• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Желтоқсан, 2021

Жыл жеңімпазы – Vax

Жыл аяқталғанда әртүрлі ұйымдар жыл үздіктерін марапаттап жатады. Жыл үздіктері бір-бірін алмастырып жатса да, тарих қойнауына кетеді деуіміз қиын. Расында, оның көпшілігі есімізде жоқ. Ал «Оксфорд сөздігі» сайтына жыл соңында бар әлем көз тігеді десек қателесе қоймаспыз. Сөздіктің тарихы тым тереңде. «Оксфорд сөздігі» таңдаған жыл сөзінің әрбірі тарихта қалып, сол сөз естілсе-ақ болды, оның шығу тарихын бірден біле қоюыңыз әбден мүмкін. Себебі, ол жайдан жай таңдала қоймайды, әлемдік оқиғалардың синтезінен пайда болады. Мысалы, тізімде «дағдарыс», «коронавирус», «палеолиттік диета» тәрізді сөздер бар. 2013 жылы «селфи» сөзі жыл сөзі аталған.

«Оксфорд сөздігінің» тарихы

«Оксфорд сөздігі» – ағылшын тілінің ең үлкен сөздігі. Оның ең алғашқы басылымы 1884 жылы жарық көрген. Алғашқы атауы «Тарихи принциптерге негізделген жаңа ағылшын сөздігі» деп аталған. Сөздікте 1150 жылдан бастап ағылшын әдеби және ауызекі тілінде кездесетін барлық сөздер қамтылды. Олардың егжей-тегжейлі этимологиялық, семантикалық, орфографиялық, орфоэпиялық және грамматикалық сипаттамалары берілді. Әр сөздің әртүрлі тарихи кезеңдердегі мағынасы, жазылуы, айтылуы мен қолданылуының өзгеруі мысалдармен, көбінесе дәйексөздермен расталады. Сөздікте 5 мыңнан астам автордың 20 мың шығармасынан 500 мыңға жуық сөз және 2 миллионға жуық дәйексөз бар.

Сонымен, Оксфорд сөздігінің 2021 жылғы сөзі – vax, яғни вакцина. «Вакс» сөзі былтырғыға қарағанда биыл 72 есе көп қолданылған. «Биылғы жылдың атмосферасын «вакцинадан» жақсы көрсететін сөз жоқ», – деді сөздік құрастырушы ғалымдар. «Вакцина» сөзінің шығу тарихына тоқталайық. Ағылшын тіліндегі «vax» сөзі алғаш рет 1799 жылы пайда болыпты. Ал «вакцинация» сөзі бұдан бір жылдан соң, яғни 1800 жылы жазылған. Оның тарихы айтарлықтай күрделі. Ағылшын дәрігері және ғалымы Эдуард Дженнер оба ауруына қарсы негізін қалаған. 

– Бұл сөздің мағынасы көне грек тілінде «сиырдан» немесе «сиырдан алынған» деген мағынаны білдіреді, – деп жазады «Оксфорд сөздігі» журналы. – Дженнер және оның замандастары «шешектің табиғи қоспасы» деген атаумен қолданған.

Бұдан өзге биыл вакцинаға байланысты жаңа сөз атаулары көбейген. Мәселен, vaxxie («балауыз») – вакцинация кезінде түсірілген фотосурет; vax-a-thon («ваксатон») – адамдар жаппай, атап айтқанда, COVID-19-ға қарсы вакцинацияланатын оқиға; vaxinista («вакцинист») – коронавирусқа қарсы вакцина алған және әлеуметтік желілерде осы мәртебені мақтан ететін адам. Кейде вакцинаны әзірлеуге, жеткізуге немесе енгізуге қатысқандарды да осылай атайды.

Өзге елдерде...

Ресейдің А.Пушкин атындағы тіл білімі институты «Sputnik» атауын жыл сөзі деп тапты. Институт мұндай қорытындыға келу үшін орыстілді БАҚ мәтіндеріне және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға иек артып, бірнеше кезеңмен сынақ жүргізген. Нәтижесінде мамандар 2021 жылы «Sputnik» сөзі бұрынғыдан тоғыз есе жиі қолданылғанын анықтады. Оның қолдану жиілігінің артуы, атап айтқанда, ресейлік COVID-19 вакцинасының атауымен байланысты.

Ал Жапонияның «Цзию Кокуминша» баспасы жыл сөзін әлі жариялай қойған жоқ. Баспа жыл сайын жыл сөзіне байқау жариялайды. Дегенмен биылғы үміткер сөздердің ұзын-саны – 30 сөз. Тізімнің басында «Кальмар ойыны» тұр. Қарызға белшесінен батқан жүздеген ойыншы арасындағы өлімге әкелетін жекпе-жек туралы Оңтүстік Кореяның танымал телехикаясы Жапонияда да өз көрерменін тауыпты. 30 сөздің көпшілігі биыл Токиода өткен олимпиялық ойындарға қатысты. Ал басқа елдерде бұл туралы дерек кездеспеді. Сірә, «Оксфорд сөздігімен» бәрі де келісетін болса керек.

Былтыр Қазақстанда «карантин» мен «42500» сөздері жыл сөзі деп аталды. Оны ешқандай тіл білімі институты немесе тіл мамандары ұсынған жоқ. Қоғамдағы оқиғаларға байланысты туындаған сөз екені шүбәсіз. Ал биыл үнсіз. Тіл мамандарына сұрау тастап көріп едік, бәрі де жаппай «ойлану керек» деді. Ал аудармашы Назгүл Қожабек «сарсаң» сөзін ұсынды. «Не істерін білмей, әуре-сарсаңға түскен жыл болды», – дейді Назгүл ханым. Ал сіз қандай сөз ұсынасыз?

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2021

398 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы