• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 24 Тамыз, 2022

Мұқағалидың үйі

Бір сәт уақыт мәшинесіне отырғандаймын. Бір сәт емес-ау, естеліктерге көз жүгірткен сайын оқиғалар тізбегі өз заманына қарай елітіп әкеткелі қашан. Көз алдымда – Алматыдағы Сырбай Мәуленов көшесіндегі №129 үй. Ал көзімді жұмсам – Кеңес одағы заманы, күрең Алматы, Интернациональная көшесі, №129 үй. Бұл – Мұқағали Мақатаев тұрған үй.

20-ПӘТЕР

Алматы шәрі жылдар өткен сайын алып музейге айналып келеді. Мәдениеттің заңғар ордасы солай болуға тиіс те. Ал оны қаншалықты сезіне аламыз?! Қала орталығындағы көне үйлердің кез келгенінде кездесетін ескерткіш тақталардың қол бұлғайтынын байқаймыз ба?! Мысалы, көз алдымда тұрған осы үйде қаншама ескерткіш тақта қағылған. Осының бәрі бір кездері осы маңайда заңғар тұлғалардың ізі қалғанын айғақтайды. Әне, анау есіктен алқын-жұлқын Мұқағали шығып келе жатты-ау. Мынау есікке Жұмекен Нәжімеденов момын басып кіріп бара жатты-ау. Әбу ақсақал қарсы ұшырасып қап, «Қазақ әдебиетінің» бүгінгі нөмірін сөз қылған да шығар. Қайткенде де, бұл үй – тірі жәдігер, құнды ғимарат.

Мұқағали Мақатаевтың Алматыдағы тұрған пәтерлері жөнінде ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұқбатында былай дейді: «1964 жылы Алматыға көшіп келдік. Баяғыда Алматыда бірінші линия, үшінші линия, жетінші линия дейтін көшелер бар болатын. Біз соның жетінші линиясында (қазір бұл Клочков көшесі) Шынықұл (өзі Жамбылдың қазағы, әйелінің аты Қантай ма, Қанатай ма, екеуінің бірі) деген ақсақалдың пәтерін жалға алдық. Бұл жерде ұмытпасам, үш жылдай тұрдық, мен сол жақтағы 9-интернатқа оқуға барып жүрдім. Шынықұл ақсақалдың тағы бір пәтершісі Шайзат дейтін дәрігер кісі еді. Ол кісі әр күні таңертең бізге бес тиынды бере салатын, кейде тіпті он тиын да беретін. Содан кейін біз бұрын Интернациональная деп аталған, қазіргі Сырбай Мәуленов көшесіндегі №129 үйге көштік. Пәтер нөмірі – 20. Ал 21-пәтерде Қуандық Шаңғытбаев ақсақал тұратын. Бұл үйдің үш бөлмесінде біз тұрсақ, екі бөлмесінде Тайыр Жароковтың үлкен ұлы Марат Жароков отбасымен тұрды. Біздің үстімізде жазушы Сафуан Шаймерденовтың, Ләйлә Базанова деген академиктің үйлері болатын. Қазір сол төрт қабатты үй ғана аман тұр, себебі ол жерде Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қуандық Шаңғытбаев сияқты ақын-жазушылар өмір сүрді. Осы үйде көп жыл тұрдық. Біздің балалық шағымыз негізінен осы үйде өтті. Оспанхан Әубәкіров, Тоқаш Бердияров, Бекен Әбдіразақов сияқты кісілер сондағы үйімізге жиі келетін. Жастар да әкеме үйірсек болды, Кеңшілік Мырзабеков, Иран-Ғайып, Рафаэль Ниязбеков секілді жас қонақтары да бар еді. Мейлі, қандай үйде тұрса да, әкем ешкімді жатсынбады. «Лашын, барыңды қазанға сал», – дейтін. Кейде қазанға салатын ештеңе табылмайтын күндер де кездесті. 1970 жылдары әкеміз Әнуарбек Байжанбаевпен келісіп, сол кісінің үйіне бардық. Әкем сол жылдары радиода диктор болып қызмет істеп, Байжанбаевқа шәкірт болды. Поэзияны мәнерлеп оқуда әкем сияқты оқитындар некен-саяқ. Өйткені ол кісі Әнуарбек Байжанбаевтың мектебінен өткен-ді. Байжанбаев берген пәтер Панфилов пен Шевченконың қиылысында еді. Ол 1930 жылдары салынған үй екен, ас үйіне кірсең, баяғы ошақтың орны тұратын. Байжанбаевтың кенже баласы үйін Сырбай Мәуленовке ауыстырса, мен өз үйімізді Панфилов көшесіне қарай көшірдім. Әкем мен Байжанбаев жиі әңгімелесіп отыратын. Заң факультетін сол үйде тұрғанымызда бітірдім. Қазір ол үйді бұзып тастапты. Бізден сәл жоғары Әбділда Тәжібаев тұрды. Әкем үнемі сол кісінің үйіне баратын. Әкем 1976 жылы Панфилов көшесінің бойындағы пәтерімізде қайтыс болды, мүрдесін сол үйден шығардық. Кейін тура сол үйдің жанындағы Құрманғазы мен Фурмановтың бұрышындағы жаңадан салынған үйден сол кездегі Алматы қаласының әкімі Аухадиев бізге жаңа үй берді».

АҒАНЫҢ ҮЙІ – АҚ ЖАЙЛАУ

Естеліктер тізбегі бәрін де айқындай түскендей. Мұхтар Мағауиннің соңғы екі-үш жыл көлемінде «Жұлдыз» журналында жарияланып келе жатқан «Естеліктер кітабының» әсері сол заманға шым батырып әкеткен. «Мұқағали Мақатаев» атты естелік жазбасы да бұрын айтылмаған сырларды ақтарды. Онда Мұхтар Мағауиннің Мұқағалидың бір кітабының шығуына септігі тигенін, кітап жарыққа шыққан соң үйіне қонаққа шақырғанын жазады. Негізгі естелік осы.

«Сонымен, сенбі күні үдере аттандық. Түгеліміз. Үлкен кісі бесеу және алды алты жасқа жаңа ілінген, соңы – құндақтағы алты бала. Кішкентайлардың бірін киіндіріп, бірін орап дегендей, ол кезде біздің әйел тым сабырлы, қимылы да жайуат, қайда барсақ та кешігіп жүреміз, бұл жолы тіпті ұзағырақ, қырық минуттан артық бөгеліп, әрең жеттік. Мұқаң біз келгенде мазасызданып, сыртқа шығып тұр екен. Бірден жадырап, риза болып қалды. Жазушылардың Құрманғазы мен Сейфуллиннің қиылысында, ішкері орналасқан әуелгі үйі. Мұқаң шеткі далаң, оң жақ, бірінші қабатта тұрады екен. Өзі бастап жүрді. Мынау пәтер – бес бөлме деген, бергі екі бөлмесінде Тайырдың баласы Тыныш. Түкпірдегі үш бөлме ғана бізге тиесілі деген. Кең залға кірдік. Ұзын, жалпақ стол үстінде әзірше артық ештеңе жоқ. Мұқаң бірден-ақ қызыл алмаға қол салып, біздің төрт баланың ересектеу үшеуіне, Жарасқанның жүріп жүрген екі ұлы – жиыны бес балаға бір-бірден үлестірді. «Қазір ет келеді, – деген. – Кәкір-шүкірді қоя тұрып, еттен бастаған жөн сияқты...» «Өте жақсы, – дедім мен. – Мына келініңізге ылғи айтам, алдымен ет, басқаны содан соң» деп. Бірақ алдыңғылардың жобасымен етті екінші кезекте әкеледі. Дастарқанға отырдық. «Мұхтар, саған арнайы ас қойдық», – деген Мұқаң. Сол сәтінде менің алдыма әуелден кішірек жеке табақ қойылған. Туырылып, оралып жатқан білектей қазы. «Телше, – деді Мұқаң. – Тайдың телшесі. Базардан алып, өз қолыммен айналдырдым сен үшін. Енді өзің ғана же. Осыны тауысқан соң табаққа кірісесің. Оған жету қиындау сияқты. Қашан да тәбетім тәуір еді, бірақ мына телшенің жарымынан аса алсам...»

Естелікте ары қарай жарықтың өшіп қалғаны, түн бойы майшаммен отырғаны айтылады. Өткен күндерді көз алдыңа көшіріп әкелетін жып-жылы естелік. Ақынның жары Лашын Әзімжанқызының естелігі де осы тұрған үйге жан бітіргендей:

«Мұқағали, әсіресе, өзінен кейінгі сөздің қадірін білетін студенттерді, жаңа жаза бастаған жас ақындарды топ-тобымен ертіп келетін-ді. Мен басқа ештеңе болмаса да, қысы-жазы арпадан, тарыдан көже ашытып қоям. Мұқаң жаңағы жүрегінде алауы бар жастарды үйге кіргізіп, қатарлап отырғызып қойып, «мынау көже – атаңның асы, іш!» деп беріп жатады. Жасыратыны жоқ, көңілдің хошы жоқта бәрін қуып шығам. Оны Мұқаң есептемейді, кек тұтпайды, ертесінде нөкерлерін тағы ертіп келеді. Балалар қалай болар екен деп есік жақта иіріліп тұрады. «Ой, қызталақтар! Жоғары шығыңдар! Жеңешең оттай береді, оған қарама!» – деп ашыған көжесін беріп жатады дарқаным. О да бір қатты сағындыратын дәурен екен ғой!»

Көзімді ашсам – Сырбай Мәуленов көшесі, №129 үй. Ары-бері теңселгенімізге қарайлаған орта жастағы ер кісі жақын келді.

– Жігіттер, әлдене іздедіңдер ме?

– Жай. Мұқағали тұрған үй деген соң, назар аударғанымыз...

– Иә, рас. Осында, анау бірінші қабатта тұрған. Терезесі – әні. Кішкентай кезімде Мұқағали ағаны көргенмін. Өзім де жазушының баласымын. Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Сафуан Шаймерденов. Бәрі де осы жерде жүрген... Иә, бәрі де осы жерде жүрген. Ескерткіш тақталарға қарайлай жүрелік...

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

265 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы