• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Мамыр, 2022

«Өзіңнен алғанымды өзіңе қайтарамын»

Мектеп бітірушілердің алдынан жылда екі проблема шығады. Оның бірі – ҰБТ тапсыру-тапсырмау болса, екіншісі – мектеп бітіру кешін өткізу-өткізбеу. Мектеп бітіру кеші жай ғана өте салмайды, түлектер лимузинге отырып көрікті жерлерге қыдырады, одан кейін мейрамхана жалдап тойлайды. Былай қарасаң, мектеп бітіріп жатқан оқушылар үшін естелік болып қалары сөзсіз. Алайда осы қоштасудың өзі ата-аналардың қалтасы мен түлектердің жүйкесіне салмақ салып келеді.

Мектепті «Алтын белгіге» бітірген Аяулым қазір университеттің ІІІ курсында оқиды. Ол мектеп бітіретін кезде лимузинге отырып, мейрамханада тойлау үшін ата-анасының қалтасынан ақша шығартқанына өкінеді. «Дәл сол кезде 50 мың бермесем, дүние күйіп кетердей көрінді. Қазір соның бәрі болмашы нәрсе ғана екенін ойлаймын. Есімде сол сәттер емес, тақтада сабақ айтып тұратыным қалды. Оның үстіне мектеппен қоштасу кешіне ғана шығындалмадық, жыл бойы математика мен физикадан курс оқыдым. Екеуіне ата-анам ай сайын 20 мыңнан төледі. Соңғы қоңырауда арнайы киім тіктірдік, мұғалімдерге сыйлық алдық, әр емтихан сайын мұғалімдерге дастарқан жасады, оған да ақша жұмсалды. Ал лимузин мен мейрамханаға 50 мың теңгеден жинадық. Оның алдында мейрамханаға киетін көйлекті 25 мың теңгеге жалға алдық. Қарап отырсам, грантқа түскенім болмаса, мектеп бітіргенім қып-қызыл шығын болыпты», – дейді Аяулым. 

Жақында Уотсап чатта ата-аналардың айтысып жатқанына куә болдық. Бірі «ақша бере алмайтын отбасылар бар, неге соларды ойламаймыз?» десе, енді бірі «ақшасы жоқтар бармай-ақ қойсын, соларға бола баламыздың көңіл күйін түсіреміз бе?» дейді. Бір-бірін тыңдағысы келмейді. Мұндай екіұшты мәселені заңмен реттеп отыруға да болатын еді. Алайда Білім және ғылым министрлігі мынандай ұсыныс айтты:

«Биыл мектеп бітіру кеші мектеп қабырғасында өтеді. Соңғы қоңырау 25 мамырда, ал аттестат тапсыру салтанатты рәсімі 16-17 маусымда өтеді деп жоспарланып отыр. Соңғы екі жылда пандемияға байланысты дәстүрлі мектеппен қоштасу кешін өткізуін тоқтап қалды. Қазір эпидемиологиялық жағдай жақсарып, шараны өткізуге мүмкіндік бар. Бірақ мектеп бітіру шараларының барлығы міндетті түрде мектеп қабырғасында өткізілуі керек.

Түлектердің ата-аналарына бұл іс-шараларға қажетсіз шығындалудың тиімсіз екені туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды... Мектеп бітіру кешін білім беру ұйымы өз күшімен ұйымдастырады. Мектеппен қоштасу кешіне аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, ақылы әртістерді, мерекелік шараларға жеке студияларды шақыруға, мерекелік дастарқандарды ұйымдастыруға, жалға алынған автокөліктермен экскурсиялар өткізуге болмайды. Оған қоса, мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинауға қатаң тыйым салынады».

Бірақ білім министрлігі бұл ұсынысты жылда айтады. Оған ешкім құлақ асып жатқан жоқ, бәрібір өз қалағанынша атап өтеді. Бәлкім, заңмен шектеу қойса ғана бұл мәселе шешілер.

Ал мектеп бітіруші түлектердің пікірі қандай?

Әмина БАҚЫТБЕКОВА, жас түлек: 
Артық шашылмай, жағдайы төмен сыныптастарымызбен санасып, барлығының шамасы келетіндей, қарапайым түрде өткізген жөн. Мектеп бітірген соң алда әлі талай қызық бар. Ата-анамыздың да шамасына қарауымыз керек. Алайда өмірде бір рет қана болатын бұл сәтті мейрамханада тойлау орынды деп санаймын. Бірақ лимузин жалдауға қарсымын. 

Перизат МИЗАН, жас түлек: 
Лимузин жалдаған артықтау, бірақ мейрамхана жалдап, тойлаған дұрыс деп санаймын. Өйткені мектеппен қоштасатын соңғы сәтті ұмытылмастай өткізу қажет. Мейрамханада тойлап қана қоймай, рухани кеш сияқты жасаған дұрыс. Ол жерде оқушылар ғана емес, ата-аналар да қатысады. Сондықтан ерсі қылықтар көрсетпей, мұғалімдерге, сыныптастарға алғыс айтып, мектепте болған әрбір қызықты сәттерді еске алып, жинақталған фото-видеоларды көрсетіп, флешмоб билеп, көңілді өткізуге болады.  

Мейрамбек ҚАЙРАТҰЛЫ, жас түлек: 
Былтырдан бері ақылы курстарға бардым. Әке-шешем көп ақша жұмсады. Соған өзім де қысылып жүрмін. Егер ҰБТ-дан жақсы балл алсам, әдемі киініп, бітіру кешіне қатысуға барамын. Ал төмен балл алсам, бітіру кешіне бармаймын. Үйде солай келістік. Ешкімге ренжімеймін... 

Арай НҰРТАЗИНА, жас түлек: 
Білім және ғылым министрлігінің автокөлік жалдауға, мейрамханада тойлауға рұқсат бермеуі дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, бұл түлектердің өмірінде сыныптастарымен болатын жалғыз атаулы күн. Сондықтан оны есте қаларлықтай өткізген жөн. Ал лимузин, мейрамхана бітіру кешінің сәні секілді. Біз бітіру кешін жасамай, Бурабайға демалысқа барайық деп шештік.

Құралай ҚАМЫРАҚЫН, ата-ана: 
Кезінде мектеп бітіру кешін мектепте өткізе салдық. Одан кейін мұғалімдерімізбен көкке шығып қайттық. Біздің кезімізде осылай мектеп бітіре салатынбыз. Қазір мектеп бітіру кешіне бір жылдан бері дайындалып жатырмыз. Біреудің айтқанымен екіншісі келіспейді. Онсыз да жыл бойы қызым курсқа барды, қаншама тест сатып алдық. Енді емтихан тапсырады, дастарқан жаю керек дегендей... Мейрамхана мен көлікті де ақылдасып жатырмыз, бірақ әлі нақты шешкен жоқпыз. «Соңғы қоңырауда» бірдей киінеміз дейді. Оған да ақша жинаймыз. Мұның бәрі әурешілік қой. Неге тып-тыныш мектеппен қоштаса салмайды?

Мектеп бітіру кеші әлеуметтік теңсіздікті көрсетеді десе, арнайы заңмен реттеген абзал. Сонда «дұрыс па, бұрыс па?» деп талқылап отырмас едік. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Оның бәрін бір арнаға бұрып салу да дұрыс емес. Біз бұл мәселе жас өскіннің кеудесінде ешқандай күйініш қалдырмаса екен деп тілейміз.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

422 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы