• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Маусым, 2022

Саундтрек мәңгілік мұра боп қалатындай дүние болу керек

Саундтрек деген не? Кинотуындыға арнайы жазылатын тапсырыс ән бе, әлде көңіл пернелерінің үні ме? Бастапқыда кинокомпаниялардың жарнамасы ретінде ойластырылған фильмдердің саундтректері жаңа фильмдерге қызығушылықты арттыру үшін шығарылған деседі. Алғашқы коммерциялық саундтрек 1938 жылы Уолт Дисней киностудиясының «Ақшақар мен жеті ергежейлі» мультфильмінің саундтрегі болыпты. Мультфильм әлем көрерменінің көзайымына айналған соң, бұдан кейінгі фильмдер де біртіндеп ән жаза бастады.

Қазақ фильмдері де музыка жазудан кенде қалмады. Мәселен, «Менің атым Қожа» фильмін көріп отырған бір сәтте күллі оркестрдің музыкасына ұйып қалатынымыз бар емес пе еді... «Тақиялы періштенің» әндері қандай! «Қоштасқым келмейді» фильміндегі «Алғашқы махаббат» әні фильмнің атын шығарды десе болады. Бертінде шыққан «Махаббат бекеті» фильмін еске алсаңыз, музыкасы бірден құлағыңызға келе бастаған болар... Ендігі әңгімені музыканың төл перзенттеріне берелік.

Ренат ГАЙСИН, музыкант:

АРНАЙЫ МУЗЫКА ЖАЗҒАН ЕМЕСПІН

– Менің сүйікті саундтрегім – «Қыз Жібек» фильміне жасаған Нұрғиса Тілендиев атамыздың музыкасы. Одан соң – Александр Зецепин. «Тақиялы періште» фильмінің барлық музыкасын жасаған, тамаша талантты кісі. «Ана туралы әні» қандай ғажап! Көзі тірі классик! Көп жыл бойы Алматыда тұрды, қазір Ресейде. Ұлты басқа болса да, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Менің ойымша, саундтрек мәңгілік мұра болып қалатындай дүние болу керек. Байқасаңыз, әлемге аты шыққан фильмдердің саундтрегі есте сақталып қалады, ұмытылмайды. Мен де өз саундтректерімді қазақтың үні шығып тұрса деп жасаймын. Тарихи фильм болсын, комедиялық фильм болсын, осы ұстанымдамын. 

– Алғашқы саундтрегіңіз «Ағайындылар» телехикаясы ма, әлде?..

– Иә, сол телехикая. 2008 жылы жарыққа шықты. Сол кезде айтарлықтай танымал болды.

– Шынында бала кезімізде көрген сол фильмнің музыкасы әлі күнге құлағымызда. Музыкасы қалай жазылып еді? 

– Ақан Сатаевтың телехикаясы болатын. Екеуміз бірге жұмыс істеп жүрдік. Бұл – Ақан екеуміздің бірге жасаған алғашқы кинотуындымыз. Бұдан кейін оншақты фильм жасадық. Бұл музыкаға соншалықты әсер ететіндей ештеңе болмады. Жұмыста отырдым. Санама бір әуен келді. Дереу түсіріп, Ақанға тыңдаттым. Ол риза боп, бірден қабылдады. Ондағы гитараны да өзім ойнадым. 

– Фильмге жазылған музыкалардың мәтіні болатыны да көп. Ал ақындармен қалай жұмыс істейсіз? Әнге өлең жазыла ма, әлде өлеңге музыканы икемдейсіз бе?

– Кейінгі кездері кітап дүкендеріне барып, үлкен ақындарымыздың шығармаларын оқуды әдетке айналдырдым. Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Ибрагим Иса, Абдрахман Асылбек, Фариза Оңғарсынова... Бұл кісілер үлкен мұра қалдырып кеткен екен. Неге осындай керемет өлеңдерге әуен жазбасқа деген ой келді. Өзің үшін де тарихи дүние боп қалады. 

– Әдебиетшілердің айтуынша поэзияның ішкі ырғағы, музыкасы болады дейді. Кәсіби музыкант ретінде сондай дүниені сезе аласыз ба?

– Әр өлеңнің өз тарихы болады деп ойлаймын. Ал әуенге мәтін жазатын ақынды табу қиын екен. Сондықтан тәжірибесі бар ақынмен жұмыс істеймін. Жас-кәрісіне қарамаймын. Абдрахман Асылбек ағамен бірге көп жұмыс істедім. Шөмішбай Сариев ағаның да қазақ әндеріне тигізген үлесі зор. Музыканы түсінетін, соған сай мәтін жазатын ақындар аз, шынында.

– Кейінгі жастарды бақылап жүрсіз бе? Олардың қандай әуендері әсер етіп, есіңізде жақсы сақталды?

– Әрине, олар көп. Ғалымжан Молданазар деген жігіттің шығармашылығы маған ұнады. Стилі ерекше. Мұндай жастар көп.

– Ұшқын Жамалбектің әуендерін тыңдап көрдіңіз бе?

– Әрине, Ұшқынды қатты құрметтеймін. Керемет еңбек етіп жүр. Өте дарынды жігіт.

– Авторлық музыка мен кинотуындыға арнап жазған музыканың айырмасы бар ма? Бөле-жарып қарауға бола ма?

– Жоқ, айырмашылығы жоқ. Мен ешқашан осыған арнайыншы деп жазған емеспін. Музыка шықса – ол Құдайдың берген сыйы. Оны қалай дамытады, қалай жаратады – ол сазгердің жұмысы. Одан кейін бағасын беретін – тыңдарман.

Ұшқын Жамалбектің атын бекер атамадық. Көптің көңілінен шыққан «Тар заман», «Кейкі батыр», «Бір сен үшін», балаларға арналған «Ақ құс» фильмдері мен «Мұзбалақ», «Ертемір» сияқты мультфильмдердің әуенін жазды. Өзі жазғанын нақышына келтіріп өзі орындайтын әндердің сарыны басқа, аңғарсаңыз. Себебі не екен?

Ұшқын ЖАМАЛБЕК, сазгер:

КИНОТУЫНДЫҒА ЕКІНШІ ТЫНЫС БЕРІП ТҰРУЫ ШАРТ

– Фильмдерге саундрек жазған кезде неге сүйенесіз, қалай дайындаласыз? Әуеннің шығуына қандай факторлар әсер етеді? Сценарий, әлде басқалай ізденіс...

– Саундректі белгілі бір кинотуындыға арнап жазуды мақсат тұтпаймын. Фильмде өзінің орны бар жеке тұлға болу керек. Фильмде режиссер немесе оператор өз міндетін қалай атқарса, композитор да солай еңбек етуі керек. Кинотуындыны кез келген әуенмен әрлей салуға болады, дегенмен бұл сала біздің елімізде енді жол тауып келеді. Фильм музыкасы – фильмнің жартысы. Кино саласы – үлкен ғылым. Еліктеп түсірсе де електен өткізу керек. Сондықтан фильмге музыка жазарда асықпай дайындаламын. Мен жазған ән фильмнің жанын аша ма, екінші тыныс бере ме деген ой тұрады басымда. Саундтрегі арқылы көрермен жинаған фильмдер де бар. Яғни музыкасы танымал болып, сол арқылы фильмді көрушілердің саны артқан. Сондықтан саундтрек – фильмнің арқау әні. Ол міндетті түрде кинотуындыға екінші тыныс беріп тұруы шарт. 

Фильмге ән жазарда сценарийді толық оқимын дей алмаймын. Бірақ режиссермен асықпай сөйлесемін. Режиссердің нақты қалауын түсініп алған соң ғана жұмысқа кірісемін. Одан соң түрлі нұсқаларды ұсынамын. Әлбетте, бәрі бірден жазыла салмайды, бірден бекіп кетпейді. Әбден ақылдасамыз. Дегенмен әуелі фильм өзіме ұнауы керек. Шала-шарпы, нәрсіз фильмдерге ештеңе жазғым келмейді, бірден бас тартамын. Ал ұнатқан дүниеме жанымды саламын. Саундтрек жазуға әсер ететін фактордың тағы бірі – білімім. Оқыған алғашқы мамандығым – актерлік. Яғни музыкалық театр актері өнерін оқыған соң, фильмдегі актерлердің жан дүниесін сезінуге үлкен мүмкіндік бар. Сценарийде адамның түрлі көңіл-күйлері болады ғой, соның бәріне өзімнің ой-пікірімді, көзқарасымды музыка арқылы беремін. Бұл да ғылым.

– Фильмге жазған саундрек пен мультфильмдерге арнап жазған саундтректердің қандай айырмашылығы бар? Яғни балаларға арнап жазу мен ересектерге арнап жазудың ерекшеліктері қандай?

– Ерекшелігі жер мен көктей деуге болады. Ересек адамдар – ақыл тоқтатқан, ой-пайымы бір жүйеге қалыптасқан адамдар. Оларға музыканы соншалықты түсінікті етіп беру маңызды емес, фильм мен музыка қатар ұштасатындай болу керек. Ал балаларға арнап жазу шынында қиын. Өйткені мен бала емеспін. Композиторлықты былай қойғанда, түсінік-пайымым – ересек адамдікі. Сондықтан оған кәсіби тұрғыда жан-жақты кірісу керек. Балаларға мажорлық дүние жақын. Өйткені бала – шынайы, әділ. Нақты дүниені қалайды. Астарлап айтудың қажеті жоқ. Балаларға арнап ән жазу қиын дедік, бірақ көп жатталып, жиі орындалатыны – балаларға арналған фильмдердің әуені. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі – «Мұзбалақ» анимациялық фильмі. Оның әуенін балалар оңай жаттап алып, айтып жүр. Себебі онда баланың санасына ауыр көркем дүние жоқ, бәрі де нақты. Ол әуен орындала қалса, көз алдыма «Мұзбалақ» келеді. Оны этно, ұлттық бағытта жаздым. Оның да өз қиындығы болды. Дегенмен мұндайдан қашпау керек. Себебі өз әуеніммен сол фильмді қорғап шығу – менің мақсатым.

– Байқауымызша, сіз жазған саундтректердің көбі – патриоттық бағыттағы әндер. Бұл тақырыпты арнайы таңдайсыз ба әлде тапсырысқа байланысты ма?

– Оны арнайы таңдап, талғамаймын. Өйткені менің өнерімнің бастауы ұлттық, этникалық бағыттағы музыка болған соң, тапсырыстар көбіне солай болып келеді. Бірақ оған қуанбасам, өкінбеймін. Ұлтыңның жан дүниесіне қатысты еңбекке мені араластырғысы келсе, қуанбағанда қайтемін?! Осы ұлттың бір ұлы екенімді ескергені, сазгер ретінде үміт артып келгені маған үлкен күш береді. Шынында отандық тарихи фильмдерге көп ән жаздым. Бәрі де – бірінен кейін бірі келген дүниелер. Оның бәріне кеңінен, асықпай еңбектенуге тырыстым. Лирикалық фильмдердің де әуенін жазуға кетәрі емеспін. «Батырға оң-солы бірдей» дегендей, музыкант болған соң барлық бағытта еңбектену керек. Патриоттық бағытта ғана жазамын дей алмаймын. Патриоттық ән дегенді ұлттық аспаптармен ғана көмкерілген ән деп қарауға болмайды. Әуеннің өз ішінде ұлтқа тән ырғақ, үйлесім болу керек. Қазақ болып туған соң, ұлттық әуен, ырғақ деген – өзіммен біте қайнасып кеткен жанр. Сол себепті бұл бағытта кең көсіліп жазуыма үлкен мүмкіндігім бар.

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

322 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы