• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Сәуір, 2022

Мұқағалидың Шолпаны: өмірдің өзіндей образ

Жақында Мұқағали Мақатаев туралы екі бірдей кинотуынды көрерменге жол тартты. Бірі – Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» көркем фильмі, екіншісі – Дарқан Сәркенов түсірген «Мұқағали» телехикаясы. Екеуі де көрермен тарапынан өз бағасын алып жатыр. Ал біз әдеттегідей оқырмандарымыз үшін кішкентай кейіпкерлерді іздейміз. «Мұқағали» телехикаясында көбірек көзге түсетін кішкентай кейіпкер – Шолпан. Осы рөлді сомдаған Томирис Бақытжан редакциямызға келіп, түсірілім барысындағы әсерін ортаға салды. Бұдан соң біз Мұқағалидың қызы Шолпан апайды іздедік. Шолпан апай да телехикаяны көрген екен.

Томирис Бақытжан:

Бұл – мен түскен үшінші фильм. Бұған дейін «Үлкен үй», «Бізбен бірге» телехикаяларында эпизодқа түстім. «Мұқағали» телехикаясында сегіз сахнада ойнадым. Өзіме қиын болған тұстары бар дей алмаймын. Бірақ рөлге кіруде аздап қиналдым. Анам мен әкем Шолпанның өмірбаянын айтып берді, ол кісінің сұқбаттарын көрсетті. Содан соң кастингке қатыстым. Шолпан бар сахнаны түсіруге үш күн кетті. Екі күн Мұқағалидың үйінде, бір сахнасын ауруханада түсірдік. 

Шолпан Мұқағалиқызы:

Телехикаяны көріп шықтым. Декорацияға қатысты кемшіліктер бар. Мәселен, кинодағыдай мейрамханалар ол заманда болған жоқ. Бірақ актер Азамат Сатыбалды әкемді жақсы алып шыққан. Кейін одан да жақсы түсіретін шығар деп ойлаймын. 

Томирис Бақытжан: Телехикаяда өз образым көңілімдегідей болды деп ойлаймын. Киноның тұсауы кесілерде – телеарнадан көрсетуге санаулы минуттар қалғанда қатты қорықтым. Себебі, «қалай ойнадым, кино қалай шықты?» деген сияқты қобалжу болды. Ал телехикая басталғанда бүкіл қорқынышым сейіліп кетті. Сыныптастарым, мектеп оқушылары телехикаяны көрген екен, бәрі «жақсы алып шығыпсың» деп жатыр. Киноға түсуіме басты себепкер – әкем. Мені түрлі кастингтерге қатыстырды. Өзім де еш қарсы болғаным жоқ. Телехикаяға түсерде Мұқағали атамыздың бір кітабын оқыдым. Мұқағалидың өмірбаяны туралы да көбірек іздендім. Шолпанның әкесіне қалай еркелегенін білгім келді. Себебі, Шолпан – әкесінің ерке қызы болған.

Шолпан Мұқағалиқызы: Бала кезімде менің шашым қысқа болатын. Ал кинода кейіпкердің шашы ұзын екен. Телехикаяда Шолпанның үстелдің астында ойнап отыратыны бар. Сол жері маған қатты әсер етті. Мен де көбіне солай ойнайтынмын. Бірақ телехикаяны түсірерде түсірілім тобы менен Шолпанға қатысты ешқандай кеңес алған жоқ. 

Томирис Бақытжан: Түсірілім барысында елге танымал әртіс аға-апалар: «Барынша шынайы ойна. Түріңді өзгертпе», – деп кеңес берді. Оларды түсіріп жатқан кезде қалай ойнайтынын, эмоцияны қалай өзгертетінін сырттан бақылап отырдым. Оның бәрі маған сабақ болды.
Кино әлеміне бір табан жақындаған соң фильмдерді көп көремін. Көбіне қазақшаға аударылып, дубляждалған фильмдерді көремін. «Малефисента» қатты ұнады. Болашақта актриса да, стюардесса да болғым келеді. Әзірге ұшақпен бір күнде бірнеше қалада саяхаттағанды ұнатып жүрмін. 

Шолпан Мұқағалиқызы: Әкем Алма әпкем екеумізді қатты еркелететін. Мамамнан гөрі папам бізге жұмсақтау болды. Әкем бар тапқанын бізге – балаларына жұмсайтын. Менің туған күніме сыйлаған үш аюы есімнен кетпейді. Үлкен аю – әкесі, ортаншысы – анасы, кішкентай аю баласы болатын. Ол кезде заман аумалы-төкпелі, мұндай нәрселердің табылуы қиын болатын. Сол маған үлкен сыйлық болған еді. 

Томирис Бақытжан: Іле ауданындағы Өтеген батыр кентінде №24 лицейде 5-сыныпта оқып жатырмын. Қазір фильмдерді дубляждауға да қатысып жүрмін. Ол жерде бірнеше дауысты дыбыстаймын. Ол маған қызық. Оған да кастинг арқылы қабылдандым. Қазір 70 бөлімнен тұратын мультхикаяны дыбыстап жатырмыз.

Шолпан Мұқағалиқызы: Мен кішкентай кезімде осындай ақсары болатынмын. Қалада жалғыз-ақ қазақ мектебі болатын да, біз бәріміз орысша оқыдық. Сондықтан үйде «Папа стихи пишет» деп бір-бірімізге сыбырлап сөйлеп, шуламауға, даусымызды қаттырақ шығармауға тырысатынбыз. Мамам да бізді тыныштандырып отыратын. Ондай кезде балалардың ішінде әкемнің кабинетіне кіре алатын жалғыз адам мен едім. Диванына аунаймын. Мойнына асылып еркелеймін. Бірақ әкемнің жұмыс істеп жатқанын түсініп, сәлден соң шығып кетемін. Ал ол кабинетке менен басқа ешкім кіре алмайтын.

Меруерт МАХАМБЕТҚЫЗЫ, Томиристің анасы:

Кинодағы шынайы тұсы – әкесіне еркелегені

Қызымыздың осындай үлкен актерлік құраммен бір фильмде өнер көрсеткені біз үшін үлкен абырой болды. Бақытжан Әлпейісов, Азамат Сатыбалды, Рүстем Жаныамановтармен бірге фильмге түсу кино әлеміне қызығатын жасөспірімдер үшін үлкен арман болса керек. «Толықтай көңілімнен шықты, рөлді керемет алып шықты» дегенім артық болар, әлі де шыңдалуы керек, үйренетін дүниесі көп. 

Томирис үйде де әкесіне еркелеп, көп ойнайды. Соны ол кинода шынайы көрсете алды. Өзі кішкентайынан үйге қонақ келсе, солардың алдында өлең оқып, ән айтып, кішігірім концерт қойып беретін. Мектеп табалдырығын аттай салысымен, сынып жетекшісі оны түрлі жарыстарға қатыстырды. Кейін киноға түскім келеді деп өзі қызығушылық танытты. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, қызымыздың талабын әрқашан қолдап отырамыз.

Телехикаяда Шолпанға қатысты тосын оқиғалар, айрықша әсер етер сахна жоқ. Дегенмен онда Шолпан образының болуы – телехикаяның барынша шынайы шығуына әсер еткені байқалады. Үлкен Шолпанды риза қылған кішкентай Томиристің болашағына сәт-сапар тілейміз! Томирис 5-сыныпта оқыса да мектепішілік, қалалық байқауларда топ жарып үлгеріпті.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2022

1159 рет

көрсетілді

249

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы