Энурезі бар балаларымыз психологтан және ТМС-тан (транскриналды магниттік стимулятор) өтеді.

Бұл мәселенің себебін білмеген соң емдеу қиын. Сондықтан әркім әртүрлі тәсіл қолданады. Көпшілігінің емі көмектеспейді, шынын айтқанда. Ата-аналар да баласын әртүрлі дәрігерге, емші-балгерлерге алып барады. Кейбірі психологқа апарады. Ал өзім орталығымда ТМС аппаратын қолданамын.

Энурезді емдеудің тәсілдерін шығыс медицинасынан басқа ешбір ел ұсынған жоқ. Ал шығыс медицинасы мұны алдымен ине арқылы емдейді. Онан соң асқабақ, таңқурай, сары мия, тәует сіркесі, мысықжалбыз сияқты өсімдіктерді пайдалану арқылы емдеу жолдарын ұсынады. Ең бастысы, көрпесі былғанған балаға орынсыз ұрсудың қажеті шамалы. Мұның жалғыз емі – дәрігер де, психолог та айтып жүргендей, ата-ана махаббаты болса керек.

Дайындаған 
Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2021

307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы