• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 27 Маусым, 2022

Рухани дерттің барлығы жас шақтан қалыптасады

Аталарымыз «Діннің басты мақсаты – тәрбие» деп отыратын. Бұл тәрбиенің ішіне бәрі кіреді. Ізгілік, мейірім, жақсылық... біздің көңілімізге ақ түсті көрінетін қасиеттің барлығы осы тәрбие айналасында. Ислам дініне ғана қатысты емес, кез келген дін адамды жақсылыққа үйретеді десек қателеспейміз. Бірақ «экстремистік ағым» деген түсінік бар дінде. Бұл жолға түсу адам үшін, әсіресе бала үшін өте қауіпті. Сондықтан сіздердің назарларыңызға діни білімді қайдан, қашан, қалай алу керектігі туралы қысқаша нұсқаулық мақала ұсынып отырмыз. Сұқбаттасушымыз – ҚМДБ әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы.

– Балаға алғашқы діни түсінік, таным қай кезде берілуі керек?

– Балалық шақ – адам өміріндегі ең маңызды кезең. Адамның рухани тұлғасының қалыптасуы осы балалық шақтан басталады. Адамның жақсы болуы да, жаман болуы да, дертті болуы да, сау болуы да осы кезеңге тікелей қатысты. Перзенттеріміз ержетіп, бойжеткен соң, олардың бойынан бізге ұнамайтын әрекет-қылықтар мен көріксіз мінездер байқап жатсақ, мұны бала кезіндегі табиғатын дұрыс қадағаламағанымыздан деп ұққан дұрыс. Рухани дерттің барлығы да адамның жас кезінен қалыптасады. Өтірік те, өсек те, ұрлық та – барлығы осы кезеңде бала жүрегіне егілген рухани тікен-жантақтардың «жемісі». Әрине, барлық баланың тәрбиесі қисық немесе бұзық деуден де аулақпын. Ата-анасының аузынан бірауыз дөрекі сөз немесе өсек пен өтірік естімей, жарқырап өскен шамшырақ балаларға қызығудан артық сөзіміз жоқ. Кешегі Абай, Әлихан, Ахмет, Міржақыптарды осындай биік деңгейлі өнеге көріп өскен биік тұлғалар деп санаймыз.

– Балаға діни тәрбие беруді қандай мәселеден бастаған абзал?

– Ең әуелі бала өз ата-анасын сыйлап, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болсын десек, жас кезінен есірткі, сыра, арақ, темекі, зина секілді теріс қылықтарға үйір болмай, ешкімнің ала жібін аттамағаны абзал. Әдепті болу – қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, «ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші». Ақиқатында, балаға берілетін тәрбиенің ең бастысы – имандылық тәрбиесі. Өйткені бұл – ата-ананың бала алдындағы ең алғашқы міндеті. Жаратушы Ие жайлы танымды үйрету, шынайы мұсылман болып өсуіне жағдай жасау – басты мақсат. Бұл жайында Құран Кәрімде былай бұйырылған: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар» («Тахрим» сүресі, 6-аят). Осы аяттағы құтқару сөзінің мағынасын Әли ибн Әбутәліп (Алла оған разы болсын): «Оларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деп түсіндірген. Ал Хасан Басри (Алла оған разы болсын): «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер», – деген.

– Баланы кәсіби діни білімге қай жастан бастап баулуға болады?

– Халқымызда әрбір шаққа қатысты атаулар берілген. 13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала, ал 16 жастан 19 жасқа дейін бозбала дейді. Яғни балиғат жасына толған, ақыл есі дұрыс бойжеткен және бозбала медресе-колледж немесе жоғарғы оқу орындарында оқи алады.

– Жақында қасиетті Рамазан айы өтті. Ол сабақ уақытына тап келген болатын. Сол тұста мектеп оқушылары ораза ұстап, сабақ үлгерімі төмендегені айтылып жатты. Осыған пікіріңіз қандай? Баланың сабақ кезінде ораза ұстағаны дұрыс па? 

– Оқушылардың ораза ұстауына қатысты сол уақытта ҚМДБ түсіндірмесі жарияланды. Түсіндірмеде былай делінген: «Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз. Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз. Кез келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайды қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз.

– Бала санасындағы діни ұстындардың қалыптасуына ұлттық салт-дәстүріміздің қаншалықты әсері бар? 

– Дін мен дәстүрдің ара қатынасы өте тығыз. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп қазақ қашан да баласын имандылыққа  тәрбиелеген. «Дін – тәрбиенің діңгегі» деп айтқан. Қазақ қашан да өз ұрпағына «үлкенді сыйла», «тамақты біссмілләсіз бастама», «тағамды оң қолмен же», «үлкеннің алдын кесіп өтпе» деп әрдайым бағыт-бағдар беріп отырған. Байқасаңыз, бұл әдептердің барлығы да дінімізбен ұштасып жатыр. Біздің дәстүрімізде бұрыннан бар әдептер. Сондықтан бұл мәселеде салт-дәстүріміз бен ғұрпымыздың орны ерекше.

– Мектептерде дінтану пәні оқытылады. Сол сабақтардан дәріс оқушы ұстаздар арнайы тексерістен өте ме? Оқу құралдарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіте ме? 

– Дінтану пәнінен сабақ беретін ұстаздар арнайы тексерістен өткізілмейді. Себебі, мектептегі дінтану пәні Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу жоспары бойынша жүргізіледі. 

– Бала белгілі бір кезеңнен өтіп, базалық діни білім алу керек шағында кімге немесе қандай оқу құралдарына жүгінгені абзал? 

– Қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 20 жылдан бері еліміздегі жоғары білімді имамдар дайындап келе жатқан Нұр-Мүбәрак 

университеті бар. Одан бөлек 2002 жылы іргетасы қаланған имамдардың білімін жетілдіретін республикалық Ислам институты қызмет етіп келеді. Сонымен қатар еліміздің ірі облыстары, аудан орталықтары мен қалаларындағы мешіттері жанында екі жылдық діни сауат ашу курстары мен арнайы орта кәсіптік діни білім беретін медреселер де жұмыс істеп келеді. Діни білімді осы оқу орындарынан алуға болады.

– Әртүрлі ата-ана бар. Кейбіреулері баласын жастайынан медреселерге беріп, діни оқуды таңады. Осы тұста баланың таңдауы ескерілмей жатады. Бұл туралы не айта аласыз? 

– Исламда білімді дүниелік және ақыреттік деп бөліп-жармайды. Тек Құран үйренсе ғана сауап алады. Ал егін және мал шаруашылығы, техника, медицинаны оқыса сауап алмайды деген тұжырым жоқ. Әрине, ата-ана баласына жамандық тілемейтіні анық. Кез келген ата-ана баласын сауатты мамандық иесі болса екен дейді. Барынша баламен ақылдасып бір шешімге келген абзал.  Баланы зорлықпен дін маманы не болмаса дін ғалымы ету мүмкін емес. Баланы таяқтап оқыту ешқандай оң нәтиже бермейді. 

– Жалпы баланың діни тәрбиесіндегі ата-ананың орны қандай? Яғни ата-ананың міндеті, құқы қандай? Тиісінше баланың құқы мен міндетін атап өтсеңіз. 

– Ата-ананың перзенті алдындағы жауапкершілігі мен міндетіне келсек, олар мыналар: 
* Жаңа туған нәрестеге шүкіршілік ретінде ақиқа құрбанын шалу;
* Мағыналы, жақсы есім қою; 
* Адал сүт емізу және сүндетке отырғызу да ата-ананың мойынындағы парызы;
* Сәбидің тілі шыққанда тәухид кәлимасын үйрету шарт. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Баланың ең әуелі үйренетін сөзі «лә иләһа иллаллаһ» болсын» деген еді;
* Балаға Алла мен елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) танытып, Пайғамбарымыздың өмірбаянын және дінін үйрету;
* Балиғатқа толғанда намаз оқыту, ораза ұстату, жасы жеткенде төсегін бөлек салып беру.
* Құран Кәрімді үйрету;
* Баланы көркем мінез-құлықпен тәрбиелеу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешбір ата-ана баласына аса жағымды мінез-құлыққа тәрбиелеуден асқан мирас қалдыра алмайды», – деген.

– Ата-ана тарапынан балаға еріксіз таңылған діни жолдың соңы не болмақ? 

– Әрине, өзіміз мұсылман болғаннан соң баламыз да мұсылман болуын қалаймыз. Осы мақсатта балаларымызға дін жайында айтып, діннің талаптарын түсіндіріп, мұсылмандық әдепке үйретеміз. Алайда бала өсіп-жетілгеннен соң ұстанар жолын өзі таңдайды. Біз мына мәселені түсінгеніміз дұрыс: ешкім басқа біреуді діндар ете алмайды. Һидаят беру, яғни адамды тура жолға салу – Алла Тағаланың ісі. Исламдағы «дінде зорлық жоқ» деген ұстанымның мәні – осы.

– Кейде керісінше болып жатады. Бала зайырлы отбасында дүниеге келіп, діни білімді сырттан алып, ата-анасымен келіспей қалады. Осы тұста нендей амал жасау керек?

– Егер бала діни білім алып, кейін ата-анасымен келіспей жатса, демек, алған «діни білімінде» кілтипан бар деген сөз. Ата-анасына көбіне деструктивті ағым өкілдері қарсы келеді. Олар астамшылыққа барып, ата-анасымен, туыс-бауырларымен араласпай кетеді. Араласса да, арада құрмет болмайды. Екіншіден, бала берілген тәлім-тәрбиені қате ұғынуы, не болмаса түсінбеуі мүмкін. Бұл баланың жеке табиғатына байланысты болады. Адамды тәрбиелеу – өте ауыр іс. Сондықтан қателескен, не болмаса адасқан адамға барынша жәрдем беруіміз керек. Қандай жағдай болса да, біз, мұсылмандар, өзара қол ұшын беруден, бір-бірімізге сүйеу болудан қашпауымыз қажет. Қолымыздан келсе, ісімізбен көмектесеміз. Оған шамамыз келмесе, сырттай тілектес боламыз.

Мұхитдин Исаұлы, дінтанушы:

– Мектеп жасындағы баланың ораза ұстауы – ата-анасына қатысты. Негізінен бала балиғат жасынан асса, науқастығы болмай, дені сау болса неге ораза ұстамасқа?! Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Диета ұстап жатады ғой балалар. Ораза да сол секілді. Бірақ осы тұста оразаны дұрыс ұстай алу деген мәселе шығады. Яғни ол сәресісін міндетті түрде ішіп, ұйқы режимін дұрыстаса, қиналады деп ойламаймын. Және баланың өзін алдын ала дайындау маңызды. Яғни алғашқы жылдары түске дейін бекітіп үйрету керек. Яғни барлығы әсте-әсте болғаны абзал. Осылай дұрыс қалыптасып, режимі дұрыс ұсталған ораза оқу процессіне кері әсер ете қоймас. 

Мектептерге дінтану пәнін біздің ата дінімізді дәріптеу үшін енгізуге күш салдық. Түркияда осындай пән бар мектепте. Оны оқып шыққан оқушылар экстремистік ағымдарға аса ере бермейді. Сол практиканы елімізде жасап көргіміз келді. Бірақ бүгінгі жағдай көңіл көншітпейді. Өйткені оқушыларға арнап дұрыс оқулық жасалмады. Оның үстіне бұл пән мектептегі сағаты аз оқытушылардың еншісіне тиіп, қарапайым пән ғана болып қалды. Бізді бұл пәнге аса араластырмайды. Өйткені зайырлы мемлекетпіз. Осы тұрғыдан келгенде, бұл пән қазір пайдасыз. Сондықтан жауып тастай салуға әбден болады деп ойлаймын.
 

Дайындаған 
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

183 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы