• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 22 Шілде, 2022

Тілсіз жаудың құрбандары неге көп?

Жақында ғана Қонаев қаласы, Қапшағай су қоймасында туысқан төрт адам суға кетіп, мезгілсіз мерт болды. Дәлірек айтқанда, 1990 жылы туған әйел, 1992 жылы туған ер адам және 2007, 2010 жылдары туған екі бала суға батып кетті. Қайғылы оқиға 26 маусым күні «Көгілдір шығанақ» демалыс орны аумағында болған. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, су қоймасында толқын көтеріліп, 15 және 12 жастағы балалар суға батып кетіп, оларды құтқарам деп екі ересек адам (ағасы мен әжесі) артынан жүгірген. Нәтижесінде 68 жастағы әйелді ғана құтқару мүмкін болған. Марқұмдардың денесі судан шығарылды. Құтқарушылардың айтуынша, адамдар ажал құшқан орын шомылуға арналмаған.

Ал мамыр айында үш адам Каспий теңізіне батып кеткені жайлы жаңалық тарады. Оқиғаның куәгерлері төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, 4-шағын аудандағы шомылуға рұқсат етілмеген жерде төрт адамның теңізге батып бара жатқанын айтқан. Оның біреуін сол маңдағы тұрғындар жағаға шығарып үлгерген. Ал қалған үш адамды толқынның көтерілуіне байланысты құтқару мүмкін болмаған. Бір өкініштісі, суға кеткен бір азамат содан екі күн бұрын ғана үйленген екен. Қаза болған екі азамат – Қарағандының тумасы. Ақтаулық досының тойына келіп, абайсызда опат болды. Ал 26 маусымда Түркістан облысындағы Ақсу шатқалында үндістандық екі студент суға кетті. Демалуға барған топ су жағасында би билеп, көңіл көтеріп жүріп, достарының бірін толқын алып кеткенін аңғармай қалады. Кейін жанталаса көмекке ұмтылғанмен, студенттердің және бірі толқынға кетеді. Жергілікті құтқару қызметі іздестіру жұмыстарын ұзақ уақыт жүргізді.

Ел бойынша шомылу маусымында 36 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Алматы және Жетісу облысының су айдындарында – жыл басынан бері 14 адам, Нұр-Сұлтанда мамыр-маусым айларында қараусыз қалған 3 бала суға батып кеткен. Мұндай дерек еліміздің әр аймағында тіркеліп отыр. Бұл нені көрсетеді? Әрине, ажал айтып келмейді. Десе де адамдардың суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейтіні белгілі. Соның кесірінен ажал құшып, тілсіз жаудың құрбанына айналады.

Суға шомылуға арналған қауіпсіздік ережелерін білген артық етпейді. Соның бірнешеуін тізіп көрейік:

1. Суға түспес бұрын шомылатын жердің тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.

2. Тамақтанғаннан кейін бірден шомылуға ұмтылмаңыз.

3. Рұқсат етілген жерге ғана шомылыңыз.

4. Мүмкін болса, адамдардың қасында шомылыңыз. Жалғыз суға түспеңіз немесе айналаңыздағы адамдардан алыс кетпеңіз. 5. Қоршау белгілерінен тыс аумаққа шықпаңыз.

6. Өте ұзақ және мас күйінде шомылмаңыз. Қатты шаршасаңыз немесе тоңсаңыз, тезірек жағаға қайтыңыз.

7. Суға түсер алдында судың суық болмауына мән беріңіз. Себебі суық өтсе, адамның өлу қаупі өте жоғары.

8. Күнге қыздырынып жатып бірден салқын суға түсуге асықпаңыз. Температураның бірден өзгеруі қан тамырларының қысқаруына әсер етіп, кейін ол талып қалуға себеп болуы мүмкін.

9. Суға көпірден, бөгеттен немесе жағадағы айлақтан секірмеңіз.

СУҒА БАТЫП БАРА ЖАТҚАН АДАМҒА ҚАЛАЙ КӨМЕК КӨРСЕТУ КЕРЕК?

Құдай сақтасын дейік, бірақ сондай оқиғаға тап болған жағдайда мына нәрселерді ескерген жөн. Иә, кім болса да адам жанын құтқаруға асығады. Алайда оның да өз ережесі бар. Батып бара жатқан адамға жүгірмес бұрын желдің бағыты мен судың ағысын және жағалауға дейінгі қашықтықты ескеру қажет; Суға батып бара жатқан адамға жүзіп жеткен болсаңыз, оны сабырға шақырыңыз. Өйткені ол адамның қорқынышы құтқарушының өміріне қауіп төндіруі мүмкін; Егер суға батып бара жатқан адам есінен танып қалса, оны қолтығынан немесе шашынан ұстап жағаға алып шығу қажет. Ал өзі қимылдай алатын болса, құтқарушының иығынан ұстаған дұрыс.

P.S. Құтқарушылар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек екенін айтып жиі дабыл қағады. Олардың айтуынша, көп жағдайда қайғылы оқиға адамдардың өз қателігінен болады. Өкінішке қарай, мұндай ескертулерге құлақ аспайтындар қаншама. Бірақ суға кеткен балалардың саны азаймай тұр. Құтқарушылар балаларға ата-анасының рұқсатынсыз және олардың бақылауынсыз суға түсуге тыйым салады. Суға түсіп салқындаудан бұрын қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударған абзал. Тәртіп пен сақтық қана қауіпсіздіктің кепілі болатынын ұмытпаңыз.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2022

223 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы